Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
2) жартыжылдық қорытындылары бойынша 15 қыркүйекке және 15 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
4. «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 25-26, 185-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік бағдарламалар тізбесінде реттік нөмірі 3-жолдың «Атауы» деген бағанындағы «Салауатты» деген сөз «Саламатты» деген сөзбен ауыстырылсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2010 жылғы қарашаның 29-ы. № 1113.
-----------------------------------------------------------------
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ
2010 жылғы 29 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Осы Мемлекеттік бағдарлама «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығын іске асыру мақсатында бекітілген.
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту болып табылады және:
Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық іс-қимылдың тиімділігін арттыруға;
Профилактикалық іс-шараларды, мақсатты зерттеп-қарауды күшейтуге, диагностиканы жетілдіруге, негізгі әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу мен оңалтуға;
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерді жетілдіруге;
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруға, басқару мен қаржыландыруды жетілдіруге;
Медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіруге; инновациялық технологияларды дамытуға және медицинаға енгізуге;
Халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсартуға бағытталған.
2015 жылға дейін денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық медицинаның профилактикалық және әлеуметтік бағдарды күшейту болады.
Медициналық көмектің, әсіресе шалғайда және жетуге жолы қиын өңірлерде тұратын ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекет көлік медицинасын, оның ішінде санитариялық авиацияны дамытуды қолдады.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру денсаулық сақтау мәселелерінде бүкіл қоғамның келісімге қол жеткізу жолымен қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыра отырып, жалпы және ана мен бала өлім-жітімін, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ауруларды төмендете отырып, денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Мемлекеттік бағдарламада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде нақтылана отырып, 359 358,9 млн. теңге мөлшерінде мемлекеттік бюджеттен жалпы шығыстар көзделген.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі.