08 Желтоқсан, 2010

Мақсат – рухани тамыры бір халықтарды жақындастыру

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы Президенттік мәдениет орталығында еліміз­дің Мәдениет және Сыртқы істер министрліктерінің ұйым­дас­ты­руы­мен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімі негізінде құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Түбі бір түркі тілдес елдерге ортақ мәселелерді өзек еткен бұл жиынның алғашқы отырысын Түр­кітілдес мемлекеттер Ақса­қал­дар кеңесінің мүшесі, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков басқарып отырды. Ал бас­қо­суға Түрік Рес­публикасының Пре­­зиденті Әкім­ші­лігінің бас­шысы Мұстафа Исен, Әзірбайжан елі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Будагов Будаг Абдулалиоғлы, Қырғыз Рес­публикасының бұрынғы мемлекеттік хатшысы Ишанбай Абдуразаков басқарған делегациялар келді. «Түркі тілдес дүниенің бірінші мәжілісін өткізудің сәті бүгін түсіп отыр. Біздің бабаларымыз заманында бүкіл дүниені билеген. Мұны сіздер түркі дүниесінің қолбасшысы Күлтегінге арналған ескерткіштен жақсы білесіздер. Сонда тасқа қашап жазылған біз­дің ата тарихымызда мынадай тамаша сөздер бар: «Көкте Тәңірі, ас­тында қара жол жаралғанда екеуі­нің арасында адам баласы жа­ралған. Адам баласының үсті­не менің ата-тегім Бумын қаған, Естеми қаған келген. Олар қаған болып, дүниенің төрт бұрышын алған. Дүниенің төрт бұрышы олар­ға қараған. Аз халықты көп қыл­ған. Кедей халықты бай қыл­ған. Сол елдің барлығын тату қыл­ған. Елге жақсылық қылған. Олар осындай ұлы қағандар еді. Олар осындай білікті қағандар еді», – деген. Біздің бабаларымыз осындай ұлы болған. Біз енді 15 ғасырдан кейін, 1500 жылдан кейін әртүрлі себеппен атажұр­ты­нан көшіп, жан-жаққа бытырап кеткен Көк түріктің ұрпағының қай­та басын қосатын заман туды», – деді өз сөзінде Мырзатай Жолдасбеков. Солай дей келе, ол дербес мемлекет болған Қазақстан, Өз­бек­стан, Түркіменстан, Әзірбай­жан, Қырғызстанның бүгінде әлем­де өз орны бар елдер екендігін атап өтті. Ал отырыс кезінде сөз алған еліміз Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құр­ман­ғалиева біздің халықтарымыз өзінің туыстығын, бауырлас­ты­ғын қай заман болса да ешқашан ұмытпағанын, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері түркітілдес мемлекеттермен жан-жақты қарым-қа­тынасты нығайту, тарихы, рухани тамыры бір халықтармен етене ара­ласу Қазақстанның сыртқы сая­сатының басымдығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ақса­қалдар кеңесін құру бастамасы осы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетудің бір қадамы болмақ. Ал тарихшы-ғалым Қой­шығара Салғараұлы түбі бір түркі тектес елдерде ақсақалдар кеңесі ежелден бар екендігіне тоқтала келе, аталған кеңестің маңыз­ды­лығын атап өтті. «Түркі деген ха­лық – Бәйтерек. Бүгінгі түркітіл­дес халықтар соның жапы­рақ­тары. Алайда, бүгінгі ұрпақ өзінің тамырын, қайдан шыққанын көбіне біле бермейді. Демек, түр­кі халықтарының өзінің болмы­сын анық білуге, олардың қайдан шықты, қайда барды, қалай келді деген мәселелердің барлығы назар аударуды қажет етеді. Бұл ретте, ұрпақтың өзінің тегін, тілін, мәдениетін білуіне үлес қосуымыз керек», деді ғалым өзінің сөзінде. Басқосу кезінде Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасының бұ­рын­ғы мемлекеттік хатшысы Ишанбай Абдуразаков аталған шараны ұйымдас­ты­рушыларға алғысын жеткізді. «Бұл – ма­ңызды бастама әрі ма­ңызды қа­дам. Себебі, Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі инс­титуттық тұрғыда өз аяғынан енді ғана нық тұра бастады. Бұл рет­те, түркітіл­дес елдер басшы­лары­ның осы мемлекеттердің Ақ­сақалдар ке­ңе­сі­не де көп үміт ар­тып отырғанын түсіну қиын емес. Демек, бұл ке­ңес те өзінің жақсы нәтижесін береді деп сеніммен айтуға болатын шығар», деді Қырғыз­стан өкілі. Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Түрік Республикасының Пре­зиденті Әкімшілігінің бас­шысы Мус­тафа Исен, Әзірбайжан ақса­қал­дар кеңесінің төрағасы Будагов Булаг Абдулалиоғлы да мұндай ке­ңестердің түркі елдері кеңіс­тік­те­рін жақындатуда белгілі мөлшерде рөл атқаратынын жеткізді. Түркітілдес елдер Ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысында оған қатысушылар Түркітілдес мем­лекеттердің Ақсақалдар кеңе­сі ту­ралы ереженің жобасын, екін­шіден, түркітілдес халық­тар­дың ортақ та­рихын зерттеу мәсе­лелерін әңгіме өзегіне айнал­дырды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.