Желтоқсанның алғашқы екі күнінде Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші саммиті болып өтті. Көптен бері дүние жүзінің сауаты бар саналы адамдары түгелдей дерлік елең етіп күтіп жүрген күн еді ғой бұл.
Саммит! Соңғы жылдары саяси өмірге сіңіп кеткен осы сөзде қандай мағына бар? Бұл сұрақ Саммиттің бас кезінде телеэкран арқылы да қойылды. Ағылшын тілінде summit деп жазылатын сөз орыс сөздігінде «вершина» деп аударылыпты. Бізше «шың»деген сөз ғой. Ауыспалы мағынасы «предел», «верх» болғанда да, біздің тілімізде «шегі», «жоғарғы деңгейі» дегенді білдірсе керек. Қазір бұл барлық елдерде дәрежелі топ өкілдерінің бас қосқан ең жоғарғы деңгейдегі мәжілісі мағынасында қолданылып жүр. Олай болғанда, Еуропаға қатысты басқосудың біздің Астанада ашылып отырғанын қалай түсінген мақұл?
Оны түсіну үшін ой көзіміздің жанарын өткен заманға қарата, нақтылай айтқанда, кешегі ғасырдың екінші жартысынан былай қарайғы ғаламдық өмір белестеріне аударуымыз керек.
Қырқыншы жылдардың орта кезінде екінші дүниежүзілік соғыстың өрті басылды. Оны тұтатқан фашизмнің қара түнегін біржола тұншықтырған басты күш Кеңес Одағы болғанын қазіргі ұрпақ ұмытқан жоқ. Сол жойқын соғыста көп құрбандыққа ұшыраған да, жеңісті өз қанымен қамтамасыз еткен де Кеңес елінің азаматтары болатын. Оның ішінде біздің қазақ халқының құрбандығы да аз болған жоқ.
Бірақ бұл соғыста Кеңес мемлекеті жалғыз емес еді. Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания тәрізді одақтастары болды. Солардың күш біріктіруі фашистік жендеттерді талқандау ісін едәуір тездетті және жеңілдетті. Сөйте тұра, соғыстан кейінгі өмірдің барысында Батыстағы одақтастардың бағыты күрт өзгерді.
Ағылшын премьер-министрі У.Черчилльдің Фултондағы шағыстыру сөзінен кейін дүние жүзі екіге бөлініп, араларында кескілескен қанды айқасқа бергісіз «қырғи қабақ» соғыс басталды. Соның асқынған көрінісі ретінде Батыста АҚШ бастаған НАТО атты Солтүстік Атлантика әскери блогы құрылды да, от қарулы соғыстың шынайы қатерін туғызды.
Бұл блоктың жауыға өшігіп қаскөйлік ойлаған нысанасы Кеңес Одағы бастаған демократиялық бағдардағы Шығыс Еуропа елдері болатын. Қастықтың қашанда екінші жақтан қорғаныс шараларын туғызатыны белгілі. НАТО-ның жымысқы әрекеттері қарсы жақты Варшава Шарты атты қорғаныс одағын құруға мәжбүр етті. Сөйтіп Еуропа аймағында бір-біріне жау екі лагерьдің текетірес қарсылығы ондаған жылдарға созылып, ақырында тіпті шиеленісе түскен.
Бұл апатты жағдайға төзіп отыра беруге, әлбетте, болмайтын еді. Сондықтан әртүрлі елдердің парасатты ой-пікір жетегіндегі қайраткерлері әр тұстан дауыс көтеріп, халықаралық шиеленісті бәсеңдету жолдарын қарастыруға, сөйтіп тарихи тұйыққа тірелген адамзатты дамудың даңғыл жолына алып шығуға итермеледі. Нәтижесінде, жиырма шақты халықаралық ұйым өкілдерінің күш салуымен 1975 жылы Хельсинки қаласында халықаралық кеңес шақырылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту жөнінде 56 елдің өкілдері қол қойған Қорытынды актіні қабылдады. Кейін «Хельсинки рухы» деген атпен бірте-бірте күш ала бастаған бұл құжат әлем халықтарының қалтқысыз сеніміне айналды.
Міне сол тұста Кеңес мемлекетінің билік басына М.Горбачев келді. Бірақ оның қадамы қайырсыз болды да, «қайта құру» дейтін даңғаза науқаны елді біржола құртып тынды. Сөйтіп, кеңестік құрылыстың жетпіс жылғы өмірі біржола құрдымға кетті.
Бұл айтуға ғана жеңіл оқиға еді. Ал шындығында барлық тіршілік тыныстары бір ғана Кеңеске қарап келген одақтас республикалар ойсырап жалаңаш қалды. Олардың миллиондаған халықтары, Абай сөзімен айтқанда, адасқан күшіктей өз жұртында айға қарап ұлып қалды. Енді оларға әбжыландай жалақтаған НАТО-ның жеміне айналудан басқа жол қалған жоқ еді. Өйткені, бұрынғы көңілге медеу қылған «Варшава шарты» одағы және тарап кеткен.
Сол кезде кенет алып самұрықтың саңқылындай Азия құрлығының жалпақ ортасын жарып шыққан бір қуатты дауыс естілді. Бұл сол кездегі Қазақстанның партиялық басшылығында тізгінді берік ұстап отырған жалынды жас қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дабылды үні еді. Ол сөзін бұрынғы одақтас республикалардың басында отырған әріптестеріне арнады.
– Сендер неге дағдарып отырсыңдар? Өздеріңе сенген халықтарыңды басқарып, ел болудың қамын ойламайсыңдар ма? – деді. Сөйтті де, олардың барлығын Алатаудың баурайындағы әсем Алматыға жинап алды. Кеңес құлады екен деп босқа қор болудың жөні жоқ екенін түсіндірді. «Өз бетімізше ел болайық. Жұдырықтай жұмылып тастүйін болсақ, бізді алатын жау жоқ!» – деді. Соны айтты да, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы» деген одақты құрды.
Осыдан былай қарай біздің Президентіміздің абырой-беделі аспандап шыға келді. 1992 жылдың бір сәтті күні ол Қазақстан Республикасын ЕҚЫҰ-ға терезесі тең мүше етіп қабылдатты. Біздің үлгімізбен сол тұста ТМД-ның басқа елдері де сол одаққа біртіндеп кіре бастады.
Біздің егеменді өз еліміздің бұдан кейінгі санаулы жылдарда қарышты қадаммен жеделдете ілгері басқаны өзімізге аян. Оған бұл арада тоқталып жатпай-ақ қояйық. Ендігі сөз орайы Орталық Азияның кең жазығында жайылып жатқан байтақ Қазақстанның аз уақыт ішінде атағы әлемге шарықтап кеткендігі жайлы болмақ. Ол да өзіміздің санамызда сайрап тұр. Тек зор мақтанышпен, пысықтап айтарымыз – осынау қысқа мерзім ішінде Елбасымыздың жарғақ құлағын жастыққа тигізбей жар салып жүріп, сүйікті Қазақстанымызды әлем жұртшылығына қалайша таныта алғандығы. Құр сөзбен, жалаң үгітпен емес, халқының бойына біткен асыл қасиеттері мен экономикалық әлеуетінің жүзеге аса бастаған мол-мол мүмкіндіктері арқылы, көз жеткізе дәлелдеу арқылы танытқандығы.
Бұл – мәселенің материалдық жағы; онымен қатар дүние жүзінің басты-басты мемлекеттеріне елді моральдық жағынан таныту қажет болатын. Оның бір оңтайлы жолы соңғы кездері берекесі кетіңкіреп бара жатқан ЕҚЫҰ-ны қайта жандандыру мақсатымен соған төрағалық мәртебесіне ие болу еді. Президент осы шаруаға қызу кірісті. Ресми сапармен барған елдерінде және өзімізге сапарлап келген ел басшыларына осы мәселенің зәрулігін айтып дәлелдей бастады.
Әрине, олардың бәрі бірдей оп-оңай жығыла кеткен жоқ. Кейбіреулері әлде білместіктен, әлде қызғаныштан әртүрлі сылтау айтып, тайғақси берді. Басым көпшілігі қостайтындықтарын білдірді. Ал қырсыққандарының мысын басу үшін, ең алдымен, Америка сынды алпауытты көндіру керек болатын. АҚШ-қа барған ресми сапарында Президент бұл ойын Джордж Бушке айтпақ ниетте еді. Дәл осыны біліп қойғандай, оны қарсы алған даяшы өкілдер Нұрсұлтан Әбішұлынан ол мәселені көтермеуді, егер көтере қалса, келіссөздердің ең ақырында елеусіздеу етіп ескертуді өте ыждағаттап өтінген. Елбасымыз соларға дес бермей Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін қолдау жөніндегі мәселені АҚШ президентінің алдына алғашқылардың бірі етіп қойған. Сонда Ақ үй қожасы мардымсып, масаттана кекеткендей кескінмен қасындағы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсқа қарап:
– Конди, біз сол ұйымға әлі де мүше ме едік? – деп сұраған ғой. Сыпайылық танытқан хатшы қыз, әлбетте, бірден жауап бермей, төмен қарап, аяғындағы сәнді туфлиіне қарай берсе керек. Сол мезетті пайдаланған Нұрекең өз сөзін бұрынғыдан бетер нығыздай дәлелдеп, бастырмалата сөйлейді де, ақырында, бәлекей Буш сөзден тосылып, хатшысына:
– Жә, олай болса, бізді қолдайды деп тиісті адамдарға хабарларсың, – деп хатшысына тапсырма беріпті.
Бірақ біздің төрағалығымыз туралы мәселе онымен де бірден шешіле қоймай, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері бас қосқан мәжілістерде бір-екі рет кейінге қарай сырғытыла беріп, 2007 жылы сол министрлердің Мадридте болған жалпы отырысында Қазақстан осы ұйымның 2010 жылғы төрағалығына сайланған. Және бір қызығы – сол жолы бірінен соң бірі кезектесіп келетін үш елдің төрағалығы қатар анықталған-ды. Атап айтқанда, 2009 жылға төраға болып Грекия, 2010 жылға Қазақстан, 2011 жылға Литва сайланған. Мұның Қазақстан үшін ерекше артықшылығы – қатарынан үш жыл төрағалық ететін үштіктің құрамында болғандықтан, біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына басшылықта үш жыл бойы қатарынан болады екен. Өйткені ол, Жарғы бойынша, өзінің алдындағы елдің төрағалығы мен өзінен кейінгі елдің төрағалығына бірдей қатынасып отырады екен.
Мұның өзі, сөз жоқ, Қазақстанның ұйымдағы төрағалық қызметіне әбден төселіп алып, оны өте табысты түрде атқаруына жағдай жасап берген. Содан кейін тағы бір есте болатын жәйт: ЕҚЫҰ-ның ережесі бойынша ұйымның саммиті талқылануға тиісті мәселелердің жинақталуына қарай үш-төрт жылда бір рет шақырылуға тиісті болса, іс жүзінде 1999 жылы Ыстамбұлда болған саммиттен кейін 11 жыл бойы шақырылмай, Қазақстанның төрағалығы қарсаңында өте көп зәру мәселелер қордаланып қалған еді. Сондықтан олардың тиімді түрде шешілуі біздің еліміз үшін өте абыройлы болуына көмектесуі тиіс-ті. Шынында да дәл солай болып шықты.
Көптеген сарапшылардың айтуына қарағанда, Қазақстанның төрағалығы тұсында өте көп шиеленісті мәселелерді шешуге тура келген. Оның үстіне бұл кезде Ұйымның жалпы әлемдегі рөлі төмендеп, беделі түсіңкіреп қалғанын жоғарыда айттық. Оны көтеру міндеті біздің елге жүктелген де, ол мұны ойдағыдай атқарып шыққан. Ал мұның өзі біздің ел үшін қосымша абырой болып еді.
ЕҚЫҰ-ның кезекті жетінші саммитін ұйымшылдықпен өте жоғары дәрежеде өткізу мақсатында Қазақстан жұртшылығының, әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының аса зор күш-жігер жұмсағаны дүние жүзіндегі танымал қайраткерлердің аузымен Саммит басталардан көп бұрын айтыла бастаған. Соны ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен Бришамбо «Еуропа меридианы» журналына берген сұхбатында біздің Елбасымызбен байланыстыра әбден жеріне жеткізе толымды етіп айтып берді. «Төзімділік пен кеңпейілді кешірімшілдік саласында одан көп нәрсе үйренуге болады, – деді ол. – Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделі, оның алдағы бірнеше жылға күні бұрын көз жеткізе алатын көрегендігі, алға қойған мақсатқа қарай соны жолмен батыл бара алатын тәуекелшілдігі болашақтағы басқосудың жемістілігін талай адамдарға мойындата алды. Оның республикадағы бейбіт саяси үрдістердегі нысаналы іс-қимылы арқылы ЕҚЫҰ-ның мәртебесін өзгерту жөніндегі тындырған жұмысын осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстаннан басқа ешбір ел атқара алмайтын еді».
ЕҚЫҰ Бас хатшысының осы сөзі оның екінші бір әріптесі, БҰҰ Бас хатшысының мына бір уәжімен үндесіп жатқанында үлкен мән бар-тын. Пан Ги Мун Семей полигонының орнына барып, ондағы болған сұмдықтардың зардабын өз көзімен көргеннен кейін, Нұрсұлтан Әбішұлына келіп, ағынан жарыла: «Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», – деген болатын.
Егер осы айтылғандарға көшбасшының Саммит қарсаңында соның имандай ұраны етіп: «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты төрт тағанды ұсынғанын қоссақ, Президент пен алдағы тарихи басқосудың табиғи тұтастығына айқын көз жеткіземіз.
* * *
Сонымен көптен күткен қалаулы сәт те келіп жетті. 2010 жылғы желтоқсанның 1-і. Ертеңгі сағат 10. Қазір Төраға Саммиттің ашылуын жария етеді. Жоқ, одан бұрынғы бір көріністі ұмытып барады екенбіз. 9-дан 10-ға дейін бір сағат бойы Елбасы Мәжіліс залының сахнасына кіреберістегі кең алаңда аяғынан тік тұрып, мәртебелі меймандарды, басқосуға келген делегация басшыларын бір-бірлеп қарсы алған. Бәрінің де жүздері жарқын. Аяқтарын ширақ басып келіп, Президентпен қызу қол алысып, сәлемдесіп жатыр. Саммитке арнайы шақырылғандары үшін шын жүректен шыққан алғыстарын қоса айтуда.
Елбасының әрбір мейманға көрсеткен ыстық ықыласы өзінше ерекше жарастық тауып жатқандай. Өзінің де қызыл шырайлы ашық ажары оттай лаулап нұрға бөленген. Міне мәртебелі меймандар өтіп болып, Нұрекең мәжіліс Төрағасының орнына келіп жайғасты да, микрофоннан кіріспе сөз сөйледі. Мағынасы терең, сөз нәші ерекше, тамаша сөз. Жұрт ұйып тыңдауда.
− ЕҚЫҰ Саммитіне жиналған мәртебелі меймандарды қарсы ала отырып, мен Қазақстан халқының атынан шынайы қуаныш пен ыстық ықылас білдіремін. Республика таяуда тәуелсіздік алған мемлекеттер ішінде бірінші болып осындай маңызды халықаралық жиын өткізіп отыр. Біздің елімізге көрсетілген сенім үшін барлық әріптестерге зор алғыс білдіремін.
Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы осынау кездесудің маңызын Ұйым кеңістігін мекендеген халықтардың қауіпсіз болашаққа қарай бірлесіп жылжуының жалғасы деген анықтама берді.
− Бұл жол бұдан 35 жыл бұрын басталған. Хельсинки үдерісі алғашында «Атлантикадан Оралға дейінгі» жалпыеуропалық үйдің тұжырымдамасына сүйенген болатын. ЕҚЫҰ құрылғаннан кейін еуропалық қауіпсіздік ұстанымдары «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі» кеңістікте орнықты. Қазір үшінші кезең басталып отыр. Біз қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың «Мұхиттан Мұхитқа дейін» деген неғұрлым кең координаттарына көшкелі отырмыз, − деді Мемлекет басшысы. – Әңгіме Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі төрт мұхиттың шекараларындағы қауіпсіздіктің біртұтас кеңістігін қалыптастыру туралы болып отыр. Астана Саммиті жоғары деңгейдегі кездесулер өткізудің Ыстамбұлдан кейін 11 жылға үзіліп қалған дәстүрін қалпына келтіреді.
Президенттің айтуынша, біз демократияны дүние жүзінің бұрын ондайды ешуақытта көріп-білмеген бөлігінде орнатып жатырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық – ең алдымен, экономикалық жағынан сенімді түрде өсу деген сөз. Біз ең әуелі экономиканы дамытқанда, кедейшілік жас демократияның сағын сындырмау мақсатын көздедік.
Президенттің қысқа да нұсқа дерліктей мазмұнды сөзін жиналғандар демдерін іштен ала, аса зор ықыласпен тыңдады. Оған жұрт ауық-ауық ду қол шапалақтап, қошемет көрсетіп отырды. Өйткені, ол кісінің Саммиттегі сөзі осы саладағы болашақ іс-қимылдың бағдарламасындай әсер етіп еді.
Президенттің кіріспе сөзінен кейін ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев шағын баяндама жасады. БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун меймандостығы үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, оның Астанадағы тарихи Саммитті ұйымдастыру ісіне жасаған басшылығын қолдайтынын білдірді. Еуропалық одақтың президенті Херман ван Ромпей ЕҚЫҰ-ның Еуропадағы қызметі тұтас үш құрлыққа бірдей тарайтынын атап көрсетті.
Ресей Президенті Дмитрий Медведев бұл кездесудің ЕҚЫҰ кеңістігінің шығыс бөлігінде тұңғыш рет өткізіліп отырғанына қанағаттанғандық білдірді. Ол азаматтар арасына алалап бөлу белгісін қою заманының өткеніне, олар қай жерді мекен етсе де қауіпсіздікке бірдей хақылы екеніне назар аударды. Саммитте Германияның Федералдық канцлері Ангела Меркельдің, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның, Литва Президенті, келесі Саммиттің төрайымы Даля Грибаускайтенің, тағы басқа әйел қайраткерлердің сөздері зейін қоя тыңдалды. Ішкі жағдайларында тыныштық орнамай тұрған Қырғызстан мен Ауғанстанның президенттері Роза Отунбаева мен Хамид Карзайдың сөйлеген сөздеріне тыңдаушылар шынайы жанашырлық білдірді. Олар сондай қиыншылық жағдайда қол ұшын беріп, зор көмек көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы мен оның көшбасшысына айрықша ризашылық сезімдерін білдірді.
Саммитте ұзақ уақыттан бері өз іштерінде бүліншілікке жол беріліп, халықтары күйзеліске ұшырап келген Әзірбайжан, Армения және Грузия елдеріндегі жағдайларға едәуір алаңдаушылық білдірілді. Олардың басшыларынан қалыптасып отырған шиеленіс жағдайды тезірек ретке келтіріп, ел ішінде тұрақты бейбітшілік ахуалын орнықтыру жөнінде кеңестер берілді.
* * *
Екінші күні түстен кейін Саммитке қатысушылар арасында жеке кездесулер өткізілді, делегация жетекшілері тарапынан Саммиттің ұйымдастырылуына жоғары бағалар берілді, басқосуды өткізіп отырған елге, оның басшысына шын жүректен алғыстар айтылды, ізгі тілектер білдірілді.
Саммитті ұйымдастырушыларға көрсетілген сенім мен айтылған алғыс биік мәртебе мен мерейдің тоғысқан жері еді.
Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ.
Алматы.
* * *
ОСЫ ҒОЙ ШІРКІН ЕЛ БАҒЫ!
Тәуелсіз тірлік – мәңгі асыл,
Тертесі мықты,
Текті елдей.
Саммит те өтті...
Сан ғасыр
Бір күнге сыйып кеткендей.
Өресі биік – талғамы,
Өркенді елде нұр бардай.
Саясатымның салмағы
Санаға түсіп тұрғандай.
Заманға мынау кім ие?!
Боламын қалай аласа –
Көз тігіп төрткүл дүние
Астана жаққа қараса!
Бәрі де құштар көруге,
Сезімін кім бар шектеген?!
Дәл мұндай
Қазақ жерінде
Алқалы жиын өтпеген.
Астана, неткен сүйікті ең,
Дөңгелеп дүние ұршықтай...
«Бәйтерек» деген
Биікке,
Кете алмас ешкім бір шықпай.
Тәуелді болсақ қайтер ек,
(Өткенге, досым, жасыма!)
Көтеріп бізді
Бәйтерек,
Апарды Күннің қасына!
Сілкініп алдық бір дүркін,
Осы ғой шіркін ел бағы.
«ЕҚЫҰ» деді ел-жұртым,
«Е, бәсе...» дедім мен-дағы.
Сарыарқаның даласы
Алашқа біткен төр еді.
Адамзаттың баласы
Қазақтың туын көреді.
Елбасымыз бастаған
Ер халқым қандай өр енді!
Арқада ару Астанам
Еуразияға төр енді!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ.