Төрағалықтың тамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі
Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
Алмағайып әлемнің ала бұлты ана тұсты да, мына тұсты да торлап, «қара албасты қай жағынан басады» деген қауіптен арыла алмай отырған дәуірде, иісі адамзат баласының амандығын күн тәртібіне қойған Астанаға құлақ түрмеген, көз тікпеген, сірә, ешкім жоқ шығар. Биліктің ұшар басында отырған мемлекет басшыларының жандауысы қауіпсіздіктің қазақстандық қасқа жолын бойлап шартарапқа тарап жатты десе де болар. Мұндай жағдайда өзіңе өзің қайта қарамау мүмкін емес. Күні кеше кім едік? «Қазақстан» дегенді кейбір мемлекет «Жамбыл» деп білген. Иә, кәдімгі жыр алыбы Жамбыл. Ал көбі мүлде білмеген. Оны айтасың, ары бармай-ақ, мынау Балтық жағалауындағы республикалар, бірін «аға», бірін «жаға» тұтқан Ресей мен Белоруссияның қиыр-шиырындағылар «жабайылар» деп есептеген. Тек тәуелсіздік алған 19 жылда «қазақ» деген қасиетті атаудың кірпігі қимылдап, көзі ашылды. Әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниенің төрт құбыласында кез келген мәселеде тектілігімен тебіреніс тудырған қайраткерлігінің арқасында. Сондықтан да оның біртуар тарихи тұлға екенін әлем мойындады. «Әлем адамы» деп таныды. Біздің мақтанышымыз осында. Қазақ перзентінің әлемдік саяси сахнадағы саңлақтығына мерейіміз өседі. Өзіңе өзің қарағанда, осыны айтасың. Астана Саммитінен біздің пайымдағанымыз: әлем үшін бүгін ойлы мәміле – ортақ жеңіс. Иманды келісім – Отанның амандығы. Ынтымақ – бір жағадан шыққан бас, бір жеңнен шыққан қол. Жасампаз ұйғарым – адамзат тағдыры қауіпсіздігінің кепілі. Былайғы жұрт арасында «ана президент өйтті, мына президент бүйтті, бір-бірімен қағысып қалғандары болды» деген сөздер де айтылып жүр. Саясаттың өз заңдылығы бар. Кейбір мәселеде ешкіммен ешкім қолтықтасып билеп кете салмайды. Өз туралығына сенімді мінездер де азу көрсетіп, айбар танытып қояды. Оның объективті, субъективті себептері басы ашық көрінгенімен, түбіне құрық бойламайтын терең саясат жатады. Мейлі, қалай болғанда да, ешқандай шамшылдық қазақ төрінде өткен Саммитке салқынын тигізе қойған жоқ. Біздің абыройымыз сол. Біздің абыройымыз – Еуразия проблемасының Қазақ елі Астанасында талқыланып, Декларация қабылданғаны. Ол қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың тарихи құжаты. Заманымыздың, сондай-ақ болашақтың тағдырына кепіл – Акт. Ендігі жерде жауапты істің баяны, жалпы, біздің әрқайсымыздың өзімізді өзіміз қалай алып жүруімізге тікелей байланысты. Әрқайсымызға жеке басымыздың қоғам алдындағы міндетіміз жайлы кеңінен, тереңірек ойлануға тура келеді. «Біз қазақты, тұтас елімізді қаншалықты қадірлей аламыз», деп қоюмыз керек сұрақты, өзімізге өзіміз. Отанның қауіпсіздігі, ынтымағы сол сұраққа жауап бере алған жағдайда ғана баянын табады. Ақиқат біреу: бір ел бір елдің ішкі проблемасын тұтас шешіп бере алмайды. Болмайтынға болысқаннан бірдеңе шыққанын әлі ешкім көрген жоқ. Демек, өз еліңде өсіп-өну, өркендеу – қоғамның әр мүшесінің ақыл-ойына, адалдығы мен азаматтығына тәуелді. Ақын айтқан «Әр қазақ – менің жалғызым», дегенге, енді ары қарай: «Әр қазақ – менің еңбекқорым», «Әр қазақ – менің білімдім», дегенге келетін мағыналы, маңызды тіркестерді тізбектеп қосып айта берумен бірге, соның өмірде нақтыланып жатқанына да мән бере білу керек, бүгін. Байлық дегеніміз – экономика. Ал экономика жақсылап жұмыс істеуден басталады. Жан алып, жан беретін маңдайдың тері десе де болады оны. Міне, осыны жасап, алдымен әр қазақтың байығаны керек. Бұдан кейін білім тұр. Шыңыраудан шып-шып шығып жататын ар жағы түпсіз тереңдік мөлдір таза су сияқты шынайы білім. Ол – оқу. Ол байлықты сақтайды, баянды етеді. Байлық пен білім мәңгілік тақырып – қауіпсіздік пен Ынтымақтың кепілі. Тұрмыс тапшылығы жоқ білімді ұлт өз ұясын да, өзгенің ұясын да бұзбайды. Оған керегі дәулеті шалқыған, төрт құбыласы түгел ақыл тоқтатқан беймарал өмір ғой. Меніңше, біздің қазаққа ғұмыр кешудің осы екі бағыты қажет. Билік пен бұқараның мақсат-мүддесі, пейіл-ниеті үнемі қатар жүріп отыратын жері де осы. Идеологиясы осы болуға тиіс. Алайда, байлық адал еңбекпен жасалсын, білім жаппай тереңдеп оқумен келсін. Қоғам қазір әркімнің жеке адалдығына мүдделі. Сол қалыптасқан жағдайда биліктің бұқараға, бұқараның билікке деген адалдығы жолға түседі. Қараниеттілік, қараулық, қараң қалдырушылық, қасірет, кесапат сонда қазақ организмінен өзінен өзі ыршып шығып кетеді. Өз басым осылай ойлаймын. Көксеймін. Армандаймын. Жұртымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитінің арманына айналдырған қауіпсіздіктің қасқа жолын көзінің қарашығындай сақтаса деймін. Қазақ тарихында қазақты қазақ еткен, кеңістігін кеңейткен, елін, жерін сақтап қалған «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы» сияқты өлмес өнегелер бар. Бұқара соңдарына жаппай түсінікпен, отаншылдық сезіммен, ұлттық мүддемен ере білген соң қалды сол сара жолдар тарихта. Кез келген ұлттың, мемлекеттің билігі – жалғызы. Сол сияқты кез келген билік пен мемлекеттің жалғызы – бұқара. Қазақ үшін жалғыздың жөні басқа. «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» деп те айтқан. Сонда қазақ билігінің ұшар басындағы адамға абай қарауды айтқан. Ашса алақан, жұмса жұдырық болуды ойлаған елдің басқадай жолы жоқ. Әлем Астана Саммиті арқылы қазақты таныған екен, ендеше бізге ендігі жерде олпы-солпылық жараспайды. Жөнсіз қисайған ауыздар да қажет емес. Жөнсіз қаралаумен қызыл көбігі бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазанның қақпағын жауып тастау керек. Қазір бізге керегі – бір-бірімізге кісілік көзқарасымыз, адалдығымыздың айдарынан жел есіп тұрған азаматтық ақылымыз. Былай шыға бере билікті жерден алып, жерге салып, онымен бетпе-бет келіп қалғанда құйысқанға қыстырыла кетіп, соның қолдаушысы, қамқоршысы көрініп қалуға жанын салып, әліне қарамай ақылгөйсіп кететін ақсақалдар мен қырма сақалдардың және өзін-өзі саясаткер, қайраткер, білгіш, көргіш, мінегіш-сынағыш санайтындардың төбесі әр жерден-ақ сопаңдайды. Мына заман құры кеуде, құры көкірек көсемдікке мұқтаж емес. Болса азаматтық ақылға мұқтаж. Азаматтық ақыл – жаңарған сана, жасампаз ұстаным, жандүниенің жұлдызы басқаша жарық сәулелі бағдары. Азаматтық ақыл, түптеп келгенде, жеке өнеге. Біз жоғарыда айтқан әркімнің бәрін өзін-өзі танудан бастауы соған келіп тіреледі. Қазақстанымыздың Астанасының қақ төрінде өткен Саммиттен кейін әркім-ақ өзіне өзі: «Әлі де дүрдараздығы, ішкі саяси тұрақсыздығы бар мемлекеттердің арасында өзімізді өзіміз қалай ұстап, қалай өмір сүруіміз керек?» деген сұрақ қойған шығар деп ойлаймын. Қазақстан жеткен бүгінгі абырой, түйсігі барларға солай еткізері сөзсіз. Өйткені, еліңе, оның болашағына адалдығың мен азаматтығың тұр ар жағыңда. Ендеше, Алла тағала елді алдынан жарылқасын делік. Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Тараз. Ел мерейін өсірген форум Әлемді елең еткізген Астана Саммиті жер бетінде Қазақстандай кең-байтақ ел, оны мекендеген қонақжай халық бар екендігін көрсетіп, дүйім жұртты тағы бір таңдай қақтырды. Біз, алғашқы мұнай тамшылары пайда болған «қара алтынды» аймақтың тұрғындары, ата жолын жалғастырып, ел несібесін игеруде еңбек етіп келе жатқан кәнігі мұнайшылармыз. Ел абыройын асқақтатқан бұл тарихи оқиғаны бастан-аяқ бақылап отырдық. Екі күн ішінде болған кездесулер, шетелдік қонақтардың біздің елдің, Елбасының атына айтқан алғыстары көкірегімізге патриоттық сезім ұялатып, бірлігі мен берекесі астасқан елдің ұрпағы екендігімізге марқайдық. Шетелдік басшылармен болған кездесуде ел Президенті аймақтық интеграциялық бірлестіктер, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері төңірегінде кеңінен пікір алысты. Қайсыбір елдердің арасында әлі де болса келіспеушіліктің бар екендігі ақиқат. Ел іргесінің сөгілмеуі татулыққа, ауызбірлікке байланысты десек, Отанымызда бейбітшіліктің салтанат құрып, ұрпағымыздың бақытты-бақуатты болуын баға жетпес құндылық деп түсінеміз. Саммит жұмысында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз бүгін Астанада еуроатлантикалық және еуразиялық біртұтас және ажырағысыз қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыруды бастап береміз», деуі Астана Саммитінің халықаралық қоғамдастықта алар орнының аса маңыздылығын көрсетіп берді. Сонымен қатар, Президент өз сөзінде осы заманғы сынақтар мен қатерлерге жауап беру үшін ЕҚЫҰ-ны дамыту үдерісінде мазмұнды да құрылымдық өзгерістер қажет екендігін айта келіп, ЕҚЫҰ-ның себеттері мен институттары санын ұлғайтуды ұсынды. Экономиканы тұрақтандыру үшін алдымен Еуропа Одағының күш-жігері қолдауға лайық екендігіне, бірақ әзірге әлемдік экономика мен валюта жүйесінің жаңа сұлбасын іздестірудің баяу жүргізіліп отырғандығына тоқталды. «Сондықтан ЕҚЫҰ-ның экономикалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігері басымдылық болып, қаржы-экономикалық қауіпсіздік жеке себет ретінде бөліне алар еді. Жаһандық экономика жаңа сападағы әлемдік резервтік валютаны қажетсінеді. Бұл мәселе айрықша назар аударуға лайық», деп Президентіміз айрықша атап көрсетті. Қазақстанның бұл ұсынысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сыртқы саясатының сарабдалдығын тағы да айқындап берді. Әлемдік қаржы дағдарысы көрсеткендей, ЕҚЫҰ қатысушыларының экономикалық қауіпсіздік жөніндегі шешімдері басым бағыттардың бірінен екендігінде сөз жоқ. Қазақстан тарапынан әлемдік қоғамдастыққа ұсынылған валюталық-қаржылық саясат пен экономикалық ынтымақтастықты үйлестіру және оны одан әрі жүзеге асыру бүгінгі әлем үшін өте маңызды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Орталық Азиядағы проблемаларға және өңірдің мүмкіндіктеріне назарды шоғырландыруға көмектесті», деп өзінің ой-пікірін ортаға салды. Мұның өзі ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аяқтағалы отырған мемлекетіміздің жарқын болашағы мен Елбасының ұтымды бастамаларының сан-қырлы қолдау тапқандығын әйгілеп тұрғандай. Астана Саммитінде 56 елдің басы бірігіп, Астана Декларациясын қабылдады. Бұл декларация қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда, тарихи құжат ретінде бағаланады. Қорыта келгенде айтарымыз – туған республикамыздың бас қаласы Астананың төрінде осындай жоғары мәртебелі жиынның сәтті өтіп, діттеген мақсатқа жетуі жарасым тапқан елдігіміз бен берекелі тірлігіміздің жемісі болды. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының ұжымы. Атырау облысы. Әлем таныған елге айналдық Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитінің Еуразия жүрегі – Астана қаласында өтуі Тәуелсіз еліміздің зор жетістігі екенін, Қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналғанын мақтан етеміз. Астана Саммиті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор қайраткерлік тұлғасын жаңа қырынан танытып, кемел тәжірибесі мен үлкен абырой-беделінің арқасында жаһандық проблемаларды шешудің тарихи құжаты дүниеге келді. Қазақстан ұсынған реформалық, жаңашыл ұсыныстар басқа елдер басшылары тарапынан қызу қолдау тауып, ЕҚЫҰ Саммиті қорытындысы бойынша қабылданған Астана Декларациясы мемлекетаралық өзара сенім аясында әлемдік қауіп-қатерлерге жол бермеуге, алдын алуға, өзара іс-қимылды ортақтаса жүргізуге қызмет етері сөзсіз. Саммит аясындағы мәртебелі кездесулер мен келіссөздерді мұқият ой елегінен өткізе отырып, мынандай ортақ тоқтамға келдік. Бәріміздің ортақ міндетіміз бір арнаға тоғысып, жұмыла кіріссек, алынбайтын қамал, бағынбайтын асу жоқ екен. Арадағы 11 жылғы үзілістен кейін жоғары дәрежеде өткен халықаралық жиын алдағы кезеңде Ұйым қызметіне жаңаша серпін беретіні даусыз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеннен бері үйлесімділікпен, жүйелілікпен жұмыс істегенін Саммитте сөйлеушілер бірауыздан атап көрсетті. Ұйым ісіне жаңа тыныс, тың сипат беріп, өз өкілеттігі шеңберінде көптеген іс-шаралар атқарды. Бір сөзбен айтқанда, өз мүмкіндігін, қарым-қабілетін толық көрсетіп, маңызды мәселелер аясында өз көзқарасын айқын дәлелдей білді. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің ұстаздар қауымы. Солтүстік Қазақстан облысы. Оң баға, оң нәтиже, оң жетістік ЕҚЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша қоғамдық пікірлердің әлеуметтік мониторингі осылай дейді 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты халықтың пікірін анықтау мақсатында «Global Monitor» зерттеу орталығы (Алматы қ.) 6-14 желтоқсан аралығында қоғамдық пікірге әлеуметтік мониторинг жүргізді. Сауалдама республиканың барлық облыстарында, Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылды және жүргізілді. Іріктеп алынған жиынтығы 600 адамды құрады. Зерттеу шеңберінде халықтың ЕҚЫҰ Саммиті туралы хабардарлық деңгейі, аталған шараның рөлі мен маңызы, Саммиттің қорытындысы бойынша қоғамдық пікір зерделенді. Мысалы, сауалдама нәтижелері бойынша халықтың Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Саммиті туралы хабардарлық деңгейі өте жоғары екендігі анықталды. Сұралғандардың 95,3%-ы Саммиттің өтетіндігі туралы естігендерін, ал 4,7%-ы мүлдем ештеңе білмейтіндіктерін мәлімдеген. Сонымен бірге, сауалдама нәтижелері қала тұрғындарының 96,1%-ы ЕҚЫҰ Саммитінің өткендігі туралы хабардар екендігін көрсетсе, ауыл тұрғындарының бұл шара туралы білетіндер үлесі 94,2 % құраған. Саммит туралы негізгі ақпарат көзі ретінде теледидарды белгілеген респонденттердің үлесі 76,8% құрайды. Бұдан кейінгі орында баспа басылымдары тұр – 8,2 %, әріптестерінен естігендер – 6,3 %, Интернет – 3 %, радио – 0,8%. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жалпы сұралғандардың 72,8%-ы ЕҚЫҰ Саммитінің трансляциясын тамашалаған, 21,5%-ы көрмеген, олардың ішінде респонденттердің 4,2%-ы өтіп жатқан оқиғаға немқұрайдылық танытқан. Сұралғандардың 5,7%-ы жауап беруге қиналған. Халықтың ЕҚЫҰ Саммитін Қазақстанның қаншалықты тиімді ұйымдастыра білгендігіне қатысты пікірлерін зерделеу мынадай нәтижелер көрсетті: жалпы, сұралғандардың 82,3%-ы Саммиттің ұйымдастырылуын тиімді және тиімді шығар, 4,3 %-ы тиімсіз және тиімсіз шығар деп бағалады, ал 13,3 %-ын жауап беруге қиналғандар құрайды. Зерттеу нәтижелері бойынша халықтың 65,8%-ы ЕҚЫҰ Саммитінің табысты ұйымдастырылуы және өткізілуі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбегінің арқасында, ал 22,5%-ы барша қазақстандықтардың еңбегінің арқасында деп есептейді. ЕҚЫҰ Саммитінің Қазақстан үшін маңыздылығы деңгейі туралы пікірлерді талдау респонденттердің 47,8%-ы Саммит халықаралық қауымдастықта Қазақстанның беделін арттыратын оқиға болды деген сенімде екендігін көрсетті. Сонымен қатар, сұралғандардың 21,7%-ы ЕҚЫҰ Саммиті жалпы еліміз үшін өте маңызды оқиға, ал 19 %-ы еліміздің табысты дамуының көрсеткіші болып табылатындығын белгілеген. Соған қарамастан, сұралғандардың 3,3%-ының пікірі бойынша Саммит еліміз үшін маңызды оқиға болып табылмайды. Сауалдама барысында респонденттерге «Саммитте қол қойылған Астана Декларациясының Қазақстан үшін маңыздылығы қандай?» деген сұрақ қойылды. Сауалдама нәтижелері көрсеткендей, респонденттердің 41,8 %-ы үшін Астана Декларациясы даулы мәселелерді шешу бойынша маңызды құжат болып табылады, 22,7%-ы үшін қазақстандық дипломатияның жемісі, 12,5%-ы үшін ЕҚЫҰ-ны жаңғырту/қайта құру қажеттілігін растайтын құжат болып табылады. Сонымен қатар, сұралғандардың 7,3%-ы бұл қол қойылған көптеген декларациялардың бірі болып табылады деп санайды. Халықтың Саммиттің қорытындыларына қатысты пікірі мынадай: ЕҚЫҰ жұмысына жаңаша күш береді деп санайтындар – 11,5, өңір үшін аса маңызды мәселелер бойынша ашық үнқатысуға жағдай туғызады деп есептейтіндер – 10,3, ЕҚЫҰ тарихында қалатын Астана Декларациясына қол қойылуы деп бағамдайтындар – 9,0, Қазақстанның және Президенттің әлемдік беделін көрсетеді деп пайымдайтындар – 30,8, Астананың танымалдылығының жаңа деңгейін көрсетті дейтіндер – 8,5, Қазақстанның барша жетістіктерін таныстырды деп ойлайтындар 19,7 пайызды құрайды. Жауап беруге қиналғандар 10,2 пайыз екен. Осылайша, жүргізілген сауалдама үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында өткізілген ЕҚЫҰ Саммиті туралы қазақстандықтардың хабардарлық деңгейі өте жоғары екендігін көрсетіп отыр – 95,3%. Халықтың 80%-дан астамы Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін нәтижелі ұйымдастыра білді деп есептейді және сұралғандардың жартысынан астамы онда ҚР Президентінің жеке еңбегі зор екенін ерекше атап көрсетеді. Жалпы, көптеген қазақстандықтардың пікірінше, өткізілген ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстан және оның Президентінің жоғары халықаралық беделін көрсеткен еліміздің басты іс-шарасы болған. Астана Саммиті – тәуелсіздік тартуы Ұлы тарих көшінде ғасырға татитын тарихи оқиғалар болады. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін әлемдік саясат көшінде жұлдыздай жарқырап, көп ұзамай-ақ беделді ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, Астанада Саммит өткізгені осындай айрықша оқиға қатарына жатады. Қазақстанның елордасы – Астана халықаралық мәндегі шешімдер қабылдаған, трансатлантикалық интеграцияны трансеуроазиялық интеграциямен толықтырған әлем картасындағы маңызды геосаяси орталыққа айналды. Сондай-ақ Астана Саммиті бүкіл әлемге Еуразия төрінде достыққа берік, бауырмал, қонақжай Қазақстан деген ел бар екенін ұғындырды. Осының барлығына, әлбетте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерен. Бұл оқиға шын мәнінде әлемдік қоғамдастық үшін нәтижесі жағынан таңқаларлық, мәні жағынан аса маңызды оқиға болды. Жаңа ғасырдағы жаһандық мәселелердің қазақ жерінде түйіні тарқатылуы – бұл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында ел рухын асқақтатқан айтулы оқиғаға айналды. Саммитті жоғары деңгейде өткізген Қазақстанға, оның Көшбасшысы – Елбасына деген айрықша ризашылық сезімі әлемнің алпауыт мемлекет басшылары тарапынан сан мәрте айтылды. Бұл туралы қазір әлемдік ақпарат құралдары да жарыса жазуда. Астана Декларациясында жария етілген адами, саяси және әскери, экономикалық және экологиялық аспектілерді қамтыған жалпы қауіпсіздік мәселесі шын мәнінде әлемді алаңдатып отыр. Осы орайда, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне әлем елдерінің қызығушылық танытуы заңды құбылыс деп бағалаймын. Шынында, 140-қа жуық ұлт пен ұлыстың ынтымақ пен бірлікте тіршілік етуі – біздің басты мақтанышымыз, қастерлеп ұстап, келешек ұрпаққа қалдырар аманатымыз дер едім. Сыр өңірінде де бүгінгі таңда 20-ға жуық ұлт өкілдері ұрпақ өсіріп, тату-тәтті өмір сүруде. Облыстағы 10 этномәдени бірлестіктің қалыпты жұмыс жасауы үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық жағдай жасалған. Ынтымағы жарасып, бірлігі бекемделе түскен еліміздің әлемдік қоғамдастық алдында беделі артып, еңселі елдер қатарына қосыларына «Алаштың анасы» атанған – Сыр елінің жұртшылығы кәміл сенеді. Болатбек ҚУАНДЫҚОВ, Қызылорда облысының әкімі.