10 Желтоқсан, 2010

Көксарай кереметi

867 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Елбасы идеясы өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсеттi Көне дәуір естеліктері зама­нында сан қилы атауға ие бол­ған қазіргі Арал теңізіне ежел­ден-ақ Сыр мен Әму еміне ағып жата­ты­нын айтады. Сай­ын даланы көктей өтетін егіз бұрымдай қос өзен осы­лайша сан ғасырлар бойы Аралдың айдынын толтырыпты. Кейі­нірек сан түрлі себептермен Әму бас­қа арнаға бұрылды. Сыр­дың да арыны тежеліп, Арал­дың кемері кейін шегіне бас­та­ды. Аз жыл­да теңіз жағалауы жүз­деген шақырымға жырақ­тап кетті. Ата­кәсіптен үміт үз­ген аудан тұрғындары жан-жаққа үде­ре көше бас­та­ды. Бұл   Қазақ елі тәуелсіздік алған 90-жылдардың басындағы жағдай еді. Көршілес қырғыз ағайындар осы аралықта «Тоқтағұл» су қой­масын ирригациялық жүйеден энергетикалық мақсатқа бейімдей қойды. Бішкектің бұл әрекеті ха­лықаралық заңдылықтарға қай­шы болғанмен, кезіндегі ортақ айдынға жеке иелік етіп қалған көр­ші талабымен келіспеске амал кем еді. «Кісідегінің кілті аспанда» деген, жаз айында «Тоқта­ғұл­дың» әр тамшысын алтынға балап зорға босататын айыр қал­пақ­ты бауырлар қыс түсе артық суды Шардараға аудара салуды жиілетті. Өз жеріне Арнасай бө­гетін са­лып алған Өзбекстан да біз­дің ба­сымыздағы қиындықты пай­далары­на жарата білді. Дария­ның төменгі сағасындағы халық­тың тағдыры таразыға түскен сын сәтте ауадан да ақша жасап үй­рен­ген көрші­лердің қиын талап­та­рына кө­нуге тура келді. Шар­дара­ның шара­сына сыймаған ар­тық судың есебінен аз жылда көр­ші елге жалпы көлемі 38 млрд. тек­ше метр бола­тын кішігірім те­ңіз­ді қолдан жасап бердік. Түбі қа­йыр­ланып, арнасы та­ры­ла бас­та­ған дария жағалауын­дағы жұрт­тың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету­дің бұдан басқа жолы жоқ еді. Солай бола тұрса да Қазақстан тара­пы­ның ұсынысымен құрылған Ор­та­лық Азия елдерінің су-энер­ге­­тикалық консорциумы талап­та­ры толық сақталмағандықтан, Қы­зылорда облысындағы елді мекендер мен егіндік алқаптарға тө­не­тін қауіп жыл сайын ұлғая берді. Ең алдымен Қызылорда қала­сы­ның іргесіндегі саяжай алқап­тары мұз үстінен жүгірген қызыл судың астында қалды. Келер жы­лы Шиелі кентінің шет аймағын қоныстанған тұрғындар қараңғы түнде қауіпсіз аймаққа көшірілді. Іле-шала Сыр­да­рия ауданы дабыл қақты. Аудан орта­лығы Тереңөзек кентінің тұ­сын­дағы ұстасқан мұз қабаты қы­зыл судан минөт сайын қа­лыңдап, 10 мыңнан аса тұрғы­ны бар елді мекеннің төбесінен тө­ніп тұрды. Екі мыңыншы жыл­дардың орта­сы­на қарай қауіпті аймақтар қатарына Жалағаш, Қар­мақшы, Қазалы аудан­дарын­дағы мыңдаған тұрғыны бар ауылдар қосылды. Дарияның Қызыл­орда қа­­ла­сын жанай ағатын 16 шақы­рым­дық бөлігіндегі бөгеттің әр тұ­сы жылма-жыл сыр беріп, жаға­лауды бекемдеу жұмыстарына мекемелер қыз­­мет­кер­лері мен оқу орындарының сту­денттері тар­тыл­ды. Бір сөзбен айт­қанда, ай­мақ халқының қатарынан 4-5 жыл бойы қыстың көктемге ұласар мез­гілін төтенше жағдайға дайын­дық қар­баласымен қарсы алуы көз үйрене бастаған көрініске айналып еді. Әрине, сірескен мұздың көбесі сөгіле Қызылордаға шоғырлана­тын тө­тенше жағдай саласы ма­ман­дары­ның арқасында адам шы­ғыны болған жоқ. Зардап шеккен­дердің материал­дық шығыны об­лыс­тық, республика­лық бюджеттерден бөлін­ген қаржы­лар есебінен өтелді. 2007 жылдың ақпа­нын­­да облыс орталығына тиіп тұр­ған Сабалақ учаскесін су басып, оның тұрғындары үшін республика қазынасынан 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ бұлай жал­ға­са беруі мүмкін емес еді. Кеңес Одағының керегесі қи­саймай тұрған кездің өзінде әл­де­неше мәрте көтеріліп, 9 рет ар­на­йы қаулы қа­былданған нысан тәуел­сіз Қазақ­станның су-энер­ге­ти­­калық дер­­­бес­тігі үшін аса қа­жет еді. Осыған бай­ланыс­ты Ел­ба­сы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бас­тамасымен Көксарай­дың жо­ба­сы қол­ға алынды. Иә. Көр­ші­ле­рі­міздің Сыр бойы халқы­ның тағ­дырын сауда­лауы­нан құтылудың жалғыз жолы Көк­сарай су рет­те­гішінің құрылысын салуды бастау болатын. Тек Қазақ­стан­ның су-энер­­гетикалық тәуелсіз­дігін көзде­ген ны­сан жобасы бұрынғы кеңес­тік нұс­қадан бөлек жасалды. Жасыратын несі бар, алға­шын­да Көксарайдың айнала­сын­да екіұдай пiкiр өрбіді. Стра­те­гиялық нысан­ның қатар жатқан екі аймақ – Оң­түс­тік Қазақстан мен Қы­зылорда облыстарына ти­гi­зер пай­дасы мен тарттырар за­ла­лы жайлы талас ұзақ­қа созыл­ды. Айналып келгенде бар­лық талас-тартыстан елдiк мәсе­ле үс­тем шығып, 2008 жылдан бастап Оңтүстiк Қазақ­стан облы­сындағы Арыс ауданы­ның аумағынан су рет­тегiш құры­лысы салына бастады. Жалпы аумағы 46 мың гек­тарды алып жатқан нысанның алғашқы қадасы қағылған сәтте Қызылорда об­лысының әкімі Болатбек Қуан­дықов су мамандары мен аймақ ақ­сақал­дарын бастап барды. Осы сапар еліміздегі ин­дустриялық жоба­лар­дың алғаш­қы­сы саналатын Көк­сарайдың Сыр өңіріне қажеттілігі жөнінде толымды әңгіме айтылды. Көп ұзамай ғасыр құрылысы атан­ған Көксарай басында құмбыл қи­мыл­дап жатқан құрылысшылар қа­тарын 1000-ға жуық қызыл­ор­далық толтырды. Осылайша стра­тегиялық нысан төңірегінде қи­сын­сыз қауіп пен дәйексіз долбар айтқандардың аптығы басылып, жоқ жерден саясат іздегендердің екпіні саябыр тапты. Елбасы идеясы өзінің өмір­шең­дігін көп ұзамай көрсетті. Үсті­міздегі жылдың 18 наурызы күні Қазақ­стан­ның көршілеріміз ал­дын­дағы су-энер­гетикалық тәуел­ді­лік­тен ары­луы­ның алғашқы қадамы жасалды. Қазақстан халқы Ұлыс­тың ұлы күнін қарсы алудың әзір­лігін жасап жатқан осы күні страте­гиялық нысанның бірінші кезеңінің тұсауы кесілді. Осы күні Көксарайға көршілес Өзбек­стан еліне жасаған сапары­нан оралған Елбасы ұшағы қо­нып, Нұр­сұлтан Назарбаев стра­те­гиялық ны­сан­ды ресми түрде іске қосты. Мол судың гүрілі мен көңіл тол­қытар сәт­ке куә болған халықтың қуа­нышты үні қатар естілді. Сал­танатты рәсімде сөз сөй­леген Мемлекет басшысы су реттегіштің ең алдымен Қызыл­орда облысы тұр­ғын­дарының қауіп­сіздігі үшін са­лынғандығын, қыста мол суды жиып алып, жазда деңгейі тө­мен­­деп кететін дария арнасын толты­ратын нысанның негізгі жұмысы Кіші Арал теңізінің ауқымын ұл­ғайтуға арналатынын баса айтты. Бар тіршілігін дария арнасы­мен байланыстырған өңір халқы осы жылы-ақ Көксарайдың кереметіне көз жеткізді. Ең әуелі ай­ды­нына қыс мез­гілінде дария ар­на­сына жөң­кі­лер 1 млрд. текше метр суды іркіп қалған Көксарай қызыл­ор­да­лық­тарға төнген анық қауіпті сейілтті. Әйтпесе көк­темгі мол су мен жиі жауған жауын-шашын ыл­ға­лы арнасы тарылған өзен жаға­лауындағы жұртқа біраз әбігер салары сөзсіз еді. Екіншіден, жыл­да дария деңгейін бір барлап алып, егін салатын диқан қауымы биыл құлаш­ты кеңге салды. Страте­гия­лық ны­санға жиналған көлем есебінен жаз­да дария арнасына тас­тал­ған су деңгейі 1 мың текше метрге жетіп, аймақтағы негізгі өнім – Сыр салысы былтырғыдан 7 мың гек­тарға артық егілді. Жалпы өнім се­білген алқапты 72 мың гектарға жеткізіп, егіншілер қара күзде әр гектардан 48,6 центнерден өнім