Ерлердің еңбегі еленді
Кеше Ақордада тәуелсіз Қазақстанның түрлі саладағы дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Бұл – қазақ халқының аса бір қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау саласы қайраткерлерінің, әскери сала қызметшілерінің, спорт саңлақтарының, құқық қорғау органдары мен өндірістік сала өкілдерінің, еңбек ардагерлерінің Отан үшін өлшеусіз қызметіне деген шынайы ризашылық пен шексіз қошеметтің бір үлгісі еді. Салтанатты жиын барысында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ең алдымен ұлық мереке–Қазақстан Тәуелсіздігінің 19 жылдығымен құттықтады. Осындай айрықша мерекенің алдында еліміздің жоғарғы дәрежелі марапаттарына ие болу – ол сіздер үшін қос бірдей қуаныш болып саналады. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын, деді Елбасы. Тәуелсіздік жылдарының ішінде, әсіресе, биылғы жыл айрықша табысты, жемісті жыл деп айтуға болады. Қазақстан Еуропаның аса беделді ұйымына бүкіл Азия, ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет төрағалық етті. Сол жиынды өткізуге көп жұмыс жасады. Күні кеше әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Астана Саммиті аса нәтижелі өткенін білесіздер. Еліміздің қол жеткізген жетістіктерінде барша отандастардың, соның ішінде бүгінгі марапат иелерінің де үлестері бар. Сондай-ақ Президент елдің өркендеуі жолында елеулі еңбек сіңірген бір топ қазақстандықты мемлекеттік награда және сыйлықтармен марапаттағаны, олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері бар екеніне де тоқталып өтті. «Менің Жарлығыммен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Еркеғали Рахмадиевке берілді. КСРО халық әртісі, еліміздің тәуелсіздік алған жылдары мәдениет саласын басқарған, көп жылдар бойы біздің тұңғыш консерваториямызға жетекшілік еткен, біздің ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге атсалысып келе жатқан еліміздің үлкен азаматы», – деді осы орайда Президент. Сонымен, бұл күні алғашқы марапат – Қазақстанның әлеуметтік, гуманитарлық бағытындағы аса үлкен жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Еркеғали Рахмадиевке берілді. Е. Рахмадиев өз кезегінде өзіне көрсетілген жоғары марапат үшін алғысын жеткізді. Бұдан кейінгі кезекте Елбасы қолынан «Отан» орденін жазушы Әзілхан Нұршайықов, ал «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алды. Бұл күні сондай-ақ, I дәрежелі «Барыс» орденімен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, II дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, ал III дәрежелі «Барыс» орденімен «Еуразия өндірістік компаниясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Алиджан Ибрагимов марапатталды. Ақордада өткен салтанатты жиында, сонымен қатар, «Парасат», I дәрежелі «Достық», II дәрежелі «Достық», «Құрмет», I дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Даңқ», I дәрежелі «Айбын», II дәрежелі «Айбын», III дәрежелі «Айбын» ордендері мен «Ерлігі үшін медалі» тапсырылды. Бір атап өтерлігі, бұл күнгі мемлекеттік наградаға ұсынылғандардың арасында Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Полад БюльБюль Оғлы да болды. Оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының 2010 жылғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы тапсырылды. Бұдан кейінгі кезекте Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік сыйлық – мемлекетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа «Әдебиет» саласы бойынша, марқұм ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» атты жинағы лайық деп табылды. «Музыка, театр және кино» саласы бойынша марқұм Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әндер жинағына берілді. Біз тәуелсіздік алғалы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге баса мән беріп келеміз. Мен Мемлекеттік әнұран авторларының Мемлекеттік сыйлық алуы – елдігіміздің белгісі деп білемін. Өйткені, олар – тәуелсіздікті көрмесе де, тәуелсіздікке өлшеусіз қызмет еткен талантты тұлғалар», деді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.Байсерке ауылында көпсалалы аурухана салынады
Аймақтар • Бүгін, 17:45
Алматыда «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтеді
Кино • Бүгін, 17:30
Қамшы туралы тарихи мәліметтер топтастырылған кітап жарық көрді
Тарих • Бүгін, 17:15
Халықаралық форумда ғылымды дамыту мәселелері талқыланды
Ғылым • Бүгін, 17:00
Қазақстанда 755 волонтерлік ұйым жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 16:45
Алматы облысына 780 млрд теңге инвестиция тартылды
Аймақтар • Бүгін, 16:30