14 Желтоқсан, 2010

Иван Павлович ЩЕГОЛИХИН

792 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақстанның көпұлтты мәдениеті ау­ыр қазаға ұшырады. 2010 жылғы 11 жел­тоқсанда Қазақстанның халық жазушысы Иван­ Павлович Щеголихин 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 1927 жы­лы 1 сәуірде Қостанай облысында, жұ­мыс­керлер отбасында дүниеге келген ол Ал­маты медицина институтын тәмамдап, ма­мандығы бойынша жұмыс істейді. Өмі­рінің сол бір сәттері алғашқы шы­ғармалары «Бір институтта» («В одном институте») повесі мен «Қарлы боран» («Снега метельные») романында айқын көрініс тапқан. 1958 жылдан Иван Щеголихин жазушылықпен түбегейлі айна­лы­сып, Қазақстан Жазу­шы­лар одағының және КСРО Жазушылар одағының мү­ше­лігіне қабылданады. Оның бүкіл Одаққа танылуына «Дефицит» (осы романның желісі бойынша Ресей театр­ларында спектакльдер және Қазақ радио­сы­нда радиоспектакль қойылған), «Қыз­мет­тік тұл­ғалар» («Должностные лица»), «Ақ­жүрек» («Слишком доброе сердце» повесі ЖЗЛ сериясына кірген), «Тағы да таң» («И снова утро»), «Бесінші бұрыш» («Пя­тый угол») және басқа шығармалары ықпал етті. Иван Павлович Щеголихин 20 жылға жуық (үзілістері бар) «Простор» журна­лын­да редакция алқасының мүшесі және бөлім меңгерушісі болды, бұл жерден 5 рет өзінің батыл жарияланымдары үшін «өз еркімен» жұмыстан шыққан. Ол Мұх­тар Әуе­зов, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, Бердібек Соқ­пақ­баев, Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов сынды қазақтың көрнекті жазушыларының шығармаларын орыс тіліне тәржімалаған. Қайта құрудан кейінгі жылдары Иван Павлович Щеголихин саяси өмірге белсене араласты, Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Ұлттық кеңестің мү­шесі, Жоғарғы Кеңестің 3 шақыры­лы­мы­ның депутаты, Қазақстан Республика­сы­ның се­на­торы болды. Иван Щеголихиннің өмірі мен шығар­машылығы – Қазақстан тарихында жарты ғасырдан астам уақыт бойы ғұмыр кешкен тұлғалар мен тағдырлардан, оқиғалар мен алаңдаулардан, ой толғаулардан тұрады. Иван Павловичтің дүниелеріне қайтара-қайыра орала бергің келеді. Ал ең бастысы – Иван Павлович Щеголихин Адам болып қала білді, ол талантты ғұмыр кешіп, шығармаларын туғызды, оның романдары мен повестерінен әр оқырман қалай өмір сүру керек, қалай сүйе білу керек, қалай бақытты болу керек дейтін мәңгілік сауалдарға ақылды жауаптар табады. Иван Павлович Щеголихин өзінің қа­лам­герлік міндетін адал және абыроймен атқар­ды. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашан сақталады. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы. Табиғаты ерекше жан еді Мына жалған дүниеден Иван Павлович Щеголихин өтіпті деген суық хабарды естігенде оның бү­кіл тұлғасы, өзіне ғана тән бол­мы­сы көз алдыма келді. Ол адам ретінде де, жазушы ретінде де жаны жайсаң, та­биғаты ерекше болатын. Өзге ұлттың өкілі дегенімізбен қазақ жұртына ықыласы, ниеті таза еді. Біздің хал­қы­мыздың бойында бір әдемі қа­сиет бар. Ол – арам ойы, ішкі есебі жоқ кез келген ұлттың азаматтарын дос, бауыр санай­мыз. Иван Павлович сондай жа­ны таза, қазақ десе ішкен асын жерге қойып, қандай тар­тыс болса да біз жағына шы­ғатын еді. Сенатта депутаттар ара­сын­да небір айтыс-тартыстар болып жат­­қан тұста, ол тәу­ел­сіздігін жа­рия­ла­ған