16 Желтоқсан, 2010

Облыстық теледидарға – 50, радиоға – 80

458 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Петропавл телестудиясының ашылуына, іргесінің қа­лып­тасуына сол жылдары Қызылжар өңірінде басшылық қызмет еткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ілияс Омаров пен Әнуарбек Шманов зор еңбек сіңіргенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Осыдан жарты ғасыр бұрын шаңырақ құрып, бүгінде «Қазақстан» республи­калық телерадио корпорациясының облыстық филиалына айналып, қуатты шығармашылық ұжым ретінде танылып отырған компанияға қамқорлық жасау дәстүрі үзілген емес. Н.Погодин атындағы облыстық драма театрында облыстық теледидардың – 50, радионың 80 жылдығы салтанатты түрде атап өтілді. Облыстың мәдени өміріндегі айтулы шараға аймақ басшысы Серік Біләлов қатысып, мерейтой иелерін мерекемен құттықтады. Серік Сұлтанғазыұлының қолынан ұжым жетекшісі Ерлан Тоқшылық «Джип» көлігінің кілтін алды. Телерадиокомпанияны әр жылдары басқарған Виктор Вихляевке, Мүтәллап Қанғожинге, Кәрібай Мұсырманға арнайы сияпат көрсетілді. Жергілікті теледидар мен радионың дамуына еңбек сіңірген бір топ қызметкер құрмет грамоталарымен, ақшалай сыйлықтар­мен марапатталды. Елімізге белгілі диктор Бүркіт Бек­мағанбетов, «Қазақстан» республикалық телерадиокор­пора­циясы АҚ басқарма төрағасының аймақтарды дамыту жөніндегі кеңесшісі Қалыбек Атжан, Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының директоры Жал­ғасбек Сүлейменов, «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының жетекшісі Әлім Шөкенов, тағы басқалары құттықтауларын жеткізіп, жылы лебіздерін білдірді. «Әуе толқынында – Қазақстан-Петропавл» мерей­тойлық кітаптың тұсаукесері болды. Жергілікті өнерпаздардың концерті тамашаланды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.