Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовпен әңгіме
– Серік Әбікенұлы, қай саланың да табысты болуы экономикаға тікелей тәуелді. Елбасының биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру арқылы табыс кілтін іздестіру тапсырылғаны белгілі. Жыл мойыны жуықтап, жиын-терін аяқталды. Ауыл шаруашылығы басым саналатын өңірде осы міндеттің жүзеге асырылу барысына тоқталсаңыз.
– Иә, облыстағы басым жұртшылық ауыл шаруашылығына арқа сүйеп отырғаны рас. Және осы саланың жауапкершілігін түсінгендіктен ол жанға жақын тақырып. Осы орайдағы қол жеткізген табыстар біршама. Мәселен, 2010 жылы себілген 398 мың гектар масақты дәнді дақыл алқабы толығымен орылып, әр гектардан 18,7 центнерден өнім алынды. Сөйтіп, 742,3 мың тонна астық бастырылды. Дәндік жүгері, күріш, картоп, майлы дақыл мен көкөніс, қант қызылшасынан да діттеген нәтижеге қол жеткізілді.
Қыраулы қысқа дайындық жан-жақты жүргізілді. Нәтижесінде облыс еңбеккерлері мал қыстату науқанына қажетті 1660 мың тонна мал азығын дайындады, 75,8 мың тонна пішендеме салынды. Келесі жылға мол өнім негізі қаланып, күздік себу, сүдігер жырту, тұқым құю және тазалау жұмыстарының да тиянағы келтірілді.
Мал шаруашылығындағы жетістіктерді де жіктеп айтуға болады. Өңірде мал мен құс басы және одан алынатын өнім көлемі жыл сайын артып отыр. Мысалы, өткен жылы әрбір сиырдан орта есеппен 2969 килограмм сүт сауылса, биыл 3 мың килограмнан аса сүт саууға толық мүмкіндік туды. Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында бұл көрсеткіш 3600 килограмнан болды.
Мал тұқымын асылдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны жыл сайын артып, бүгінде 152-ге жетті. Сол сияқты қой, түйе, жылқы және құстың да сапасы мен санын арттыруға ерекше ден қойылып отыр. Және бір айта кететін мәселе, облыста құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінген. Қазір өнеркәсіптік негізде 11 құс фабрикасы жұмыс істейді. Өңірде жылқы еті мен қымыз-шұбат өндіру ісіне нақты бетбұрыс жасалды.
Осы жылы саланы дамытуға бюджеттен 9,7 млрд.теңге бөлінсе, оның 7,8 млрд.теңгесі шаруашылықтарға субсидия ретінде берілді.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанармай мен басқа да тауарлы материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға 1147,9 млн. теңге, жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық көшеттерін егуді және өсіруді қамтамасыз етуге 383,4 млн.теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 377,7 млн.теңге субсидия беріліп, шаруалардың ізденісті еңбек етуіне жағдай жасалғанын айтқан жөн.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту мәселесін алға қойды. Осы бағытта өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Индустрияландыру картасы шеңберінде өңірде жалпы құны 66,3 млрд.теңге болатын 19 инвестициялық жоба бекітілген.
Республикалық картаға жалпы құны 6,1 млрд.теңге болатын 4 жоба енгізілген. Оның біреуі биылғы жылы пайдалануға берілген Еңбекшіқазақ ауданындағы «Алтомед» ЖШС, екі жоба 2011 жылы іске қосылады. Олар – Текелі қаласындағы «Green House» ЖШС мен Қапшағай қаласындағы «Парентерал Драгз Қазақстан» ЖШС. Және бір жоба 2013 жылы іске қосылатын Іле ауданындағы «Глобал Нью Лайф» серіктестігі болмақ.
