Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы өтті. Отырысты аша келіп, Төраға ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне әзірлік және оның өтуіне белсенді қатысқаны үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенаторлар Қуаныш Сұлтановқа, Әділ Ахметовке және Бақберген Досманбетовке алғысын жария етті.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Палестина Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Палестина Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мұқтаждықтары үшін Астана қаласындағы офистік үй-жайды өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қабылданды. Отырыстағы талқыға құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру саласындағы заңнамаларды жетілдіру туралы құжаттар топтамасы ұсынылды. Қаралып, талқыланғаннан кейін «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Сот приставтары туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық құжаттарды орындау, республикалық меншікке айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қабылданды.
Талқылау нәтижесінде он бір заң жобасына өзгерістер енгізіліп, олар Парламент Мәжілісіне жіберілді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы, «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заң жобаларына да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Парламент Мәжілісіне жіберілді. Олардан басқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да Мәжіліске жіберу туралы шешім қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.