Астанадағы ресейлік «Риа-Новости» агенттігінің Орталықазиялық өңірлік бөлімшесінде «Бірыңғай экономикалық кеңістік. Құрылу мәселелері мен келешегі» тақырыбында «Мәскеу-Астана» бейнекөпірі болып өтті. Онда Мәскеуде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының кездесуінде қол қойылған БЭК туралы декларация, Кеден одағына, БЭК-ке байланысты мәселелер талқыланды.
Мәскеуде қойылған 13 келісімнің Кеден одағына біріккен үш елге әкелер пайдасы қандай? Келісімдер тиімділігін азаматтар қашаннан бастап сезіне бастамақ? Міне, осы және басқа да мәселелерге жауап беруі үшін Қазақстан тарапынан Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов, Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы, депутат Гүлжан Қарағұсова қатысса, Ресей тарапынан ЕурАзЭҚ сауда саясатының басшысы Владимир Чушкин, Ресей Думасының экономикалық саясат және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Евгений Федоров, Постиндустриялық қоғамды зерттеу орталығының директоры Владислав Иноземцев қатысты.
Кеден одағы мен БЭК-тің берер пайдасы туралы Елбасымыз да талмай айтып келеді. БЭК іс жүзінде тиімділігі бірден сезіле қояды деп те айту қиын, оның үстіне оған адамдардың психологиялық тұрғыда дайындығы да керек екендігі айқын. БЭК декларациясы Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдерінде тұрып жатқан азаматтардың жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, ұлттық тұрғыдан ғана емес, үш елге ортақ мүдде тұрғысынан қарап, ортақ макроэкономикалық саясат жүргізуі үш елдің әлемнің экономикалық көшінде алға шығуына серпім беретін болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.