11 Желтоқсан, 2010

Бәсекеге қабілеттіліктің кілті – білікті мамандарда

451 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“ҚазТрансГаз” АҚ Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ оқу-курстық комбинатты іске қосты Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары­ның ішінде ҚР Спорт және туризм агент­ті­гінің қолдауымен Түркияның Анталья қала­сын­да болғанбыз. Садақ атудан Әлем кубо­гінің кезекті этабы еді. Мергендер бір апта дайындықтан өтіп, бір апта садақтан атты. Нысананы. Бізді таңқалдырғаны, биік үйлердің ор­та­сындағы алаңқайға орнатылған жазғы спорт кешендері еді. Қоршауы биік. Жерге жа­сан­ды шалғын төсеніш төселген. Іші бір бос бол­майды. Бір кезек балалар футбол ойнап жат­са, кешқұрым ересектер волейбол ойнап жатады. Ол кезде Агенттік төрағасы Бақытбек Биманбетов болатын. Сұхбаттасқанымызда елімізге спорт кешендерін көп салу керектігін, онсыз спортшыларымыздың шеберлігі көте­ріл­мейтінін айтатын. Алматыда талай ор­та­лықтың ашылуына ұйытқы болды. “ҚазТрансГаз” АҚ-ның демеушілігімен Шым­кенттегі А.Асқаров атындағы №77 мектепте көпфункциональды спорт алаңының ашы­­лу салтанатына барғанымызда бас директор Серік Сұлтанғалидың жанынан Ба­қыт­бек Биманбетовті көрдік. Шұрқырасып қал­дық. Осындағы үлкен бір құрылымның директоры екен. Спорт алаңы сол күні бір емес үш мектепте ашылды. Түркиядағыдан әдемі. Түр­кия­дағыдан сәнді. Үр жаңа. Кешендердің ашы­лу салтанатында облыс әкімі А.Мыр­захметов, “ҚазТрансГаз” АҚ бас директоры С.Сұлтан­ғали және “Интергаз центральная Азия” АҚ бас директоры С.Естай қатысып, сөз сөйледі. Серік Сұлтанғали өз сөзінде осындай спорт кешендері Елбасының жастарға сала­матты тәрбие беру, денсаулығын нығайту мақ­­сатында берген тапсырмасына орай салынып жатқанын айтты. 90 млн. теңге жұмсалған спорт алаңдарында Қазақстанның мықты бо­ла­шағы – жастардың шыңдалып өсуіне тілектестігін білдірді. Қазақстан Футбол феде­ра­циясының ұйымдастыруымен Бразилияға барып, футбол сырына қаныққан, білікті бапкерлерден тәлім алған, атақты Пеленің шеберлік мектебінен сусындаған жас футбол­шы­ларымыздың бірі Мырза Қуат Бразилия­дағы спорт алаңдарының осыдан артық емес екенін айтты. Ата-аналар мен мектеп ұжымдары білім ошағына осындай үлкен сыйлық жасағаны үшін “ҚазТрансГаз” АҚ басшылығына алғыс сезімін білдірді. Сол күні қаланың солтүстік бөлігінде “Қаз­ТрансГаз” АҚ “Интергаз Центральная Азия” базасында салынған арнаулы оқу-курстық ком­бинатының тұсаукесер рәсімін өткізді. Елбасы Қазақстандағы шетел инвес­тор­ларымен пленарлық отырысында жергілікті еңбек ресурстарын пайдалану және оларға елге керек мамандықтар бойынша кәсіби білім алу үшін тиісті оқу орындарын ашу қажеттілігіне назар аудару керектігін айтқан болатын. “ҚазТрансГаз” АҚ осы бас­та­маны ең алдымен іліп әкеткендердің бірегейі болды. Шымкенттегі комбинат 5 гектар жерді алып жатыр. Оқу ғимаратынан бөлек спорт алаңқайлары және сабақ алушыларға арналған арнаулы демалыс аймағы бар. Үш қабатты жатақханада бір мезгілде 60 адам адам жайғаса алады. Үш қабатты оқу-өндірістік корпусында оқу сыныптарынан бөлек лабораториялар, акт залы және қысқы бақ бар. Оқу корпус­тары оқыту және компьютерлік кластармен жабдықталған. Спорт залы еңселі. Оқу комбинатының алдында аса маңызды тапсырма бар. Оны “ҚазТрансГаз” АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали кеңінен айтқан. – Бағана өздеріңіз көрген спорт алаң­да­рындай кешендер елімізде екі жылда “Қаз­ТрансГаз” ұлттық компаниясы басшылы­ғы­мен 80-і салынады,-деді Серік Сұлтанғали мырза. – Ал, кәсіптік-техникалық комбинат­тың жөні бөлек. Бізде көптеген жастар жо­ға­ры оқу орнына түсуге құмартып, бірі прокурор, бірі заңгер болғысы келеді. Бірақ, ондай қызмет бәріне бірдей жетпейді ғой. Кеңес өкіметі кезінде жақсы нәтижесін берген кәсіптік-техникалық оқу орындары жабылып қалды да, біз білікті мамандарға зәрулікті анық сезіндік. Мәселен, газ саласын тасы­мал­дауда жұмыс жасап жүрген білікті ма­ман­дардың ең жасы елуді еңсерді. Олардың жастарды оқытуға, тәрбиелеуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, өз жұмысы бар. Сондықтан, біз отандық өндіріске, оның ішінде өзіміздің көгілдір отын саласында жұмыс жасау үшін жылына 1 мың талапкерді дайындықтан өт­кізіп, білікті маман дайындау үшін алғашқы болып комбинаттың есігін аштық. Мұнда 26 мамандық бойынша білім алады. Оқушылар 8-сыныптан кейін осында оқуын жалғас­ты­рады. Арнаулы білім алған жастарымыз кейін жұмыс таппай яки басқа салаға ауысып кетпеу үшін екі жаққа пайдалы келісім-шарт жасалуда. Әрине, ата-аналарының қатысуы­мен. Оқушыға жалақы төленеді. Білім алған соң біздің салаға қызметке келеді. Тұрғын үйден бастап басқа да әлеуметтік жағдай­ла­рын шешуге көмектесеміз. Кәсібіміз жоғары қар­қын­да болу үшін бізге білікті кадрлар керек. Ал, “ҚазТрансГаз” уәдесін жұтпайтын мекеме. Оқу комбинатын толық аралап көрдік. Оқытуға керектің бәрі бар. Жаңа. Заманауи. Қазақтың жеткіншектері оқып жатыр. Күні ертең айтулы маман болмақ. Екі-үш дип­лом­ды қалтаға салып, базарда жүргеннен гөрі газ құбырларын дәнекерлеу сияқты жұмыс­тар­да мол қаржы болады. Мұндай маман­дар­дың қаны жерге тамбайды. Жақсы кадр ешуақытта жұмыссыз қалмайды. Комбинаттың материалдық-техникалық ба­за­сы үлкен, мүмкіндігі күшті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала әкімі Арман Жетпісбаевқа қаладағы орта арнаулы оқу орындары студенттерін осында практикалық сабаққа тарту мәселесін айтты. Дұрыс ұсыныс. Бір емес екі колледжді қатар тауысса да жұмысқа орналаса алмай­тын жастар бар. Себебі, оқу орны лайықты мамандық бере алмаған. Керек-жарағы жоқ. Ал, Қазақ­стандағы алып оқу-курстық комбинаты күр­меулі мәселелерді шеше алады. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. -------------------- Суреттерді түсірген Хусан Азизов.