ЕҚЫҰ-ның орталық директивалық органы – жыл сайын шақырылатын Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кеңесінде Ұйым аясындағы барлық мәселелер жан-жақты қарастырылады және талқыланады. Талқыланған мәселелерге байланысты шешімдер қабылданады, сонымен қатар, төрағалардың әрқайсысының жұмыс қорытындылары шығарылады. ЕҚЫҰ-ның тағы бір директивалық органы – Тұрақты кеңес. Тұрақты кеңес Вена қаласында орналасқан, онда Ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері де тұрақты түрде қызмет істейді. Бұл құрылымның жұмысы негізінен саяси консультациялар өткізуге және ағымдағы шешімдерді қабылдауға бағытталған. Кеңестің отырыстары тұрақты өтіп тұрады.
ЕҚЫҰ-ның жедел қызметіне жалпы басшылық жасауды Ұйымның Іс басындағы төрағасы жүзеге асырады. Төрағалық қызмет функциясын ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің барлығы консенсустық негізде дауыс беруі арқылы сайланған елдердің Сыртқы істер министрлері кезек бойынша атқарады. Іс басындағы төраға бұған дейінгі және келесі жылғы төрағалармен бірлесіп, ЕҚЫҰ-ның “үштік” институтын құрады. Қазіргі кезде “үштікке” Ұйымның 2009 жылғы төрағасы – Грекия, 2010 жылғы төрағасы – Қазақстан және 2011 жылғы төрағасы Литва кіреді. Іс басындағы төраға Ұйым қызметінің аясында өзінің жеке және арнайы өкілін тағайындауға, сондай-ақ белгілі мәселелерге байланысты мақсаткерлік топ құруға құқылы.
Грекия мен Қазақстан төрағалығына дейін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының сегіз өкілі болды. Олар Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкіл, ол 2003 жылдың желтоқсанында Маастрихте өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімімен құрылды. Кеңсесі ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде орналасқан. Төрағаның толеранттылық және кемсітпеушілік жөніндегі жеке үш өкілі, Босния мен Герцеговинадағы бейбітшілік бойынша Дейтон келісімін орындау жөніндегі жеке өкіл, жанжалдар бойынша жеке өкіл, бейбітшілікті қолдау мақсатындағы ЕҚЫҰ-ның көпұлтты күштерінің қызметін жоспарлау жөніндегі жоғары деңгейлі топтың жетекшісі және ЕҚЫҰ-ның әскери зейнеткерлер бойынша латвиялық-ресейлік бірлескен комиссиясындағы өкілі.
Өткен жылы Ұйымның Іс басындағы төрағасы болған Грекия өзінің төрт өкілін, дәлірек айтқанда, төрағаның арнайы елшісін, ұзаққа созылған жанжалдар жөніндегі арнайы өкілді, ЕҚЫҰ-ның Жерорта теңізіндегі және Азиядағы әріптестерімен ынтымақтастық тобы бойынша жеке өкілді, сондай-ақ Ұйымның құқықтық субъектілері мәселелері жөніндегі жеке өкілді тағайындаған еді. Ал Қазақстан биылғы жылы ЕҚЫҰ- ның Іс басындағы төрағасы ретінде мәселелердің аса ауқымды екендігін ескере келіп, көлік және экологиялық мәселелер жөніндегі екі жеке өкілін қоса тағайындады.
ЕҚЫҰ-ның ең басты әкімшілік лауазымды тұлғасы Бас хатшы болып табылады. Бас хатшы Ұйымға қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде үш жыл мерзімге сайланады және ол Вена қаласында орналасқан ЕҚЫҰ-ның Хатшылығын басқарады. Бас хатшының қызметтік функциясына Ұйымның құрылымдық институттары мен операцияларына басшылық жасау кіреді.
Ал ЕҚЫҰ-ның Хатшылығы 11 бөлімшеден тұрады. Ретіне қарай атайтын болсақ, Бас хатшының кеңсесі, қаржы және менеджмент департаменті, маман-кадрлар департаменті, мұрағат және құжаттама офисі, дайындық және тренингтер бөлімі, 2002 жылы құрылған ЕҚЫҰ-ның антитеррорлық секциясы, адам саудасымен күреске ықпал ету жөніндегі бөлім, жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталық... Бұл орталық көрініс беруі мүмкін жанжалдардың алдын алуды және дағдарыстарды реттеуді қамтамасыз етумен айналысатын, сондай-ақ Ұйым миссияларының жұмысын үйлестіруші басты орган саналады. Оның штаб-пәтері Венада орналасқан, орталықтың бөлімшесі Прага қаласында да бар.
Ұйым Хатшылығының бұдан кейінгі құрылымы – ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық қызметтерін үйлестіретін офисі. Офис Ұйым миссияларының аталған салаларға қатысты жобалардың жүзеге асырылуын үйлестіреді, сонымен бірге, экономикалық және экологиялық форумдар жұмысын қамтамасыз етеді. Бұлардан басқа Хатшылықта өзге де әріптес ұйымдармен байланыс жасайтын сыртқы ынтымақтастық бөлімі мен стратегиялық полицейлік мәселелер бөлімі жұмыс істейді.
ЕҚЫҰ құрылымында Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы да жұмыс істейді. Форум Ұйымға қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдерінен тұрады және ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде апта сайын Ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту шараларына арналған отырыс өткізеді. Сондай-ақ форум міндетіне қару-жараққа бақылау орнатуға байланысты келіссөздер ұйымдастыру, туындаған жанжалдардың қауіптілігін бәсеңдету, әскери доктрина жөнінде семинарлар өткізу кіреді.
Ұйымның Экономикалық-экологиялық форумы 1992 жылы ЕҚЫҰ назарын өтпелі экономиканы және нарықтық қатынастарды еркін дамыту мәселелеріне аударту мақсатында құрылған. ЕҚЫҰ- ның Іс басындағы төрағасы форумның жыл ішіндегі негізгі жұмыс тақырыптарын айқындайды. Отырыстары жылдың бірінші жартысында екі рет өткізіледі, сонымен бірге, отырыстар алдында екі дайындық конференциясы өтеді. Ал ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы 1991 жылы Ұйымға қатысушы мемлекеттер парламенттері басшыларының Мадридтегі кездесуінде құрылды. Ассамблея мүшелері жылына бір мәрте бас қосады. Ассамблеяға 56 мемлекеттің 320 парламентшісі мүше екендігін де айтқан жөн. Орындар бекітілген көрсеткіш бойынша бөлінеді, соған сәйкес АҚШ-та 17 орын, Ресейде 15 орын, Ұлыбританияда, Германияда, Италияда, Францияда 13 орыннан, ал Қазақстанда 6 орын бар. Қалған елдер екі-екіден орынға ие. Хатшылығы Копенгаген қаласында орналасқан.
Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро адам құқығын қамтамасыз ету және демократияны дамытуға ықпал ету мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар, форумдар аясында кеңестер өткізуді және адами өлшемдер саласындағы міндеттемелердің орындалуына байланысты сарапшылардың кездесулерін ұйымдастырады. Демократиялық институттардың дамытылуы, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерде өткізілген сайлаулар туралы ақпараттар алмасуды қамтамасыз ету де осы бюроның міндетіне жатады. Бюроның штаб-пәтері – Варшавада.
Ал ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының міндетіне көрініс беруі ықтимал этносаралық келіспеушілік секілді жағдайларды бәсеңдетуге және оларды жедел түрде шешуге ықпал ету кіреді. Жоғарғы Комиссар үш жылға тағайындалады, оның штаб-пәтері Гаага қаласында орналасқан. Ұйымның тағы бір құрылымы – БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл.
Ұйымның бұдан кейінгі ауқымды институты – жанжалдардың алдын алып, оларды реттеуге ықпал ететін және нақты бағыттар бойынша жұмыс істейтін жергілікті жерлердегі миссиялары. Бүгінде ЕҚЫҰ-ның Балқан, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерінің аумақтарында 18 миссиясы жұмыс істейді. Миссиялардың негізгі қызметі – азаматтық қоғам институттарының дамуына ықпал ете отырып, орын алған жанжалдарды мүдделі тараптармен сол жерде үнқатысу үдерісін орнықтыру, сондай ақ белгілі мәселелер бойынша Ұйым өкілдерін дер кезінде хабардар етіп отыру.
Беделді халықаралық Ұйым – ЕҚЫҰ-ның құрылымдық институттары және олардың атқаратын қызметтері мен міндеттері осындай. Құрылғанына 35 жыл болған, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алып кеңістікті қамтитын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ең басты құжаты– жарғысы, өкінішке қарай, әлі күнге дейін қабылданған жоқ.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.