Петропавл телестудиясының ашылуына, іргесінің қалыптасуына сол жылдары Қызылжар өңірінде басшылық қызмет еткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ілияс Омаров пен Әнуарбек Шманов зор еңбек сіңіргенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Осыдан жарты ғасыр бұрын шаңырақ құрып, бүгінде «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының облыстық филиалына айналып, қуатты шығармашылық ұжым ретінде танылып отырған компанияға қамқорлық жасау дәстүрі үзілген емес. Н.Погодин атындағы облыстық драма театрында облыстық теледидардың – 50, радионың 80 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді.
Облыстың мәдени өміріндегі айтулы шараға аймақ басшысы Серік Біләлов қатысып, мерейтой иелерін мерекемен құттықтады. Серік Сұлтанғазыұлының қолынан ұжым жетекшісі Ерлан Тоқшылық «Джип» көлігінің кілтін алды. Телерадиокомпанияны әр жылдары басқарған Виктор Вихляевке, Мүтәллап Қанғожинге, Кәрібай Мұсырманға арнайы сияпат көрсетілді. Жергілікті теледидар мен радионың дамуына еңбек сіңірген бір топ қызметкер құрмет грамоталарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Елімізге белгілі диктор Бүркіт Бекмағанбетов, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ басқарма төрағасының аймақтарды дамыту жөніндегі кеңесшісі Қалыбек Атжан, Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының директоры Жалғасбек Сүлейменов, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының жетекшісі Әлім Шөкенов, тағы басқалары құттықтауларын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді.
«Әуе толқынында – Қазақстан-Петропавл» мерейтойлық кітаптың тұсаукесері болды. Жергілікті өнерпаздардың концерті тамашаланды.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.