Облыстың аймақтық индустриялық картасына жалпы құны 60,2 млрд.теңге болатын 15 инвестициялық жоба кірген. Биылғы жартыжылдықта құны 6,9 млрд.теңгелік алты инвестициялық жоба қолданысқа беріліп, 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Жіктеп айтар болсақ, Көксу ауданындағы «Экстра» соя өңдейтін зауытының, Жамбыл ауданындағы «TASKOM KZ» табиғи тасты қайта өңдейтін, Іле ауданындағы «Компания Сарыбұлақ» соя майын өндіретін, «Danone Berkut» сүт өнімдерін өндіретін зауыттары мен Ескелді ауданындағы Қаратал-4 СЭС-інің құрылысы аяқталып, іске кірісті.
Екінші жартыжылдықта төрт жобаны қолданысқа беру жоспарланған еді. Яғни, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік жеміс консервілеу зауыты» тамшылата суару технологиясы бойынша жеміс-жидек өсіріп, олардың өнімін консервілеумен айналысатын зауыт қыркүйек айында пайдалануға берілді. Мұнда 50 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ Алакөл ауданында «Достық Рифайнери» мұнай өңдеу құрылғысының құрылысы іске қосылды. Енді жыл аяғына дейін Талғар ауданында «ЮСКО Логистикс Интернешнл» АҚ-тың көпқырлы логистикалық кешені, осы ауданда балаларға арналған сүт өнімдерін шығаратын Қазақ Тамақтандыру академиясының «Амиран» зауыты ашылады деп отырмыз. Жобалық құны 10,1 млрд. теңге мөлшерінде есептелген осы үш кәсіпорында барлығы 327 жаңа жұмыс орны құрылады. Қалған жобалар 2014 жылға дейінгі мерзімде жүзеге асырылып, мың адам жұмыспен қамтылмақшы.
Сонымен қатар, республикалық карта шеңберінде Алматы облысының аймағында министрліктер мен мемлекеттік холдингтерге бекітілген 7 жоба және бір аймақаралық жобаны іске асыру қарастырылған. Мәселен, көлік саласында «Қорғас – Жетіген» темір жолы мен «Алматы – Қорғас» автокөлік жолы, энергетика саласында Мойнақ су электр стансасы мен Балқаш жылу электр стансасы, «Қорғас» ШМЫО-ғы, «ҚазАгро» АҚ арқылы Балқаш ауданында мал бордақылау кешенінің құрылысы, тағы басқа маңызды нысандар іске қосылады. Бұл жобалардың жалпы құны 1175,1 млрд. теңгені құраса, осылар арқылы 10645 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
– Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысушылар қатарының өсуі жайлы не айтар едіңіз?
– Шағын және орта бизнес нысандарын қолдау мақсатында Үкімет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру инновациямен айналысуға, жаңа технологияларды игеруге, кәсіпкерліктің динамикалық дамуына, қазақстандық қамту үлесін көбейтуге, экспортталатын өнімдерді шығаруға бағытталған аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашты.
Аталған бағдарламаны орындау мақсатында облысқа республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде облыс кәсіпкерлерінен екінші деңгейдегі банктерге осы бағдарламаға қатысу үшін барлығы үш бағыт бойынша 48 өтініш түсті. Оның несие сомасы 7,2 млрд. теңгені құрайтын 7-і қаралып, банктерден қолдау тапты.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша банктерде 25 өтініш қаралуда. Экономиканы жаңғырту бойынша мемлекеттік комиссиямен жалпы құны 2022,7 млн. теңгені құрайтын 8 жоба Қазақстан қаржы қауымдастығына жолданды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру аясында өндірістік инфрақұрылымдарды дамытуға биыл облыс бойынша 508,8 млн. теңге қарастырылды. Бұдан басқа Талдықорған қаласының «Оңтүстік өнеркәсіп аймағының» сумен қамтамасыз ету және кәріз, электрмен қамтамасыз ету желілерін қалпына келтіру жобасы қаралды.
Шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне келсек, биыл облыс бюджетінен осы мақсатты қолдауға 500,0 млн. теңге бөлінді. Оның 200,0 млн. теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-қа аударылып, екінші деңгейдегі банктер арқылы берілуде.
Биыл «Жол картасы» бағдарламасы негізінде республикалық бюджеттен 663 264 мың. теңге бөлініп, облыстағы 11 ауылдық мәдениет үйлеріне 150 млн. теңге қаржы жұмсалып, 4 мұражайға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы байыпты бағдарламаның нәтижесінде көп жылдардан бері көріксіз күй кешкен мәдениет үйлері мен мұражайлардың жөнделуі және өзге де көкейкесті мәселелердің шешімін табуы қуанышты болды. Ол ауылдық жерлердегі мәдени-әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, халықтың рухани дамуына ерекше септігін тигізетін болады.
– Жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жыл санап жақсарып келеді. Соңғы жылдары елді мекендерді таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету ісі қауырт қолға алына бастады.
– Жалпы алғанда, облыс бойынша 771 елді мекенде халықтың 88 пайызы өмір сүреді. Ал бүгінгі күні 9 елді мекен жұртшылығы тасымалданатын сумен қамтылып отыр. Су құбыры жүйелерінің жалпы ұзындығы 7042 шақырымды құрайды. «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыруда сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстары бойынша қаржыландырудың барлық көздерінен 274 нысанға жалпы құны 10,1 млрд.теңге жұмсалды. Атқарылған жұмыстар барысында өңірдегі 762,1 мың адам үшін ауыз су сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік туғызды.
Тек биылғы жылы ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстары үшін жалпы сомасы 3,4 млрд. теңгелік 56 нысанда жұмыстар жалғасып, 169,6 мың адамды сумен жабдықтау мәселесі шешілді.
Ал енді табиғи газбен қамту жұмыстарына зер салсақ, бізде бұл орайда «2007-2015 жылдарға арналған және 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын Алматы облысын кешенді газдандырудың» өңірлік бағдарламасы қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соған сай, бүгінде 48 елді мекен (Жамбыл ауданында – 5, Іле ауданында – 6, Талғар ауданында – 3 және Қарасай ауданында – 34) табиғи газдың игілігін көріп отыр. Биыл облыстың елді мекендерін көгілдір отынмен қамту үшін жергілікті бюджеттен 270,7 млн. теңге қаржы бөлінді.
– Соңғы жылдары шағын су электр стансаларын салуға ден қойылғаны қуантады. Сонымен бірге ғасыр құрылысы атанған Мойнақ және Балқаш су, жылу электр стансаларының қазіргі барысын әңгімелесеңіз.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауларында барлық сатыдағы орындаушы органдарға энергетикалық кешенді дамыту міндетін ерекше тапсырғанын білесіз. Өйткені, күні ертеңгі күнкөрісіміздің бәрі осы саланың ауқымына тәуелді. Қазір өңірде тапсырылған міндеттердің бірқатары орындалды деуге толық негіз бар.
Мойнақ су электр стансасын салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның қуаттылығы 300 МВт, 2011 жылғы желтоқсан айында іске қосылады деп күтілуде. Ал Балқаш ЖЭС-інің құрылысы басталды. Қуаттылығы 1320 МВт, бірінші кезеңі 2014 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған, қуаттылығы 660 МВт. Қуаттылығы 240 МВт/660 Гкалл болатын «Талдықорған ЖЭО» салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі республикалық бюджеттен қаржыландырылып, бұл жобаны орындауға инвесторлардың ұсыныстары да бар. 2008-2009 жылдары салынған 15,8 МВт құрайтын бес шағын СЭС жұмыс істеп, электр қуатын өндіруде. Өңірде 2016 жылға дейін қуаты 326 МВт құрайтын 28 шағын СЭС салу көзделген. Сонымен бірге Жоңғар қақпасында және Шелек дәлізінде, нақты айтқанда Алакөл және Еңбекшіқазақ аудандарында қуаты 5-тен 300 МВт-ға дейін өсетін жел электр стансаларын салу үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
– Үй болмай, күй болмайды. Қай уақытта да халықты тұрғын үй мәселесі ерекше толғандыратыны рас. Осы түйінді шешу жайы қалай жүзеге асырылуда?
– Бізде «2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы» бағдарламасын орындау мақсатында биыл барлық қаржыландыру көздерінен 610,0 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы ғана жүздеген отбасы қоныс тойларын өткізді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Оның ішінде, республикалық бюджет қаржысы есебінен 17,0 мың шаршы метр, яғни мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған 7,9 мың шаршы метр несиелік және 9,1 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 2,8 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй, жеке меншік иелерінің қаржысы есебінен 590,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.
Облыстық бюджет қаражаты есебінен жыл аяғына дейін Талдықорған қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй, Ескелді ауданы Қарабұлақ кентінде 70 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі.
– Адам – мемлекеттің басты байлығы дейміз. Айналып келгенде, күнделікті тіршілігіміздің бәрі адамның игілігі мен әлеуметтік дәрежесін арттыруға бағытталған жұмыстардың жиынтығынан құралады. Енді осы тақырыпты тарқата баяндасаңыз.
– Олай болса, алдымен білім беру саласынан бастайық. 2010 жылы бюджет есебінен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын жақсартуға 1062,7 млн.теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде ауылдық жерлерде орналасқан білім мекемелеріне 813,4 млн.теңге қарастырылды.
Облыста педагог қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту мақсатында бір мұғалімге жылына 5840 теңгеден коммуналдық жәрдемақы төленеді. Мұғалімдерді ынталандыру және үздік педагогикалық тәжірибені анықтау мен насихаттау мақсатында жыл сайын 7 номинация бойынша ұстаздар арасында байқаулар өткізіледі. Байқау қорытындысы бойынша ең үздік «Жыл мұғаліміне» Талдықорған қаласынан 2 бөлмелі пәтер және басқа орын алған мұғалімдерге ақшалай сыйлықтар тапсыру дәстүрі қалыптасқан.
151 мектеп интерактивті кабинеттермен жабдықталған. Облыста 15 оқушыға 1 компьютерден келеді. Облыстағы 174 мектепке жаңа модификациядағы физика кабинеттері, 125 биология кабинеті орнатылды.
Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен қамту бағытында «Балапан» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырыла бастағаны мәлім. Қазіргі уақытта 105 балабақша мен 420 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істейді. Мектепке дейінгі тәрбиемен 28204 бала қамтылған. Жыл басынан бастап 2315 орындық 26 балабақша, 4062 орындық 134 шағын орталықта және жұмыс істеп жатқан балабақшаларда 707 орындық қосымша топтар ашылды.
Халықтың әлжуаз топтарына көмек беру, мүгедектерді оңалту, халықты еңбекпен қамту бағытында да айтарлықтай жұмыстар тындырылды. Мәселен, биыл аз қамтамасыз етілген азаматтарға 1283,4 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде кедейшілік шегінен төмен тұратын 2153 отбасына 126,8 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 17074 жұмыс орындарын құру жоспарланса, межеге жетуге барлық мүмкіндік бар екенін айтқан жөн. Жұмыссыздарды кәсіби даярлау, біліктілігін көтеру және қайта даярлауды ұйымдастыру бағытында 3182 адам кәсіп пен мамандықтың 48 түрі бойынша оқуға жіберіліп, мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды. Ал, өңірдегі мүгедектерді оңалту мәселесіне республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
Өңір халқының денсаулығын қорғау мен жақсарту бағытындағы жұмыс та жүйелене түскен. Бүгінгі күні өңір тұрғындарына 902 медициналық мекеме қызмет көрсетсе, оның 845 мемлекеттік, 57 жеке меншік. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жайы жылдан-жылға жақсарып, әлемдік сұранысқа жауап беретін медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылуда. Биыл денсаулық саласына бөлінген қаражат 36,2 млрд. теңгеге жетті.
– Жұмыстың тиянақты атқарылуы ұйымдастыруға, тапсырылған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты. Облыс аудандары мен қала әкімдері де сізге сенімді көмекші екендігін аңдаймыз. Әсіресе, солардың бюджет қоржынын толтыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қолдау, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?
– Өмірдің өзі ұлы ұстаз. Біз де біраз тәжірибені алдыңғы буындағы ағалардан үйрендік, жүре-жүре ысылдық, көре-көре көркейдік.
Жапырағы қамқа, топырағы құнарлы Жетісу жеріндегі атқарылған жұмыстардың дені атқарушы билік өкілдері мен жергілікті білікті мамандардың ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі арқасында жүзеге асқан нәтижелер деп түсінген орынды болады. Оған тынымсыз ізденіспен күндіз-түні білек сыбана еңбек етіп жүрген жүз мыңдаған облыс еңбеккерлерін және қосыңыз. Егер біз белгілі бір нәтижеге жетсек, соның бәрі бірлесіп, ынтымақтасып, өзара түсіністікпен атқарылған шаруалардың, көп ұлтты халқымыздың қажырлы еңбегінің жемісі.
Бұл орайда облыс бюджетінің орындалуына қомақты үлес қосып жүрген аудандар қатарында Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Талғар, және Қапшағай, Талдықорған қалаларын атап өткен орынды.
Сөз орайы келгенде, өңірдегі жергілікті билік басындағы азаматтардың Елбасы тапсырған міндеттерді орындауда ерекше жауапкершілік танытып отырғаны арқасында облыстың бюджеті өткен мерзімде шығысы 192 млрд. теңгеге жетті. Ал жергілікті бюджет кірісі 49 млрд. теңгені құрады.
– Серік Әбікенұлы, халық сізді елі мен жеріне мейлінше ынтызарлықпен қызмет етудің үлгісін танытқан басшылардың бірі деп түсінеді. Әдебиетшілер мен спортшыларға жасап отырған қамқорлығыңыз өз алдына. Биыл осы мақсатқа сай қандай өрелі жұмыстар атқарылды?
– Біз бірнеше жылдан бері жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерін шығаруды дәстүрге айналдырдық. Тек өткен жылы облыстық мәдениет басқармасы біздің қолдауымызбен Қазақстан Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, Журналистер одақтары мүшелерінің және басқа да облыс тарихына елеулі үлес қосқан дарынды жеке адамдардың еңбектері мен кітаптарын жарыққа шығару үшін 43 жергілікті авторға 25 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлді. Осы үрдіс биыл да жалғасын табуда. Сонымен бірге, ақын-жазушыларымызды ынталандыру мақсатында облыс бюджетінен жергілікті 20 қаламгерге стипендия ретінде тоқсан сайын 30 мың теңгеден 2 400 млн. теңге қаржы бөлінді. Осының бәрі шығармашылық адамдарын мүмкіндігінше қолдап, қанаттандырудың мысалы болар, сірә.
Спортшыларымыз да назардан тыс қалған емес. Елбасының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, біздің облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Талдықорғанда республикамызда теңдесі жоқ керемет Спорт сарайы пайдалануға берілді. Жыл басынан бері 583 дене шынықтыру-сауықтыру шаралары өткізіліп, оған 121 315 адам тартылды. Спортты дамытуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінетін қаржы мөлшері жылдан жылға ұлғайып келеді. Бұл салаға 2010 жылы 2 млрд. 861 млн. теңге бөлінді. Облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып, еліміздің мерейін асқақтатуда.
Әсіресе, Канаданың Ванкувер қаласында өткен ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында биатлоншы қызымыз Елена Хрусталеваның жеңіп алған күміс медалін, Түркияның Анталия қаласында ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында, күні кеше Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азиада ойындарында Майя Манеза мен Светлана Подобедова, Нұрмахан Тыналиев және командалық құрамда Ирина Амосова, Ирина Адлер, Олеся Теряева, Ирина Радзивил алтыннан алқа таққанын зор мақтаныш санаймыз. Осылайша жетісулықтар Азиада ойындарында жалпы командалық есепке 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды қосты.
– Сіз халықтың салт-дәстүрі мен тілін, мәдениетін дамытуға көп үлес қосқан әкімдер қатарындасыз. Бес жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан аудандар мен қалалардың мәдениет күндері туралы жеке пікіріңізді білсек деп едік.
– Оны ұйымдастырудағы басты мақсат – қала мен ауылдың рухани, мәдени байланысын нығайту. Сонымен бірге аға ұрпақтың жастарға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие боларлық ұлттық сана-сезімін жетілдіру, мәйегін ашып көрсету.
Әр аудан мен қала өз жетістіктерін таныстырумен қатар дарынды жастарын жұрт алдына шығарады, қолөнер шеберлерінің, шығармашылық адамдарының туындылары көрмелерге қойылады, насихатталады. Біреу болмаса біреу одан өзіне ғибрат алады, кеуде көзі ашылады. Бұл авторларды жаңаша тың ізденістерге жетелейді. Осының өзі үлкен олжа.
Бесінші жыл қатарынан өткізілген соң да дәстүрге айналып барады, бекітілген ережеге сәйкес жүлделі орындар тағайындалып, арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталғандар қатарында облыстың барлық аудандары мен қалалары жетістіктеріне сай табысты орындардан көрініп жүрді. Жыл сайын бас жүлдеге «Газель» автокөлігі тігілетіні де олардың құлшынысын үстемелей түскені анық. Сайып келгенде, мұның бәрі ел мәдениеті мен игілігі үшін жасалып жатқан мақсатты жұмыстар екенін ұмытпайық.
– Қызылағаштағы көктемгі тасқынның салдарын да, одан кейін төрт-ақ айда түгел жаңғырып, сап түзеген сән-салтанатты үйлерді де көзбен көрдік. Әкім ретінде емес, адам ретінде осы оқиғаны алғаш естіп, көргенде қандай әсерде болдыңыз, сондағы жандүние күйзелісін жеткізіп айта аласыз ба?
– Иә, ауыр сұрақ екен. Қызылағаш оқиғасы төбемізден жай түскендей қылды. Соншама адамның өмірі қиылғаны бір қасірет болса, олардың арпалысын көз алдыма келтіргенде, ет жүрегім қан жылады. Қайтеміз. Жазмыш шығар.
Алайда, Елбасының қолдауы, нақты тапсырмасымен жедел ширығып, дереу іске кіріскенімізді күнделікті баспасөзден де, телехабарлардан да қалың жұртшылық көрді. Қалайда қайғыны жеңілдетуге күш жұмылдырылды. Ол насихатты жүргізуде еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің де зор үлесі болғанын ризашылықпен атап өткім келеді.
Біртұтас халық екенбіз. Ынтымақ пен бірлік салтанат құрды. Күллі Қазақстан халқы көмектесіп және бюджеттен бөлінген қаржыны қосқанда 7 миллиард теңгеден астам қаржы жиналды. Әрбір облыс, әрбір аудан, ауыл иығымызға түскен ауыртпалықты шамасы келгенше жеңілдетуге ұмтылды. Рахмет! Алла риза болсын оларға.
Соның нәтижесінде, көп болып жұмыла жүріп, жедел арада Қызылағаш ауылын қайта түлеттік. Тек қана Қызылағаш ауылында 465 жаңа үй салынса, 30 үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ақтоған мен Егінсу елді мекендерінде 77 жаңа үй салынып, 75 үй күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындар игілігіне айналды. Мектеп, балабақша, мешіт, монша, басқа да әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық мекемелер, Өскемен – Алматы күрежолының бойына көпір салынып, барлық іс тиянақталды. Жоғары оқу орындарындағы ауыл балаларына арнайы грант бөлінді. Кәсібін ашам деушілер үшін арнайы оқулар ұйымдастырылды. Басқа да қажетті шаралар жан-жақты қарастырылуда. Апаттан абдыраған ауыл адамдарын қараусыз қалдырған жоқпыз. Алдарына мал салдық, үйлеріне жиһаз кіргіздік, қалыпты өмір қайта жалғасқан сияқты. Материалдық құндылықтардың орны осылайша толар-ау, өкініштісі, адамдардың өмірге қайта оралмайтыны.
Енді мына бір жәйтке қараңыз, тасқын су аруақтар дамыл тапқан қорымдағы бейітті де айналып өткен. Мешіт дін аман қалған. Осыдан кейін құдіреті күшті Жаратқанның дәргейіне қалай бас имейсіз. Мистика емес, шындық бұл.
– Өркениет пен жаһандану майданына бет алған адамзаттың кісілік құндылықтары туралы не айтар едіңіз? Жалпы, сіз адам бойында, әсіресе, қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз?
– «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз», – дейді ғұлама Абай. Бұдан асырып айту мүмкін емес. Данышпан бабамыздың өсиетіне ден қойып, осы бес асыл іске көнсек, бас исек қане?! Парасат-пайымы жоғары адам болып қалыптасу үшін осы бес қасиеттің бәрі бір жүрекке тоғысуы тиіс. Әйтеуір, бірі кем дүние. Біреуде талап кемшін, біреу еңбек еткісі келмейді. Енді біреуде терең ойлау қабілеті жетпей жатады. Бес саусақ бірдей емес. Қайтеміз. Біз осы турасында үнемі тереңірек насихат жүргізуіміз керек деп ойлаймын. Сонда ғана терең ой, қанағат, адал еңбек ету баршаның бойынан табылар ма еді...
Өркениет жақсы. Игілігін де көре бастадық. Жаһанданудан да шет қала алмайтынымыз, екі жердегі екі төрт дегендей шындыққа айналып барады. Бүгінгі қоғам біз ойлағаннан мүлдем күрделі. Ұлт болып ұйысып, тіліміз бен дінімізді, салт-дәстүр, қазақтық келбетімізді, қабілет-қарымымызды сақтап қаламыз десек, қазірден бастап қапы қалмайтын жолдарды іздестіргеніміз лазым.
Мен бүгінде, айналама зер сала жүріп, қара басының ғана қамын ойлаған адамнан қауіпті ештеңе жоқ деп пайымдаймын. Бар бола түссем, байи берсем дегендер ақыр аяғында өз бағасын да білмей қалып жатыр. Және бір сескенетінім, адамдар қатыгезденіп барады. Бұрынғы адамгершілік құндылықтар өңін өзгертті. Ата-анасын қараусыз қалдыру, досын сатып кету, жолдасын жолға тастау әдеттегінің біріне айналды. Болмашыға өштесіп, кегі тарқамай кететіндер қаншама. Адам кешірімді болуы керек қой. Ол – Алланың жердегі үлгісі екенін еске алса, Абай айтқан рақымды неге ұмытамыз? Осыны түсінсек, шіркін. Міне, бүгінгі қоғамда өмір кешкен адамға осы қасиеттер ауадай қажет.
Бір сөзбен түйіндегенде, келешек көкжиектерге жетеміз, өзгелерге иық тірестіреміз деп ниеттенетін болсақ, көсегеміз ойшыл Абай айтқан бес асыл іске тоқтағанда, соны көксегенде ғана көгереді. Айтпағым, тұжырымым осы. Және «Бақыттың бесігі – ел, ырыстың есігі – жер» екенін әрдайым есте тұтып жүру парыз. Бұл бүгінгі адами құндылықтардың ең негізгісі дегім келеді.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН.