Осыдан біраз бұрын Алматы шаһарында VІ халықаралық “Еуразия” кинофестивалі өткені өзімізге белгілі. Айта кетер бір жәйт, бұл фестивальде 12 туынды ғана байқауға қатысуға жолдама алған болатын. Солардың ішінде Қытайдың “Тянь-Шань” киностудиясы түсірген “Гүлбике” картинасы да бар екендігін ресми ақпарат көздерінен оқығанбыз. Байқау жеңімпаздары іріктелу кезеңінде аталмыш кинофильмнің бас қоюшысы Джан Иганның Қазақ мемлекетінің Астанасын көріп қайтайын деген ниетпен елордаға атбасын бұрғанын да естігенбіз. Тіпті қазақ халқының мәдени өмірін арқау еткен бұл картинаның қалай түсірілгендігін білу үшін осы сапары барысында оған арнайы жолығып, біраз әңгімелескен де едік.
– “Еуразия” кинофестиваліне қатысуыңызға не түрткі болды?
– Өткен бір жыл уақытымызды біз осы картинаны түсіруге, одан барып монтаж, өңдеу, бейне-кадрларды қиып-кесу сынды техникалық жұмыстарына арнаған болатынбыз. Фильміміз толығымен жасалып біткеннен кейін, осы жылдың қаңтар айында Бейжіңде алғашқы көрсетілімін көрермен назарына ұсындық. Қойылымды тамашалауға Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Икрам Адырбеков, сонымен қатар, елшіліктің барлық қызметкерлері мен Бейжіңдегі қазақстандық студенттер келген болатын. Қойылымнан кейін И.Адырбеков фильм туралы өзінің жылы лебізін білдірді. Содан кейін елші Қазақстанның Мәдениет министрлігіне қоңырау шалып, біздің картинамыз 2010 жылғы Алматыда өтетін халықаралық “Еуразия” кинофестиваліне қатысса деген ұсынысын білдірді. Көп ұзамай осы байқауға қатысу туралы шақыру алдық.
– Қазақ мәдениеті туралы картина түсіру туралы ой сізге қайдан келді?
– Өзіңіз жақсы білетін шығарсыз, шетелде жүрген қазақ диаспорасының ең көп бөлігі Қытайда. Яғни, Қытайдың Шынжаң аймағында қытайдан басқа ұлт өкілдерінің жан саны жағынан ұйғырдан кейінгі орынды қазақтар алып отыр. Қытайда мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің өмірлері жайлы, олардың мәдени тыныс-тіршіліктерін насихаттауда мемлекет тарапынан кәдімгідей ауқымды қаражат бөлінеді. Сол қаржыларды ойдағыдай жұмсау үшін, екінші жағынан мәдениет сабақтастығының өміршеңдігін ХХІ ғасырдың бейнесімен сомдау үшін картина түсіруді жөн көрдік. Оның үстіне жыл сайын Шынжаңда автономия көлемінде үлкен айтыс ұйымдастырылады. Жайлауға шығып, сахна тұрғызып, қазақ үйлер тігіледі. Айтыс өнеріне арналған мұндай іс-шара өте ауқымды түрде өткізіледі. Айтыс думанын көруге барлық қазақ халқы жиналады. Бұл бізге де өте таныс әрі өте қызық дүние.
Сонымен қатар, біздің бұл фильміміз қазақ халқы туралы алғашқы туындымыз емес. Осыған дейін “Тянь-Шань” киностудиясы қазақ халқының өмірі жайлы көптеген картина түсірген болатын. Мәселен, ең алғашқы қазақ халқы туралы Қытайда түсірілген фильм “Қасен – Жәмила” деп аталады. Ол 1953 жылы түсірілген болатын. Қазақ киносының негізі осы кино арқылы Қытайда қаланған еді. Ал енді, мінеки содан бері “Тәңіртаудың қызыл гүлі”, “Айгүл”, “Жайлаудағы мылтық дауысы” деген фильмдердің тек қазақ халқы үшін ғана емес, Қытайдың киноиндустрия саласында да орны ерекше. Сонымен “Жетім қыздың махаббаты”, “Қызбейіт”, “Сержан”, “Сахарадағы Дәлеш”, “Жусанды дала”, “Бөрі соқпақты боз дала”, “Айсырға”, “Махаббат мекені” сынды адамның жанын рухани қазынамен байыта түсетін туындылардың қатарын енді “Гүлбике” толықтыра түсті.
– Киноны түсіру барысында қазақ халқының өмірімен де әжептәуір таныс болып қалған боларсыз?
– Әрине, қазақ халқының өмірімен етене таныспын десем, қателеспеген болар едім. Өйткені, өзім Шынжаң өлкесінің тумасымын, көрші-қолаңның көбісі өзге ұлт өкілдері, солардың ішінде бала кезімнен бастап күні бүгінге дейін көп аралас-құралас болғаным да қазақ ұлтының өкілдері. Кішкене кезімнен бастап бірге ойнаған достарым да, кейіннен мектепте бірге оқыған сыныптастарымның ішінде де, бүгінде әріптестерімнің арасында да қазақ ұлтының өкілдері бар. Өмір сүріп жатқан ортамның өзінде сондай адал жүректі, пәк ниетті адамдардың болғаны мені қатты қуантады. Өйткені, уақыт өте келе шынымен де ұлт достығы деген сөздің тереңде жатқан шынайы мағынасын жақсы ұғына түседі екенсің. Бала кезімнен бастап қазақ балаларымен бірге асық ойнайтынмын. Айт мерекесі кезінде солармен бірге әр үйге барып айттайтынбыз. Қазақтың ұлттық тағамдарын бүгінде іздеп жүріп ішетін, кәдімгідей аңсайтын дәрежеге дейін жеттік. Жастайымнан қазақ халқына жақын болғандықтан болар, салт-дәстүрлері мен өнерлері жайлы фильм сюжетіне ой, идея қосқан кезде көп қинала бермейтінім рас.
– “Гүлбике” фильмінің қоюшы режиссері өзіңіз екенсіз. Ал сценарийін кім жазды? Қазақ қаламгерлерінің бірі болар?
– Жоқ, қателесесіз. “Гүлбикенің” сценарийін жазған қазақ емес, қазақ өмірінен әлдеқайда алшақта жүрген, Қытайға әйгілі жазушы, Бейжің Кино академиясының академигі Хуан Дан деген кісі жазды.
– Жете білмейтін тақырыпты жазу оңай емес қой...
– Иә, ойыңызды түсініп тұрмын. Қазақ халқының өмірінен бейхабар адам қалай жазады сценарийді демекшісіз ғой. Бұл мәселе былай шешілген. Картинаны түсіру туралы нақты шешім қабылдағаннан кейін, біз сценаристі қарастырдық. Сөйтіп, осы кісіге ұсыныс жасауды жөн көрдік. Ол өтінішімізге келісті де, Шынжаң аумағына жиі-жиі келіп, қазақ халқы көп шоғырланған Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарын толығымен аралап шықты. Ауыл ақсақалдарымен кездесіп, ол кісілерден халық ауыз әдебиеті, ақындар айтысы, жыршы-жыраулар туралы көптеген мағлұматтар іздестірді. Қазақ халқы туралы кытай тілінде жарық көрген көптеген кітаптарды қарады. Ал бұл біз үшін, “Гүлбике” үшін ұшан-теңіз байлық болғаны рас. Осылайша қазақ халқының өмірімен жақсы таныс болғаннан кейін, сценарий авторы жазуға кірісті. Ең соңында дайын болған сценарийді бәріміз жабыла оқыдық. Қазақ әріптестеріміздің өзі бұл сценарийге таң-тамаша болып, оны жоғары бағалады.
– Картинаның “Гүлбике” деп аталу себебі неде? Бұл қыздың есімі ғой. Әлде бұл фильмдегі бас кейіпкердің аты ма?
– Иә, Гүлбике деген ат фильмдегі басты рөлдегі қыздың картинадағы есімі. Бұл сөзді тікелей қытайшаға аударсақ, суық таулы аймақтарда өсетін гүлдің атауына тұспа-тұс келеді. Бұл гүл картинаның символикалық бейнесі. Яғни, қиын табиғатта, қарлы-боранды таулы аймақта өсетін осы гүл тәрізді Гүлбике деген ақын қыздың өмірі де түрлі қиын кезеңдерден өтеді. Оның ақындық өнеріне бейімделу кезіндегі балалық шағы, одан барып махаббат сезімдері, ересек болған кездегі тағдырдың тартқызған тауқыметі сөз болады. Яғни, жарақат алу кесірінен домбырада ойнауға саусақтарының жарамай, отбасының тіреуі отағасынан айырылған соң Гүлбикенің дауысы мүлдем шықпай қалғандығы, ең соңында ұрпағы үшін бәрін жеңіп шыққандығы картина барысында баяндалады. Фильмнің адам сезіміне ерекше әсер ететін, толғандыратын тұстары өте көп. Сондықтан оны тек көру керек.
– Әртістер мәселесі қалай шешілді? Фильмге түскен әртістердің бәрі қазақ па?
– Гүлбике рөлінде ойнайтын қызды іздестіру барысында біраз қиындықтарға тап болдық. Өйткені, қазір қазақ жастарының көбі ауылда емес, қалада тұрады ғой. Олардың көбінің атқа мінуге немесе домбырада ойнауға бейімдері шамалы. Бізге әрі әнді жақсы айтатын әрі домбыраны төгілдіріп меңгерген, атқа да міне алатын, сұлу болмаса да, қазақ қызының негізгі түр-келбетіне сай бойжеткен керек болды. Мұндай қызды іздеуге көп уақыт кеткені жасырын емес. Ал қалған кейіпкерлердің көбі кәдімгі әртістер десем, онда да тек қазақ ұлтының өкілдері ойнады.
– Қытайда қазақ халқының өміріне арнап түсірілген кино туындылардың жалпы санын білесіз бе?
– Ол жағын енді санап көрмеппін. Жалпы алғанда жеке өз басым соңғы 5 жыл ішінде осы бағытта 3 картина түсірдім.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін.
Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.