жи­нап, соңғы 25 жылда болмаған көр­сеткішке қол жеткізді. Биыл қам­баға 376 мың тонна күріш құй­ған Сыр ди­қандары осы мол табыс­тың төр­кінін Көксарай­мен тығыз байланыстырады. Ботабай, Нәнсай, Көксу сынды үл­кен су арналары арқылы биыл об­лыс­­тағы жайылымдық аймақ­тарға 111,6, ал Ақлақ су тос­пасы­на де­йінгі көл­дерге 460 млн. текше метр су жіберілді. Осыған бай­ла­нысты қазір облыста балық өсіру­ге жарамды 140 көлде ба­лық ша­руа­шылығын дамы­тудың қа­дам­дары жасалып жатыр. Мамандар осыған дейін қолға алын­ған бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға Көк­сарайдың көп көмегі тиетінін айтуда. Соңғы жылдары ғана питомниктерде 95 мың бекіре мен 27 мың қаяз шабағы өсіріліп, Кіші Арал мен Қа­мыстыбас көлдер жү­йе­сіне жіберілді. Бір кездері тар­тылып кеткен көл­дердің қайта тол­тырылуы балықтың құрып кет­кен 13 түрін қайта көбейтуге жағ­дай жасап отыр. Аймақтың табиғат қорғаушылары қазірдің өзінде қаяз бен Арал пілмайы секілді бағалы балық түрлерін өсірудің мүмкін­діктері тура­лы айта бастады. Жаңа ғасыр басында қолға алын­ған «Сырдария өзенінің ар­на­сын реттеу және Арал теңізінің сол­түстік бө­лі­гін сақтап қалу» жоба­сына байла­ныс­ты Қараөзек бөгеті, Ақлақ, Әйтек су торап­та­ры салын­ды. Аңқасы кепкен Арал­­дың қазақ­стандық бөлігі суға толтырыла бас­та­ды. Мол су ұлы те­ңізге ауып кетпес үшін Көкарал бөгеті тұрғы­зылды. Кіші Арал идеясы осы­лай пайда болды. Қазір ондағы су кө­лемі 27 млрд. текше метрге жетті. Шегінген теңізбен бірге ғайып болған 70-ке жуық көлдің жартысы қай­та толды. Байырғы қоныста тір­шілік жанданды, атакәсіптен қол үзіп қалған 2 мыңнан астам ба­лық­шы теңіз төсіне қайта шықты. Бұрын экологиялық апаттың кіндігі саналған өңірге жасаған са­пар­ларының бірінде тұрғын­дармен кездескен Елбасы Нұрсұл­тан На­зар­баев­тың «Мен Арал хал­қына көмек­тес­сем деген арма­ныма жеткеніме қуа­ныш­тымын», деп толқи айтқан жү­рекжар­ды сөзі күллі әлем­ге тарап кетті. Қалыпқа келе бастаған өңір мик­роклиматы аймақ тұрғындары ара­сын­дағы аурушаңдық деңгейін көп төмендетті. Биыл облыс дәрі­герлері бұрын көрсеткіші орташа рес­пуб­ликалық деңгейден жо­ға­ры­лап кететін туберкулез ау­руы­­ның 21,8 па­йызға азайғанын жария етті. Қа­тер­лі ісік пен қан та­мырлары ауру­ла­рына шалдығу­шылар қата­ры тө­­мендеп келеді. Мамандардың біз­ді қуантқан тағы бір дерегі – об­лыста демогра­фиялық өсім бар, ор­таша өмір сүру ұзақтығы ұза­рып ке­леді. Осы жаңалықтың бар­лығы Мемлекет басшысының баста­ма­­сы­мен дер кезінде қолға алынған «САРАТС» жо­басының жемісі. Биыл пайда­ла­нуға берілген Көк­сарай­дың тиімділігіне көз жеткізген сырбойы­лықтар стратегия­лық нысанды «САРАТС»-тың заңды жалғасы деп біледі. Көксарайдың басты кереметі – биыл Кіші Аралға құйған дария суы 8,2 млрд. текше метрге жетті. Сонау бір жылдары Аралдан 150 ша­қы­рымға шегініп кеткен теңіз­дің қала іргесіне жетуіне 18 ша­қы­рым қал­ды. Мамандар дерегінше жыл сайын теңіз айдынын орта есеппен 2 млрд. текшеметр су толтырып тұрмақ. Жағалауынан су қашып, аға­йын абдырап қалған жылдары «Арал­дың табанынан су кеткенмен, жұртының жүрегінен жыр кет­кен жоқ» дейтін еңсе көтерер ел сөзі айтылып еді. Мемлекет бас­шы­сы күллі сырбойы­лық­тардың осы үмітін «САРАТС» пен Көкса­рай арқылы сенімге жалғастырды. Өзіміз түгіл өзгенің де өзегін тал­дырмаған Арал шалқары қай­та оралып келеді. Теңіздегі тіршілік хабаршысы – шағала шаңқы­лы тым жақыннан естіледі… Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, журналист. ҚЫЗЫЛОРДА.