Тың пікір, ұтымды ойлар мемлекеттік тілдің қолдану аясы мен ономастикаға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі қаралды
Талдықорғанда «Қазақ ономастикасы: басым бағыттар мен үлгілі үрдістер» тақырыбындағы екі күнге созылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, оның жұмысына еліміздегі және өзге мемлекеттердегі ғалымдар мен тіл мамандары қатысты. Алқалы жиынды Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ашып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтумен қатар, ономастика мәселелеріне қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. – Бүгінгі талқыланатын ономастика үрдістері тіл саясатының маңызды буыны екені анық. Өйткені, жер тарихы-ел тарихы десек, халық берген әрбір атау сол жердің тарихи құжаты, жады, атадан балаға қалған мұрасы. Осы орайда Елбасының «Отаршыл заманды еске алып, халықтың намысына тиетін атауларды, тілдің өзіндік заңдылығын, табиғи үндестігін бұзып тұрған атауларды ауыстырмаса болмайды» дегені біздің бүгінгі жұмысымыздың басты мақсаты, деді. Еліміз тәуелсіздік алғалы Жетісу өңіріндегі 188 елді мекеннің, 66 ауылдық округтің, 177 білім және 4 мәдениет мекемесінің байырғы атаулары қайтарылды немесе жаңа атауларға ие болғаны да көпшілік назарына ұсынылды. Дегенмен, ономастикалық мәселенің әлі шешімі табылмаған тұстары бар екеніне де басшы ерекше назар аударды. Бұдан соң Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров «Тіл саясаты және ономастика: ұлттық мүдде мен елдік мұрат» тақырыбында баяндама жасап, конференция жұмысына басшылық жасады. Пленарлық мәжілісте Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл «Ономастика тұғыры ұлттық мүдде», Қырғыз Республикасы Ғылым академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ақматалиев «Ономастикадағы жаңа Манас есімі», С.Демирел атындағы университеттің оқытушысы Шабан Айдоғды «Анадолыдағы жер атаулары», Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы А.Науайы атындағы Тіл және әдебиет институтының профессоры Эрнст Бегматов «Түркі тілдеріндегі антропонимдік параллельдер», «Қазақстан ономастикасының мәдени-әлеуметтік жағдаяты» тақырыбында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысберген және басқалары баяндама жасап, өзге де қатысушылардың пікір алмасуы мен ұсыныстарына ұласты. Келесі күні Тіл сарайында Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті және Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді оқыту: ізденістер мен тәжірибелер» атты республикалық семинар жұмысымен жалғасып, оны Бауыржан Омаров жүргізіп, алқалы басқосуда жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс басшылығы мен тілдерді дамыту басқармасының ұжымына ыстық ықыласын жеткізді. Жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов сөз сөйледі. – Кешеден бері еліміздің ономастика мен тіл мәселелерін тереңнен зерттеп жүрген ғалымдар мен осы сала мамандарының басын біріктірген алқалы жиын жұмысын жалғастырып отыр. Онда ұтымды ой айтылып, тиісті шешімдер қабылданатыны анық. Өңірде ұлттық құндылықтарымызға ұқыптылықпен қарап, жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімінің бастамасымен бүгін өздеріңіз отырған Тіл сарайы, Достық үйі, қаламызға кіре берістегі Спорт кешені бой көтергені дәлел. Биылғы жыл Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы жылы ретінде екі арадағы барыс-келіс жалғасын тапты. Корей халқы бізді кішіпейіл, өздерінің салт-дәстүрінің тұнықтығымен баурап алды. Себебін іздегенде Сеулдің орталығында халықтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын насихаттайтын көне ауыл бар екенін білдік. Ақылдаса келе осындай ауыл салуды жоспарладық. Талдықорғанның шығысына орналасқан атшабар жанынан келер жылы ұлттық болмысымыз бен тұрмыс-тіршілігімізді айшықтайтын этно ауыл құрылысы басталмақшы. Жастарды өз ұлтын сүюге, дәстүр-салтын құрметтеуге тәрбиелеу осылай жалғасады. Сәтін салса, оны да көріп, тамашалайсыздар, деген Серік Мейірханұлының пікіріне жұртшылық ұйыды. Тіл сарайында мемлекеттік тілді оқыту мәселелерін зерттеп, қазақ тілінің қолданыс аясы мен мәртебесін көтеруге білек сыбана үлес қосқан ғалымдар мен мамандар сөйледі. Олардың қатарында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Несібелі Құрман «Мемлекеттік тілді ақпараттанған қоғамда оқытып-үйретудің инновациялық жүйелері», А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Әлімхан Жүнісбеков «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің деңгейлері», Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры Жарқынбике Сүлейменова «Жоғары білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамалық негіздері», Астана қалалық «Руханият» орталығының директоры Ербол Тілешов «Мемлекеттік тілді оқыту: жаңа жүйе, деңгейлер мазмұны, оқытудағы сабақтастық», Астана медицина университетінің профессоры, Мұхамбедия Ахметов «Медицина тілі қазақша қалай жазып, қалай сөйлеп жүр?», І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазинов «Мемлекеттік тілдің жоғары оқу орнында оқытылу барысы және оның маңызы», Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Тәңірберген Қасымберкебаев «Мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастыру мәселелері» және Алматы, Ақтөбе, Астана, Павлодар, облыстық тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері баяндама жасап, әрдайым өзектілігімен ерекшеленген мәселе төңірегінде зерттеу нәтижелері мен іс-тәжірибе, жинақталған маңызды ойларын ерекше ынта-ықыласпен жиналғандар назарына салды. Әсіресе, өткен уақытта «Атамның аты –ауылға, көкемнің аты – көшеге» демекші елді мекен, көшелер мен мектептерге көзі тірі жандардың есімдері беріліп, жер-су атауларын жаңғыртуда кемшіліктер кеткені де ашық айтылды. Енді соның орнын толтыру барысындағы жұмыс қолға алынғаны қуантады. Сондай-ақ, адамның аты-жөні мен тегін дұрыс жазу мәселесі де назардан тыс қалмады. Екі күнде тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына орай ортаға салынған ой-тұжырым барысында мемлекеттік тілді оқыту, үйрету жолдары, ел мен жердің атаулары, тағы басқа түйінді мәселелер терең қозғалуымен ерекшеленді. Тың пікір, ұтымды ойлар жерде қалмайды десек, тіл жанашырлары оны өз істерінде жүзеге асырса, нұр үстіне нұр. Жиында тіл жанашырлары халықаралық қазақ тілі қоғамының арнайы дипломдарымен марапатталды. Мемлекеттік тілдің дамуына, халықтық салт-дәстүріміздің орнығуына үлес қосып, жағдай жасауда ерекше қырымен танылған облыс әкімі Серік Әбікенұлы «Ана тілі мәртебесі» белгісі және халықаралық қазақ тілі қоғамының құрметті мүшелігіне қабылданды. Семинарды Бауыржан Омаров қорытындылап, белсене қатысқан әріптестеріне ықыласын жеткізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі мерейлі міндетті абыроймен атқарудағы тынымсыз тірліктеріне сәттілік тіледі. Сүлеймен МӘМЕТ, Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.«Кәсібінің үздігі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Медицина • Бүгін, 20:25
Президент тапсырмасы: жас ғалымдарға пәтер сертификаттары табысталды
Қоғам • Бүгін, 19:35
Елорданың «Байқоңыр» ауданында ауқымды мұз айдыны ашылды
Елорда • Бүгін, 19:30
Президент Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады
Президент • Бүгін, 19:18
Байсерке ауылында көпсалалы аурухана салынады
Аймақтар • Бүгін, 17:45
Алматыда «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтеді
Кино • Бүгін, 17:30