10 Желтоқсан, 2010

Саммитхан перзентханадан шықты

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсаны күні төрткүл дүние ЕҚЫҰ-ның Сам­миті өтетін Астанаға көз тіккенде  Ал­тынсарин ауданының  Осипов ауы­лын­­дағы Сейдахметовтер отбасының да көңілі  алаңдаумен болды. Өйткені, аудан орталығындағы перзентханаға Қуантай ақсақалдың  аяғы ауыр келінін жеткізіп салған еді. 1 желтоқсан күні таң ата перзентханадан сүйінші хабар келді. Келіні Гүлжанат  аман-есен босанып, өмірге  шекесі тор­сықтай ұл бала келіпті! Қуантай ақ­сақал көп ойланып жатпады, немере­сінің атын Саммитхан қойды. – Қазақстанның  халықаралық беделді Ұйымға төрағалық жасап, Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қаншама іс тын­дыр­ғанын, Саммиттің өтетінін, оған да­йын­дық жұмыстарын – бәрі-бәрін күн­делікті  бақылап отырмын. Бұл шара біздің елдің  атын  дүние жүзіне тағы да  паш етті. Саммитке  әлем ау­зына қараған  талай мықтылар, тұлға­лар келді. Солардың  ақылын, бағын берсін  әрі Қазақстанымызда Саммит өткен жылды еске түсіріп тұрсын деп немереме Саммитхан деп  ат қойдым, – дейді Қуантай ақсақал. Жас отау иелері Серік пен Гүл­жанаттың  тұңғышы Саммитханның салмағы 2 килограмм 995 грамм, бойы 50 сантиметр болды. Баланың ден­саулығы жақсы. Саммитханды анасы перзентханадан шығарған соң бесікке бөледі. Кең даланы еркін шарлаған аталары өскен қасиетті бесікті кішкентай Саммитхан жатырқаған жоқ, бірден пысылдап ұйқыға кірісті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Алтынсарин ауданы.