Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
ҰЛЫ ОТАНЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ЖЕТІСТІГІ
Құрметті отандастар!
Біздің еліміздің әрбір азаматы әлемдік қоғамдастық үшін де айрықша маңызды оқиға – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер және үкіметтер басшылары Саммитінің жұмысын ерекше мақтаныш және толқыныс сезімімен бақылады.
Еуропаның географиялық шекарасынан мыңдаған шақырым қашықта жатқан Азия кеңістігіндегі Еуразия кіндігінде тұңғыш рет, жаңа мыңжылдықта бірінші рет өткізілген ЕҚЫҰ Саммитінде әлемдік тарихтың барысын және еуразия континентінің әрі қарай даму жолын айқындайтын қазіргі кезеңдегі жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қаралды.
Әлемдік өлшемдегі форумның Қазақстан тәуелсіздігінің және оның болашаққа ұмтылысының символы болып табылатын жас әрі керемет астанасы Астана қаласында өтуі ерекше қуаныш. Саммиттің арқасында әлем «Астана Рухын» сезініп, оның көпэтносты және біртұтас халқын таныды. Біз барша әлемге бейбітшіл, өркениетті даму мен прогресс мұраттарына арқа сүйейтін ел ретінде белгіліміз.
Орталық Азия елдерінің көшбасшысы ретінде әрі салмақты халықаралық тәжірибесімен Қазақстан әлемдік саясаттың белсенді мүшесіне, бейбіт бастаулар мен конструктивті бастамалардың, ауқымды интеграциялық үдерістердің локомотивіне айналды.
ЕҚЫҰ Астана Саммитінің өткізілуі және 11 жылдан кейін бірінші рет ЕҚЫҰ-ның тарихи Астана декларациясының қабылдануы – бұл Қазақстан Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке еңбегінің, оның толассыз беделі мен үлкен саяси ерік-жігерінің лайықты бағасы, «Назарбаев жетістігі формуласының» халықаралық мойындалуының айғағы.
Саммиттегі өз сөзінде Мемлекет басшысы қазіргі әлем дамуының өткір мәселелерін көтерді, еуразиялық қауіпсіздіктің кешенді жүйесін құруды, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын модернизациялаудың нақты мақсаттарын, міндеттері мен өлшемдерін алға тартты.
Президент ЕҚЫҰ бойынша әріптестерімізді Қазақстанның Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын қабылдау туралы бастамасын қолдауға шақырды, Ауғанстандағы түйінді реттеудің кешенді стратегиясын әзірлеуді, Қырғызстандағы өткір этносаралық қарама-қайшылықтарды және саяси дағдарысты еңсеріп, экономика мен бейбіт өмірді қалпына келтіруді жақтады. Есірткі транзиті, жасырын көші-қон, адам саудасы, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын тарату қатеріне назар аударды.
Мемлекет басшысы қазіргі қауіптер мен қатерлерге лайықты жауап беру үшін жұмыс өлшемдері ретінде – қаржы-экономикалық қауіпсіздікті және «Жаңа онжылдықтағы төзімділікке» бағдарламалық құжатын бірлесе әзірлеу арқылы конфессияаралық төзімділікті жеке өлшемге бөліп шығарып, ЕҚЫҰ-ның себеттері мен институттары санын ұлғайтуды ұсынды. Президент ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын келісілген валюта-қаржы саясатының, экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияның қағидаттарын бейнелеуге болатын «Маастрихт-плюс» құжатымен толықтыруды ұсынды.
Ол ЕҚЫҰ құрылымында энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер, Экологиялық форум, сондай-ақ Қарусыздану және қаруды таратпау саласында арнаулы форум құруды ұсынды. Су проблемаларын құқықтық реттеу мақсатында Президент «Су және құқық» бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Трансшекаралық қылмысқа, есірткі трафигіне және жасырын көші-қонға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер министрлері деңгейінде кеңес қалыптастыруды, қақтығыстардың және әлем экономикасындағы келеңсіз үдерістердің алдын алып отыру үшін орталығы Астанада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын құруды ұсынды.
Бірнеше күн бойы Астанаға ЕҚЫҰ кеңістігі елдері ғана емес, бүкіл әлем назарын тікті. Бұған Саммитке қатысушылардың құрамы дәлел бола алады, жиынға ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен әріптес елдердің 73 ресми делегациясы, сондай-ақ БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдардың өкілдері, 500-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Саммит жұмысын 1000-нан аса отандық және шетелдік журналистер, ғаламдық жетекші телеканалдар, газеттер мен ақпарат агенттіктері таратты.
Саммит қатысушыларының барлығы елімізге ең жоғары ұйымдастыру деңгейінде өткізілген кездесулер үшін ықыластарын білдірді. Бұл – біздің ұлы Отанымыздың сөзсіз жеңісі, өз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы Қазақстан халқының қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының ЕҚЫҰ-ны іргелі өзгерту жөніндегі бастамаларын толық қолдайды және жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементі ретінде этносаралық келісім рөлін атап көрсетеді.
Саммитте қабылданған ұйымның негізгі қағидаларын растаған Астана декларациясы ЕҚЫҰ-ның түбірлі қайта құрылуының басталғандығын білдіріп, барлық Еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздіктің тиімді құрылымының жаңа сапалы кезеңін бастайды.
Ассамблея Саммиттің халықаралық Мәдениеттердің жақындасуы жылы өткізілгенін және Қазақстанның өркениеттер үнқатысуын, халықтар мен діндер арасындағы түсіністікті тереңдетуге ықыластылығын атап өте отырып, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ЕҚЫҰ қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру бағытында жариялаған бастамалары, оның еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастырудағы рөлін нығайтуға ықпал етеді деген сенімін білдіреді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді барлық күш-жігерлеріңізді еліміздің әрі қарай қарқынды дамуына, халықаралық беделін нығайтуға және оның бейбітшілік пен толеранттылық мұраттарының белсенді жүргізушісі ретінде берік бекітілуіне бағыттауға шақырады.
Біз – Қазақстан халқының бірлігі, толеранттылығы және біртұтастығы ежелгі қазақ жерінде құрылған біздің мемлекеттілігіміздің түпқазығы және көпэтносты Қазақстанның болашақ ұрпақтары мен тарих игілігі үшін прогрессивті дамуының кепілі болатынына сенімдіміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі.