AltynGroup Kazakhstan ЖШС құрылтайшылары – Асаубаевтар отбасы Қазақстан, Қырғызстан және Румыния аумақтарында орналасқан Kazakhgold компаниясының операциялық активтерін сатып алу жөніндегі үдерісті бастады. Еске сала кетсек, Kazakhgold тобындағы негізгі алтын өндіруші компания «Қазақалтын» кен-металлургия комбинаты» АҚ болып табылады.
2009 жылдың тамызында Асаубаевтар отбасы өз акцияларының 20 пайызын ресейлік «Полюс-Золото» ААҚ-қа сатқан болатын. Қазір отбасы Kazakhgold өндіріс активтерінің 100 пайыз акциясын сатып алуды және халықаралық бизнес-алаңдарда жаңа листинг өткізуді жоспарлауда. «Қазақалтын» АҚ экс-президенті Бауыржан Асаубаевтың айтуына қарағанда, «Полюс-Золото» менеджменті осы жылдың қазан айының аяғына қарай тұйыққа тірелген: ресейліктер RTO (кері жұтылым) өткізуде дәрменсіз болып шығып, Қазақстанда қандай да бір қызмет жүргізу мүмкіндігінен тыс қалған. Өйткені, кейін белгілі болғанындай, алыс-беріс нәтижесінде «Жер қойнауы байлықтары туралы» ҚР Заңының 71-ші бабы (жаңа редакцияда бұл аталмыш заңның 12-ші бабы) бұрмаланған екен.
Ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде қазақстандық һәм ресейлік тараптар желтоқсанның басында акцияларды оның бастапқы иесі – Асаубаевтар отбасының сатып алуы туралы келісімге келді. Қаржы сарапшыларының пайымдауынша, бұл қалыптасқан даулы ахуалдан шығудың неғұрлым оңтайлы, дәлірек айтқанда, бірден-бір жолы болған.
Отбасы өзінің акцияларын қайтарып алу үшін «Полюске» елеулі сома (екі транш 500 миллионнан астам долларды құрайды) төлеуге неліктен келісті деген сұраққа Бауыржан Асаубаев былай деп жауап берді: «Бір жыл бұрын өз акциямыздың 20 пайызын сата отырып, биылғы жылы біз Kazakhgold операциялық активтерінің 100 пайызын сатып алудамыз. Неге екенін түсіндірейін. Өткен жылы әлемдік нарықта алтынның құны троицкілік унция (бір троицкілік унция 31,117 грамға тең) үшін 700 доллар шамасында болды, ал биыл ол баға екі есе өсіп, қазір шамамен 1400 доллар болып отыр».
Сондай-ақ ол Полюстің қолында Kazakhgold қаңқасын ғана қалдырған қазақ жағы ешқандай үлкен ұтылысқа ұрынбағандығын атап көрсетті: бұл кезде Лондонда листингіленетін Kazakhgold акцияларының бағасы он есе төмендеп кеткен. Қазір бір акция бар болғаны төрт доллар тұрады. Олардың құнының өсу ықтималдылығы өте аз. Себебі, компания төңірегіндегі көлеңкелі жайлар оның беделіне нұқсан келтірген.
Өзінің осы мәселеге байланысты көзқарас-пайымын «Қазақалтын» АҚ экс-президенті былай деп түйіндеді: «AltynGroup Kazakhstan даулы мәселенің оңынан шешілуіне көмектескені үшін белгілі ресейлік бизнесмен Павел Кротовқа және компанияның басқа да кеңесшілеріне өз алғысын білдіреді. Біз бұрын өзіміз иелік еткен алтын өндіру жөніндегі компанияны, активтер мен кәсіпорындарды қайта құру жолына бар күш-жігерімізді жұмсауға ұмтыламыз. Келешекте оларды өркендету үшін, қиын шақтарда компанияға адалдығын сақтаған қызметкерлерді жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін біз менеджмент саласындағы халықаралық санаты биік мамандарды тартатын боламыз».
Қорғанбек АМАНЖОЛ.