Қазақ елі­нің ертеңіне алаң­дап, болаша­ғының жарқын бо­луы­на өз үле­сін аямай қосты. Сол өткен ға­сырдың 90-шы жылда­рын­дағы қи­ын кезеңдерде елге қажет заң­ды, әділетті істі жақтады. Анық әрі айқын сөздерін күміл­жімей, жалтақтамай айтып, мем­лекеті­міз­дің іргетасының берік болуы­на күш-жігерін жұмсады. Әсіре­се, өзге ұлт­тардың кейбір аза­мат­тары бұра тарт­қанда шындық­тың бетіне қасқайып тұрып қа­рап, қара қылды қақ жа­рып, олай емес, ақиқаты міне, мынан­дай деп тайға таңба басқандай алға тартқаны әлі күнге дейін есімізде. Осындай арлы азамат өмір­ден өт­кен тұста айтар сөзің қош бол деу­мен қатар, діні бөлек, түрі бө­лек болғанмен, тәуелсіз­дікке қа­нат қақ­қан жылдары тілегіміз ортақ болып еді, алдың жарық, жатқан жерің жәннат бол­ғай дегеннен бас­қа не айта аласың. Өмірбек БАЙГЕЛДИ. Қош, жаны дос жақсы адам! Құрметті Иван Павлович! Сенің қазаңды естіп, қатты қай­­ғырушылардың бірі менмін. Қай­ғы­ра­тын себебім, екеуіміз көп жыл­дар Жазушылар ода­ғын­да қа­тар қызмет еттік. Одақтың дау-шарлы күндерін басымыздан қа­тар кештік. Мені Жа­зушылар ода­ғынан қуып, қаңғытып жібергенде сен маған аяу­шылық біл­дірдің. Жаның сыз­дап, жанашыр­лық та­ныт­тың. 1989 жылы сенің рома­ның жарық­қа­ шық­қанда са­ған да жала жабылып, талқыға түстің. Сені Жазушылар одағына мүше­ліктен шы­­ғармақ та болды. Сонда саған арашаға түс­кен­­дердің бірі мен едім. Сен Қостанай облысының Қа­рабалық ауданында туғанды­ғың­нан болар, қазақтарды жақсы кө­ріп, құр­меттей білдің. Қазақ­стан­да туып, Мәс­кеуге ауыс­қан­нан кейін қазақ­тар­ды жамандап шыға келетін кейбір жазушы­лар­дан өз­ің­ді ау­лақ ұс­тадың. Қазақ мұңын мұңдап, қазақ абыройын қорғап жүрдің. Халық басынан кешкен кешегі өте ауыр өтпелі кезеңде Қа­зақ­стан­нан ешқайда кеткен жоқсың. Сол үшін сені халық құрметтеп, ҚР Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты етіп сай­лады. Сол ауыр күндерде Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың сенімді серіктерінің бірі бола білдің. Депутаттық қызмет­те де халық мұ­ңын жоқтаумен бол­дың. Теледидардан бірнеше рет сөз сөйлеп, халықты ынты­маққа, бірлікке шақырдың. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үне­мі атса­лыстың. Жаңа Қазақ мем­лекетінің қалыптасуына өз үле­сіңді қостың. Қазаққа жаны жа­қын орыс жү­ре­гінің лүпілін мен сенен жиі аңға­ру­шы едім. Сен екеуіміз үнемі жылы жүз­десіп, көріскенде қуанысып қалу­шы едік. Табақтас болмаға­ны­мыз­бен, та­тулық, тілектестігіміз күш­ті болды. Ауруханада да қатар жа­тып, сыр шер­тіскен шерлі күн­де­рі­міз аз емес. Сонда сен маған жігер беріп, жа­ның­ды жа­лын­датып, кө­мек­тесіп едің. Бір жолы ауру­ха­на­ның іргелес пала­та­сында сен маған 1983 жылы қа­заққа жиен ор­ыс аза­маты Михаил Михайлов ту­ралы жазған «Слишком доброе серд­це» деген кітабыңды сый­ладың. Сен жалғыз мені ғана емес, қа­зақтарды қапысыз жақсы көр­дің. Сон­дықтан да сен көптеген қазақ жа­зушыларының шығарма­ларын ор­ыс тіліне аудардың. Се­нің аудар­маң арқылы С.Сейфуллин, С.Мұ­қанов, Ғ.Мұстафин, Х.Есенжанов, Ә.Шәріпов, М.Ғаб­дул­лин, С.Талжанов, Т.Ахтанов, Ж.Жұмаханов шығармалары, ұй­ғыр жазушысы Х.Абдуллиннің романы орыс оқ­ыр­мандарына жол тартты. Сен депутат болған кезде де екеуміз хабарласып жүрдік. Се­нің «Дефицит» деген романыңа жа­зып берген қолтаңбаң әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сен бы­лай деп жазған едің: «Дорогому Азилхану Нуршаихову – желаю Вам спокойно отрешиться от нашей окололитературной суеты и успешно продолжать взятую вами тему во славу казахского народа. Ваш И.Щеголихин». Сенің бұл қолтаңбаңды да қа­сиеттеп сақтап келемін, қым­батты Иван Павлович. Мен сені ешқашанда ұмыт­паймын. Қазақ халқы да сені есінен шығармайды. Қош, қымбатты дос. Топы­ра­ғың торқа болсын. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы. Ағалар сиреп барады Ағамыздай болған әріптес Иван Павлович та қайта оралмас сапарға ат­та­ныпты... Ағаларымыздың да қатары сиреп барады, жүрегіміз қимай, сыз­дағанмен, жаратқанның заңдылығына өзгеріс енгізер адам баласында қуат жоқ. Бұрын Жазушылар одағында оқта-текте кездескеніміз болмаса, ара­лас-құралас жүрген емес едік. Екі сайланымда Иван Павлович Сенатта, мен Мәжілісте Парламент депутаттары болдық. Өз әріптестерін, яғни әде­биеттегі замандастарымен әңгімелесуді сағынатын болса керек, кейде менің кабинетіме келіп, үстелімнің үстінде компьютер болмаған соң: – Фариза, компьютерің қайда? –  дейтін. Мен компьютерді білмеймін десем: – Олай болмайды, шығарманы компьютермен жазу – жанның рақаты, тез үйреніп ал! – деп қамқорлай сөйлейтін. Ағамыздың жатқан жері жарық болғай дейміз. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА. Жарқын бейнелі жазушы Тамаша жазушы Иван Павлович Щеголихин өмірден өтті. Ол өзін, бар болмысын бүтіндей әдеби шығармашылық пен Отан қызметіне арнады. Қазақстанда, Қостанай өңірінде дүниеге келген ол бүкіл өмірін қазақ жерінде өткізді. Ел тағдыры оның про­залық шығармаларына нәр берді. Бұлар «Қарлы боран», «Ла­уазымды адамдар», «Дефицит» деп аталатын және басқа да белгілі романдары мен хикаяттары. Жазушы ретінде оны ерекше дарыны, өз заманын сезіне білуі, берік азаматтық тұғыры даралап тұрды. Қашан болсын өз зама­нының мәселелеріне дереу үн қата білетін. Сондықтан да оның кітаптарын өз еліне селқос қарай алмайтындардың бәрі жақсы кө­ріп оқыды, жазушының қаді­рін білді. Иван Павлович ұзақ жылдар бойы «Простор» журналында про­­за бөлімінің меңгерушісі бо­лып істеді. Журнал өткен ғасыр­дың жет­пісінші жылдарындағы ха­лық­қа кең танымалдығы үшін әсі­ресе, оған және оның редакциялас жол­дастарына қарыздар дер едім. Соң­ғы жылдарда Щеголихин «Прос­­­тордың» тұрақты авторла­ры­ның бірі болды. Сонда жазушының өз ең­бегіне қандай талғаммен қа­рай­тын­дығын, әрбір сөзді зергердей ызып отырып жұ­мыс жасай­тынын аңғар­дым. Ол үшін бұл өмірдегі ең бас­ты нәрсе Отанға деген сүйіспен­шілік екенін де сол кезде түсіндім. Иә, осы бір сезімді бір кезде ол өзі де өмір­баяндық ро­манында былай­ша бейнелеп айтқан болатын: «Ме­нің өмі­рім тек бір нәрсеге, ма­хаббатқа саяды. Мейлі ертең, мейлі елу жылдан кейін өлсем де ай­тарым бір сөз: тек махаббат үшін ғана бұл дүниеде қалуға болар еді. Махаббат кез келген қасіретті үміт­ке айналдыра алады». Осындай ірі сөзді айта алған жазушының һәм азаматтың жарқын бейнесі әрқа­шан есімізде сақталады! Валерий МИХАЙЛОВ, «Простор» журналының бас редакторы. Жаныма жақын жазушы еді Иван Щеголихин бұл өмірде маған өте жақын жазушылардың бірі болды. Менің әдебиеттегі жолымды ашқан, прозалық жанрға бейімдеген жасы да үлкен, жолы да үлкен қаламгеріміз саналатын Иван Павлович еді. Және де ол, қазір ойлап отырсам, менің Жазушылар одағына кіруіме алғаш өз қолымен жазып кепілдеме беріп, қам­қор­лығын танытқан адамдардың бірі. Сол себептен де мен үшін ол өте қымбатты адам. Қаз басып қалыптасуыма барынша ықпал етіп, ма­ған көп жақсылық жасаған адам. Әр уақыт өзін сыйлап, шығар­ма­шылығын қастерлеп, құрметтеуден жазған да, жаңылған да емеспін. Бұл кісінің әдебиеттегі орны да үлкен. Проза саласында елеулі шығармалар бере алды. Сонымен бірге, қазақ жазушыларының туын­дыларын орыс тіліне көптеп аударып, әдебиетіміздің өрісі кеңеюіне, орыс оқырмандарына, бұрынғы Одақ оқырмандарына жетіп, ол тараптан да тиісті бағасын алуға шарапатын тигізгенін білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиетке сіңірген еңбегі зор. Қымбатты Иван Павловичтің қазасын осы қазір ауруханада жатқанымда естіп, жаным күйзеліп қалды. Бұдан былай да жақсы сөздерімді, жылы лебізді пікірлерімді ол кісінің аруағына арнай жүрермін деп ойлаймын. Қош бол, қадірменді Иван Павлович! Топырағың торқа болсын. Өзіңді өмірде жақсы білген біз сияқты достарыңның, іні қаламдастарыңның көкейінде жүрерсің әрқашан. Герольд БЕЛЬГЕР,  жазушы. Асыл дос туралы Иван Павлович Щеголихинмен өткен ғасырдың 60-шы жыл­дарының аяғынан-ақ сөзіміз жа­расып, кездесе қалсақ – тең құр­быдай әзілдесіп, көрмей қалсақ – сағынысып қалатын дос болып кеттік. Иванның көңілінің ақ қағаздай кірсіздігі, жүрегінің кең­­дігінен, бәлкім, арамыздағы жас алшақтығы сезіле қоймай­тын. Үйіне бас сұға қалсам – зайыбы Валентина жылы жүзбен қарсы алып, жалғыз ұлы Андрей қолын ала жүгіретін. Әкесінің тәрбиесі – Андрей жас күнінен кітапқа құ­мар, үлкенді сыйла­ғыш, кішіге қамқор болып өсті. Кейіннен, Пан­филов көшесіндегі 101-үйде, көрші тұрғанда сол Андрей көп қабаттағы пәтеріме кітаптарымды жоғарылы-төмен тасып шаршады. Иван Павловичпен 10 жылдан астам уақыт көрші тұрдық. Көр­шілік хақы дегендей, қазан-ая­ғы­мыз араласып, сырлас болып кеттік. Иван Павлович үлкен суреткер еді. Дүниені өзіндік шындығымен, өзі тауып-таныған бояумен кестелейтін. Сөз саптасы терістік шұғы­ласының кемпірқосақты сәулесін­дей құбылып шығатын. Нақты­лықты, дәлдікті ұнататын. Сырбаз жазатын. Орыс стилистикасының құпия сырын ана сүтімен тел еміп өскендігі жібек матадай жұмсақ, жылы сезілетін. «Күміс керуен», «Қатерлі кө­лең­ке» атты екі хикаятымды мөл­діретіп аударды. Екеуі де Мәс­кеудің «Худлит» баспасынан жа­рық көрген томдығыма енді. Жы­лы пікір жазылды. Дүниенің бә­ріне биіктен қарап, талғаммен та­ра­зылайтын Мәскеу сыншылары Ще­голихиннің аллегорияға бай, жү­­рекпен төгіп жазатын көркем прозасына тәнті тұрушы еді. Сол тәнтілік Иван Павловичті үлкен суреткер биігіне көтерді. Өмірінің соңында, біраз жылдар Астанаға көшіп, Парламент Сенатының де­пу­таты мәртебесінде жоғары мінбеден сөз ұзартты, тәуелсіздік тұ­ғы­рына хал-қадерінше үлес қосты. Бойы қандай биік болса ойы да сондай биік, байсалды, уәлі еді. Майда сөзді ұнатпайтын. Жер қоз­ғал­ғандай ірі жүріп, ірі сөйлейтін. Дүн­иеден өтті дегенді естігенде досымнан айырылып, көңілім құ­ла­­­­зыды, желтоқсанның жел өтінде қалғандай сезіндім. Бақұл бол, асыл дос, көрікті көркем прозаң­ның ғұмыр жасы ұзағынан болсын! Дүкенбай ДОСЖАН.