“ҚазТрансГаз” АҚ Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ оқу-курстық комбинатты іске қосты
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ішінде ҚР Спорт және туризм агенттігінің қолдауымен Түркияның Анталья қаласында болғанбыз. Садақ атудан Әлем кубогінің кезекті этабы еді. Мергендер бір апта дайындықтан өтіп, бір апта садақтан атты. Нысананы.
Бізді таңқалдырғаны, биік үйлердің ортасындағы алаңқайға орнатылған жазғы спорт кешендері еді. Қоршауы биік. Жерге жасанды шалғын төсеніш төселген. Іші бір бос болмайды. Бір кезек балалар футбол ойнап жатса, кешқұрым ересектер волейбол ойнап жатады.
Ол кезде Агенттік төрағасы Бақытбек Биманбетов болатын. Сұхбаттасқанымызда елімізге спорт кешендерін көп салу керектігін, онсыз спортшыларымыздың шеберлігі көтерілмейтінін айтатын. Алматыда талай орталықтың ашылуына ұйытқы болды.
“ҚазТрансГаз” АҚ-ның демеушілігімен Шымкенттегі А.Асқаров атындағы №77 мектепте көпфункциональды спорт алаңының ашылу салтанатына барғанымызда бас директор Серік Сұлтанғалидың жанынан Бақытбек Биманбетовті көрдік. Шұрқырасып қалдық. Осындағы үлкен бір құрылымның директоры екен.
Спорт алаңы сол күні бір емес үш мектепте ашылды. Түркиядағыдан әдемі. Түркиядағыдан сәнді. Үр жаңа. Кешендердің ашылу салтанатында облыс әкімі А.Мырзахметов, “ҚазТрансГаз” АҚ бас директоры С.Сұлтанғали және “Интергаз центральная Азия” АҚ бас директоры С.Естай қатысып, сөз сөйледі.
Серік Сұлтанғали өз сөзінде осындай спорт кешендері Елбасының жастарға саламатты тәрбие беру, денсаулығын нығайту мақсатында берген тапсырмасына орай салынып жатқанын айтты. 90 млн. теңге жұмсалған спорт алаңдарында Қазақстанның мықты болашағы – жастардың шыңдалып өсуіне тілектестігін білдірді. Қазақстан Футбол федерациясының ұйымдастыруымен Бразилияға барып, футбол сырына қаныққан, білікті бапкерлерден тәлім алған, атақты Пеленің шеберлік мектебінен сусындаған жас футболшыларымыздың бірі Мырза Қуат Бразилиядағы спорт алаңдарының осыдан артық емес екенін айтты.
Ата-аналар мен мектеп ұжымдары білім ошағына осындай үлкен сыйлық жасағаны үшін “ҚазТрансГаз” АҚ басшылығына алғыс сезімін білдірді.
Сол күні қаланың солтүстік бөлігінде “ҚазТрансГаз” АҚ “Интергаз Центральная Азия” базасында салынған арнаулы оқу-курстық комбинатының тұсаукесер рәсімін өткізді.
Елбасы Қазақстандағы шетел инвесторларымен пленарлық отырысында жергілікті еңбек ресурстарын пайдалану және оларға елге керек мамандықтар бойынша кәсіби білім алу үшін тиісті оқу орындарын ашу қажеттілігіне назар аудару керектігін айтқан болатын.
“ҚазТрансГаз” АҚ осы бастаманы ең алдымен іліп әкеткендердің бірегейі болды. Шымкенттегі комбинат 5 гектар жерді алып жатыр. Оқу ғимаратынан бөлек спорт алаңқайлары және сабақ алушыларға арналған арнаулы демалыс аймағы бар. Үш қабатты жатақханада бір мезгілде 60 адам адам жайғаса алады.
Үш қабатты оқу-өндірістік корпусында оқу сыныптарынан бөлек лабораториялар, акт залы және қысқы бақ бар. Оқу корпустары оқыту және компьютерлік кластармен жабдықталған. Спорт залы еңселі.
Оқу комбинатының алдында аса маңызды тапсырма бар. Оны “ҚазТрансГаз” АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали кеңінен айтқан.
– Бағана өздеріңіз көрген спорт алаңдарындай кешендер елімізде екі жылда “ҚазТрансГаз” ұлттық компаниясы басшылығымен 80-і салынады,-деді Серік Сұлтанғали мырза. – Ал, кәсіптік-техникалық комбинаттың жөні бөлек. Бізде көптеген жастар жоғары оқу орнына түсуге құмартып, бірі прокурор, бірі заңгер болғысы келеді. Бірақ, ондай қызмет бәріне бірдей жетпейді ғой. Кеңес өкіметі кезінде жақсы нәтижесін берген кәсіптік-техникалық оқу орындары жабылып қалды да, біз білікті мамандарға зәрулікті анық сезіндік. Мәселен, газ саласын тасымалдауда жұмыс жасап жүрген білікті мамандардың ең жасы елуді еңсерді. Олардың жастарды оқытуға, тәрбиелеуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, өз жұмысы бар. Сондықтан, біз отандық өндіріске, оның ішінде өзіміздің көгілдір отын саласында жұмыс жасау үшін жылына 1 мың талапкерді дайындықтан өткізіп, білікті маман дайындау үшін алғашқы болып комбинаттың есігін аштық. Мұнда 26 мамандық бойынша білім алады. Оқушылар 8-сыныптан кейін осында оқуын жалғастырады. Арнаулы білім алған жастарымыз кейін жұмыс таппай яки басқа салаға ауысып кетпеу үшін екі жаққа пайдалы келісім-шарт жасалуда. Әрине, ата-аналарының қатысуымен. Оқушыға жалақы төленеді. Білім алған соң біздің салаға қызметке келеді. Тұрғын үйден бастап басқа да әлеуметтік жағдайларын шешуге көмектесеміз. Кәсібіміз жоғары қарқында болу үшін бізге білікті кадрлар керек. Ал, “ҚазТрансГаз” уәдесін жұтпайтын мекеме.
Оқу комбинатын толық аралап көрдік. Оқытуға керектің бәрі бар. Жаңа. Заманауи. Қазақтың жеткіншектері оқып жатыр. Күні ертең айтулы маман болмақ. Екі-үш дипломды қалтаға салып, базарда жүргеннен гөрі газ құбырларын дәнекерлеу сияқты жұмыстарда мол қаржы болады. Мұндай мамандардың қаны жерге тамбайды. Жақсы кадр ешуақытта жұмыссыз қалмайды.
Комбинаттың материалдық-техникалық базасы үлкен, мүмкіндігі күшті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала әкімі Арман Жетпісбаевқа қаладағы орта арнаулы оқу орындары студенттерін осында практикалық сабаққа тарту мәселесін айтты.
Дұрыс ұсыныс. Бір емес екі колледжді қатар тауысса да жұмысқа орналаса алмайтын жастар бар.
Себебі, оқу орны лайықты мамандық бере алмаған. Керек-жарағы жоқ. Ал, Қазақстандағы алып оқу-курстық комбинаты күрмеулі мәселелерді шеше алады.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
--------------------
Суреттерді түсірген Хусан Азизов.