Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Бұл басқосуда қаралған мәселелердің алғашқысын ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мәжит Текешұлы баяндап, ІІМ «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» ҚР Заңын іске асыру механизмдерін әзірлеу жөніндегі жүргізген жұмыстарды тілге тиек етті. Онда халықтың қалыпты өсіп-өнуін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін адам денсаулығын сақтау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтардың барлық көріністерін жою, отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру ісіндегі маңызды стратегиялық бағыттар кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ, демографиялық саясатты жүзеге асыруда 2008-2016 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты» салалық бағдарламасының шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатқандығы да мәлім болды.
Демографиялық саясатқа ерекше назар аударылған отырыста қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылыққа тап болғандарға психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлді. Ұлттық комиссия ІІМ бірлесіп «Зорлық-зомбылықсыз отбасы», «Сіздің қорғану құқығыңыз» атты акциялар ұйымдастырғандығын айтты. Ол шараны жүргізуге 12 мыңнан астам полиция қызметкерлері, 4 мыңнан аса жергілікті атқарушы органдар, «Нұр Отан» ХДП мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялар, прокуратура органдары жұмылдырылыпты. Акция барысында 11 мың «қиын» отбасы анықталған. Құқық бұзушылық бойынша 3,5 мыңнан астам адам тексерістен өткен. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленген 6,5 мыңнан астам азаматқа құқықтық, психологиялық және медициналық көмек көрсетілген.
Қызу талқыға түскен тағы бір мәселе, Атырау облысында жүргізіліп жатқан әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі жұмыста трафикті, адамды құлдыққа сатуды болдырмау жөніндегі іс-шараларға ерекше назар аударылып отырғандығы айтылды. Ал Жамбыл облысы бойынша жетістіктермен қатар, бірқатар кемшіліктер де аталды.
Сонымен бірге, жаңа туған сәбилерді перзентханаға тастап кету фактілері барған сайын өсіп бара жатқандығына айрықша назар аударылды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.