Барша қазақстандықтарды және еліміздің кеденшілерін Тәуелсіздік күнімен және кеден қызметінің құрылған күнімен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының кеден қызметі өзінің 19 жылғы тарихында жетілген, тұрақты, мүмкіндігі мол, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаратын, сондай-ақ елдегі экономикалық үдерістерге нақты ықпал ететін мемлекеттік орган болып қалыптасты. Достастық елдерінің кеден қызметтері ішінде Қазақстан кедені техникалық кедендік бақылаудың жаңа құралдарын енгізуде және қолдануда алғашқылардың бірі болып табылады. Қазақстан кеден қызметі жетістіктерінің бірі Дүниежүзілік кеден ұйымының Өңірлік оқу орталығының кедендік бақылау комитеті базасында ашылуы болды.
Қазіргі уақытта, Кеден одағының жұмыс істеуі шеңберінде кеден жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған халықаралық стандарттарға және Дүниежүзілік кеден ұйымының талаптарына сәйкес үйлестіру және құқықтық базаны сәйкестендіру бойынша бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Барлық осы жетістіктер жалпы алғанда бүкіл ұжымның жұмысы мен әрбір кеден қызметкерлерінің жеке дара еңбегінің нәтижесі.
Қозы-Көрпеш КӘРБОЗОВ, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы.
* * *
КЕДЕНДЕГІ КЕЛЕЛІ ІСТЕР
«Кеден одағы – ықпалдастық үдерістің екінші кезеңі. Алғашқысы – еркін сауда-саттық аймағы болса, үшіншісі – ортақ рынок, Біртұтас экономикалық кеңістік, одан әрі Еуроодақ сияқты экономикалық одақ болады».
Н.Ә.Назарбаев.
Еліміздің кедендік жүйесінің қалыптасуы тарихи және экономикалық жағдайларда жүзеге асты. Бір жақтан – Кеңес одағының құлауы, экономикалық құлдырау туындаса, екінші жақтан – тәуелсіз мемлекеттің құрылуы пайда болды. Осы кезден бастап бүгінге дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауын сезінетін кеден қызметі еліміздің экономикалық мүдделерін қорғауды нығайтуға бағытталған бірнеше кезеңдерді бастан кешті. Енді, міне үстіміздегі жылдың 12 желтоқсанында еліміздің кеден қызметінің құрылғанына 19 жыл толмақшы. Биылғы кәсіби мерекеміз ел кеденшілері үшін зор қадам – Кеден одағына кіру оқиғасымен есте қалары анық.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінің Кеден одағы өзінің іс жүзінде жұмысын атқару кезеңіне қадам басты. «Үштікке» қатысушылардың арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрайтын нормативтік құжаттардың біршама бөлігі қаралды. Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында қабылданған халықаралық келісім-шарттың қағидаларына сәйкес Кеден одағы үш кедендік аумақтарды біртұтас кедендік аумаққа біріктіруді қарастырады. Сонымен қатар осы елдердің аумағында өндірілген және біртұтас одақтық аумақта кедендік ресімдеуден үш елдің бірінде өткен еркін айналымда болатын үшінші елдерде өндірілген тауарлардың сауда-саттық айналымына кедендік баждар мен экономикалық сипаттағы шектеулер алынып тасталады.
Көптеген нормативтік құқықтарды бірыңғайлау мен кедендік аумақты тұтастандыру экономиканы әрі қарай дамытуға, жаңа инвестициялық өндірістер мен салалардың пайда болуына, сәйкесінше тауар мен қызмет түрлерінің артуына септігін тигізіп, өз кезегінде жұмыс орындарының өсуіне әкеліп соқтырады және тұрмыс деңгейі жоғарылап, өзара ішкі шекарадағы төлемдер мен алымдардың жойылуынан халық тұтынатын өнімдердің бағасы тұрақтанады деп үміттенеміз.
Кеден одағы – бұл өз күшімізді тексерудің мүмкіндігі. Үш елдің кедендік бірігуінің нәтижесінде ынтымақтастық, бизнестегі тығыз өзара қарым-қатынас қалыптасады. Кеден одағы әлемдегі ең тартымды рыноктық өңірдің біріне айнала отырып, ішкі рынокты кеңейтеді және үш елдің экспорт көлемін ұлғайтпақ. Аталған Кеден одағының бастамасы ретінде «үшінші» елдермен тауар айналымына бірыңғай кедендік тарифтер және тауарлармен сауда-саттықты реттеудің басқа да тарифтік емес бірыңғай шаралары ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді.
2010 жылдың 1 шілдесінде Кеден одағының Кеден кодексі күшіне енді. Демек, Кеден одағына қатысушылар арасында тауарларды кедендік ресімдеу болмайды. Тиісінше «үшінші» елдерде өндірілетін тауарлар жөніндегі шарттар Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап қарастырылмақ. Сондықтан өзара кедендік ресімдеу алынып тасталғаннан кейін де ішкі шекаралардағы бақылаулар бірден жойылмайды. 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін кедендік, санитарлық-эпидемиологиялық, фито-санитарлық, ветеринарлық, көліктік және шекаралық бақылау түрлері уақытша сақталады. Бірақ олар да шекаралық бақылауды қоспағанда кейін Кеден одағының сыртқы шекараларына шығарылуы тиіс.
Кеден одағының құрылуы тұсында Кедендік бақылау комитеті де өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Ағымдағы жылдың басынан бастап 11 ай ішінде (қаңтар-қараша) еліміздің кеден органдары ел бюджетіне 642,773 млрд. теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар өндірді. Болжамдық тапсырманы орындау 103,7 пайызды құрады. Өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда түсім 121,196 млрд. теңгеге артты. Кеден органының бір қызметкері ел қоржынына 121,7 млн. теңге пайда түсірді. Тағы бір айта кететін жәйт, кеден органдары 2010 жылдың 11 айында-ақ былтырғы жылдың кірісін орындады. Сондай-ақ, 689 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 392 іс – экономикалық контрабанда бойынша, 78 іс – кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару, 126 іс – айналымнан алынған заттар контрабандасы бойынша. Кедендік төлемдер мен салықтар төлеуден жалтарудан түскен сома 3 млрд. 355,9 млн. теңгені құрады. Кедендік шекарада контрабандалық есірткі заттарының 124 фактісі анықталды. Ұсталған есірткі заттарының салмағы 594, 9 кило құрады. Комитет тарапынан тұрақты түрде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіліп келеді. Осылайша, 2010 жылдың 11 айы ішінде кеден органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты 85 қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң жазаға тартылды.
Кеден одағы – уақыт сынынан өткен интеграцияның түрі. Тарихқа жүгінсек кеден одағы АҚШ, Канада және Мексикада жемісті іске асып отыр. 1968 жылы кеден одағы Еуропада қалыптаса бастады. Өткен жылы оның қырық жылдығы аталып өтілді. Оның ішінде он екі жылды Еуропа баждар мен тарифтерді бірыңғайлауға, ішкі шекараларды алып тастауға жұмсады. Одан кейін тағы жиырма жыл заңнамалық ішкі қайшылықтарды жойды. Сонымен тек 1993 жылы ғана Еуропалық кеден одағының қалыптасу үрдісі толығымен аяқталды деп танылды.
Жалпы, Кеден одағы – бұл өте үлкен сын. Ал біздің халқымыздың осы орайда туындайтын рыноктық бәсекелестікке төтеп бере алатынына сенім бар. Жұмыла қолға алған бұл істің өз мақсатына жетуі үшін ақыл-оймен, біліммен салмақталған қажырлы да ынталы еңбек қажет, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету бұл – кеден қызметкерлерінің басты міндеті.
Ержан БАЙТАНАЕВ, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі.