Қаламгерлер қолдауы
Күні кеше аяқталған ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өтуіне орай еліміздің бір топ ақын-жазушылары редакцияға қолдаухат жолдап отыр. Хаттың мәтінінде былай делінген: Саяси қоғамдастықтар мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сеніміне ие болып, тараптар жүктеген төрағалық міндеттер бойынша жыл бойы Еуразия кеңістігінде ғаламдық мәселелерге қатысты іргелі істер атқарған, күні кеше ғана Сарыарқа төсіне жаһан назарын аударып қана қоймай, Қазақстан Республикасының әлем алдындағы абырой-беделін төрткүл дүниеге паш еткен Астана Саммитінің ұлы дүбірі сәтті аяқталды. Түсіне білгенге және өзін осы Қазақ мемлекетінің патриотымын дейтін азаматтарға, бұл – шын мәнінде тарихи оқиға! Қара ормандай қалың қазақ халқы тікелей эфирдегі теле-радио сынды электронды ақпарат құралдарынан және беделді басылым беттерінен бәрін жіті қадағалап отырды десек артық болмас. Осынау дүниеде бір тұтам жер үшін ұңғысынан түтіні сейілмей тұрған, «қара қазан, сары бала» қамы үшін шүріппеден қолын алмай күрес жүргізіп жатқан ел аз ба? Ошағы ортасына түсіп, ойрандалмаған жер аз ба? Балқан таудың басын мұнар, балағын қырау шалғалы қашан? Қабырғасынан қаншама ұлтты өргізген Қап тауының етегіндегі бұлақтар неге лайланды? Басынан бақайшығына дейін саяси сауыттармен қаруланған шынжыр табан танктердің астында шыңғырып жатқан Таяу Шығыстағы бейкүнә ұрпақтың зарына бұл ғасыр құлақ аса ма? Мұнайдың буы мен есірткінің уына арбалған Парсы шығанағы һәм ауған аңғарлары неге бүтін адамзаттың зәре-құтын алып, «бас ауруына» айналып отыр? Шекаралары шендескенмен, бейбіт қарым-қатынастары елдеспей отырған, бір-бірін қапсыра құшақтағанмен қабырғасын бір-бірлеп санап отырған ұлыстар мен ұлттар аз емес? Ғаламдық деңгейде алдынан сұрапыл қайшылықтар тосарын біле тұра Қазақстан неге жаппай қырып-жоятын ядролық қарудың қара жәшігінен бас тартты? Бұл – адамзат баласының ХХІ ғасырдың алдына қоятын салмағы зілмауыр сауалдардың бір парасы ғана. Әлемдік геосаяси карта былайғы көзге көріне бермейтін күнгейлі-теріскейлі алмағайып кезеңдерді бастан өткеріп жатқан шақта, өзінің ішкі саяси-экономикалық, әлеуметтік ағыстарының арнасын кеңейтумен қатар, ғаламдық қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, ЕҚЫҰ-ның мінбесін қазақ халқының елордасына әкелуі – Қазақстанның болашақ даму бағытын тағы бір айқындап бергенінің анық дәлелі. Кез келген мәселе өркениетті диалогтармен шешілуі тиіс. Біз Қазақстанның таңдаған жолы, саяси ұстанымы осылай деп түсіндік. Сондықтан да кешегі Астана төрінде өткен дүбірлі Саммитке сәт сапар тіледік, сол жиында қабылданған Астана Декларациясынан, оның әрбір тармағының тамырына қан жүгіріп, таңдау түскен шешімдер таразыға салынған, талқыланған халықаралық жағдайларға ықпал етеді деген сенімдеміз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін жоғары деңгейде атқарған ресми Астана бітіспес тараптарды бір үстел басына жинау арқылы Еуразия кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлем алдында саяси салмағы сан батпан іргелі миссияны атқарды. Миссияның жемісі сол – бітіспес тараптарды ең жоғары деңгейде түйістірді. Ғаламдық мәселелерді мемлекет басшылары деңгейінде қарастырған бұл Саммит – қазақ елінің арғы-бергі тарихында, мыңжылдықтар дәуірінде болмаған оқиға десек тіпті де асыра айтқандық емес. Бұл жиын – саяси ахуалы өте күрделі Еуразия кеңістігінде жаңа санаттағы мемлекет құрып, астана түзген ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап кеткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлы дала төсіндегі сан ұлысты бейбіт түсіністікте, дау-жанжалға ұрындырмай алып келе жатқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көшінің көлікті, саясатының салмақты да сабырлы екендігінің жемісі. Бұл – алып елдер арасынан жаһанның саяси даму кеңістігіне сыналап жол тауып келе жатқан мемлекет басшысының, Қазақстанның – аймақтың геосаяси алаңындағы жетекші ел екенінің белгісі. Ұйымға төрағалық еткен Қазақстан жыл бойы жұмыр жердің қауіпсіздігі үшін Еуразия аумағындағы отты ошақтарда, ыстық нүктелерде болып, ірі бітімгерлік міндеттер атқарды. Елдің бірлігі мен ұлттың тұтастығын, мемлекеттік саясаттың сарабдалдығын үлкен жауапкершілікпен сезінетін зиялы қауым өкілдері діттеген деңгейде өткен Астана Саммитін аса жоғары бағалауда. Әлем сарапшылары тарапынан үлкен бағаға ие болған Астана Саммиті – Қазақстанның сыртқы саясатының халықаралық мәселелерге араласып қана қоймай, түйінді түйткілдердің шешімін табудағы іскерлігін айқын көрсетті. Бұл Саммит – аз ғана мезгіл ішінде алты құрлыққа аты мәшһүр болып үлгерген, өзінің даму үрдісін қалыптастырған Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік саяси кеңістіктегі жаңа кезеңінің, жаңа дәуірінің басы десек артық емес. Хатқа танымал қаламгерлер: Нұрлан Оразалин, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев, Иван Щеголихин, Олжас Сүлейменов, Шериаздан Елеукенов, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Сейіт Қасқабасов, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина, Шәрбану Құмарова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова, Әкім Әшімов (Тарази), Қалихан Ысқақ, Әнес Сараев, Оразбек Сәрсенбаев, Марал Ысқақбай, Сәкен Иманасов, Серік Қапшықбайұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Сейфолла Оспанов, Ахметжан Аширов, Махмуд Абдрахманов, Қоғабай Сәрсекеев, Сәбит Досанов, Дүкенбай Досжан, Софы Сматаев, Әшірбек Сығай, Есенбай Дүйсенбайұлы, Ахат Жақсыбаев, Берік Шаханұлы, Рафаэль Ниязбеков, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Ұлықбек Есдәулетов, Несіпбек Айтұлы, Тұрсынай Оразбаева, Валерий Михайлов, Ғалым Жайлыбай, Жұмабай Шаштайұлы, Бақыт Сарбалаев, Сұлтан Қалиұлы, Көпен Әмірбек, Серік Асылбекұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Жанғара Дәдебаев, Бауыржан Жақып, Надежда Чернова, Любовь Шашкова, Лаврентий Сон, Жәркен Бөдешұлы, Тұрысбек Сәукетаев, Еркін Жаппас, Жүсіпбек Қорғасбек, Темірғали Көпбаев, Асқар Алтай, Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Жанарбек Әшімжан, Танакөз Толқынқызы қол қойған. * * * ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы. Жақында ғана Астана қаласында Қазақстанның төрағалығымен өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті үлкен табыспен аяқталды. Осындай беделді ұйымның Төрағасы әрі Саммит шақырушы ел ретінде Қазақстан өз атын адамзат тарихына алтын әріптермен жазды! Желтоқсанның 1-2-сі күндері күллі түркі дүниесі ғана емес, барша әлем дүркіреп тұрды. Өзіңіз айтқандай: «Қазақ елі үшін, Астана үшін мың жылда бір келетін тарихи оқиға болды». Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, көңіліміз көншіді. Төрткүл дүниені Астана магнит өрісінде ұстап, асқаралы ойлардың бастау бұлағына айналды. Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлеткен бабалар әруағы бір аунап түсті. Дүние астаң-кестеңі шығып, мұхиттай тулап жатқан кезде – бір мезгілде, бір күнде әлем таныған ел басшылары бір шаңырақтың астында Сіздің қабағыңызға қарап, аталы сөзіңізді тыңдап, пәтуаға келуінің өзі теңдесі жоқ оқиға болды! Қазақстанды бүгінде әлем таныды, атынан түсіп сәлем беретін халге жетті. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Сіз көтерген Еуразия идеясы бүгінде шын мәнінде жүзеге асты. Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы да табыспен өтті. «Енші алып, түгел түрік тарасқанда, қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па», деп Мағжан ақын жырлағандай, Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысы – осы қарашаңырақта, Қазақ елінде, Президенттік мәдениет орталығында өтіп отыр. Мұны да жақсы ырымға жорыдық. Өткен жұмада әлем лидерлері Сізге қарап бой түзесе, біз Сізге қарап ой түзедік. Кешегі Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың әруағын қайта аунатып, келелі бір кеңес құрдық. Осындайда кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген аталы сөз еске түседі. Негізгі мәселе: түп тамырымызды қозғайық, тегімізді түкпірлейік, ұрпақтар сабақтастығын үзбейік, ХХІ ғасырдың түркі дүниесі ғасыры болатынына кәміл сенейік дедік! Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы. Бүгінгі таңдағы Қазақстан мемлекетінің қол жеткізген толағай табыстары Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Бұл біздерге айтуы жоқ шабыт сыйлайды. Түркі дүниесінің көшін бастап жүре беріңіз. Келесі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымын басқарғалы отыр. Әрдайым дуалы ауыздан шыққан пәтуаңызбен әлем халқын сүттей ұйыта беріңіз! Құрметпен, Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің мүшелері: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Түркітілдес мемлекеттер Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры; Мұстафа ИСЕН, Түрік Республикасы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Түрік Республикасының Президенті Әкімшілігінің басшысы; Будаг АБДУЛАЛИОҒЛЫ, Әзірбайжан Ақсақалдар кеңесінің төрағасы; Ишенбай АБДУРАЗАКОВ, Қырғыз Республикасы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қырғыз Республикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы. * * * МАҚТАНА АЛАТЫН КҮЙ КЕШТІК «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына Құрметті басылым басшысы, сіздің газет арқылы Астана Саммитінің абыройлы өтуіне байланысты барлық отандастарыма деген құрметіміз бен құттықтауымызды жеткізуге рұқсат етсеңіз. Ең алдымен, осы идеяның авторы және ұйымдастырушысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қызу құттықтаймыз. Саммит Қазақ елінің әлем алдындағы абыройын биікке көтеріп кетті. Оны теледидардан және баспасөз бетінен үзбей қарап отырған біздің шаттығымыз бен ойды билеген қуаныш сезімінде шек болған жоқ. Саммитте тарих сахнасына ұлтының ұлы көшін бастап шыққан және оны көш соңында қалдырмай алға сүйреген Президентіміздің бейнесі тым асқақ көрінді. Әркім-ақ елі үшін, Елбасы үшін мақтана алатын күй кешті. Қадірлі Нұреке, осы қуанышымызды бөлісе отырып, ұлтымыздың ұлы байлығы – Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, оның Көшбасшысының ұзақ өмір сүріп, халқын жеңістен жеңіске бастай беруіне тілектестік білдіреміз. Құрметпен, Серік ҚИРАБАЕВ, Әлия БЕЙСЕНОВА, Ұлттық ғылым академиясының академиктері. Алматы.Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен кездесті
Саясат • Бүгін, 11:50
Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26