16 желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 19 жыл өтті. Бір жылдан соң 20 жылдық ұлы мерейтой. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық.
Елбасының қамқорлығының арқасында ауданымызда халық игілігі үшін бірнеше жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, әлеуметтік маңызы жоғары жобалар іске асуда. Осы ізгі істердің барлығы тәуелсіздікке қол жеткізгендігіміздің арқасы деп білемін.
Еліміздің Ата Заңының 15 жылдық мерейлі мерекесінің қарсаңында жаңа оқу жылында әлеуметтік жоба аясында әлемге әйгілі Қарашығанақ кенішінің қазынасын игеріп жатқан «КПО б.в.» компаниясы 900 балаға арналған жаңа білім ошағын салып, ақсайлықтарды зор қуанышқа бөледі. Осы алып құрылыс таяуда Тәуелсіздік күніне орай толық бітті. Бұл Тәуелсіздік күніне үлкен тарту болды.
Кең-байтақ еліміздің қойнауындағы табиғат байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компаниялардың ішінде «КПО б.в.» компаниясының білім, денсаулық саласындағы әлеуметтік нысандарды салуға, халықтың өмір сүру стандарттарын биіктете түсуге өзіндік үлестерін қосып келе жатқандығын атап өткеніміз жөн. Бүгінгі заман талабына сай жабдықталған жаңа мектепте жас ұрпаққа лайықты тәлім-тәрбие беруге барлық мүмкіншіліктер жасалған. Жаңа білім ордасы Ақсай қаласында ғана емес, облыстағы бетке ұстар білім ордасы болады деген сенімдеміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мектеп уақыт өте келе үздік әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілуі тиіс» деген сөзінің жарқын дәлелі осы болса керек.
Күнсұлу СҰЛТАНОВА, Ақсай қаласындағы №6 орта мектеп директоры.
Батыс Қазақстан облысы.