Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі
Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
Қазақстанның елордасы Астанада желтоқсанның беташар күндерінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіретін 56 мемлекеттің басшылары мен арнайы өкілдерін жинап, кезекті саммитін өткізу төрткүл дүниені елең еткізді. Бұл әлемдік ұлы жиынның ерекшелігі, біріншіден, осыдан он бір жыл бұрын Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп, содан бері «жолы» болмай, бүкіл адамзатты толғандырып отырған мәселелердің жібін ширатып, бұл ұйымның жұмысына жаңа тыныс берді деуге болады.
Екіншіден, бұл Саммит дүние жүзі халықтарының назарын аударған айтулы тарихи оқиға болды. Себебі, осыдан 19 жыл ғана бұрын КСРО-ның құрсауынан шыққан жас мемлекеттің ұстанған саясатын әлем мойындады.
Дәл осындай халықаралық үлкен маңызы бар жиын соңы қазақ халқының аңсай жеткен тәуелсіздік күніне жалғасты. Бұл – ұлы тарих. Жыл сайын тәу етер мереке жақындаған сайын кеудемді әрдайым мақтаныш сезімі кернеп, керемет күйге енетінім бар. Бойында патриоттық сезімі мықты, ұлтжанды Қазақстанның әрбір азаматы дәл осындай күйді бастан өткеретін шығар деген ойдамын. Түсіне білген адамға тәуелсіздік – бізге бұйырған ең үлкен бақыт! Бұл – кең байтақ жерімен, киелі төрімен әлем назарын өзіне аударған егемен Қазақ елінің ең ұлық мерекесі. Бақ біздің басымызға бірден қона қалған жоқ. Бүгінгі тәуелсіздік қилы-қилы замандағы, аумалы-төкпелі кезеңдерді өткерген халқымыздың сан ғасырлық асқақ арманы мен арпалысқа толы күресінің, Алаш ардақтылары мен Желтоқсан жаңғырығына айналған қазақтың ұл-қыздарының азаттыққа ұмтылған қаһарман қайсарлығының, отансүйгіштігінің жемісі.
Дүниеде азаттық пен бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам, бірде-бір халық жоқ. Осындай ұлы мақсат жолындағы күрес әлі жалғасып жатыр, жалғаса да бермек. Ендеше, тәуелсіздік тағылымын тарихтың терең қойнауынан, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдарынан, дәуірлерге жүк болған армандарынан іздегеніміз ләзім. Ежелгі заманда хандықтың тұтастығын сақтауға ұмтылған әрекеттерден, атап айтқанда, жоңғарлармен, қоқандықтармен, ресейліктермен болған текетірес тартыстардан, кескілескен шайқастардан осы тәуелсіздікке деген іңкәрлікті аңғару қиын емес. Сол себепті бүгінгі таңдағы азаттықтың ақ таңы – ақ білектің күшімен, шашақты найза ұшымен ұлан байтақ жерімізді қорғап қалған кешегі ата-бабамыздың төгілген қанының өтеуі.
Тым тереңге бармай-ақ, Кеңестер Одағы күйреп, шаңырағы ортасына түскенде үйіндінің арасынан ертерек ес жиған Қазақстан болғанын қазірдің өзінде әлем сарапшылары жалпақ жұртшылыққа жария етіп те жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар естеріңізде шығар... Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келешекке көрегендікпен көз тастай білді. 1997 жылы Президент еліміздің өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы жөнінде халыққа Жолдауын арнап, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын белгілеуі ашық күнгі найзағайдай болғаны ақиқат. Күнделікті күйбең тіршіліктің тасасында еңсе тіктей алмай жүргендер үшін бұл орындалмас арман секілді болғаны шын.
Буыны әлі бекімеген Қазақстан аласапыран өтпелі кезеңнің буырқанған жағдайында дербес мемлекет болып қала ала ма, жоқ па? Алдымызда осындай жауабы белгісіз сұрақ тұрды. Осылайша ұзақ мерзімді қамтитын стратегия таяу жылдарда атқарылатын міндеттерді айқындап берді. Ол – біздің өмірлік қағидатымызға, темірқазығымызға айналғаны ақиқат. Қазақ елі Орталық Азия барысына айналуды мұрат еткен-ді. Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттілік құру, саяси және экономикалық реформалар жүргізу тәжірибесі, әлем және оның дамуы туралы білім мен білік, Қазақстан халқының төзімділігі мен түсінушілігі болар іске серпін бергені сөзсіз. Қар барысы өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланады ғой. Сол сияқты жас Қазақ елі де сын кезеңде серпінділік танытты. Ғасырлар тоғысындағы даму дауылының екпіні ғаламат болатын.
Арада жыл өтпей жатып астананы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру қандай ерлік десеңізші! Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды шешімінің арқасында жүзеге асқан алып жоба болды. Президентіміз тек идея авторы ғана емес, оны тәжірибе жүзінде орындаған сәулетші ретінде тарихта аты қалғаны мәлім. Бүгінгі Астананы бұрынғы Ақмоламен мүлде салыстыруға келмейді. Айырмасы жер мен көктей. Есілдің сол жағалауында жаңа қала тұрғызылды. Мұның бәрін санамалап айту оңай. Азат Қазақстан Елбасының сындарлы саясаты мен ерен еңбегінің арқасында өмірдің талай соқпақтарынан сүрінбей өтіп, заман ағысымен жарысып, өркениеттің шыңына ұмтылған мемлекет екенін төрткіл дүние тани бастады. Экономикалық дамуының жоғары көрсеткіштері Қазақстанның Орталық Азияда ғана емес, ТМД аумағында да көшбасшыға айналғанының дәлелі бола алады. Аз уақыт ішінде талай экономикалық асуларды бағындырып, әлеуметтік және саяси реформаларды сәтті жүзеге асырып, әлемдік саяси аренадан ойып орын алған Қазақ елінің дүние жүзі қоғамдастығы алдында абыройы биік, мәртебесі жоғары.
Биылғы барыс жылының Қазақстан халқына басымдық бергені рас. Қарт құрлықта құрылған құзырлы ұйымның соңғы кезде замана көшінен қалып қоярдай бүлкілін аңғарған «Азияның барысы» саммитке сауын айтқан сонда. Батыс дүр сілкініп оянды. Әлем жұртшылығының назары Астанаға ауды. Желтоқсанның 1-2-сінде күллі түркі дүниесі емес, барша әлем дүркіреп тұрды. Қазақ елі, Астана үшін жүз жылда бір келетін тарихи оқиға болды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік сонда. Көңіліміз марқайып, абыройымыз аспандады. Жаһан назарын Астана магнит өрісінде ұстап, елордамыз асқаралы ойлардың бастау бұлағына айналды. Сөйтіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын әлем жұртшылығы дұрыс бағалауда.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Қазақстан Президенті көтерген Еуразия идеясы шын мәнінде жүзеге асты. Астана Декларациясы қабылданды. Хельсинки рухы Астана рухымен жаңғырды. Саммит алдында ұйымға кіретін алпауыттар қанаттарын қомдап, ұстанымдарын нық сомдап, уәж-дәлелдерін қамдап, тас-түйін дайындалып келгені белгілі болды. Жер-жаһанда не болмай жатыр? Әркімді мазалаған ой бар. Бір сүйем жер үшін атысып-шабысып жатқан елдер аз ба? Балқан таудың басын мұнар, балағын қырау шалғалы қашан? Қабырғасынан қанша ұлтты өргізген Қап тауындағы төгілген қанға кім жауапты? Таяу Шығыстағы бейкүнә халық қашанға дейін шынжыр табан астында жаншыла бермек? Шекаралары шендескенмен, қарым-қатынастары қату мемлекеттерге кім араағайындық жасайды? Осы талап тұрғысынан алғанда, ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін жоғары деңгейде атқарған ресми Астана бітіспес тараптарды бір үстел басына жинау арқылы Еуразия кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлем алдында саяси салмағы сан батпан іргелі миссияны абыроймен атқарып шықты. ЕҚЫҰ шеңберінде 11 жылдан бері өтпей келе жатқан саммитті дәл осындай дәрежеде ұйымдастыру – бұл Қазақстан дипломатиясының жеңісі. Бұл жеңіс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниежүзілік билік пантеонындағы ел басшылары арасында ерекше орны бар, ұлы тұлға екендігінің дәлелі.
Менің ойымша, бұл жетістікті Президенттің керемет Елбасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның билігін басқару мен ұйымдастырудағы көптеген жетістіктерінен құралған рухани пирамидасының шыңы деп қарастыруға болады. Өйткені, ол өз елін дүниежүзілік өркениетті мемлекеттер арасында терезесі тең елге жеткізу жолында теңдесі жоқ ұлы істерді жүзеге асырды. Дәл осындай биіктерге басқа елдер мыңдаған жылдарды артқа тастап, бірнеше ұрпақтарының ұйымдасқан тірліктерімен жеткенін біз тарихтан білеміз.
Бұл Саммит аз ғана уақытта алты құрлыққа аты мәлім болып үлгерген, өзінің даму үрдісін қалыптастырған Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік саяси кеңістіктегі жаңа кезеңінің, жаңа дәуірінің бастамасы іспетті. Алдымызда үлкен белес тұр. Келесі жылы тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толады. Дүние дамуымен есептегенде, жиырма жыл қас-қағым сәт. Бірақ біз үшін үлкен кезең, турасын айтқанда, тұтас дәуірге татиды. Олай болатыны, тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасыр бойы өлшенетін арман-мақсатының жүзеге асқан ақиқаты. Барыстың қадамы алдағы жылдарда да жемісті болғай! 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымын басқарғалы отыр. Тағы да абырой биігінен көрінуге жазсын.
Қанатбек ДОСАЛИЕВ, заң ғылымдарының докторы.