11 Желтоқсан, 2010

Ұлағаты зор ұлы жиын

986 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
«Тойдың болғанынан боладысы қы­зық» дейді халқымыз. Шынында да той­дың өзі бірер күндік ғана болғанымен, да­йындығы бірер айға, тіпті бірер жыл­ға созылатыны да бар. Өйткені, қазақ оны қашаннан-ақ алысты – жақын, жа­қынды туыс тартып, қапысыз сый­ла­са­тын, қалтқысыз сырласатын дос-жар тауып, өрісін кеңейтетін шарапаты мол, пайдасы зор аса жауапты жиын деп ұқ­қан. Сол сияқты, әлемнің жетпістен астам елінің басын бір шаңырақтың ас­тын­да тоғыстырып таныстырған, құр­лық пен құрлықтың арасына алтын кө­пір бо­лып тартылған халықаралық дең­гейдегі ұлы жиын – Астана Саммиті екі-ақ күнде өткенімен, қам-қарекеті та­баны күректей жеті жылға созылды емес пе. Жасыратыны жоқ, алғашында кәрі құр­­­лықтағы тыныштықты көздеп құрыл­ған Еу­ропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тас­тық ұйымына төрағалық ету ниетін Қа­зақ­стан бұдан алты-жеті жыл бұрын білдірген кезде бұл саяси құрылымның бұ­рынғы мүшелері тәуелсіздігін енді ғана алған, әрі азиялық ел деп алым­сын­ба­ған­дай, бірден қолдау білдіре қойған жоқ. Сон­дықтан төрағалыққа жету жолында билік басындағы азаматтарымыздың көп тер төгіп, түн қатып, түс қашып тыным­сыз еңбектенуіне тура келді. Ақыры, Ел­ба­­сымыздың табандылығы мен тапқыр­лығы, керек десеңіз тіпті таланттылығы арқасында көздеген мақсатқа қол жетті. Тумысынан жұлдызы жоғары болып жаратылған және тілге келгенді лезде бау­рап, ырқына тез көндіре қоятын ол әуе­лі мұ­хит асып барып, Америка Құрама Штат­тарының келісімін алды. Тоқырауға таяп, қызметінің қиюы қаша бастаған қауым­дас­тықты басқарғаннан не мағдұр таба­сың­дар, құр босқа төпе­ле­ген сын нөсері астында қаласыңдар ғой деген уәжге алдағыны алдын ала болжап, келер күндер биігін көре білетін алғыр ойлы бірбет басшысыз іркілген жоқ. «Әлбетте, біз сыннан қорық­пай­мыз. Сынның тала­йын бастан өткер­ген, мың өліп, мың тірілген халықпыз ғой. Төрағалық етіп өз қабілетімізді сы­нап көр­гіміз келеді, өз ісімізбен өзімізді таныт­қымыз келеді. Жас еліміз идеяға бай, бізде бейбітшілік пен мәміле­гер­ліктің киесі бар, халқымыз ежел­ден достыққа, татулыққа, төзімді­лік­ке, бауырмалдыққа бейім. Соны іс жүзін­де көрсетсек дейміз», – деп ағынан жары­лып ашығын айтты. Жарты жаһанды уысында ұстап отыр­ған алпауыт алып мемлекет ризашы­лы­ғын берген соң, басқа елдердің бас шұл­ғы­масқа лажы қайсы. Сөйтіп, Қазақстан төр­аға болып, әлемдегі ең бір беделді ұйым­­ның тізгінін қолға ұстады. Тәубе, нар тәуекел деп қолға алған төрағалығымыз тамаша табысты өтті. Төраға тұсында еліміз Ұйымның негізгі міндеттері қарулар­дың таралмауын бақылап, жанжалдардың алдын алу, сенімді қарым-қатынастар ор­на­тып, экономикалық, экологиялық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету, адам құқығын қор­ғап демократиялық институттарды да­мыту тәрізді қадау-қадау шараларды белсене жүргізумен қатар, төрткүл дүниені тітірентіп, дүрдараздықты былай қойған­да қарулы қақтығыстарға дейін барған өңір­лердегі екі ұдай оқиғаларға да ара­аға­йын ретінде араласып, әділ төрелігін айтып, түйткілді мәселелердің дұрыс шешімін табуға атсалысты. Алғашқы күндерден-ақ игі істерімен көзге түскен төрағалық Қазақстанның аталған ұйымның саммитін, яғни мүше елдердің мемлекет һәм үкімет басшы­лары­ның дәстүрлі кездесуін жаңа елор­дамыз – Астанада өткізуіне қолын жеткізді. Баста төрағалық қолға тигенде мем­лекетіміз жас болса да бас болып, ежелгі Еуропа елдеріне басалқа айтып, сөзін өткізетін деңгейге көтерілді деп қуансақ та, ұлық мәртебелі Ұйымның ең жоғары органы, әрі қызметінің шыр­қау шыңы саналатын саммитін өткізе­ті­нін білгенде қай-қайсымыз да қатты толғандық. Айдай әлемнің жақсы мен жайсаңдары бас қосып, саясаттың кілең бір ығай мен сығайлары бүгінгі таңның тоқсан тарау толғақты мәселелерін тал­қы­лайтын беделі биік ұйымға ойдағы­дай басшылық жасай алса игі ғой, деген үміт пен күдігі алма-кезек ауысқан түйт­кілді ой әр кеудені күмбірлетіп, әр жү­ректі дүрсілдеткені айдан анық. Ұлы қа­зақ даласын өз отаны санайтын әрбір са­налы азаматтың жалғызы атқа шап­қанда үйде отырып тақымын қысатын анадай те­біреніп, Саммиттің сәтті өтуін жатып та, тұрып та тілегені және шындық. Ол аз де­сеңіз, жақсылық дегенге жанын үзіп, жа­ңа­лық дегенге жанып кететін ақкөшек қай­ран қазақ қайтсін-ай, ұлы жиыннан үлкен үміт күтіп, жаңа туған нәрес­тесі­нің есімін де ырым ғып Саммитхан атап жатты. Ал айтулы жиын ашылатын желтоқ­сан­ның алғашқы күні ұлылы-кішілі отан­дастарымыздың жас-кәрісі түгел дерлік көгілдір экран алдында отырды десек, әсте де артық айтқандық болмас. Бір кезде белгіленген уақытта Астанадағы Тәуел­сіздік сарайының самаладай жарқыраған әсем зерлі күмбезінің астында Елбасы­мыз­дың құлаққа жағымды, жүрекке жұғымды таныс даусы саңқ етті. Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық деңгейдегі биік мәртебелі жиынды өзі ашып: «Қазақстан халқы атынан Еуро­па­дағы Қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымының саммитіне жиналған мәр­тебелі меймандарды ыстық ықылас­пен қарсы алғаныма қуаныштымын. Тәуелсіз­дігін таяуда ғана алған Қазақстан тұңғыш рет осы аса маңызды халықаралық фо­румды ұйымдастырып отыр. Мен біздің елімізге сенім білдіргені үшін барша әріптестеріме зор алғыс айтамын», деген риясыз ілтипат пен ыстық ықыласқа толы алғашқы сөздерді таза қазақ тілінде айтқанда төбеміз көкке жеткендей, жалымыз күдірейіп, жанымыз елжіреп кетті. Аталмыш ұйымның ресми алты тіліне (ағылшын, испан, итальян, неміс, орыс, француз) жетінші болып, қазақ тілі қосылғандай кеудемізді қуаныш кернеді. Ана тілінің абыройын асқақтатып, қазақ атын әлемге әйгілеудің жарқын үлгісі емес пе бұл. Осы орайдағы әрқайсымыздың кө­ңіл-күйімізді заманымыздың заңғар сазгері Еркеғали Рахмадиев тамаша тап ба­сып қыл пернесін дөп шерткен екен. «Мен бүгін өз халқымның, қазағымның басы­на қонған осы асқақ абыройды көріп, кө­ңі­лім көлге қонған шағаладай шабыт­танып отырмын, – деп жазды ол «Егемен Қа­зақ­стан» газетіне. – Тәңірім қазақтың атын айдай әлемге паш етіп, абырой-беделін асқақтатып жатқан қуаныштың үстінде жарылмағанда, қайран жүрек қашан жа­рыл­мақ. Көңілім алабұртып, өн бойым­ды бұрын-соңды бастан кешпеген алапат сезім кернеп барады. Шы­нымен де, қазақ қазақ болғалы әлемнің осынша елі­нен келген сыйлы мейман­дарды тө­рін­де қадірлеп мұншалық кең ауқымда арқа-жарқа күй кешпеген шы­ғар. Тәуел­сіз Қазақ елінің болашағы мынандай ду­манды дүбір, ел мен елді, адам мен адам­ды, көрші мен көршіні өзара дос­тық пен ынтымақты тірлікке шақырған шара ата-баба аңсаған азат рухтың кім-кімді де кемдікте емес, терезесі тең­дік­те, қастықта емес, кең жазира ендікте тұрып ұғысар ұлағатындай жігерлендіреді». Сазгер ағаның осы ойлары бір өзі­нің ғана емес, бүкіл қазақ зия­лыларының жүрегін жарып шыққан ортақ пікірі десек тіпті де жаңылмаспыз. Елбасымыздың Саммитті ашып сөй­леген сөзіндегі салиқалы ойлар мен сын­дарлы пікірлер жиынның бүкіл ба­ры­сына бағыт-бағдар бергендей болды. Сондықтан сөз алғандардың ешқайсы­нан да бұра тартар артық-ауыс қияс пікір байқалған жоқ. Барлығы да дүйім дүниені толғандырып отырған аса мәнді мәселелер туралы ой-пікірін ортаға сал­ды. Әлемнің әр қиырын­дағы елдерден кел­ген мемлекет және үкі­мет басшы­лары, делегация жетекшілері Қа­зақ­стан­ның биылғы төрағалық қыз­меті­не, әсіресе, саммиттің ғажап ұйымдас­ты­рыл­ғанына, қазақ елінің керемет қонақ­жай­лығына, оның Сарыарқаның сайын дала­сында ірге көтеріп, он-ақ жылдың бағ­дарында жер шарының ғажайып сәу­лет ордаларымен иық теңестірген Аста­насына жоғары баға беріп, осының бәрі Елба­сының ерен еңбегі мен ерлігінің жемісі, Ұлт көшбасшысының көреген­дігі мен кемеңгерлігінің арқасы екендігін атап айтты. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас хат­шысы Пан Гин Мунның, Ресей Пре­зиденті Дмитрий Мед­ведев­тің, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хил­лари Клин­тонның, Францияның Премьер-министрі Франсуа Фийонның, Германия­ның фе­де­ралдық Канцлері Ангела Мер­кельдің, Тә­жік­стан Президенті Эмомали Рахмонның сөздерінен осы сарын таң самалындай есіп, жүрегімізге жылы леп себездеп тұрғандай болды. Қырғызстан мен Ауған­станның президенттері Роза Отунбаева мен Хамид Карзай өз елдеріндегі іріңкезек қырқылжыңды ауыз­дық­­тауға атсалысып, ұшан-теңіз көмек көр­сет­кені үшін мың да бір алғыс айтты. Бір қызығы, Саммитте сөз сөйлеген ал­пыстан астам қайраткердің басым бө­лігі Қазақстанның табысты төраға­лы­ғы­на тоқталғанда, ылғи да «Қазақ төраға­лы­ғы» деп отырды. Әрбір қазақтың жа­ны­на майдай жағып, майда лебізімен жү­ректі әлдилеген осынау сәтті тіркес­тің астарында терең сыр жатқан сияқты. Осы арқылы олар Қазақ елін ғана емес, оның кемел ойлы Көшбасшысын да мең­зеп, игі ісі мен ізгі ниетіне ризалық біл­діріп отырғандай көрінді. Ұлыбри­тания­ның Үкімет басшысы Дэвид Кемеронның атап айтқанындай, Қазақстан мен оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­на қандай мақтау айтса да жарасатыны айдай анық шындық. Алайда Саммит бастан-аяқ мақтау мен марапаттаудан тұрды, теріс- шалыс пікір төбе көрсеткен жоқ десек, шын­дық­қа қиянат болар еді. Айтыстың кө­ке­сі, пікірталастың көбі беделді жиын­ның басты құжаты – Астана Декларациясын қабылдау кезінде шаң берді. Аталмыш тарихи құжат табаны күректей он екі сағат талқыланды. Тек саясаттың тәжірибелі тар­­­­­ланы, сарабдал сардары Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бастан-аяқ өзі жүргізіп отырған мәжілісті білікті басқаруы, жұрт­тың бәрімен тіл табысып, ортақ пікірге ұйыта білетін шеберлігі арқасында ғана бір ауыздан қабылданып, Астана Дек­ла­рациясы атты тарихи құжат дүниеге кел­ді. Бұл Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының жетінші сам­ми­тінде қабылданған жетінші негізгі құжа­ты. Жетіні қасиетті сан деп білетін қазақ үшін осының өзі бір ғанибет секілді. Осылайша әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйы­мынан кейінгі аса беделді құры­лым­ға Қазақстан төбебилігінің биік шы­ңы – Астана Саммиті де тамаша табыс­пен аяқталды. Әу баста кеңес болып құ­рылған ұйым Хельсинки үрдісіне орай Атлантикадан Оралға дейінгі аралықта жалпыеуропалық ынтымақтастық үйі­нің шаңырағын көтерсе, ұйым ұлғайған екінші кезеңде еуропалық қауіпсіздік қағи­дат­тарын Ванкуверден Владивос­ток­қа дейінгі алып аймаққа орнық­тыр­ған еді. Енді Қазақ елінің төрағалы­ғы­нан кейін бұл қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастық бұ­рын­ғыдан әлдеқайда ауқым­ды, ұшы-қиыр­сыз кеңістікті қамтып, мұ­хиттан мұ­хитқа дейінгі, яғни төрт мұ­хитпен аста­са­тын шетсіз-шексіз аумақ­қа қанат жайып, жаңа деңгейге көшкелі отыр. Ұйым төр­ағалығының тізгінін келер жылы ұстай­тын Литва Республикасы осы үрдісті жемісті жалғастырса, нұр үстіне нұр. Литва президенті Даля Грибаускайте өз сөзінде төрағалыққа әзірлігінің жа­йын айта келіп, ұйымның демокра­тия­лық қауіпсіздікті сақтау, адам құқығын қор­ғау, бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның еркіндігін қамтамасыз ету сияқты негізгі бағыттарына қатысты нақты ұсы­ныстар әзірлеп, құрылымның қыз­мет аясының кеңдігіне қарамастан, жа­ңа міндеттер айқындауға тура келетінін айтты. Сөз соңында ол осынау жетекші ұйымға төрағалық етудегі Қазақ елінің күш-жігеріне көңілі толатынын, өздері­не оның өнеге болатынын білдірді. Расында да, Еуразия жүрегінде, ежел­гі қазақ жерінде өткен осынау саммит елі­міздің тарихындағы дәуірлік оқиға ғана емес, талайларға өнеге болатын, дүйім дүние өнеге алатын ұлы жиын болды. Оның осылай ойлаған жерден шығып, өте сәтті өтуіне өсер елдің өскелең бас­шы­лығы жүйкесінің сөлін, жүрегінің нәрін сығып беріп, түн ұйқысын төрт бөліп, таңды таңға ұрып, қауырт жұмыс істеді. Оны айдай әлемді жанарына сыйғызып, аясында ұстағандай әсер қалдырған Ел­ба­сымыздың алғашқы күнгі реңінен де бай­қауға болатын еді. Ал саммит аяқ­талып, түнгі сағат бірден аса дүниенің төрт бұрышынан беделді ұйымның ұлы жиынына келген мың жарымға жуық қалам еңбеккерлерінің өкілдерімен бас­пасөз конференциясын өткізуге ол дүр сілкініп түлеп салған қырандай жар­қыл­дап, мүлдем үржаңа боп жайраң қа­ғып келді. Жиынның сыртында отызға жуық елдің басшыларымен өткізген келіссөздерінің өзіне қанша күш-жігер жұмсалғаны да ұмыт болған тәрізді. Құдайдың өзі қуат берген, халқының сенімі қанат бітірген біртуар азамат дәл осындай болса керек-ті. – Бүгін біз бүкіл қазақ тарихындағы ең абыройлы белеске шығып тұрмыз. Қазір ғана аяқталған алқалы жиынмен бірге Қазақстан өркениет көшіндегі жа­ңа кезеңге қадам басты, – деп са­бақтады сөзін Нұрекең журналистер қауымымен кездесуінде. – Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмайды, бүгінгі таңда Қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы да жаңаруды басынан кешіріп отыр. Ас­та­на Саммиті арқылы Ұйымның ауқымы ғана емес, саяси сипаты да өзгерістерге ұшырады. Біз дүниеге Батыс пен Шы­ғыс немесе түстік пен теріскей деген кереғар түсініктермен емес, ендіктер мен бойлықтар үндескен тұтас әлем ретінде қарауымыз керек. Сондықтан біз Астанада еуроатлантикалық және еур­азия­лық біртұтас қауіпсіздікті қалып­тас­тыруға батыл қадам жасадық». Сосын ол саммит жұмысының жемісті өтуіне атсалысқан, ол жайындағы ақ­параттарды дүниенің түкпір-түкпіріне та­рат­қан қалам еңбеккерлеріне үлкен риза­шы­лығын білдіріп, олардың сан алуан сұ­рақ­тарына толыққанды жауап берді. Са­йып келгенде, саммит сияқты ұлағаты ұшан-теңіз ұлы жиынды ой­да­ғыдай өткізу ат төбеліндей билік басын­дағылардың ғана қолынан келмес еді. Оған бір ауыл, бір бауыр болып бүкіл қауым, күллі халық атсалысты. Әсіресе, Астана жұртшылығы, оның ішінде түр­лі қызметтегілер, Прези­дент Әкім­ші­лі­гі­нің, Парламент пен Үкі­мет­тің, тиісті ми­нистрліктердің қызмет­кер­лері, тіпті еліміздің барлық тұрғындары бұл жиын­ның абыроймен өтуіне үлес қосты. Сон­дықтан Елбасымыз ешкімді бөле-жар­май, барша халыққа алғыс айтып құт­тық­тау жолдады. Онда ол отандас­та­рын саммиттің жоғары деңгейде өткенімен құттықтап: «Дүние жүзінің беделді мем­лекеттерінің басшыларын Астанаға жинап, Қазақстанның атын әлемге әйгіледік. Сондықтан бұл біз үшін мыңжылдықтың алғашқы саммиті ғана емес, мың жылда бір болатын тарихи оқиға», деп тағы да атап көрсетті. Біз де сырбаз сәулеткер, сергек ақын Сайын Назарбекұлы сияқты: Береке, бірлік, кемеңгер басшы – Елбасы, Тұрғанда анық бақыттың бастан таймасы. Қазағым менің, мәртебең сенің құт болғай, Кешегі саммит есейген елдің айнасы, – дейміз. Лайым да, айнамыз шытынамай, бір­лігіміз бытырамай, берекеміз мо­ла­йып, мерекеміз көбейе берсін. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.