АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтоннан Қазақстан Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай құттықтау хат келді. Онда ол былай дейді:
«Құрама Штаттар осыдан он тоғыз жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігін таныған және оның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіруіне орай құттықтаған алғашқы мемлекет болу құрметін иеленді. Менің жақындағы 11 жыл бойы өткізілмей келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммитіне қатысу үшін Астанаға сапарым барысында Қазақстан жетістіктерінің нәтижесін көзбе-көз көруіме мүмкіндік туды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Саммит өткізу Қазақстанның өңірлік және әлемдік көшбасшы ретіндегі дамуының маңызды көрсеткіші болғаны анық».
АҚШ Мемлекеттік хатшысы сондай-ақ өз құттықтауында тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері Қазақстанның айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін атап көрсетеді. Біздің халықтарымыз көптеген бағыттар: экономикалық байланыстарды нығайту, болашақтың сенімді энергетикалық жобаларын жасау, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қатерді төмендету бағыттары бойынша тығыз ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Құрама Штаттар азаматтық қоғам өкілдерімен және жеке сектор көшбасшыларымен қатар, ресми тұлғалармен де тең дәрежеде адам құқына қатысты, барлық азаматтар үшін қазіргіден де тұрақты, қауіпсіз, демократиялы және гүлденген әлем құру жолында күш біріктіре жұмыс істеу мүмкіндігі бар екендігін мақтан тұтады, дейді ол. Біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік ортақ мақсаттарымыз – Қазақстан мен оның халқы үшін жарқын болашаққа жету жолында нығайып, тереңдей береді деп сенеміз.
Қазақстан халқына Тәуелсіздік күнін шат-шадыман көңіл-күйде мерекелеуді тілеймін, деп аяқтайды Х.Клинтон өзінің құттықтауын.