16 Желтоқсан, 2010

Қорғастағы қос қуаныш

480 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Қорғас» кеден бекетінің қыз­меткерлері Тәуелсіздік күнін өздерінің кәсіби мерекелерімен қатар қарсы алды. Осы мерзімге дейін қызметкерлер жатақ­ханада, жалдамалы пәтерлерде тұрып, біраз қиындық көрген-ді. Міне, көптен күткен 33 қыз­меткер шаңырақ шаттығына кенеліп, жаңа, жарық пәтерлердің кілтін алды. Сөйтіп, қос мерекеге отбасындағы тұрмыстық қуа­ныш қосылды. Қорғастағы 18 пәтерлі екі үйден баспаналы болғандар қа­тарында солтүстік облыс­тар­дан келген отбасылары да бар. Шекара шебіндегі кеденшілер енді өз қызметін алаңсыз жалғас­ты­рып, ел экономикасын нығай­ту­ға еркін кірісетін болды. Кеден одағы құрылғалы салаға басым назар аударылуда. Облыс аумағында алдағы жылы кеденшілерге тағы да бес үй салу жоспарланған. Жыл сайын Қазақстан мен Қытай арасын­дағы тауар айналымы ұлғайып, екі жақтың мүмкіндігіне жол ашы­луда. Кеденшілердің жұмыс са­пасын арттыру мен екі ара­дағы экономикалық байланысты ны­ғайту бағытында заманауи бақылау құралдары орнатылған. Ондағы ақпарат жедел басқару орталығына түсіп, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беруде. Жалпы алғанда, «Қорғаста» қор­даланған мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Енді екі жылдан кейін екі ел арасында осы бекет арқылы темір жол қа­тынасы басталатындықтан, жұ­мыс жүйе­лене түсуде. Демек, қор­ғас­тықтарға жүктелер міндет ауқымы жеткілікті. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.