Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ ПА Бюросының отырысы мен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу үшін Астанаға келген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Петрос Эфтимиу бастаған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясын қабылдады.
Кездесу барысында алдағы жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Шетелдік меймандар қазақстандық төрағалық етудің белсенділігі мен тиімділігін, соның арқасында ЕҚЫҰ Саммиті өткелі отырғанын қанағаттанғандықпен атап өтті.
П.Эфтимиу: «Парламенттік Ассамблея ұйымның маңызды бөлігі болып табылады, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер халықтарының мүдделері мен сенімдерін ілгерілету үшін парламенттік өлшемнің маңызы зор», деді. Ассамблеядағы қазақстандық делегацияның белсенді және тиімді жұмыстарын атап өте келіп, П.Эфтимиу Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуде қазақстандық парламентшілердің ынта-ықыласының рөлі жоғары болғанын атап көрсетті.
«Қазақстан ұйымға елеулі серпін бере алды, сондықтан да Астанадағы жоғары деңгейдегі кездесулер бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назарын аударып отыр», – деді сөз орайында П.Эфтимиу. Парламентшілердің пікірінше, алдағы форум еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша үнқатысуды белсенділендірудің басталу нүктесі болады. «Ұйым әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерекше ресурс болып табылады», деді ЕҚЫҰ ПА Төрағасы.
Қ.Тоқаев қазақстандық төрағалықтың бастамаларын жүзеге асырудағы және ЕҚЫҰ Саммитін өткізудегі шетелдік парламентшілердің үлестері үшін алғыс айтып, ұйымға қатысушы елдердің басшылары қорытынды құжатқа қол жеткізетініне сенім білдірді.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесуден кейін Петрос Эфтимиу журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді.