Марк Перрен де БРИШАМБО, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан төрағалығы Ұйымға өз қызметін белсендірек ете түсу үшін жаңа күш пен мүмкіндіктер қосты, мұның өзі шынында да елеулі жағдай болып табылады.
Қазақстанның маңызды жетістігі оның «Корфу үдерісін» алға жылжыту, ортақ жетістіктердің қорытындысын шығаруға бағытталған еуропалық қауіпсіздік жөніндегі ашық үнқатысуды қолдау, ЕҚЫҰ қағидаттарын қатаң ұстанатынын нықтау және бұрынғы, жаңа қатерлермен күрестің тетіктерін қалпына келтіру сияқты істерден танылды. Қазақстанның осы бағытта жұмсап жатқан күш-жігерін бағалаймыз.
Қазақстан төрағалығының басқа бір маңызды жетістігі – Ұйым Саммитін 2010 жылдың желтоқсанында Астанада шақыру жөніндегі ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бірауызды шешімге келуі. Бұл жай шешім күйінде-ақ ірі жетістік, мен төраға ел мен қатысушы мемлекеттер бұл мүмкіндікті толық пайдалана алады деп үміт етемін.
«Егемен Қазақстан», 16 қазан, 2010 жыл
Жоао СОАРЕШ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы:
– Қазақстан – тәуелсіздік алғалы бері жақсы аты шығып келе жатқан ел. Экономикасы да, ішкі саясаты да орнықты мемлекет ретінде құрметтеледі. ТМД кеңістігіндегі, Азиядағы алғашқы төраға ел Қазақстан болуы Ұйымның аясын кеңейтіп, мүмкіндігін молайта түсетінін біз осындай шешім қабылдамай тұрып-ақ айтатынбыз. Қазақстан төрағалығын мемлекеттің өзі үшін де үлкен қадам деп білеміз, бұл елдің алдынан зор болашақ ашылады. Мен өзім Қазақстан делегациясының Парламенттік Ассамблеядағы қызметін дәйім қадағалап жүрдім, осындай делегаттары бар ел қандай жауапты міндетті де атқара алатынына сендім.
Қазақстан мұндай құрметке әбден лайық. Ел төрағалығы өте жоғары кәсіби деңгейде өтіп жатыр. Сондықтан да, Парламенттік Ассамблея Ұйым Саммитінің Астанада шақырылуын бірауыздан қолдады.
Желтоқсанда өтетін Саммит Ұйымды дүр сілкінтіп тастайтынында талас жоқ. Қазақстан төрағалығының ЕҚЫҰ үшін басты құндылығы осы болғалы отыр.
«Егемен Қазақстан», 15 қазан, 2010 жыл.
Бенджамен КАРДИН, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, сенатор:
– Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Сіздер Ұйым төрағасы ретінде көп іс тындырдыңыздар. Ұйымның Іс басындағы төрағасы АҚШ-та бірнеше рет болды, Еуропаның көптеген елдеріне барды. Ел төрағалығының белсенді өтіп жатқанының бір дәлелі де осы.
Дәл қазір Қазақстан төрағалығына барлық өлшемдер бойынша түпкілікті баға беруге болмас. Ең басты баға Астанадағы Саммиттің қалай өткеніне байланысты беріледі ғой. Соның өзінде, тұтастай алғанда, Қазақстан өз міндетін ойдағыдай атқарып жатыр дей аламыз. Әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш өлшемін – гуманитарлық, саяси, экономикалық өлшемдерін қатар толтыруға ұмтылысын айтар едік. Төрағалық кезінде оның табысты өтуіне бірнеше қауіп болғанын ескерсек, мұның өзі қолдауға тұрарлық.
«Егемен Қазақстан»,15 қазан, 2010 жыл.
Александр КОЗЛОВСКИЙ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Қазақстанның өз төрағалығын мұншама жақсы атқаруы ол елдің Азияға да, Еуропаға да, мұсылман әлеміне де, христиан дүниесіне де бірдей ортақ екендігінің арқасы. Ал Назарбаевтың Қазақстан төрағалығындағы орны тіпті бөлекше. Бұл жыл Назарбаевтың бүкіл әлемдегі ең беделді саясаткер екендігін түпкілікті дәлелдейтініне сенемін. Астанадағы Саммиттің табысты өтетініне сенемін.
Президент Назарбаевтың да алдында шешуін күтіп тұрған мәселелер аз емес шығар. Оны да сынайтындар бар шығар. Өмір болғаннан кейін, мемлекет болғаннан кейін онсыз болмайды да. Бірақ Назарбаевтың қазақтарды қазақ екендігі үшін, қазақстандықтарды қазақстандық екендігі үшін мақтанатын жағдайға жеткізгенін ешкім де теріске шығара алмайды.
«Егемен Қазақстан», 15 қазан, 2010 жыл.
Кнут ВОЛЛЕБЕК, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары:
– Мен Қазақстанда жалғыз ғана сәйкестік жасамай, мәдени сантүрлілікке қажет кеңістікті қамтамасыз ету міндеті алға қойылғанын қолдаймын, мұның өзі сіздердің елдеріңіздің төлтумалылығын айқындайды.
«Ел бірлігі доктринасының» қабылдануы менің ерекше қызығушылығымды туғызды, өйткені, бұл доктрина азаматтық сана-сезімді, барлық қазақстандықтардың мәдениеті мен тілдерін қорғап, дамытуды көтермелейді. Аз ұлттарды осындай консультацияларға тартуды жалғастыру қажет, соған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды.
Астанадағы Саммит ЕҚЫҰ мемлекеттеріне қазіргі жағдайда мығым әрі өз міндеттеріне сайма-сай келетін Ұйымды сақтап қалудың, сондай-ақ жаңа қатерлерге ойдағыдай тойтарыс берудің жолдарын талқылауға мүмкіндік жасайды. Мен Саммитте барлық мүше елдер өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындауға берік ниетін нықтайды деп үміт етемін.
«Егемен Қазақстан», 26 қазан, 2010 жыл.
Сергей МИРОНОВ, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы, ТМД Парламентаралық ассамблеясының жетекшісі:
– ЕҚЫҰ пайда болған 35 жыл ішінде аталған Ұйымды алғаш рет ТМД мемлекеті басқарды. Достастықтың барлық қатысушыларының атынан ұжымдық мандат иеленген Қазақстанның төрағалығы, біздің көзқарасымызша, ЕҚЫҰ-ның белсенділігі мен модернизациялануына, Атлантика мен Еуразия арасындағы барлық мемлекеттер үшін тең және бөлінбейтін қауіпсіздікті – Еуропа қауіпсіздігінің архитектурасындағы жаңа ұстанымдарды ілгері жылжытуға оң ықпал ететін болады...
Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы күш-жігері туралы айтқанда, дәл осы жылы нақты пішінге ие болған «Корфу үдерісін» белсенді ілгері жылжытуын, болашақ еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі үнқатысуды еске сала кеткен жөн.
«Егемен Қазақстан», 19 қараша, 2010 жыл.