11 Желтоқсан, 2010

Электронды қызмет – бүгінгі күн қажеттілігі

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитеті жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы Мәжіліс депутаты Р.М.Шаекиннің төрағалығымен өтті. Отырыста «электрондық үкіметті» дамытудың кейбір мәселелері қаралды. Оның жұмысына депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар және тәуелсіз сарапшылар қатысты. Рауан Шаекин өз сөзінде мұндай шаралардың Мемлекет бас­шы­сының халыққа Жолдауында бизнесті жүр­гізу ауанын жақсарту мақсатында оны тіркеу және жүргізуге қажетті құ­жат­тарды 30 пайызға, сондай-ақ 2015 жылға қарай тағы да осыншамаға қыс­қар­ту туралы міндетінен туындап отыр­ғандығына назар аудартты. Осы орайда халыққа барынша қызмет са­па­сын арттыру үшін «электрондық үкі­мет­тің» және жаңа ақпараттық тех­но­ло­гиялардың мүмкіндіктерін барынша пай­далану тапсырылып отыр. Осы ретте депутат әлі де кемшіліктердің бар­лы­ғын тілге тиек ете келіп, алда аза­мат­тар мен шенеуніктердің арасында ті­келей байланысты болдырмайтын элек­трондық қызметті енгізу қа­жет­ті­гін алға тартты. Кез келген азамат элек­трондық қызмет арқылы өзіне қажеттісін ала алатын болуы тиіс. Бұл мәселе «Нұр Отан» ХДП-ның ерекше бақылауында, деп ескерте кетті Рауан Михаилұлы. Отырыста сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «элек­трондық үкіметті» дамыту бары­сы туралы жан-жақты айтып берді. Бүгінгі таңда «электрондық үкімет» нақты қызмет түрлерін көрсете бас­та­ды. Соның жарқын дәлеліндей, аталған порталда мыңдаған ақпараттық қызмет жүзеге асып отыр. Сондай-ақ азаматтар мен шенеуніктер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік туғы­за­тын 60-қа тарта электрондық қызмет түрлері нақты жұмыс істеуде. Атап айт­қанда, бүгінгі таңда электрондық қызмет арқылы жылжымайтын мүлік туралы анықтама, лицензия алуға, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл тө­леуге және өзге де қызмет түрлерін пай­далануға болады, деді Асқар Қуа­нышұлы. Ол жыл басында элек­трон­дық қызмет 18 мың болса, белсенді жұмыстың арқасында оны 1 миллион 300 мыңға жеткізу мүмкін болған­ды­ғын ерекше атап кетті. Бұған дейін «электрондық үкімет» порталын пай­да­ланушылар саны 2-2,5 мыңнан ас­пай­тын болса, жақында оның саны 5 есеге өскен. Тіпті 16 мың адам осы пор­талдың қызметіне жүгінген күндер де болыпты. Мемлекеттік органдар тарапынан 600 лицензияны электрон­дық форматта берілгендігі де бұған мысал бола алады. Министр элек­трон­дық қызмет түрлерінің ары қарай да­муы халықтың қаншалықты оған да­йындығы мен қаншалықты сенетіндігіне де байланысты екендігіне назар ау­дартты. Сондықтан қазірден Астана мен Алматы қалаларында жаппай тү­сіндіру жұмыстары қолға алынуда. Ол жарнама түрінде көптеген сайттарда көрініс тауып отыр. Отырыста, сонымен қатар, «бір терезе» қағидасын енгізу және «элек­трондық үкіметті» дамыту бойынша мемлекеттік органдардың белсенділігі әлі төмен екендігі ерекше ай­тылды. Әсі­ресе, жергілікті жерлерде «элек­трон­ды әкімдік» мәселесінің жедел шешімін табуы барысы да әңгіме өзегіне айналды. Бұл тал­қыдан ха­лық­қа қызмет көрсету орталықтары мә­се­лесі де тыс қалған жоқ. Тіпті осы бір қыз­мет көрсету орта­лықтарын Бай­ла­ныс және ақ­па­рат министрлігі құзы­ретіне беру керек пе еді деген де ойлар айтылып қалып жатты. Және де кә­сіп­керлерге экс­порттық-импорттық опе­ра­циялар­ды жүзеге асыруға рұқсат құ­жат­та­рын беру барысындағы кедендік және басқа да уәкілетті органдар жұ­мы­сында «бір терезе» қағи­датының қолданылу қажеттігі ұсынылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.