14 Желтоқсан, 2010

Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру үшін

813 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында келелі шаралар кешенді түрде жү­зеге асырылып жатыр. Үкіметтің шешімімен 2020 жылға дейін бар­лық мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін толық меңгеру мә­се­лесі күн тәртібіне қойылды. Елі­міздің іргелі кәсіпорындарында мемлекеттік тіл мәртебесін көте­руге шынайы бетбұрыс жасалған. Бұл ретте «KEGOC» акционерлік қоғамына қарасты құрылымдарда қазақ тілін үйренуге және қыз­меткерлердің мемлекеттік тілді жан-жақты меңгеруіне барынша мүмкіндік жасалып отыр. Ол үшін мемлекеттік тілді оқытудың бағдарламасы жасалып, тіл жетілдіру мақсатында жүйелі шаралар іс жүзіне асырылады. Мемлекетіміздің тіл саясатын қолдау және ұлтаралық қарым-қа­ты­насты нығайту мақсатында  «KE­GOC» АҚ 2010 жылдың 26 қа­рашасында компания  қызмет­кер­лері (өзге ұлт өкілдері) ара­сында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған ішкі корпоративтік конкурс өткізді. Мем­лекеттік тіл мәртебесін арт­тыруға бағыттал­ған бұл шығар­машылық бәсекеге компанияның атқарушы дирекция­сы, ЖО ҰДО, «Энергоақпарат» мекемесі және «Ақмола ЖЭТ» фи­лиалының өкілдері қатысты. Мазмұнды да мағыналы өткі­зіл­ген сайыс қорытындысы бой­ын­ша әділқазылар алқасы жоба­ларды басқару департаментінің бас менеджері Юрий Марулинді жеңімпаз деп таныды. Екінші орынды жүйелік қызметтер де­пар­таментінің бас маманы Петро Степанов иеленсе, үшінші орын­ды «Энергоақпарат» мекемесінің бас маманы Анатолий Артемов пен «Ақмола ЖЭТ» филиалының жетекші инженер-бағдарлама­шы­сы Юлия Мезинец өзара бөлісті. Ұлттық диспетчерлік орталықтан қатысқан команда мүшелері ар­найы дипломмен марапатталды. Жарыс шарты бойынша оған қатысушылар өз өмірбаяны мен туған жері, қала тарихы туралы әңгімелеу, мақал-мәтелдер айтып, жұмбақ жасыру және сахналық көріністер арқылы өз өнерлерін көрсету талаптары енген бола­тын. Осыған байланысты бұл бай­қау қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтап қана қоймай, компания қызметкерлерінің ұжымдық бірлігін шыңдауға әсер етті. Күнде­лік­ті өмірден алынған сахналық көріністер өте тартымды өтті. Конкурс жеңімпазы Юрий Марулин: «Мұндай мағыналы шы­ғар­машылық сайысты қазақ тілін терең оқыту деңгейімен бірдей десе болады. Себебі біз сайысқа дайындық барысында тек тілді үйреніп қана қоймай, қазақтың ұлттық мәдениетімен де жете та­ны­су мүмкіндігін алдық» деп атап көрсетті. Байқауға қатысу­шы­лар мемлекеттік тілді кеңінен насихат­тауға арналған осындай игі шара­лардың жиі өткізіліп тұ­руы­на шынайы тілектерін білдірді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.