16 Желтоқсан, 2010

Мәдениет үшін жасаған еңбек те, жұмсаған қаржы да қасиетті

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениет үшін жасаған еңбек те,  жұмсаған қаржы да қасиетті

–  деді облыс әкімі Сергей Кулагин жаңа нысандарды қабылдау сәтінде

Қостанай қаласында күрделі жөн­деу­ден өткізіліп, жаңартылған үш бірдей мәдениет нысандары бір күнде есігін айқара ашты. Соның алдыңғысы – Ы.Алтынсарин атындағы  балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. ХІХ ғасыр­дың архитектуралық ескерткіштеріне жа­­татын бұл ғимарат – 1896 жылы са­лынған, көпес Воронцовтың үйі. Қазір қаладағы ірі мәдениет ошақтарының бірі. Ол орналасқан ғимарат негізгі және қо­салқы екі  бөліктен тұрады. Өткен жы­лы бюджеттен 100 миллион теңге бө­лініп, негізгі ғимарат  күрделі жөндеуден өткізілген болатын.  Ал биыл респуб­ли­калық және облыстық бюджеттен тағы да 182 миллион теңгеден аса қаржы бө­лініп, ескі ғимараттың қалған бөлігі тү­гелдей қайта жаңартылды. Сырты қызыл кірпіштен бедерленіп салынған үй­дің  тарихи келбетіне  ешқандай нұқ­сан келтірілместен, іші еурожөндеуден өтті. Сонымен қатар осы қаржыға кітапхана заманауи жабдықтармен де жабдықталды.  Білім ошағының барлық залы компьютерлендірілді. – Кітапхана залдарында  жас оқыр­мандарға да, кітапханашыларға да  жақ­сы жағдай жасалған. Әр залда  кітаппен қоса сол кітаптың  электрондық нұсқа­с­ы да бар. Оқырман қайсысын қаласа соны пайдаланады,–дейді кітапхана ди­ректоры Татьяна Теплякова. Мұнан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин бастаған топ облыстық мәдениет сарайына келді. Бұрын «Қазақстан темір жолы»  Қостанай бөлімшесінің  мә­дениет сарайы болған бұл ғимарат қазір  облыстың балансына қарайды. Мұнда  облыстағы көркемөнерпаздардың басын қосатын «Юность» мәдениет сарайы орналасқан. 1964 жылы іргесі қаланған  ғи­мараттың  қай жылы күрделі жөн­деу­ден өткенін қостанайлықтар біле қой­май­ды.  Қабырғасы күйелеш болып тұ­ра­тын бұл  сарайға енді кірген  кісі оны тани қоюы қиын. Іші  мәдениет ор­да­сы­на енді ұқсағандай! Ғимаратқа үсті­міз­дегі жылы «Жол картасының» шапа­ғатымен жөндеу жүргізілді. Оған рес­пуб­ликалық бюджеттен 200 миллион теңгенің сыртында қаржы бөлінді. – Бұл – сіздерге уақытша жасалған жағ­дай. Алдағы жылы қазақ драма театры­­ның жаңа  ғимараты біткен соң, оның қазіргі үйі босайды. Оның  Кеңес Одағы кезінде мәдениет сарайы үшін арнайы салынғанын да жақсы білесіздер, концерт залы да, сахнасы да кең. Алдағы жылы оған да  қаржы тауып, осындай күрделі жөндеу жүргіземіз де, сіздерге тарту етеміз. Ал мына ғимаратты кішкентай көрермендерге  сыйлаймыз, яғни  мұн­да қуыршақ театры орналасатын болады, – деді облыс әкімі. Жаңа жөнделген мәдениет сарайын­да  би залы, әдістемелік кабинеттер, түр­лі-түсті дыбыстық аппараттар қон­дыратын орындар, түрлі үйірмелер үшін кабинеттер ескерілген. Биыл облыс орталығындағы  М.Горь­кий атындағы орыс драма театры қайта жөнделіп, пайдалануға берілді. Салын­ға­нына ғасырдан астам уақыт болған бұл ғимарат қайта жөнделіп қана қойған жоқ, оның архитектуралық жобасына өзгерістер де енгізілді. Енді театрда бір емес, екі көрермен залы бар. Жаздай, күздей тынымсыз жүргізілген жұмыстың арқасында театр тоғыз айдың ішінде көрермендерге қайта ұсынылды. Ал бүгінде облыс орталығынан қа­зақ драма театрының жаңа ғимараты са­л­ынып жатыр. Алдағы жылы пайда­ла­нуға берілетін бұл құрылысқа 2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жаңа жылға дейін оның іргесі  толық қаланады да,  алдағы жылдың аяғына дейін көрермен игі­лігіне берілмек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.