ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІҢ ЖАЙЫ ОЙЛАНДЫРАДЫ
Қазіргі күндері мамандар Қазақстандағы 188 млн. гектар жайылым жердің 48 млн. гектарының тозығы жеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Үкімет те бұл мәселеге назар аударуда. Таяуда Астанада ауыл шаруашылығы мамандарының қатысуымен өткен бір дөңгелек үстел басындағы кездесу осы толғағы жеткен түйткілді мәселеге арналды. «Жайылымдық ресурстарды орнықты пайдалану мәселелері және шешу жолдары» деген тақырыппен өткен аталмыш шарада заң шығарушы және атқарушы органдар, халықаралық ұйым өкілдері мен аграрлық топтар мамандары жайылым жер жайлы ашық сұхбат жүргізу мақсатын көздеді.
Бір замандары бір-бірімен кездескенде: «Мал-жан аман ба?» деп сәлем-сауқат сұрасатын қазақ үшін төрт түлік мал тіршіліктің негізгі көзі ғана емес, оның қоғамдағы алатын орнының белгілі бір мөлшердегі деңгейін де белгілеп беретін еді. Сондықтан қолдарына көп мал жинап алған адам қоғамдағы ықпалды күшке айналып, осыған орай жайылым жерлерді үнемі ауыстырып отыруға да қол жеткізген. Алайда, қазіргі қазақ жерінде мал жайылымдарын тиімді пайдалануға көп жылдар бойы тиісті мән берілмей келді. Мұның орнына кешегі жайылымдық болған атыраптарды егіндік алқаптарға айналдыру үрдісі кең етек алды. Бұған ауа райының ахуалы да аз әсер еткен жоқ. Айналып келгенде, осының бәрі жайылымдардың тозу үдерісін жеделдетіп жіберді. Сол себепті де бұл проблемаға көңіл аударып, оны шешуді қолға алған Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдері бүгінде ел Үкіметімен бірлесіп мәселені қабырғадан қоюға кірісті. Еліміздегі жер аумағының 70 пайызын жайылымдар құрайтынын, мұның өзі экономиканы дамытып, экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету үшін бірегей мүмкіншілік беретінін тап басып таныған олар қазір қазақ қоғамына көшпелі мал шаруашылығына қайта көшуге кеңес беріп отыр.
Басқосуда БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стелиана Недера осы орайда мал жайылымдық жерлерді үнемі ауыстырып отыру анағұрлым маңызды, жайылымдықтардың ареалын кеңейту қажет екеніне айрықша мән бере сөйледі. Оның пікірінше, шалғайда жатқан жайылымдық жерлерді қолданысқа қоспай, төрт түлік малдың жайын жасау мүмкін емес. Ал елді мекендер іргесіндегі егіннен артылған азын-аулақ аумаққа мал жайып, оны шиырлай беру бүгінгі таңда ауылдар маңындағы жерлерді бұрынғыдан бетер тоздыра түседі.
– Ауылдар маңындағы атыраптар жаппай айтақыр болып, бірте-бірте шөлейт жерлерге айналып барады. Ал мал иесінің төрт түлікті алыс жайылымдарға шығарайын десе, ол жерлерде адам тіршілігі үшін бұрын болған қажетті жағдайлар жоқ. Бұл ретте ең алдымен малшыларға жағдай жасау маңызды. Қарапайым ғана мысал, жаздыгүні ауылынан аулаққа, шөбі шүйгін жерде мал бағуға киіз үй қажет, – дейді ол. БҰҰ ДБ-ның тұрақты өкілі сонымен қатар малды бір аймақтан екінші аймаққа көшіріп жайып тұру үшін облыстық әкімдіктер өзара келісімге келулері керек екенін тілге тиек етті. Өз сөзінде С.Недера ханым сондай-ақ жайылым жерлерді тиімді пайдалануға қолбайлау болып отырған кедергілердің бірі ретінде жердің түрлі жеке тұлғалардың иелігінде екенін айтты.
Жиында жайылымдарды тиімсіз пайдаланудың теріс әрекеттеріне тұсау салу үшін маңызды екі тақырып талқылауға түсті. Олардың бірі – жайылымдық ресурстарды орнықты басқарудың экономикалық және нормативтік-құқықтық аспектілері болса, екіншісі жем-шөп базасын нығайтудағы және мал шаруашылығының орнықты дамуындағы инновациялық тәсілдер болып табылады. Мұнан басқа, дөңгелек үстел басында жергілікті деңгейде жайылымды бірлесе басқару жөніндегі үлгі – «Жайылым комитетін» құру ұсынылды. Осыған орай аталмыш комитеттің жұмыс істеу тәжірибесі талқыланды. Жаңа, көпшілік үшін бейтаныс, бірақ мән-мағынасы ауқымды «Жайылым комитеті» Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының «Ауылдық тұрғындардың жағдайын жақсарту және экологиялық тұтастықты сақтау мақсатында жайылым жерлерді тұрақты басқару» жобасының бастамасы болып табылады. Оның ережесіне сәйкес жайылымды пайдаланушылардан түсетін барлық ақпарат «Жайылым комитетіне» жиналып, мұнда ұжымдық тұрғыда аса маңызды және маңызды мәселелер таңдап алынады да, өз кезегінде олар өкілетті органдарға жіберіледі. Осы жерде бір айтатын нәрсе, әрбір ауылдық округ комитет мүшелерін және оның төрағасын сайлап алады.
Дөңгелек үстел үстінде ойын тарқатқан Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Шиен ауылдық округінің әкімі Әділжан Байсариев жайылым жерлерді жандандыру мен «Жайылым комитеттерін» құру аса маңызды мәселе екеніне назар аударды. Мал шаруашылығын жүргізудің дәстүрлі және өмірлік мәні зор тіршілік көзі болып табылатын Жетісу өңірінде мұндай құрылымдар бұрыннан бар көрінеді.
– Біз өз ауданымызда «Жайылым комитетін» құрғанбыз. Оның оң нәтижесі ретінде бүгінде таулы жайылымымыздың қайта жанданып, жүз шақырым аумақтағы мүлде пайдаланылмай келген жерде қазір 100-ге тарта ірі қара, 2 мыңға жуық қой жайылып жүргенін айтуға болады, – деді ол.
Оның айтуынша, аталмыш ауылда атқарылып жатқан іс-шаралар шеңберінде су алатын құдықтар жөнделіп, күн сәулесімен жұмыс істейтін құрылғылар орнатылған. Соның нәтижесінде қолы бос азаматтар ұсынылған игі бастаманы зор ықыласпен қолдайды. Сосынғы бір мәселе, мұндай комитеттерге мемлекеттің көмегі де артықтық етпейді. Ауылдық әкімнің сөзіне сүйенсек, аталмыш ілкімді жоба аяқталғаннан кейін де шешімін күтетін мәселелер жеткілікті. Солардың бірі жолдан жолан тартады.
– Осы үлгілі үрдіс пен үдеріс мүдіріп қалмас үшін бізге мемлекеттің көмегі ауадай қажет, – деді ол сөзінің сыңайында. – Мысалы, біздегі жол мәселесі шешілсе, өңірдегі экотуризмді де жолға қоюға болар еді.
Жиын жүлгесінде шөлейттене бастаған алқаптарды қалпына келтірудің тағы бір жолы ретінде көп жылдық шөптерді егу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде житняк, эспарцет, жоңышқа сияқты мұндай өсімдіктердің жер құнарын арттырып қана қоймай, төрт түлік малдың өнімділігі мен малға қажетті қысқы жем-шөп қорын ұлғайтуға да үлкен жол ашып беретіні айтылды. Жайылым жердің осы және өзге де өзекті мәселелері бойынша ой толғаған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтияр Садықтың баяндамасы жиналғандарға жақсы әсер қалдырды.
– Қазақтың жері жайылымға бай. Ал жайылымдар – қоғамның мүлтіксіз назарын талап ететін өте сезімтал экожүйе, – деді ол өзінің сөзінде. – Осындай баға жетпес байлығымызға қамқорлықпен қарап, оны ұтымды пайдалансақ, бұл жерлердің тиімділігі арта түсетін болады. Біріншіден, мықты жем-шөп қоры құрылады. Өйткені жем-шөп қорынсыз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Сол себепті де, бұл жобаның басты мақсаты – осы уақытқа дейін дәнді-дақылдардың егініне пайдаланылып, тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіру, олардың құнарын арттыру. Жалпы, дәнді-дақылдарды құрғақшылық жерлерде егудің тиімсіз екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мұндай жерлерде олар бір гектардан көп дегенде 6-8 центнерден астық береді. Соңғы кездері жиі болып тұратын құрғақшылық жылдары небәрі 3-4 центнерден аспай тұр. Ал асқан құрғақшылықта фермерлер тіпті астықсыз қалуы мүмкін.
Ғалымның пайымдауынша, жайылымдық жерлерді тұрақты басқару жобасы ең алдымен жерді тиімді де үнемді пайдалануға бағытталуы тиіс. Бүгінгі күннің тұрғысынан ғана емес, келешек үшін де кестелі керегесі бар бұл аса маңызды мәселенің тек қана Қазақстан емес, Орталық Азияның басқа да елдері үшін де өмірлік өзекті мәні бар. Соны сезінген көрші мемлекеттерде сондықтан күрделі қозғалыстар пайда болған. Олардың барлығы дерлік бүгінде осындай жобаларды жүзеге асыруға құлшына кірісіп жатыр. Дөңгелек үстелде Қырғызстаннан келген қонақтар осы жағын басып айтты. Мысалы, «Кыргызгипрозем» МЖИ жайылымдар мониторингі бөлімінің бастығы, БҰҰ ДБ-ның «Сусамар жайылымдарын тұрақты дамыту көрсетілімі» жобасының сарапшысы Людмила Пенкина жайылым жерлерге байланысты қырғыз-қазақ елінің өзара ұқсастығын айта келіп, соны шешу үшін басқосқан жиын көңілге үміт ұялататынын жеткізді. Елдегі саяси тұрақсыздық жағдайына қарамастан, жайылым жерді жұтатпауды ойлаған көрші қырғыздарға қарап отырып, жайылымдық жерді тұрақты да алаңсыз дамытуға бізде барлық мүмкіндік бар екеніне тағы да көз жеткізуге болады.
Дөңгелек үстел басындағы бұл әңгімелер, бір жақсысы, айтылған сөз күйінде қала салған жоқ. Шара шеңберінде БҰҰ ДБ және Вашингтон штаты университетінің Қазақстандағы ауыл шаруашылығын орнықты дамыту жөніндегі бағдарламасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Серік ПІРНАЗАР.
* * *
ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Ақтауда еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған темір-бетон зауыты пайдалануға берілді. Оның құрылысы мен Германиядан алынған құрал-жабдықтарды құрастыру тоғыз айда жүзеге асты. Мұнайлы өлке өндірісін өрге бастыра түсетін нысанның ашылуына облыс басшысы Қ.Көшербаев, Парламент депутаттары, жұртшылық өкілдері қатысып, ТМД елдері бойынша алғашқы жобамен жете танысты. Зауыт директоры Р.Өтегеновтің айтуынша мұнда құрылыс жұмыстары үшін жылына 6,12,18 метрлік темір-бетон жабын тақталардың 36 мың данасы шығарылады. Нысан толық қуатында жұмыс істегенде аймақтағы осы өнімге деген сұраныстың 70 пайызын өтеуге мүмкіндік тумақшы. Болашақтағы жоспарға сай осы жерде қабырғалық тақталар мен панельдер, тағы басқа да өнімдер шығару да қолға алынбақшы. Заманауи неміс технологиясымен дайындалған зауыт өнімдерін «Қазақстанда жасалған» деген белгімен алыс-жақын шет елдерге шығару да жоспарлануда.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.