11 Желтоқсан, 2010

Әркімнің өз орны бар бұл өмірде

786 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өзім күнде дидарласып жүрген осы бір қияқ мұртты, аққұба өңді, қағылез азамат жөнінде не ай­та­сың деген сауал туындар деп ойламаппын. Шын­туайтына келгенде маған ондай сауал қойып жатқан да ешкім жоқ. Оны өзіме өзім қойып, жауабын іздеп отырған жайым бар. Себебі, университет қа­быр­ғасында жүргеніміз күні кеше сияқты еді, «ту­ған ай – тураған ет» демекші, ондаған жылдар бір күн­гідей болмай өте шығыпты да, бір кездегі балаң жас жігіттер мен қыздар бүгінде әрқайсысы отбасын тер­беткен ата-ана, жақсы маман, қадірменді қоғам мүшелері болып, өмірден өз орындарын тауыпты. Со­лардың бірі – өзгеге сыпайы болғанымен, өзіме сы­ралғы Бекен Ахметоллаұлы Шолан. Қазақ балаларының көпшілігі сияқты Бекен де қар­шадайынан әдебиетке үйір болды. Өлең жазумен әуес­тенді. Мектеп қабырғасында жүргенде қаламын ұш­тап, балалардың сол кездегі сүйікті газеті «Қа­зақ­стан пионеріне» (қазіргі «Ұлан») мақала, өлеңдері үз­бей жарияланып тұрды. Газеттің белсенді авторы ре­тінде сыйлыққа ие болып, «Артекке» де барып, де­малып қайтқаны бар. Бұл көтермелеу балғын жас Бекенді қанат­тан­ды­рып, ол журналист болсам деп армандады. Талапты жас араға жылдар салып, сол арманына қол жеткізді де. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Қайнар» бас­па­сы­на қызметке орналасты. Осында қызмет істеген үш-төрт жылда өзінің іске берілгендігімен, тынды­рым­ды­лығымен әріптестерінің арасында құрметке бө­лен­ді. Семей облысының Аягөз ауданындағы «Тар­ба­ғатай» кеңшарының тарихы туралы «Мұра» кі­та­бын жазуға қатысты. Өзі редактор болып, автор ре­тін­де атсалысқан «Тұрмыс сәні» деген кітап Мәс­кеу­дегі кітап көрмесінде жүлделі орын алды. Атақ­ты диқан Т.Мальцевтің «Өмірімнің өзегі жер», ға­лым-академик К.Скрябиннің «Ғылымдағы ғұ­мы­рым» атты өмірбаяндық еңбектерін, «Ара балы дерт­ке шипа» деген көпшілік-танымдық кітапты, мә­дениет пен ауыл шаруашылығы тақырыбындағы көп­теген әдебиеттерді қазақ тіліне аударды. Бірнеше ұжым­дық жинаққа өмірдің саналуан тақырыптарын қамтыған очерктері енді. 1981 жылы сол кездегі Жоғарғы Кеңестің заң актілерін шығару бөліміне маман журналист қажет бол­ғанда бірнеше үміткердің арасынан таңдаудың Бе­кенге түсуі тіпті де тегін емес. Өйткені, сол кездегі тәр­тіп бойынша Жоғарғы Кеңеске алынатын қыз­мет­керді Төрағаның өзі қабылдайтын. Оның қа­был­да­уына бармас бұрын болашақ қызметкердің санал­уан тексерулер мен сұрыптаулардан өтетіні және бар. Бекеннің соның бәрінен сүрінбей өтуінің бір сы­ры – оның табиғатында тумысынан бар тәр­тіп­ті­лік­ке, жинақылыққа, іскерлікке, өз мамандығына адал­дыққа барып тіреледі деп пайымдаймыз. Содан бері өткен отыз жылға жуық уақыт та Бе­кен үшін өзіндік бір өмір мектебі. Осы жылдар ішін­де ол Жоғарғы Кеңестегі референт ла­уа­зы­мы­нан бастап, бүгінгі Парламент Мәжілісінің Редак­ция­лау және аударма бөлімі меңгерушісінің орын­ба­са­рына дейінгі қызметтік өсу жолынан өтті. Бұл ай­туға жеңіл болғанымен қиындығы да, қызығы да мол еңбек жылдары. Бәрін де көрді. Бәрі де есінде. Жоғарғы Кеңестің қа­бырғасында өткен тарихи оқиғалардың куәсі болды. Келер жылы жиырма жылдығы тойланар елі­міз­дің Тәуелсіздік күні жарияланғанда Жоғарғы Ке­ңес­тің аппаратында жұмыс істейтін қыз­мет­кер­лер­мен бірге төбесі көкке жеткендей қуанып, бөлім, ап­па­рат қызметкерлерінің бір-біріне құтты болсын айтқаны естен кетер ме!? Қарап отырса, тәуелсіздік жылдарында барша Қа­зақстан халқы сияқты бұл да ел егемендігіне, ел іргесінің беки түсуіне қатысты талай тарихи сәт­тер­дің куәсі болыпты. Өзгелерден айырмашылығы – ол сол оқиғалардың барлығының басы-қасында жүріп, тә­уелсіз мемлекетке тән төл заңдардың қабыл­да­ну­ына тікелей атсалысыпты. Әсіресе, туған тіл төңі­ре­гін­дегі проблемалар өзін үнемі толғандырады. Ал­ды­мен Жоғарғы Кеңесте, сонан соң Парламентте қыз­мет істеп келе жатқан жи­ырма жылдың бе­дел­­­інде атқарып жүр­­­­ген жұмысы тіл­мен тікелей бай­ла­ныс­ты бол­ған­дық­тан, бұл ба­ғытта түй­ген ой­ла­­ры да, жиған тә­жі­рибесі де же­­­тер­­лік. – Тілімізді кең­се ісіне тереңдете енгізу про­бле­ма­сы Кеңес өкіметінің ал­ғашқы жылда­ры­нан бас­та­лып, ол құлағанға дейін бір толастамағаны шындық қой, – дейді Бекен. Қан­ша талпынсақ та кең­седегі іс қа­ғаз­дарын, заңдарды қазақша сөйлетуге қол жеткізе алмай келеміз. Бұл ретте ілгерілеудің барын жоқ­қа шығаруға болмас. Тәуелсіздік жылдары құ­жат­тар­ды қазақ тілінде сөйлету бұрын-соңды болмаған дә­ре­жеге көтерілгені де егемендіктің арқасы дей ала­мыз. Бірақ аударманың аты аударма. Сондықтан өзі­міз егемендікке ие болғанымызбен, тіліміз тә­уел­ді күйінде қалып отырғанын жұрт көріп те, айтып та жүр. Ендігі жерде кеңседе мемлекеттік тілдің үстем бо­луы жолындағы жұмысты одан әрі жандандыра бер­ген жөн. Ол үшін жағдай да, негіз де бар. Мы­са­лы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабында былай деп атап көрсетілген: «Конс­ти­ту­ция­ның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аза­маттары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін мең­ге­руі үшін қажетті ұйымдастырушылық және тех­ни­ка­лық жағдайлардың бәрін жасауға міндетті». Де­мек көп нәрсе өзімізге байланысты. Бұл кеңседегі іс қағаздарын қазақша сөйлетуге қатысты пікірім. Ал іс қағаздарының бүгінгі күнгі аударылу сапасына ке­лер болсақ, оның да өзіндік қиындықтары, кемшін тұс­тары жетіп артылады. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Бекен осылай деп ақтарыла сөйлейді. Әлде­кім­дер­ге ұқсап, немқұрайдылық, енжарлық таныт­пай­ды. Жағдайым жақсы болса, күнім өтсе, уақтылы ай­лы­ғымды алсам болды емес пе дегендей то­ғы­шар­лық пиғылдан бойын аулақ салады. Тіліне, еліне жаны ашып, бүйрегі бұрып тұратыны бүкіл бол­мы­сынан байқалатын, Парламент Мәжілісі Редак­ция­лау және аударма бөлімі меңгерушісінің орын­ба­са­ры, білікті маман, байыпты басшы, кәнігі аудар­ма­шы, жанындағыларға жанашыр, жаны жайсаң абзал аза­мат Бекен Ахметоллаұлы туралы айтар қысқаша лебізім осы. Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты.