10 Желтоқсан, 2010

Саясат саңлақтары Астана Саммиті туралы

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ангела МЕРКЕЛЬ, Германия Канцлері: – Біз Хельсинки актісі өмірге келгеннен кейін 35 жылдан соң жүздесіп отырмыз. Содан бері әлем өте қатты өзгерді. Қазіргі күнгі Ванкувер мен Владивосток арасындағы кеңістік ол кездегіден мүлде басқаша сипатта. Президент Назарбаевқа қонақжай пейілімен осы Саммитті ұйымдастырғаны  үшін алғысымды білдіремін. Тұңғыш рет ЕҚЫҰ Саммиті Орталық Азияда өткізілуде. Бұл осы аймаққа жаңаша көзбен қарауға мүмкіндік береді. Соңғы Саммит өткен 11 жылда әлем өзгерді, Ванкувер мен Владивосток арасындағы кеңістік өзгеріске ұшырады. Астана –соның жарқын мысалы. ЕҚЫҰ алдында үлкен міндеттер тұр. Франсуа ФИЙОН, Франция Премьер-министрі: – Президент Назарбаевқа ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөнін­дегі бастамасы үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінде біз ЕҚЫҰ аясында әлемдегі қауіпсіздікті сақтауда еуро­атлантикалық және еуразиялық кеңістікте әріптестіктің жаңа қырларын жасауды батыл түрде қолға алуға тиіспіз. Ол біртұтас қауіпсіздіктің сақталуына қызмет етіп, Астана  Саммиті ұжым­дық қауіпсіздік үдерісін дамытуда  жаңа мазмұнға ие болуда. Сильвио БЕРЛУСКОНИ, Италия Премьер-министрі: – Біз әсем Астанада, толеранттылық пен бейбітшілік қаласында барша халықтарды ынтымақтастық пен бірігуге шақыруға тиіспіз. Маған Президент Назарбаевқа  Саммит­тің жоғары деңгейдегі дайындығы мен өткізілуіне бүкіл жағдайды жасағаны үшін барлық қатысушылар атынан рахмет айтуға рұқсат етіңіздер. Бұлай болмауы мүмкін де емес еді деп ойлаймын. Себебі, Астана нышандық тұрғыда өте жоғары маңызға ие. Ол – біздің Ұйымның рухына толық жауап беретін қала. Біз бұл қаладан керемет меймандостықты көріп, Астана деп аталатын ғажайыппен таныс­тық. Астана – Ұлы Далада қысқа мерзімде, он жылдың ішінде ғана тұрғызылған қала. Мен жоқ жерден тұтас қала салудың қандай қыруар жұмыс екенін жақсы ұғынамын.  Астана – батыл да кемел идеяның жемісі. Құрметті Пре­зид­ент, Сіздің идеяңыз үлкен тәуекелді қажет етті, бірақ Сіз батылдық танытып, ғаламат жетістікке қол жеткіздіңіз. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Ас­тананың, Қазақстанның осындай рухынан күш алуы тиіс. Сонда біздің Ұйым өзінің даму үдерісінде биіктерді бағындыра алады. Қарап отырсаңыз, осы елде 130 ұлт өкілі және көптеген конфессия өкілдері мекендейді. Олар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатыр. Бұл – шынында да ЕҚЫҰ мүшелері үлгі алатын маңызды мысал. Сонымен қатар, біз Назарбаев көрсеткен үлгіні пайдаланып, ядролық қарудан тазаруға тиіспіз. Ол дүние жүзіндегі қуаттылығы жөнінен төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, ядролық қарудан тазарудың игілікті әкесі болып отыр. Біз мұны бар әлемге тілейміз. Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада басты рөлдерге шығуда. Бұл – орынды түрде еңбекпен келген бедел.  Қазіргі күні әлем Астананы халқы сүйетін саяси Көшбас­шысының кемел ақылының жемісі деп таниды. Нұрсұлтан, бұл тамаша нәтиже. Георгиос ПАПАНДРЕУ, Грекия Премьер-министрі: –11 жылдан кейін өткізіліп отырған ЕҚЫҰ Саммиті біз үшін әрі мүмкіндік, әрі қолымыздан не келетіндігін көрсететін байқау. Бір жағынан біз Ұйымды нығайтып, ал екінші жағынан бұрыннан келе жатқан, бірақ өзінің өзектілігін жоғалтқан қағидаттардан бас тарта аламыз. Сол себептен, осындай маңызды үнқатысуды ұйымдастырып отырған Президент Назарбаевқа алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Мен Сіздің экономикалық мәселелерді ЕҚЫҰ-ның жеке қарайтын тобына жатқызу жайындағы идеяңызды қолдайтынымды білдіремін. Осы керемет басқосу ЕҚЫҰ-ның саяси мандатын кеңейтуде керемет мүмкіндік болып отыр.