11 Желтоқсан, 2010

Тау баласы

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Көрген жанның көкейінен кетпейтін киелі Суықтөбенің най­за­лы шыңы мен шалқар шатқалы сан ғасырдың сырын бүккен ше­жі­реге толы. Осы таудың үстір­тін­де Құрамыстың шаңырағын шат­тыққа бөлеген нәресте өмірге келіп, қырқынан да осы жерде шы­ғарылыпты. Балалық бал­дәу­ре­ні табиғаты тамылжыған жайлау мен қыстың қытымыр кез­дері­мен жалғасып, шың-құзды ме­кендеген бүркіт пен қаршыға, ұлар мен үкі үнін естіп өседі. Осыдан ба екен, оның тамаша суретін көңіл пердесіне түсіріп, өлеңді өміріне өзек, сөз өнерін мұ­рат етіп, ғұмыр кешуі. Жол­дас­ханға тау баласы деген теңеудің тікелей қатыстылығы осыдан. Өнер көшіне ілесе жүріп, қа­лам-қаруын қолына алумен қа­тар актер, сазгер, журналист, ай­тыс өнерінде де өзіндік қол­таң­ба­сы бар екенін дәлелдеген за­ман­да­сымыз жылдар өткен сайын  шұ­­ғылалы күнге шағылысқан асыл тастай жарқырай түсуде. «Ал­­ғашында М.Әуезов атындағы те­атр жанындағы студияда оқып,  «Айман-Шолпан» спектакліндегі Жан­тық бейнесін сомдапты. Же­ті­су жеріндегі айтыскер ақын­дар­дың қатарында 1977 – 1985 жыл­дар­да өткен облыстық, рес­пуб­ли­ка­лық ақындар айтысына қа­ты­сып, бас бәйгені иеленгенінің өзі де оның сөз өнерін қадір тұт­қа­ны­ның белгісі» деуге болады. Тау баласының табиғат берген қасиеті мен қабілеті ән жазу мен саз­герлік салада да ерекше та­ныл­ды. Өзінің кіндік кесіп, кір жу­ған мекені жайлы «Суықтөбе сазы», «Ұлар үні» әндерімен тың­дарман қауымының жүрегіне жол тапты. Елі мен жеріне деген перзенттік парызының өтеуіндей еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жыл­дары шабыт шақырып, жыр сү­лейлері Сүйінбай мен Жамбыл өлеңдеріне ән қосты. Нәти­же­сін­де «Жаңа ғасырға- жаңа ән» рес­пуб­ликалық байқауында «Менің пірім – Сүйінбай» атты өлеңіне шы­ғарған әні бірінші жүлдені же­ңіп алды. Еліміздің өркендеуіне жолбас­шы болған, салиқалы саясаткер, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Елбасы, ба­ғы – Нұраға!» жаңа әні де халық­пен қауышып, тыңдағанда әуезді ән сезіміңді биікке ала қашып, рух­ты көтеретін өткірлігімен  ерек­­шеленеді. Сонымен қатар «Ту­ған жер», «Ұлы баба – ер Қа­ра­сай», «Өмір-ай», тағы басқа ән­де­рі де туған жерге, Отанға деген перзенттік парыздың өтеуіндей асқақ. Өмір-өнердегі  тынымсыз тір­ші­ліктің арнасында өз соқпағын тапқан жанның шығармаларынан жү­рек қылын шертетін, тұла бой­ды елітетін әуезді әні мен жыры өмірге деген құштарлығыңды арт­ты­румен бірге көңіл көзіңді аша­ды. Жазушы, ақын  Орысбай Әб­діл­дәұлы сөзін жазған «Майтөбе» әні асқақ Алатаудың ажарын ашумен бірге көкмайсалы шалғынын белден кешкендей әсерге бөлейді. Бұл ән қай ортада болсын тың­дау­шысын құмартып, өнердің халық­пен бірге жасайтындығының дә­ле­ліндей. Шығармашылық кемеліне келген Жолдасхан Әукенұлы еркін төгілген әсем әуен, нәзік лиризм, ықылым ырғақтағы әндерді  өмір­ге әкелу үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тынымсыз тірлік ке­ше­ді. Мейір қандыратын мөлдір, шы­найы, сыршыл ән шығару жо­лын­дағы ізденісі бекер кетпеді. Өйт­кені, 2002 жылдан бері өткі­зі­ліп келе жатқан республикалық М.Төлебаев атындағы ән бай­қа­уын­да жүлделі орыннан көрінуі оған дәлел. Нәтижесінде өткен жы­лы «Нәзік сезім» номинациясы бо­йынша жыр алыбы Жамбыл мен Бұрым махаббатына арналған «Арман – ғасыр» әні көтермелеу сый­лығын иеленіпті. Сондай-ақ, «Елім менің», «Шапырашты Нау­рыз­бай» әні мәтінін жазғаны үшін де орынды марапатталғанын айт­қан жөн. Ақын-сазгер бүгінде өзін тол­қытқан, тебіренткен тақырып­тар­ға қалам сілтейді. Биылғы жылы «Нұр Отан» халықтық-де­мо­кратиялық партиясы өткізген «Елім деп соққан жүрегім» ән бай­қауында жүлделі бірінші және үшінші орыннан көрініп, мерейі үстем болды. «Жамбыл ата елі» әнін «Құлансаз» этнографиялық ән-би ансамблінің орындаушы­ла­ры әуелете шырқаса, шығарма өр­шіл­дігімен халық көңілінен орын алды. Бүгінде Жолдасхан Құра­мы­сов Сүйінбай ақын мұражайының ди­ректоры қызметінде  бабаның бай мұрасын зерттеуде игі із­денісі­мен танылған. Өмірлік жол­да­сы Ақжолтаймен бірге бес бала тәр­биелеп, ұлын ұяға, қызын қия­ға қондырды. Данияры сазгер ре­тінде танылса, Мадияры – еркін кү­рестен халықаралық спорт ше­бе­рі, қызы Ләззат ұстаз, Санжар мен Салтанат та мамандықтары бо­йынша еңбек етуде. Шаңы­рақ­та­ғы немерелердің бал күлкісі де ата мен әженің қуанышын еселей түскен. Ұлар үнін естіп, еңлік гүлінің хош иісін  құмарлана жұтқан Жол­дасханның  бүгінгі  өмірі тебіреніс пен толғанысқа толы. Сах­на­дан сөзі мен әуені елжандылық, ту­ған жерге деген кірішіксіз махаббат сезіміне бөлейтін ән құ­лақ­қа келгенде өмірге деген, өнер­ге деген құштарлығың ар­та­ды.  Бұл өнердің құдіреті. Бұл ты­ным­сыз тірлік кешкен жанның жү­рек лүпілі. Бұл тау баласы тау­ға қарап өсетінінің дәлелі. Күмісжан БАЙЖАН Алматы облысы.