Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығын іске асыру мақсатында қаулы етемін: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша бекітсін; 2) жарты жылдың қорытындылары бойынша 15 қыркүйекке және 15 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берсін. 3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын. 4. «Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 шілдедегі №626 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., №32, 333-құжат) күші жойылды деп танылсын. 5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. 6. Осы Жарлық 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ. Астана, Ақорда, 2010 жылғы желтоқсанның 7-сі. №1118. Толығымен: Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы