11 Желтоқсан, 2010

БАҚ бағындырған биіктік

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«ЕҚЫҰ Саммиті – ерен сынақ» – Астанадағы ұлы жиынның алдында газетімізде жарияланған мақа­лалар­дың бірі осылай аталған еді. Саммит елі­міздің бұқаралық ақпарат құрал­да­ры үшін де үлкен бір сынаққа айнал­ды. Енді, міне, бәрі де артта қалған кезде біздің БАҚ сол сыннан қалай өтті дей аламыз? Қазақстанның газеттері, телеарналары дүбір-дүңкілі дү­ние дидарына жетіп жатқан осы жиынды көңілдегідей көрсетті ме? Бұл сұраққа жауаптың, біздіңше, бү­гінде басы ашық. Президент Н.Ә.На­зарбаев Саммит қорытындысы бойын­ша Ақордада өткізген алқалы кеңесте Елбасы атынан алғыс арқалаған аза­мат­тардың арасында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмаға­лиев­тің де бо­луы, одан араға екі-ақ күн са­лып сала басшысының Парламенттің «Үкімет са­ғатында» есеп беру бары­сында депутаттар тарапынан Саммит кезіндегі БАҚ жұмысының жемістілігіне орай алғыс алуы соның бір дәлелі. Ең бастысы, оқырман мен көрермен қауым Саммит күндерінде отандық бұ­қаралық ақпарат құралдарының кемелдене бастағанды­ғы­ның, кәсіби тұрғы­дан жаңа биікке кө­терілгендігінің куәсі болды. Бәрінен бұрын жиын қонақтары­ның еліміз туралы жан- жақты  мағ­лұ­мат алуына барынша жағдай жасал­ға­нын айту шарт. Осы мақсатпен басты телеарналарымыз – «Хабар» мен «Қа­зақстан» ғана емес, басқа арналар да Саммиттің қарсаңында, Саммит күн­де­рінде жұрт ең көп көретін уақытты, яғни прайм-таймды ағылшын тіліндегі хабарлармен, фильмдермен толты­рып өте дұрыс жасады. Қонақжай­лы­лықтың халқымызға тән бір көрінісі өзіңе қолайсыз болса да қонағыңа қолайлы болуын алдымен ойлау ғой. Біздіңше, дәл сол екі-үш күннің ішінде корей, түрік телесериалдарының не­месе «Жаным» телехикаятының  екі-үш сериясын көрмей қалғаннан еште­ңе­міз кеткен жоқ. Оның есесіне күні бойғы конференциядан, пікірталастан қажып оралған шетелдік қонақтары­мыз әр кеш сайын Қазақстанымыздың тамаша табиғатын танып, тағылымды тарихымен танысып, ғажап ән-күй­лері­мізді тамсана да таңдана тыңдады, экономикалық, әлеуметтік дамудағы табыстарымызға нақты көз жеткізді. Осы арқылы елімізді құрметтей түсті. 26 қараша мен 3 желтоқсан ара­лы­ғында «Caspionet» арнасының «SUMMIT TV» атауымен тәулік бойы тек қана ағылшын тілінде хабар таратқаны – айтуға ғана оңай. Әйтпесе, журналист ретінде мұның қандай ауқымды, қандай машақат жұмыс екенін жақсы білеміз. Сол арнада Саммиттің бүкіл іс-шара­ларынан тікелей көрсетілімдер ұйым­дас­тырылды, әр түрлі сағат белдеуінің ерекшеліктерін ескере отырып, бағ­дар­ламалар қайталап көрсетілді. «Хабарда», «Еларнада» осы агенттік әзірлеген оншақты деректі фильм­нің экранға шығарылуы отандық кө­рер­мендер үшін де жаңалыққа айнал­ды деудің артықтығы жоқ. «Болашақ үшін», «2030. Жасампаздық кезеңі», «Уақыттан озған Қазақстан», «Сегіз қыр­лы – бір сырлы», «Мәртебе», «Уа­қыт. Ел. Көшбасшы» сияқты ленталар­дың барлығы да сапалы  жасалған. «Қа­зақ­стан» телеарнасының «Хель­син­киден Астанаға дейін», «Көш­басшы стратегиясы», «Тосын Қазақ­стан» сияқты фильмдері де көрермен көңілінен шықты деп ойлаймыз. Осы арнадағы «Қазақстанның жеті кереметі» деген атпен дайындалған жеті деректі фильмді Саммиттен кейін тағы қайталап көрсетудің де артықтығы жоқ сияқты. Екі арнада да жаңалықтар қызметінің сол күндері ағылшын тілді блоктармен толтырылғаны жарасып тұрды. 1 желтоқсан күнгі Саммит оты­рысының тікелей трансляциясы көпте­ген арналарда қатар жүргенін барша жұртшылық жақсы біледі. Ал отандық көркем фильмдердің кейбірі ағылшын тілінде көрсетілгеніне, кейбірі сол тілдегі титрлармен көмкерілгеніне де көңіл толды. Іс жүзінде 3 желтоқсанға дейін ұласып кеткен Саммиттің қоры­тынды баспасөз мәслихатын түннің бір уағы болғанына қарамай тікелей көрсету де өте орынды шешім болды. Газеттер де жан сала жұмыс істеді дей аламыз. Саммит өткен соң (ол күн­дерде басқа газеттерді оқуға шама­мыз келмегені түсінікті шығар) басы­лым­дарды қарап отырғанда олардың бәрінде де жиын жұмысы жан-жақты қам­тыл­ғанына көз жеткіздік. Саммит­тің баспа­сөз орталығында әлемдік масс-медиа өкілдеріне де, отандық журналистерге де жұмысқа тамаша жағ­дай жасалғанын тағы да разылық­пен айтқымыз келеді. Осындай сапы­рылыс уақытта елдің басты басылымдары – «Егемен Қа­зақ­стан» мен «Казахстанская правданың» бірлесіп «The Astana Times» атты ағылшын тіліндегі жаңа газет шығарып үлгергені де қонақтар тарапынан тиісінше бағаланды. Айта берсе Саммит күндеріндегі БАҚ-тың белсенділігіне де, біліктілігіне де нақты мысалдар жеткілікті. Бұл ұлы жиын біздің кәсіби шеберлігімізді шыңдаудың да бір үлкен мектебіне айналды, министрліктің шебер ұйым­дастыруының арқасында біздің БАҚ бұл күндері тағы бір биіктікті бағын­дырды дей аламыз. Самат МҰСА.