Толғаныс. Елес. Мінәжат
Қамырықтым, қабаржыдым, қамықтым –
Неткен тайғақ жолы біздің халықтың!
Дей алам ба – алыбы еді алыптың?
Дей алам ба – ғарібі еді ғаріптің?
Көлде жатып, мұңдасамын шөлменен,
Шөлде жатып, сырласамын көлменен...
Бірақ сол түн... тұра қалған көлденең
Сиқыр сәтті жеткізе алман сөзбенен!
Мен мұндайды бастан кешіп көрмегем!
Петерборда... Кунсткамера ішінде
Бастар көрдім түрлі-түрлі пішінде.
«Хан Кененің басы мұнда жоқ па?» деп,
Қарай беріп... тұншығамын түтінге.
Көріп тұрмын – бір маңдайды оқ тескен,
Ал бір бастың қағып апты тісін де!
Бұл не елес? Өңім бе әлде, түсім бе?..
Бір дауыс кеп құлағыма сарнады:
«Хан Кененің арманы жоқ, арманы!
Ол – кешегі өз елінің заңғары,
Ол – бүгінгі өз елінің ардағы!
Оның басы азат болған бұл жерден,
Рух болып қалай елге бармады?
Мүмкін емес! Қара! Ізде бар дағы!..»
Елес кезіп тағы жүрем, тағы мен...
Іздерменен... шұбатылған қанымен.
Іздеп келем... іздеп келем әлі мен.
Міне! Міне! О, Құдырет, Хан Кене
Көрініп тұр басыменен... барымен!
Елестеді...
Елес шынға айналып
Бара жатыр.... қалды тілім байланып.
Алаша хан мазарының басында
Сиынып тұр баһадүрлер сайланып.
Кене ғана жеке дара Бабаға
Мінәжат қып отыр екен ойланып.
Басы төмен, қос тізеде қос қолы
Былай дейді ол іштей ғана толғанып:
«О, Алаша хан!
Құтты екен сенің құдай сыйлаған несібең –
Бір сәтке шығып көрмепсің
Халқыңның мынау есінен.
Анадан ала болып туыпсың,
Кіндік қаныңды Сырдың суына жуыпсың.
Әкең сенің хан екен – Қызыларыстан
Ала боп туған ұлы үшін
Жарыла жаздап намыстан
Басыңа ажал жастапты,
Дария суына тастапты.
Сені сол кезде-ақ Тәңір қолдаған,
Ажалың судан да, оттан да болмаған.
Батырлықпен атың шығыпты,
Досың қуанып, қасың бұғыпты.
Майқы би – маңдай алды би екен,
Сонда саған жасаған сыйы екен –
Қол астыңа ең таңдаулы ірікті
Берген екен үш жүз батыр жігітті.
«Үш жүзіңмен» ұлан елді меңгеріпсің,
Қараны ханға теңгеріпсің.
Ел дәулеті Есілдей толыпты,
Тайың таңбасыз, қойың енсіз болыпты.
Басынғандардың басын алып,
Бәлсінгендердің бәсін алып,
Бастапсың сан-сан жорықты.
Ұлытау мен Кішітауды жайлау етіпсің,
Қарақұм, Борсық құмдарын қыстау етіпсің.
Қаракеңгір бойында хан атанып,
Өле-өлгенше әділет жолын ұстап өтіпсің.
Елің ел болды.
«Алты сан Алаш» атанды.
Алты сан Алаш «қазақ» боп,
Жаугер жұрт болды қаһарлы.
Сол, «Алаш» пен «Қазақ» атауы
Айырылмас тұрпат алған-дүр.
«Алаш Алаш болғанда,
Алаша хан болғанда» – деген аңыз жатталып,
Санамызда қалған-дүр.
Күмістелген есігін күншығысқа қаратып,
Құлыпталған есігін құбылаға қаратып,
«Алаша хан сарайын» алтындатып салдырдың,
Атағыңды Алты аумаққа таратып.
Сол сарайыңның сарқыты,
Қазақ елінің ар-құты,
Көтеріп тұрған жер төсі,
Өткен тарихтың өркеші
«Алаша ханның ордасы»
Алапаттарға миземей,
Сыр түйіп ішке, үндемей.
Жанғабыл деген өзеннің
Жағасында әлі тұр.
Тарихтың көріп дүрмегін,
Бойына түспей бір де мін
Тәңір қолынан түскендей,
Мәңгілік үшін біткендей,
Қаракеңгір бойында
Күмбезің, міне, тағы тұр.
О, Алаша хан!
Алғашқы Қазақ өзіңсің
Ел болды сенің елің шын.
Басыңа бүгін кеп тұрмын –
Қасірет-мұңым төгілсін,
Аруағың маған көрінсін!
Отыз омыртқам бүгілсін,
Қырық қабырғам сөгілсін!
Егіліп келсем – ергенек,
Төгіліп келсем – төрімсің.
Айтып-айтпай не керек,
Үзіліп тұр белім шын!
Үш жүзіңнің үлкен Ордасы
Үлеске түскен олжадай болды.
Хандығың құлады,
Халқың жылады.
Құлағаныңды тұрғызсам деп ем,
Жылағаныңды күлгізсем деп ем.
Қазақ та Тәңір баласы емес пе,
Ел қатарлы жүргізсем деп ем.
Тілегіме ортақтар тік көтеріп хан етті,
Қайраңдаған қайран ел менен ғана дәметті.
Басым жерге жеткенше,
Бақытсыз осы жұрт үшін
Сылып берермін сан етті,
Түршіктіріп қасымды,
Тігіп өтермін басымды!
Әумин!»
* * *
Ең соңғы хан, ең шерлі хан, міне, осы!
Басын иген бүкіл Алаш дүниесі.
Ақ киізге көтеріліп, Кененің
Хан атанған, қайта туған күні – осы!
Аян жұртқа – бес жыл болды, мінеки,
Келеді әлі қас жауымен күресіп.
Отқа орады Ақмоланы, Орды да,
Қаны қатып, қасарысып, сіресіп.
Көріп тұрмын Хан Кенені... Рухты,
Кетем енді сол рухқа ілесіп....
Кеңес. жарғы жобасы
Хан Кене үш күн бойы жиын құрды.
Жан тартар жақындарын сүйіндірді.
Тырнағын ішке бүгіп жүргендерді
Беттетпес беделімен күйіндірді.
Бәрінен мәжілістің мәні бөлек –
Жол-жоба, жоралғы мен мәміле көп.
Ойларын ортаға сап отырғансып,
Әр ненің алады хан дәнін елеп.
Ол сөзін тереңдерден толғайды көп.
Қай ру қалай бізді қолдайды деп.
Хандықты құру үшін әскер саны
Кем түссе жиырма мыңнан болмайды деп.
Бұл істің шырмауы бар, шырғасы бар.
Уақыттың судай сусып тұрмасы бар.
Таласпай, тартыспай-ақ ойланысып,
Тезірек сайлау керек мыңбасылар.
Қашанда бос тұрмасын орда маңы.
Орданың жауға сұсы сол болады.
Жасауыл бес мың сыпай дайын тұрсын,
Бойында бес қаруы – жау жарағы.
Әскер бар – әділдік пен шындық барда –
Темірдей тәртіп болсын мыңдықтарда.
Сатқындық, кісі өлтіру деген сынды
Аяусыз тыйым болсын сұмдықтарға.
Хандықта билер соты үстем тұрсын.
Билігін іспен қылсын, күшпен қылсын.
Қашанда елді қолда ұстау үшін,
Зұлым мен жылымдарды сескендірсін.
Енді би би болмайды бас-басына.
Жанбасып кетер олар жақтасына.
Билерді ханның өзі тағайындар,
Қарамай байлығына, басқасына.
Тоқтатып «бұ» дегенді «о» дегенді,
Ұстау шарт ауыздықтап төрелерді.
Әкімдік жүргізуге әр қашанда
Таңдау шарт тапқыр менен көрегенді.
Би менен батырларға таңдамалы
Белгілі қашаннан да ел қарары.
Нақ солар назар салса барлық іске,
Дау біткен тез шешіліп, оңдалады.
Барымта, кісі өлімі тоқтатылсын.
Сот ісі әділетті жақта тұрсын.
Тәуке хан жазып кеткен «Жеті жарғы»
Еленіп, әрқашанда баста тұрсын.
Болмайды Құран менен нан ұстамай.
Адал жол кәпірменен қабыспағай.
Заңдарын Мұхаммедтің тұту керек,
Шариғат жолдарынан алыстамай.
Рулар арасында жанжалдар көп.
Жазықсыз жапа шегіп қалғандар көп.
Хан Кене кесіп айтты: «Бұл жараға
Ем болар есті жолды таңдаңдар!» деп...
Кененің ойы мықты, сөзі күшті.
Барлығын өзі кесіп, өзі пішті.
Би, батыр, сұлтандардың миларында
Мың сан ой сеңдей болып соғылысты.
Құрылды «Хан кеңесі» осы арада.
Сөйтпесе, хан ертеңді тоса ала ма?!
«Кеңесі ақсақалдар» бір -ақ сәтте,
Шынында шығып қалды босағаға.
«Биліктен – бір би отыр – түстім ғой!» деп...
«Дүниеден – бір төре отыр – күстім ғой!» деп...
Білдірмей бір бай отыр ішкі мұңын:
«Бекерге осы жолға түстім ғой!» деп...
Осылай тастап кетті талайын бақ.
Басқандай басын бұлт, самайын ақ.
Хан Кене кедей демей, қара демей,
Қойыпты кеңесшілер тағайындап.
Билікті жергілікті бақылауға,
Әскерді аш қалдырмай асырауға,
Насихат, үгіт ісін жүргізуге
Шығатын болды ерекше жасауылдар.
Байлардан болды «зекет» алынатын,
Диханнан болды «ұшыр» алынатын.
Аталды хатшы менен тілмаш тағы,
Қашан да хан қасынан табылатын...
Хан Кене бұл жиынды үш күн құрды.
Қабағы қарс мұздай қыстың күнгі.
Жұбантып біреулердің жылау жанын,
Жүрегін біреулердің тіксіндірді.
«Нелер тұр біз білмейміз тосып алда.
Жолға – жақ, көңілге тақ болсын Алла!
Қазақтың қайта туар ақ күні үшін
Шейітпіз опат болсақ осы жолда!» –
Деп Кене тұрып кетті орынынан.
Дін аман бет әлпеті торығудан.
Ендігі жорық жолы ерен болмақ
Жасаған бұған дейін жорығынан.
Кененің енді салар соғысына
Бір тояр Қоқаны да, орысы да.
Әзірше аттың басын бұра тұрар
Торғайдың бойындағы қонысына.
Торғайда. Түс
Сан батыр сандал көгін алшаңдатқан,
Торғайдың даласы кең жалпақ жатқан.
Бойынан Қаракеңгір Кенесары
Осынау өр қонысты аңсап қайтқан.
Аңсайтын жөні де бар осы араны –
Алтын төр аймақ қой бұл босағалы.
Торғайдың ұлан-байтақ өңірінде
Қол жиып, басын елдің қоса алады.
Шүкірлік үміті көп Арқадағы.
Жауына жорық жолын тартады әлі.
Артынан тұтасымен көшіп келді
Өз жұрты – Ақмола мен Қарқаралы.
Еркіндеп, еру болып, бие байлап,
Аққұм мен Қарақұмды жатыр жайлап.
Торғай мен Жыланшықтан қатар ішіп,
Ерлері ат жаратып, қару сайлап.
Бас тігіп, батыр туған ерге ілесіп,
Аймағы Сарыарқаның келді көшіп.
Жиналды Орта жүздің батырлары,
Туларын найзаға іліп, желбіретіп.
Сан жарау жүйріктер сабылды енді.
Қағады қас батырлар дабылды енді.
Кенені хан деп білген өздеріне
Шөмекей, Төртқара мен Табын келді.
Жем, Елек,Ырғыз бойы аумағынан,
Мұғалжар, Жыландыдай тауларынан
Келді олар Кіші жүздің туын ұстап,
Күн сөніп қалардай боп шаңдарынан.
Хан Кене енді неге тоқталады –
Қара күз әне-міне боп қалады.
Жолбарыс жемге түсер сияқтанып,
Ол енді Қоқан жаққа оқталады.
Қоқанның өткен әбден ызасы бар.
Алуға соны Кене тым асығар.
Қазақтың қанша жерін тартып алып,
Сол үшін қанын төкті шын асылдар.
Әке мен ағалардың кегі қайда!?
Қазақтың жауда қалған елі қайда!?
Қайтарып бодан жұртты ала алмаса,
Сенген ел мұны езге жорымай ма?!
Қоқанның дәл астынан су шығып тұр,
Бұқармен екі арасы ушығып тұр.
Қазақтың батырлары, міне, бүгін
Қан аңсап, қылыш қайрап құлшынып тұр.
Хиуаның ханы Аллақұл аяқ тартар.
Қосылмай бұл соғысқа саяқ тартар.
Орыспен тізе қосып соғысуға.
Ойы бар Кенеменен табақтасар.
Қауіп аз төніп тұрған Бұқардан да.
Ұқсайды аяғынан тұсалғанға.
Қолдаса Құдай, Аруақ осы жолы
Қорлығын көрсетеді Қоқан лаңға!
Қорлықтың танытады не екенін!
Қазақтың танытады ел екенін!
Қаласын қалың өртке құшақтатып,
Көзіне көрсетеді көрешегін!
Ерлердің қардай борап жай – садағы,
Аспанын азап, тозақ айқарады!
Қазақтың ата жұртын түгел алып,
Жеті мың шаңырағын қайтарады.
* * *
Анасы кірмеуші еді түсіне бір.
Жан еді төгіп тұрар кісіге нұр.
Ойланып отыр, міне, Кенесары,
Өткендей көз алдынан бүкіл өмір.
Айкүміс бұл Кененің анасы еді
Бірге өткен сәби шағы тамаша еді.
Аруағын еске алуды ұмытыпты,
Түсіне кірді бүгін, қарашы енді.
Қолында анасының асасы бар.
Түрінде, тілінде де наласы бар.
Алдында бұл жүгініп отыр екен,
Баладай бабасынан бата сұрар.
Жанына ақ періште жанасады.
Басына ақ кимешек жарасады .
Осы бір түсін ойлап түнде көрген,
Мең-зең боп күбірлейді Кенесары:
«А, Жаратқан!
Анам кірді ғой түсіме!
Тік сөйлемеуші еді кісіге,
Кірпіктері оқша қадалып,
«Қаңсып қалды ғой – деді – қара жұрт!».
Не деді тағы?..
Батырлық.... Байлық.... Даналық...
«Үшеуі де сенде жоқ» –
Деді ме?..
Әлде, деген жоқ,
Естілген шығар солай боп.
Десе егер... мынау құлағым
Қалғаны жақсы-ау керең боп!
«Бес қаруың сайлы болмайды,
Қонған жерің жайлы болмайды!»
Осы да соның ымы ма?
Ай, ана! Ай-Ана!
Олай демегін ұлыңа!
Қаңсып қалса да қара жұрт,
Халқым қалса да қамалып,
Жасымды ыстық жүрегімде қайнатып,
Қасымды төбе-төрімде ойнатып,
Қашан қалып ем омалып?!
Өзің айт, ана!
«Батырлығың жоқ» дедің бе?
От ойнап тұрды ғой көзіңде.
«Батырмын!» деп қашан долдандым?
Кек қылышын ерте қолға алдым.
«Баймын!» деп қашан айтып ем?
Жарлы-жақыбайыммен тоңғанмын.
«Данамын!» деп қашан айтып ем?
Есім кіргенде-ақ білгенмін
Есім мен Қасым сап кеткен
Қасиетін сара жолдардың!
Жазғыра көрме, жан ана,
Кезеңін көрдім таулардың,
Тереңін көрдім орлардың!
Тебіренбей жаным тұра алмас,
Тебіренбегендер, сірә, оңбас,
Қоздандым дағы қозғалдым!
Білмеймісің сен, анашым,
Ұлы Байтақтан бізді қуғанын?
Көсіліп жатқан бейбіт ел
Көкірегін жаспен жуғанын?
Жарқ еткен сонда жасындай
Әкем шығып еді Қасымдай.
Ұмытып, әлде қалдың ба,
Ұлыңның мынау жасымай,
Әкенің жолын қуғанын?
Өйткені, мен...
Өзімнің
Өрен бітімді елімнің
Қанды жасын жеңіммен,
Жеңіммен емес, кегіммен
Сүрту үшін туғанмын!
Айналайын атажұрт
Жау табанда қала ма,
Қалай төзем табаға?!
Өркені үшін осы елдің,
Ертеңі үшін осы елдің
Шыбын жаным садаға,
Қызыл қаным садаға!
«Бес қаруың сайлы емес!» –
Дедің-ау сен, ай, ана
Өксігімді өйтіп сен
Алқымыма таяма.
Оңды-солды жақ тартқан,
Алдыға атқан, артқа атқан
Наркескені
Найқалған
Талай жауды қақсатқан!
Адырнадан кеткен оқ,
Жауға қаһар төккен оқ
Қызыл жалын байланып,
Қызулы өртке айналып,
Жау қаласын жоқ еткен,
Көрген күнін көп еткен!
Адырнасын аңыратқан,
Жебелерін жамыратқан
Жүздіктерім жүректі
Емес пе еді, ай ана!
Толғамалы ақ балта,
Болат басты көк найза,
Тіктеп тура тигенде,
Төзбес сауыт, шарайна!
Артында Алаш халқы бар
Жасыл туым шарқ ұрар!
Талақ етіп салтымды,
Сатып кетсем халқымды,
Мына мені ант ұрар!
Найза ұстаған ерлерім
Намысы жер боп қалса егер,
Кең дүние маған тар шығар!
Білдің бе соны, ай, ана?!..
Намысымды таптаған
Қоқанға ертең аттанам.
«Ар бол! Бар бол!» деуші едің,
Қамымды көп жеуші едің,
Сол батаңды кеудемнің
Түкпіріне сақтағам.
Қолда мені, Ай-Ана!...».
Қоқан хандығы. Мәделі. Жеңіс
Ертеде Қоқан кіші хандық болған.
Қосылған елдей еді қаңғып жолдан.
Бұқардан бір бүйірлеп бөлінгенде,
Еліне жер-мекені тарлық болған.
Ирдан-би бағын ашқан бұл хандықтың,
Жасаған неше түрін құрбандықтың.
Әндіжан, Наманган мен Маргеланды
Жаулап ап, азаматын қылған тұтқын.
Нығайған хандық болып, астамсынды,
Көршіге көз алартып, батпансынды.
Әлім бек хан болған соң бұл Қоқанға,
Басқалар болмай қалды астар құрлы.
Әлім бек атанбаған текке мықты,
Алысқан дұшпандарын бөктеріпті.
Жел есті айдарынан, даңқы дулап,
Алған соң кіндік қала Ташкентті.
Ол қойды жаугершілік талапты алға,
Көз сүзді көк жайлау мен сабаттарға.
Семсерін сілтеп қалды бір күндері
Ташкент маңындағы қазақтарға.
Айырмай қасын дағы, досын дағы,
Бастары қазақтардың қосылмады.
Көз жұмып, көп шаңырақ Қытай асты,
Соншалық Әлім бектен шошынғаны.
Әлім бек он жыл бойы құрды хандық.
Артында ісі қалды сөз қыларлық.
Одан соң Омар хан боп келді дағы,
Сайрам мен Түркістанды алды тартып.
Қазақтар шыға алмады қара сордан
Құнысып, құтылмады құрған тордан.
Салынды бекіністер – Жөлек, Меркі,
Шымқорған, Күмісқорған, Жаңақорған.
Ерлердің кеудесінде тұнды қапа,
Күлкісіз, күрсінумен күнді ұзарта.
Әуелден қос бекініс бой көтерген –
Атақты Ақмешіт пен Әулиеата.
Қалың ел баз кешкен шақ жарығынан,
Кененің үміт күткен дабылынан.
Суырдай інде қалған и боп кетті.
Қоқанның қаруынан, салығынан.
Бұл кезде Мәделі хан Қоқандағы.
Халқы оны жақсы көріп, хош алмады.
Бұқардан, Хиуадан да қысым көріп,
Белбеуі бұл хандықтың босаңдады...
Хан жатыр, міне, шалқып сарайында.
Өткізді ойын-тоймен жаз айын да.
Бұлдырлап көзі жетпей болашаққа,
Білмейді тартар сәтін сазайын да.
Осылай хан Мәделі жатқан еді,
Тағы да тамаша ойға батқан еді.
«Жау шапты! Жау шапты!» деп апалақтап,
Үстіне бас қолбасшы аттап енді.
Қолбасшы: «Кенесары келді!» деді...
Бұл хабар қалай мұны сендіреді?
Торғайда кеше ғана жатқан Кене,
Бұл жерде туы қалай желбіреді?
«Анықтап айтшы!» деді қолбасыға.
Қолбасы жаңа түсті арнасына.
Қалың қол жерді жарып шыққандай боп,
Созақты қоршап апты таңды атыра.
Кенеге Созақ бірақ берілмей тұр.
Алайда, үміт оты көрінбей тұр.
Қазақтың қан аңсаған қасқырлары
Қаладан қарыс-сүйем шегінбей тұр.
Қалаға отты жебе оқ атуда.
Қамалға, орға таман жанасуда.
Созақтық сұр мергендер қарап қалмай,
Олар да жауға жебе боратуда.
Кененің келген қолы қалың екен.
Деп тұр ғой жау қамалын жарып өтем.
Білдірмей бір-ақ күнде басып қалған,
Қанішер Кенесары залым екен!..
Болды енді Мәделінің көзі атыздай.
Бір күйіп, бірде жаурап тоңатындай.
Мынау бір Қоқан деген қаласында
Омалып қала ма енді соры ашылмай?!.
Күдігі Мәделінің рас шықты ––
Екпіні Хан Кененің тым-ақ мықты.
Қамал мен ор қоршаған Созақтың да,
Қақырап шаңырағы құлап түсті.
Сап түзеп Сыр бойында дараланған,
Бұл күнде қамал болған, қала болған ––
Аз күнде ойран болды бекіністер ––
Ақмешіт, Жөлек пенен Жаңақорған.
Құнысып қоқандықтар дірілдеді.
«Не шара! Не шара!» – деп күбірледі –
Кергісек, келіспесек, кейін тартсақ,
Күнге де зар боламыз бүгіндегі.
Айтайық «сені хан деп санайық, – деп,
Тар кезде көмегіңе жарайық, – деп.
Бәріміз бір мұсылман баласымыз,
Мәңгілік одақ болып қалайық» – деп.
Осылай қоқандықтар сөз байласты.
Пәледен басын солай байлай қашты.
Кенеге асыл қару, пұл көтеріп,
Үш елші атын енді борбайлатты...
Үш елші көп ұзамай қайтып келді.
Жолдары болмағанын айтып келді.
Кене хан келіспепті бұл бопсаға,
Сонымен, бұл ойлары мансұқ болды.
Айтыпты Кене сөзін тым нығыздап:
«Кім екен қойған елдің бірлігін ап?!
Мәделі қалай ғана ұялмастан,
Иіліп «дос» мойынын бізге бұрмақ?
Кім жаулап алып еді мынау маңды?!
Қазақтың басы сордан шыр айналды.
Көрсетіп қорлық-зорлық момын елге,
Қалайша бола қалды тым иманды?!
Жеріме қалың әскер келтірген кім?!
Мазасын кімдер алған еркін елдің?!
Саржан мен Есенкелді, Әлжан сұлтан,
Қасымды қас жауындай өлтірген кім?!
Өзімді тұтқын етіп, байлаған кім?!
Малымды матап алып, айдаған кім?
Хиуамен қабаттасып, қатар сорып,
Қазақтың жерін еркін жайлаған кім?!
Қазаққа Қоқан ханы не істемеді?!
Боп қапты білмегендей ештеңені!
Отырған Тәшкендегі құшбегісін
Шіркін-ай, жерге тығып кетсем еді!
Ол жауыз көрмей тұр-ау түрімізді,
Түн қылсам деумен жүр ғой күнімізді.
Биттей боп борбайдағы семіріпті,
Қақсатып Сыр бойы мен Ұлы жүзді...
Әкесі Мәделінің Омар еді.
Мойнында кеткен қазақ обалы еді.
Омарға Тентек төре қарсы шапты,
Сәл болса басын кесіп алар еді!
Сол жолы Тентек төре «әттең» деді.
Артында аздау болды әскерлері.
Сайрам мен Шымкентте қамалып қап,
Жеңіліп, сол кез еді жалт бергені...
Мәделі бізді қалай «дос» дегізер.
Дұшпанмен достаспайды көшпелілер.
Айта бар осы сөзді, Мәделіге,
Арттарын қысар болсын құшбегілер.
Бастысы –– берсін қайтып біздің жерді.
Сыр бойы ата жұрттың кіндігі еді.
Қазақтың қанша жерін отарлап ап,
Несіне «дос болсам» деп ділгіреді?
Ел үшін терім ақты, қаным ақты.
Мәделі Кенені әлі танымапты!
Қайтарсын өз еліне, бодан болған,
Мұндағы сан мыңдаған шаңырақты!».
Елшілер Кене сөзін нақтап айтты
Мәлімдеп, мәнерімен жақсы-ақ айтты.
Біреулер қанын тартты сұп-сұр болып,
Біреулер тас көздерін ақшырайтты.
Барады бір ой ханның жанын жалап –
Мынау өрт одан сайын қабындамақ.
Жер жайын қыла тұрсын түлкі бұлаң,
Еліне көшсе көшсін көшер қазақ.
Кеңесіп, дәл осындай шешім алды,
Алмасқа мұндай шешім несі қалды?!..
Шаттанып, Хан Кененің пәрменімен,
Қалың жұрт Торғай жаққа көшіп алды.
Кенесарының сарыарқамен қоштасуы
Сарыарқа саған шағам енді мұңды,
Қызығым артта қалды кемді күнгі.
Маң далаң маңдайыма сыймаса да,
Кеудеме сыйдырамын кеңдігіңді.
Көретін күн бола ма қайта айналып,
Өзен, көл, қалың тоғай, сеңгіріңді!?
Санамды сансыратты ұлы арманым,
Болашақ қандай болар, біле алмадым.
Көбесі тырнағымның сөгілгендей,
Сонда да бір қанағат іле алмадым.
Дариға-ай, түгел өртеп кетер ме едім
Орыстың қаптап кеткен дуандарын!
Қордам мен қонысымды айнала алмай,
Қолымды таршылықтың байлағаны-ай!
Өзіңді дербес қылсам деген оймен,
Он жылдай күресіп ем жанды аямай.
Артымнан соңғы төрт жыл тағы түсті,
Үмітпен ұстаймыз деп әлдеқалай.
Азғана шартыма орыс келіспеді.
Аяғым оңға басса «теріс» деді.
Бауырым, ауылымды қанға бояп,
Дұшпандық әрекеті өрістеді.
Бәйбішем Күнімжанды тұтқын етіп,
Не келсе ойларына соны істеді.
Өрекпіп, өрттей жайлап айналамды,
Төрт түлік малды түгел айдап алды.
Ахмет, Арыстандай төрелерді
Айтақтап, төбетіндей пайдаланды.
Баяғы бітімдесу, шарттасу да,
Қып-қызыл өтірік боп, жайға қалды.
Сарыарқа-ай, мен ішімнен егілем ғой,
Алдымда не тұрғанын сезінем ғой!
Кетемін Торғайдан да, Ырғыздан да.
Мойнымды жау артыма бұрғызған ба?!
Үйсінге жетіп алып, әскер жиып,
Сөз салып көрсем деймін қырғызға да.
Сарыарқа-ай, өр төріңде өскен едім,
Көкшенің көк шалғынын кешкен едім.
Жаһанда саған, сірә, жер жетер ме,
Өзіңді енді артыма бөктеремін.
Бауырын саған төсеп жылап жатыр,
Артымнан еремін деп көшкен елің!
О, тәубе! Мен орысқа ұстатпадым,
Қорқауы, қоршауына міз бақпадым.
Кәнігі кәрі қасқыр, сірә алдырмас,
Шынында, мен де соған ұқсап қалдым.
Әуре етіп, тиіп-қашып соғысумен,
Алдамшы, адастырар із тастадым.
Орыстар қаншама рет қаңғып кетті,
Жететін жерлеріне мәңгіп жетті.
Қайтейін, әйтсе дағы, амалым не,
Жазықсыз ауылдарды қан ғып кетті!
Аудым да Мұғалжарға Ұлытаудан.
Әл-дәрмен жасақтадым әрбір шепті.
Кетерде Мұғалжарға тек кетпедім,
Бурасын дұшпанымның кескектедім.
Ызасы Ахметтің әбден өткен,
Мен соның әскеріне беттеп келдім.
Бір күні тырп еткізбей қоршап алып,
Көрсеттім не екенін өштескеннің!
Сұлтандар сол бір қолға жиылыпты,
Кенені ұстай алмай күйініпті.
«А, құдай, жолымызды қыла көр!» деп,
Боз шалып, аруақтарға сыйыныпты.
Ақыры, қырық төрті ажал құшып,
Сол бір күн имандарын үйіріпті!
Сол күні олар тозақ түрін көрді.
Дөп келіп, тырнағыма ілінген-ді.
Сарыарқа-ай, сен куәсің барлығына,
Көтеріп жатырсың ғой бұл іздерді!
Желіңмен жер дүниеге таратарсың, ––
Кімге айтам, саған айтпай шынымды енді?!
Мен үшін Петерборда бас қатыпты.
Николай генералын қақсатыпты.
Патшасы ұлық елдің ұялмастан,
Үш мың сом бір басыма ақша тікті.
Дейді ғой: «Бұратана бір халықтың
Қанішер қарақшысы басқа шықты».
Көрсеттім өздерінің көрсеткенін,
Сол үшін қаншама қан, тер төкпедім.
Ордамды бір аулаққа тігіп қойдым,
Қалқан ғып Мұғалжардың өркештерін.
Орыстың мекендерін шекте тұрған
Талқандап, малын айдап, өртеп кеттім.
Мен мұны саған айтпан мақтан етіп,
Әр ісім тұрған шығар хаққа жетіп.
Қайратып қылышымды, қайнатты қан.
Дұшпандар өр төсіңді таптап өтіп.
Сен үшін сенделдім ғой, шерлендім ғой,
Отырмын, міне, мұндай шаққа жетіп.
Патшасы біраз тізгін тартып көрді.
Сандалмай, дем алуды артық көрді.
Біздегі тұтқындармен алмастырып,
Бәйбішем Күнімжанды қайтып берді.
Елшісі «Қатардағы сұлтан бол» деп,
Назданып, насихатын айтып көрді.
Сұрағам Ырғыз бенен Торғайымды
Ұлытау, Сарысуды тал-қайыңды.
Есімнен шықпаушы еді Есіл-Нұра,
Төсіне көп тигізген маңдайымды.
Ала алмай соның бірін, қаңғып қалдым,
Сарыарқа, түсіндің бе жағдайымды?!
Енді мен бір өзіңе «Қош! Қош!» деймін.
Көшкен жұрт көздің жасын төкпек деймін.
Дәм жазып қайта оралар күн болар ма,
Кәрі өліп, жас балдырған өспек деймін.
Дариға-ай, даламызға лықсып толсақ,
Өртеңге қаулап шыққан көк шөптейін!
Бетімді Жетісуға бұрдым, міне.
«Алла!» деп ақбоз атқа міндім, міне.
Сыртымнан әне біреу сұқ қадап тұр,
Артымнан күл шашпақшы көлгір неме!..
Кірпіктен екі-үш тамшы домалады-ау,
Сен бірақ көз жасымды көрдім деме!..
Әбубәкір ҚАЙРАН.