11 Желтоқсан, 2010

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

413 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚ ТАБЫС ЕТІЛДІ 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің Төрағасы Орал Мұхамеджанов және осы палата депутат­тарының қатысуымен өткен салтанатты шарада Ресей Федера­ция­сы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткерлері Ер­кеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдинге ТМД Парламент­аралық Ассамблеясының «Древо жизни» (Өмір ағашы) ха­лық­аралық сыйлығын табыс етті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Аталған халықаралық сыйлық сазгер, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, бірқатар халық­ара­лық және Мемлекеттік сый­лық­тың иегері Еркеғали Рахмадиевке ұзақ жылғы шығармашылық қыз­меті үшін және академик, философия ғылымдарының докторы, профессор, Парламент Сенаты­ның үш шақырылымының депу­таты Жабайхан Әбділдинге саяси белсенділігі мен заң шығару қызметіндегі еңбегі үшін берілді. Ресей Федерациясы Феде­рал­дық Жиналысы Федерация Кеңе­сінің Төрағасы Сергей Миронов сөз сөйлеп, қонақжай Қазақстан жерінде осындай құрметті мис­сияны атқарып тұрғанына қуа­ныш­ты екенін айта келіп, Ерке­ға­ли Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдинді халықаралық сый­лық­­ты алуымен құттықтады. «Дре­­во жизни» халықаралық сый­лығының өнер, ғылым, мәдениет, саясат және спорт саласын дамытуға ай­рықша үлес қосқан, құрметті жас­қа жетсе де, қоғамдық және саяси өмірге атсалысып, белсенді еңбек етіп жүрген азаматтарға берілетінін жеткізді. Халықаралық марапатқа ие болған Еркеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдин ризашылы­ғын білдірді. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен мәдени байланысты дамытудағы қызметтерін жоғары бағалады. * * * ӘРКІМ ЗАҢ КӨМЕГІН АЛУҒА ҚҰҚЫҚТЫ Парламент Мәжілісінің Заң­на­ма және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан ад­во­­кат­тарының одағымен, Со­рос-Қа­зақ­стан қорымен, Ас­та­на­дағы ЕҚЫҰ орталығымен және Құқықтық сая­сатты зерттеу орталығымен бір­лесіп «Білікті заң көмегіне құ­қық және адвокатураның тәуелсіздігі» деген тақырыпта дөңге­лек үстел өткізді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Отырысты аталған комитет хат­шысы, Мәжіліс депутаты Свет­­лана Бычкова ашып, Қа­зақстан Республикасы адвокаттар одағының төрағасы Әнуар Түгел, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орта­лы­ғының адам құқықтары бойынша кеңесшісі Штефан Бухмайер, Со­рос-Қазақстан қорының «Құ­қық­тық реформа» бағдар­ла­ма­сы­ның директоры Аида Ай­дар­құлова сөз сөйледі. «Кейінгі заңшығарушылық бас­­­тамаларда адвокатураның тәу­ел­­­сіздігін қамтамасыз ету жол­дары» деген тақырыптағы бірінші сессияда адвокатура мәселелері бойынша кейбір заң шы­ға­ру­шы­лық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы авторларының бірі, Әді­лет министрлігінің құқықтық кө­мек көрсету және тіркеу қызметі комитеті төрағасының орын­басары Жанат Еліманов баяндама жасады. Канаданың Саскачеван университетінің профессоры Памела Джордан Қазақстандағы құ­қықтық мамандықтар реформа­ла­ры­ның халықаралық стандарт­тары мен негізгі жолдары жай­ында сөз сөйледі. Қазақстан Конституциясы 13-ба­бының 3-тармағында: «Әр­кім­нің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсе­тіледі» деп жазылған. Дөңгелек үстелде осы ізгілікті ережені іске асыру тәртібі мен тәсілдері ту­ралы айтылып, республикалық бюджеттің есебінен көрсетілетін білікті заңгерлік көмек жүйесін жетілдіру проблемасы тал­қы­ланды. 2010-2020 жылдарға ар­нал­ған құқықтық саясат тұ­жырымдамасында ең бірінші кезекте табыс деңгейі төмен адам­дарға құқықтық көмек көрсету жүйесін жақсарту қажет екені көзделеді. Ал, кейбір азаматтар құ­қықтық мәдениетінің төмен­дігі­нен қажет болған жағдайда адвокатты қалай табу керектігін де білмейді. Дөңгелек үстелге қатысушы­лар адвокатура мәселелері бой­ынша кейбір заңшығарушылық актілерге түзетулер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жо­басын, адвокаттық қызметке ба­ратындарға лицензиялар беру жолдары мен адвокат болу үшін сынақ мерзімінен өту, адвокаттық қызмет жолға қойылмаған ауыл­дық жерлердің тұрғындарына көмек көрсету жайын талқылады. Оның жұмысына Жоғарғы Сот­тың судьялары, Бас Прокуратура мен мемлекеттік ұйым өкілдері, ха­лықаралық ұйымдардың сарап­шылары қатысты. * * * ОРАЛДА ОҢДЫ ІСТЕР БАР Көрген, көңілімізге түйген жәйттер хақында бірер сөз Жуырда ҚР Парламенті Се­наты Төр­аға­сының орын­басары Мұхамбет Көпеев бас­та­ған депутаттар Батыс Қазақстан облысында бо­лып келдік. Біздің сапа­ры­мыз Астанада Саммит өтіп жатқан тұста болды. Батыс Қазақстан об­лы­сының аудандары мен Орал қаласындағы өнеркәсіп ор­ын­­да­рында кездесулер өт­кізгенімізде, тұрғын­дармен жүздескенімізде, барлығы да Астана Саммиті туралы жү­рекжарды пікірлерін білдірді. Қа­зақ­станның әлем ал­дын­дағы рөлін ерекше сезініп отыр­ған­дарын жеткізді. Астана Декла­рация­сының қабыл­дануы Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан На­зар­баевтың халық­аралық деңгейдегі беде­лінің өте жоғары екенін байқатып отыр. Ал енді сапарда көрген, көңілімізге түй­ген жәйттерге тоқтала кетейін. Батыс Қазақстан – еліміздің ауыл ша­руашылығы дамыған және өнеркәсібі жолға қой­ылған өңірлерінің бірі. Ресей Федера­ция­сының бес облысымен, атап айтқанда, Ас­трахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орын­бор облыстарымен шектеседі. Облыстың сырт­қы сауда айналымында Ресей Феде­ра­циясы негізгі әріптес болып табылады. Көр­ші елдің шекаралас аудандарымен де тығыз байланыс орнатылған. Биылғы қаңтар-тамыз айының нәти­же­сіне сүйенсек, облыс өнеркәсібі 793,1 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Республикалық және аймақтық индустрияландыру картасы ая­сында инвестициялық жобалар жүзеге асы­рылуда. Облыста соңғы жылдары әлеу­меттік проблемаларды нақты шешуге бағыт­талған көптеген жұмыстар атқарылды. Олар­дың ішінде, ең алдымен, таза су, газ жүйесі, жол мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Газ жүйесін дамыту бағ­дарламасына сәйкес соңғы үш жылда 902 шақырым газ құбыры тартылған. Маусым айының 12-13-інде облысқа жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев өңірде атқарылып жатқан  жұ­мыстарға оң баға берді. Облыс келер жылы да Қа­зақ­станның Индустрия­лан­ды­ру картасына енгізілген ин­вестициялық жобаларды жү­­зеге асыру, отандық өнім­дердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру,  жаңа өндірістер ашу, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатын ұстанып отыр. Облыс орталығы – Орал экологиялық таза қалалардың бірі. Ондағы «Зенит» және Ба­тыс Қазақстан металлургия зауыттарының бү­гінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Тө­тен­ше жағдайлар министрлігі және шекара­лық қызметтің тапсырыстары бойынша жа­ңа­дан жасалып жатқан кемелерді көрдік. Зауытта жасалған катерлер мен кемелердің бәрі де Каспий теңізінде күзетте жүр.  Тұр­мыс­қа қажетті катерлер мен кемелерді жасап, ешқандай қысылмай шетелге де шы­ғаруға болады. Бұрын бір әріптесім «Зауыт жұмыс­шы­лары ереуілге шығайын деп жатыр» деп депутаттық сауал жасайтын еді. Қазір оның бірі де жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы шетелдік және отандық компаниялардың өзіміздің зауыттарға тапсырыс беру көлемін де арттыруға баса мән бергеніміз жөн. Өйт­кені, жергілікті кәсіпорындардың жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті өнім түрлерін шығара алатындай тәжірибелері мен мүмкіндіктері бар екенін көзбен көрдік. Дегенмен, облыста шешімін күтіп тұрған проблемалар да бар. Облыс әкімі бізге елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге баса назар аударылып отырғанын айт­ты. Қазір облыстың 82 пайызы газбен қам­тыл­ған. 2011 жылы Бөкей ордасы ауданы­ның Бисен, Жәнібек ауданының Ақоба, Теректі ауданының Сарыөмір және Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерге газ құбырлары тартылады. Оған барлығы 2 млрд. 792 млн. теңге қаржы қажет. Жо­ба­лық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өткізілген. Осыған республикалық бюд­жеттен қаржы бөлуді сұрайды. Келесі мәселе – автокөлік жолы. «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жо­лына (76-113 шақырымы) күрделі жөндеуді аяқтау үшін 2 млрд. 030 млн. теңге қажет, Деркөл ауылынан Орал-Тасқала-Ресей Феде­рациясының шекарасына дейінгі жолды жөн­деу жоспарланып отыр екен. Жобаның кұны – 1 млрд. 82 млн. теңге. «Алғай – Жал­пақтал – Жұлдыз – Қарасу» жолын (71-73-ші шақырымы) Қараөзен ауылына кірме жолымен жөндеу үшін 986 млн. теңге қажет. Барлығы – 4 млрд. 098 млн. теңге. Тиісті қа­ражаттың республикалық бюджеттен бөлі­нуіне ықпал жасауымызды сұрады. Мен өткен сессияда азық-түлік баға­ларын тұрақтандыруға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Соның нәтижесін Оралдан көргендей бол­дым. Айталық, Оралда қанттың бағасы – 166 теңге, облыс бойынша орташа бағасы – 187 теңге. Күнбағыс майы Оралда – 230, облыс бойынша – 285 теңге. Күріш Оралда – 153, облыста – 170 теңгеден, жоғары сортты бір қап ұнның бағасы Оралда – 3250, облыста – 3305 теңгеден, ұнның бірінші сорты қалада – 2600, облыста – 2769 теңге, сиыр еті Оралда – 650, облыста – 707 теңгеден, қой еті Оралда – 650, облыста – 565 теңгеден саты­луда. Сондай-ақ, сүт Оралда – 110, облыста – 131 теңге, тұз Оралда – 25, облыста 32 теңге тұрады. Жоғары сортты ұнның наны Оралда – 50, облыста – 55 теңге, ұнның бірінші сортынан дайындалған нан Оралда – 40, облыста – 50 теңге. Басқа да күнделікті қа­жетті азық-түлік өнімдері тұрақты бағасын сақтап отыр. Бұл көрсеткіштер бүкіл республика көлемі бойынша ең төмен екені анық. Жайық өңірінде жаңа бастамалар көп екен. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартуда жасап жатқан ауқымды істерін республикамыздың барлық өңіріне де үлгі ретінде ұсынса, тәжірибелер алмасу жұмыстары жүргізілсе, өте орынды болар еді деп есептейміз. Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты. * * * СЫР ӨҢІРІНДЕ БОЛДЫ Қызылорда облысында бол­ған кезінде депутат Құт­тықожа Ыдырысов «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық фи­лиалында тұр­ғындарды жеке мәселелері­мен қабылдаса, депутат Мұрат Әбенов те осындай шараны пар­тияның қалалық бөлімше­сін­де жүргізді. Қабылдауда қала тұрғын­да­ры өздерін толғандырып жүр­ген жер телімдерін бөлу, зей­нет­ақы, тауарларға бағаның өсуі, қоғамдық көлік, жол жөн­деу, әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді. Парламент депутаттары 29 қарашада Байқоңыр қаласын­да болып, ғарыш саласындағы қазақстандық кәсіп­орын­дар­дың қызметкерлерімен кездесіп, Мәжіліске енгізіліп жат­қан «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасын талқылады. Со­ны­мен қатар, «Байқоңыр» ға­рыш айлағында «Бәйтерек» ға­рыштық зымыран кешенін құру» жобасымен танысып, Бай­қоңыр қаласының тұрғын­дары­мен жүздесті және олар­ды жеке мәселелерімен қабылдады. Мәжіліс депутаттары са­пар­лары барысында Қазақ­стан­ның үдемелі индус­трия­лық-инно­ва­циялық даму бағ­дар­лама­сы­ның шеңберінде Қы­зылорда облы­сын­да ин­дустриялық картаға ен­ген инвестициялық жоба­лар­дың жүзеге асырылуымен және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің жол құрылысы жұ­мыстарымен де танысты. Тұтастай алғанда, халық қалаулылары өңірде 10 күн бо­лып, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыт­та­ры мен мемлекеттің дағда­рыс­тан кейінгі даму кезеңін түсіндірді. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. * * * АУЫЛДЫҚТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ Парламент Мәжілісінің де­пу­таты Нұртай Сабильянов Шы­ғыс Қазақстан облысының Үржар ауданының 10 ауы­лында сайлаушылармен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Мәжіліс де­путаты Үржар ауданының Қа­ра­бұйрат, Тасбұлақ, Алтын­шо­қы, Қабанбай, Қарабұлақ, Көк­терек, Келдімұрат, Қаратұма, Елтай, Шолпан ауылдарының тұрғындарымен кездесті. «Жол картасы» бағдарламасы ая­сын­да салынып жатқан ны­сан­дарды аралап, жұмыстың іркіліссіз жүріп жатқанына мән бер­ді. Соның ішінде Үр­жар ауы­лындағы орталық ауру­ха­наға, спорт кешені ғи­марат­тарына, мүмкіншілігі шек­теулі балаларды сауық­тыру орталы­ғы­на барды. Алтыншоқы, Елтай және Шолпан ауыл­да­рын­дағы ауылдық амбулатория­лар­ды, сонымен қатар, Қаратұма, Келдімұрат және Науалы ауыл­дарындағы жаңадан салынып жатқан мектеп ғима­ратын аралап көрді. Кездесулер барысында депутат Елбасының халыққа Жол­дауына, Парламенттің заң шығару қызметі мен «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасының орын­да­луы­на, үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму және Ақ­бұ­лақ бағдарламаларына жан-жақты түсінік берді. Сайлау­шылар тарапынан қойылған сұрақтар мен көтерілген мәсе­лелер де жауапсыз қалған жоқ. Үржар ауданының тұрғын­дары халықаралық маңызы зор мәселе – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық етуін, осы Ұйым Сам­митінің Астанада өткізілуін Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың ерен еңбегінің нә­ти­жесі деп бағалайтындықтарын білдірді. Н.Сабильяновтың Үржар ауданындағы кездесулері ба­ры­сында ауыл тұрғындары де­путаттың жеке қабылдауында болып, өздерінің ұсыныс-ті­лек­терін жеткізді. Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист. * * * ПАВЛОДАР ӨҢІРІН АРАЛАДЫ Парламент Мәжілісінің де­путаттары Аманқос Өте­ге­нов пен Елубай Оразалинов Ақсу қаласында болып, халықпен кездесті. Кездесуге Ақсу қа­ла­сының әкімі Оразгелді Қай­ыр­гелдинов қа­тысты. Халық қалаулылары дағ­да­рыс­қа қарсы мемлекеттік бағ­дарламаға түсініктеме беріп, Үкіметтің бағаны және инфля­цияны ырықтандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеу­меттік бағдарламаны жү­зе­ге асыруға бағытталған  іс-шаралары туралы айтты. Елубай Оразалинов Қазақстанның үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы шеңберінде көзделген жұмыс­тардың маңызын түсіндірді. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі қабыл­да­ған стратегиялық бағдар­ла­ма­сын іске асырудың бірінші кезеңінің аяқталуына бай­ла­ныс­ты 2010 жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен Қазақстан Респуб­ликасының  2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспа­ры бекітілгенін қаперге салды. Ол елдің он жылдық кезеңге арналған негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайды. Аманқос Өтегенов Мәжі­лісте талқыланып қабыл­дан­ған заңдар жөнінде жан-жақты түсінік берді. Мұнда ол  рес­пуб­ликалық бюджеттің негізгі бағыттары бойынша қаржы­лан­дыру қалай болатындығын әңгімелеп берді. Әлеуметтік салаға қаржының көп бө­лін­генін атап көрсетті. Мәжіліс депутаттары кездесуге қатысушылардың қой­ған сауалдарына жауаптар берді. Оларға негізінен зейнет­ақы, азық-түлік тауарларының бағасы, бала тәрбиесі, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту сияқты жәйттер төңірегінде сұрақтар қойылды. Кездесуді Мәжіліс депу­тат­тары былай қорытындылады: «Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің мазмұнды әрі жоғары деңгейде өткені баршамызды қуантып отыр. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танымал ел болды. Лайым ұзағынан сүйіндірсін!». Сәбира САҒЫНАЙ. Павлодар облысы. * * * ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗҒА ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТАЙЫҚ Бүкіл әлемді дүрліктірген Хиросима мен Нагасаки оқиға­лары­нан кейін ядролық соғыс болған жағдайда пәрменді күшті жа­ры­лыстар ойрандары, радиацияның таралуы, биологиялық зақым­да­ну­лар салдарын жан-жақты зерттеу өріс алды. 1949 жылы 29 та­мызда Кеңес Одағында тұңғыш рет ядролық қару сынақтан өтті. Атом қаруы жобасы бойынша полигон құру үшін тек Қазақ­стан­ның жер бедері жерасты ядролық жарылыстарды көтере алатын болып, елімізде полигон құ­рылды. 1949 жылдан 1989 жылға дейін сыналған ядролық қарулар күші Хиросимаға тасталған бомбадан 2 500 есе асып түсті. Күні бүгінге дейін Кеңес ға­лым­дарының өткізген сынақ­тары­ның нәтижесі құпияланған. Ал зақымдалған жер көлемі 304 000 шаршы шақырым екенін ескерсек, жауап белгілі емес пе? Иә, адамзат өмiрiндегi қолдан жасалған сұмдықты тоқтату үшін атқарылған көп жұмыстарды атап өту керек, ол: сынақ поли­гоны­ның жабылуы, ядролық зарядты жою, ядролық қаруларды сынауға тыйым салу және олардан бас тарту. Өкiнiшке қарай, шыңыраудан шыққан шындық жүзі еш өз­гер­мейді: 40 жылдан бері ауа мен адам­дар денсаулығын нашарлат­қан полигон аумағында бүгінге дейін радиоактивтi фон сағатына 10-20 миллирентгенге жетедi екен. Дегенмен, бұған қарамас­тан, полигон аумағында адамдар өмiр сүріп жатыр.  Адамдардың тағ­дыр мен биліктің әдiлет­сiз­дi­гінен азап шеккендері жасырын емес. Мысалы: ядролық сы­нау­лар­дан зардап шеккендер саны 1 323 000 адам деп белгіленгенімен, олардың құқығын растай­тын куәлiктер тек 1 057 000 адамға берілген. Ал жергiлiктi мемлекеттік билік туа біткен жарымжандықты ядролық сынаулар салдарына жат­қызбай, орташа алғанда олар­ға жәрдемақы ретінде 15 000 тең­ге төленсе, 22 000 теңге танылған мүгедектерге беріледі екен. Бұл қазіргі қымбатшылық, нарық за­манында қырық шоқпыттың қай жыртығын жамауға жетеді екен?! Чернобыль атом-электр стан­са­сындағы апаттан зардап шеккендер біздегі полигоншылардан артық жәрдемақы алады. Сондай-ақ, І, ІІ топтағы мүгедектерге тіпті мемлекеттік емханаларда емделу тегін емес көрінеді. Ал қа­жетті мамандардың жоқтығынан елімізде сәулеленуден пайда бол­ған аурулар емделмейді, шетелдерге де квота қарастырылмаған. Ресей мен Украина сияқты көршi елдерде Чернобыль мүгедектері тегін ем қабылдайды және 400-600 АҚШ доллары аралығында жәрдемақы алады. Бүкіл әлем бойынша тек Қа­зақ­станда ғана бұрынғы Ядролық сынақ аймағында адамдар өмiр сү­реді және аталмыш аймақты ауыл­шаруашылық мақсат­та­рын­да қолданады. Осыған орай, сы­нақ аймағында тұратындарға сәл де болса да өмірін жақсарту үшін 1992 жылдың 18 желтоқса­нын­дағы «Семейдегi ядролық сы­нақ­тар полигонында өткізілген ядро­лық сынау салдарынан зардап шек­­кендерді, азаматтарды әлеу­меттiк қорғау туралы» Заңды қайта қарастыру керек сияқты. Ал кезінде Чернобыль апаты­на қатысқан 32 мың адамнан бүгінде 7000 жарымжан қалға­нын ескере отырып, олардың да жағдайын мүмкіндігінше жақсар­ту жайы қарастырылуы тиіс. Жарымжандар әкімдіктер мен өзге де әлеуметтік қорғауға ар­нал­ған мемлекеттік мекемелер та­балдырығын тоздырып, шар­ша­ды. Мүмкіндіктері шектеулі аза­маттардың пікірі бойынша, олар­дың мәселесiне ешкім не кө­мектескiсi, не байыбына барғысы келмейдi. Өз азаматтарымызға жанашырлық танытайық та. Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты.