16 Желтоқсан, 2010

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік наградаларымен марапатталды

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ерлердің еңбегі еленді

Кеше Ақордада тәуелсіз Қазақстанның түрлі саладағы да­муына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Бұл – қазақ халқының аса бір қастерлі мерекесі Тәуел­сіз­дік күні қарсаңында Қазақ­стан­ның мәдениет, ғылым, білім, ден­саулық сақтау саласы қай­рат­керлерінің, әскери сала қыз­метшілерінің, спорт саңлақ­та­ры­ның, құқық қорғау орган­дары мен өндірістік сала өкіл­дерінің, еңбек ардагерлерінің Отан үшін өлшеусіз қызметіне деген шынайы ризашылық пен шексіз қошеметтің бір үлгісі еді. Салтанатты жиын бары­сын­да сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ең алдымен ұлық мереке–Қа­зақ­стан Тәуелсіздігінің 19 жыл­дығымен құттықтады. Осындай айрықша мерекенің алдында елі­міздің жоғарғы дәрежелі ма­рапаттарына ие болу – ол сіздер үшін қос бірдей қуаныш болып саналады. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын, деді Елбасы. Тәуелсіздік жылдарының ішінде, әсіресе, биылғы жыл ай­рық­ша табысты, жемісті жыл деп айтуға болады. Қазақстан Еуро­паның аса беделді ұйымына бүкіл Азия, ТМД елдерінің ара­сында тұңғыш рет төрағалық етті. Сол жиынды өткізуге көп жұмыс жасады. Күні кеше әлемдік маңызы бар тарихи оқиға – Астана Саммиті аса нәтижелі өткенін білесіздер. Еліміздің қол жеткізген жетістіктерінде барша отандас­тар­дың, соның ішінде бүгінгі марапат иелерінің де үлестері бар. Сондай-ақ Президент елдің өр­кен­деуі жолында елеулі еңбек сі­ңір­ген бір топ қазақстан­дық­ты мемлекеттік награда және сый­лықтармен марапаттағаны, олар­дың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері бар екеніне де тоқталып өтті. «Ме­нің Жар­лы­ғыммен «Қазақ­стан­ның Ең­бек Ері» атағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профес­со­ры Еркеғали Рахмадиевке берілді. КСРО халық әр­тісі, елі­міздің тәуелсіздік алған жыл­да­ры мәдениет саласын басқар­ған, көп жылдар бойы біздің тұң­ғыш консерватория­мызға жетекшілік еткен, біздің ұлттық өнері­міз бен мәде­ниетімізге атсалы­сып келе жат­қан еліміздің үл­кен аза­маты», – деді осы орайда Президент. Сонымен, бұл күні алғашқы марапат – Қазақстанның әлеу­меттік, гуманитарлық бағытын­да­ғы аса үлкен жетістіктері, бел­сенді қоғамдық қызметі, мә­дениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағы Еркеғали Рахмадиевке берілді. Е. Рахмадиев өз кезегінде өзіне көрсетілген жоғары марапат үшін алғысын жеткізді. Бұдан кейінгі кезекте Ел­басы қолынан «Отан» орденін жазушы Әзілхан Нұршайықов, ал «Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алды. Бұл күні сондай-ақ, I дәре­желі «Барыс» орденімен Тө­тен­ше жағдайлар министрі Владимир Божко, II дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жә­ні­бек Кәрібжанов, Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкім­шілігінің Бас­шы­сы Аслан Мусин, Астана қа­ла­сының әкімі Иманғали Тас­ма­ғамбетов және Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің рек­торы Тілектес Есполов, ал III дәрежелі «Ба­рыс» орденімен «Еуразия өн­дірістік компа­ния­сы» акционерлік қоғамы директорлар кеңе­сінің төрағасы Алид­жан Ибрагимов марапат­талды. Ақордада өткен салтанатты жиында, сонымен қатар, «Парасат», I дәрежелі «Достық», II дә­ре­желі «Достық», «Құрмет», I дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Даңқ», I дәрежелі «Айбын», II дәрежелі «Айбын», III дәрежелі «Айбын» ордендері мен «Ерлігі үшін медалі» тапсырылды. Бір атап өтерлігі, бұл күнгі мемлекеттік наградаға ұсыныл­ғандардың арасында Әзір­бай­жан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Полад БюльБюль Оғлы да болды. Оған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елба­сының 2010 жылғы Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы тапсырылды. Бұдан кейінгі кезекте Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік сыйлық – мемлекетке өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа «Әдебиет» саласы бойынша, марқұм ақын Жұмекен Нәжі­меденовтің «Менің Қазақ­ста­ным» атты жинағы лайық деп табылды. «Музыка, театр және кино» саласы бойынша марқұм Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әндер жинағына берілді. Біз тәуелсіздік алғалы тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге баса мән беріп келеміз. Мен Мемлекеттік әнұран авторларының Мемлекеттік сый­­лық алуы – елдігіміздің белгісі деп білемін. Өйткені, олар – тәуелсіздікті көрмесе де, тәуел­сіздікке өлшеусіз қызмет еткен талантты тұлғалар», деді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.