Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының үстіміздегі жылдың 11 айы бойынша қорытындылары талқыланды.
Осы мәселе жөнінде негізгі баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуы бойынша, аталған мерзім ішіндегі қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құраған. Сонымен қатар, үстіміздегі қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында ішкі жалпы өнім көлемі 14 триллион 250,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Бұл ретте тауарлар өндірісінің нақты көлем индексі 6,1 пайызды, ал қызметтер өндірісіндегі өсімі 5,2 пайызды құрағанын атап өту керек.
2011 жылғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығындағы ішкі жалпы өнім құрылымында тауарлар өндірісі 43,1 пайызды, қызметтер көлемі 54 пайызды құрады. Сонымен қатар, ішкі жалпы өнімнің негізгі үлесін өнеркәсіп өндірісі құрағандығын айта кетсек артық болмас.
Үстіміздегі жылдың 11 айындағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10,5 пайызға өсе түскен екен. Мұндай жақсы көрсеткіш өңдеу секторындағы өндірістің 18,8 пайызға және тау-кен өндіру саласындағы өндірістің 5,7 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етіліпті.
Өңірлер бойынша алғанда өнеркәсіп өнімінің ең көп өсімі Ақмола облысында байқалған. Бұл облыста өнеркәсіп өнімінің өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 34,3 пайызды құраған. Сондай-ақ Алматы қаласы, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Атырау облыстарындағы өнеркәсіп өсімі республикалық орта деңгейден асып түскен.
Жанар Айтжанова қарастырылып отырған кезеңде құрылыс саласының қалпына келуі байқалғандығын атап көрсетті. Өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда өсім 0,2 пайызды құраған. Бұған индустрияландыру картасы аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа нысандарды, соның ішінде тұрғын үй бағытындағы нысандарды іске қосу елеулі әсер еткен.
Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 11 айдың ішінде 16 пайызға ұлғайған. Ал байланыс саласындағы қызметтер көлемі 5 пайызға өсе түскен.
Жанар Айтжанова өз баяндамасында әлемдік шикізат рыногындағы жоғары баға конъюнктурасы мен экспортқа бағытталған салалардағы өндірістің өсімі Қазақстанның сыртқы сауда айналымының артуына елеулі дәрежеде ықпал еткендігін баса көрсетті. «Үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Ресей және Беларусьпен өзара сауданы қоса алғандағы сыртқы сауда көлемі 43,1 пайызға артып, 81 миллиард АҚШ долларын құрады. Соның ішінде экспорт көлемі өткен сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,6 пайызға артып, 51,4 миллиард долларды құраса, импорт көлемі 29,1 пайызға артып, 29,6 миллиард долларды құрады. Сөйтіп төлем балансы сальдосы 21,7 миллиард АҚШ долларына оң болып қалыптасып, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге өсті», деді ол.
Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша мемлекеттік бюджетке келіп түскен түсімдер займдарды есепке алмағанда 3 триллион 826,9 миллиард теңгені құрап, 100,7 пайызға орындалса, республикалық бюджетке түскен түсімдер 3 триллион 230,3 миллиард теңге болып, 100,2 пайызға орындалған. Осы ретте Болат Жәмішев 2010 жылдың қорытындысы бойынша бюджет кірісі 104,1 пайызға қамтамасыз етіліп, 2009 жылмен салыстырғанда кірістің көлемі 777,6 миллиард теңгеге асып түседі деген нақты болжам жасалып отырғандығын айтты.
Ал 11 айдың ішіндегі мемлекеттік бюджеттің шығындары өтелген займдарды қоспағанда 4 триллион 318,9 миллиард теңгені құраған. Соның ішінде республикалық бюджет 95,1 пайызға орындалған. Сөйтіп, үстіміздегі жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша мемлекеттік бюджеттің тапшылығы 491,4 миллиард теңгені құраған. Дегенмен жыл соңына таман республикалық бюджеттің тапшылығы 3,5 пайыздан артпайды, яғни болжамдарға сәйкес келеді деген үміт бар.
Сонымен қатар, Болат Жәмішев қаржы мониторингін жүргізулердің нәтижесінде 28 миллиард теңге қаржының тиімсіз пайдаланғандығы анықталып, бюджетке қайта қайтарылғандығын атап көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпылай алғанда 6 мыңнан астам нысанға, 3,8 триллион теңгеге жуық қаржыға бақылау-тексеру жұмыстары жүргізілген.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев үстіміздегі жылдың қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 1,3 триллион теңгені құрағандығын айтты. Биылғы жылғы егіншілік саласындағы ауа райының жайсыздығына орай өндіріс көлемінің төмендеуі байқалып отырғанымен, мал шаруашылығы өндірісі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,1 пайызға арта түсіпті. Жыл басынан бері мал мен құстың саны орта есеппен 2 пайызға, ет өндірісінің көлемі 3,3 пайызға, сүт өндіру 1,4 пайызға, ал жұмыртқа өндірісі 13,7 пайызға өсе түсіпті. Бұл салада байқалып отырған жағымды бір жағдай жалпы астық экспорты үлесіндегі ұн экспортының тұрақты түрде өсіп келе жатуы. Үстіміздегі жылдағы оның экспорттағы үлесі 38 пайызды құрап, Қазақстан осымен төртінші жыл қатарынан ұн экспорты жөнінен әлемде бірінші орынға ие болуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бойынша да көптеген жұмыстар атқарылып, сала бойынша жағдай жақсара түскен. Осының нәтижесінде еліміздегі жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда 0,7 пайыздық пунктке азайып, 5,6 пайызды құраған.
Үкімет отырысында мұнан кейін еліміздің минералды шикізат кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы қаралды. Бұл жайында Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау баяндады.
Үкіметте қаралған мәселелерді қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ішкі жалпы өнімнің өсімі жөніндегі осы қарқынды жыл соңына дейін сақтап, оны жақсы нәтижелермен аяқтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар Үкімет басшысы 21 желтоқсанда Елбасының алдында үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығы бойынша жүзеге асырылу үстіндегі индустриялық-инновациялық жобалардың тұсаукесері өтетіндігін тағы бір еске салып, осы іске өте мұқият әзірлену қажеттігін атап көрсетті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.