Тұғырың тұлғалана берсін, туған ел!
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс болып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Қымбатты отандастар! Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні – біздің ең ұлық мерекеміз. Баршаңызды осы «ақ түйенің қарны жарылған», бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айрылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен, соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді. Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды! Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміз атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Сөйтіп қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге таныттық. Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Қазақ: «Елу жылда ел жаңа», дейді. Біз жиырма жылға жетер-жетпес уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық. Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық беделді ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келелі кеңесі еліміз ғана емес, әлем жұртшылығы үшін елеулі оқиға болды. Қазақ қазақ болғалы мұндай биік мәртебеге жетіп көрген емес! Халқымыздың бұл ұлы жиынға берген бағасын, қуанышының жиынтығын «Қазақ» газетінің бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтің мына сөздері жеткізсе керек: «Еш заманда, еш ғасырда ежелгі ғұн-түрік заманынан бері қазақтың бұл сайын даласы мұндай жиынды көрмеген. Алтын Орданы құрған Бату ханнан бастап 71 хан пешенесіне де осындай барша адамзат мүддесін көздеп, Астана Саммитіндей абыройлы кеңес өткізу бұйырмапты. О заман басқа, бүгінгі заман бөлек. Енді тәуелсіз қазақ халқы осындай ұлы мәртебеге ие болды», – деп жазды ол. Біз келесі жылы құрамына 57 мемлекет кіретін Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық жасаймыз. Бұл орайда Қазақ елінің танымалдығы артқан сайын оның тәуелсіздігі орныға түсерін ұмытпауымыз керек. Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті салтанатты жиналысқа қатысушылар! Тәуелсіздіктің әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуір. Біздің еліміз үшін Тәуелсіздіктің он тоғызыншы жылы нақ осындай болды. Астанада ХХІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның тұңғыш Саммиті өтті. Он бір жыл бойы бірде-бір ел Ұйымның жоғары форумын жинай алмады. Қазақстан мұны жасай алды! Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның барлық елдері үшін біріктіруші табыс болды. Бұдан он тоғыз жыл бұрын ешкім де Қазақстанның елордасы Астана атақты «Хельсинки рухының» лайықты мұрагері болатынын ойлай да алған жоқ. Бүгінде бұл іске асты. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында өзіміздің іс-қимыл бағдарламамызды орындадық. Тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ның еуразиялық векторы белгіленді, мұның өзі бүкіл Еуразиядағы қауіпсіздікті әлдеқайда берік етеді. Бұл дегеніміз біздің еліміздің және оның әрбір азаматының қауіпсіздігі алдын ала ұзақ жылдарға берік болды дегенді білдіреді. Астана Саммиті – бұл бүкіл Қазақстанның жұлдызды сағаты. Осынау күндері мен өзімнің шетелдік әріптестерімнен көптеген хат-хабарлар алдым, олар Саммитті тамаша ұйымдастырғанымыз үшін алғыс айтуда. Мәселен, Франция Президенті Николя Саркози былай деп атап өтеді: «Мен Сіздің еліңіз ЕҚЫҰ-ға төрағалық барысында атқарған жұмыстың сапасын және Сіздің тікелей қатысуыңызды жоғары бағалаймын. Бұдан былай бұл Ұйымның шешуші даталарының бірі болатын Астана Саммиті табысты аяқталды». Бұл сөздер бүкіл біздің халқымызға арналған. Маған еліміздің азаматтары да хат жазады. Еліміз бен оның елордасы үшін, біздің бастамаларымыздың батылдығы мен жоғары жауапкершілігі үшін мақтаныштары туралы жазады. Шығыс Қазақстан облысынан бір топ соғыс және еңбек ардагерлерінің хатында былай делінген: «Саммит өтіп жатқан күндерде біз көптеген мемлекеттердің көшбасшылары біздің елордамыздың әсемдігіне және Қазақстан халқының қонақжайлылығына таңырқағанын мақтанышпен қарап отырдық». Мен барша қазақстандықтарға жылы сөздері үшін, мақтаныштары үшін, қуаныштары үшін, біздің жеңістеріміз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Қымбатты отандастар! Әлемдік тәжірибе кемелденген мемлекет құру үшін 40-50 жыл қажет екенін көрсетеді. Біз қазірдің өзінде еліміздің өркендеуіне жеткізетін жолымыздың қиын жартысын өттік. Барлық тағдырлы шешімдер бізге оңайға түскен жоқ. Естеріңізге түсіріңіздерші, біздің идеяларымыз бен жоспарларымызға күмәнданғандар мен оларды нақты емес және іске аспайды деп бізді айыптағандар қанша болып еді. Әрдайым солай болып келген. Экономиканы нарық арнасына көшіру, елдің ядролық қарусыз мәртебесі, елорданы ауыстыру, 2030 Стратегиясын қабылдау, Ұлттық қор құру туралы және басқа шешімдер қабылдаған кезде де солай болған. Біз Кеден одағын құрған кезде және Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы идеяны ұсынған кезде де дәл осыларды естігенбіз. Қазір енді Тарихтың төрелігі айқын болып отыр – бұлар біздің Отанымыздың игілігі жолындағы дұрыс шешімдер болды. Олар халықты топтастырды. Олар кез келген қиындықтар мен тосқауылдарға қарамастан, ең қиын міндеттерді батыл шешуге үйретті. Мен әрдайым міндеттер ұлтты қанаттандыруы тиіс деп санап келдім және санаймын да! Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады! Тәуелсіздік бізді, қазақстандықтарды, туған жеріміздің гүлденуіне қол жеткізудің өршіл табандылығына ие осындай ұлы халыққа айналдырды. Құрметті қазақстандықтар! Өркенді Қазақстанды құру – бұл бірден екі ғасырдың, екі мыңжылдықтың жаһандық сынағына лайықты жауап. Біз күрделі ХХ ғасырдың аяғында дербес ел болдық, әлем картасында бұл ғасырда барлық осы заманғы мемлекеттердің үштен екісі дерлік пайда болды. ХХІ ғасыр жаңа қатерлер әкелді. Ең үлкен сынақ әлемдік дағдарыс болды. Осындай жағдайда бірнеше ел ғана сынаққа төтеп берді. Біздің Қазақстан да осы қатарда болды! Тәуелсіздік – бұл, ең алдымен, елдің экономикалық орнықтылығы. Біз өз Болашағымыздың Тарихы болған 2030 Стратегиясын қабылдадық және ойдағыдай іске асырудамыз. Ұлтүстілік мақсат қана ұлтқа жаңа жетістіктерге лайықты жетуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан сенімді өсу қарқынына ие болуда. 2010 жылдың тоғыз айында ІЖӨ 7,5 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісі 10,5 пайызға артты. Жүз шамалы жаңа кәсіпорындар ашылды. Жаңа ғасырдың он жылында жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 7 еседен астамға өсіп, 8 мың доллардан асып түсті. 2000 жылдан бастап біздің экономикаға 110 миллиард долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Ал тұтастай осы кезеңде негізгі капиталға инвестициялар екі жүз миллиард доллардан астамды құрады. Осы онжылдықта зейнетақылар көлемі 6 еседен астамға өсті. Қазақстанның тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды. Қазақстандықтардың 330 мың отбасы жаңа пәтерлерге ие болды. Орташа айлық жалақы 5,5 есе ұлғайды. Өткен жылы Қазақстан халықтың әл-ауқат деңгейі бойынша жаһандық рейтингте 50-ші орын алды. Он жылда білім беру мен денсаулық сақтауға кететін шығындар сегіз еседен астамға өсті. Біз жеті жүзден астам мектептер мен төрт жүз елуге жуық денсаулық сақтау нысандарын салдық. Биылғы жылы үздік әлемдік ғылыми-ағарту орталықтары үлгісінде және солардың жәрдемдесу жағдайында құрылған Астананың жаңа университеті ашылды. Бала туу бір жарым есеге, халықтың табиғи өсімі үш есеге артты. Осы онжылдықта біз халықтың бір жарым миллион адамға өсуін қамтамасыз еттік. * * * Тәуелсіздігіміздің кезекті жылдығын атап өте отырып, біз бірқатар елдер үшін азаттық алу ішкі тұрақсыздыққа, азамат соғыстарының және көршілермен қақтығыстардың өршуіне айналғанын ұмытпауға тиіспіз. Біз Қазақстанда Қазақстан халқы Ассамблеясы өзегіне айналған бейбітшілік пен келісімнің кірігуші моделін құрдық. Біздің Тәуелсіздіктің жолы – бұл барлық 140 этностың ортақ Отанымыздың тағдыры үшін жауапкершілік жолы. Достық пен келісім дәстүрлерін қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына дарыту бізге маңызды. 1 мамырды – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта атап өту қажет деп санаймын. Бұл күні елордада, облыс орталықтары мен қалаларда бұқаралық шерулер өткізу керек. 1 мамырға Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясын өткізуді белгілеу қисынды болар еді. Президент Әкімшілігіне халық Ассамблеясының және «Нұр Отан» партиясының басшылығымен бірлесіп, Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеудің жаңа тұғырнамасын әзірлеуді және бекітуге ұсынуды тапсырамын. Әлемдік тәжірибе табысты Тәуелсіздік тарихы – бұл жалпыұлттық партиялардың күшті саяси көшбасшылығының тарихы екенін көрсетеді. Нақ осы ниеттестер командалары азат ұлттардың басында тұрып кезең-кезеңмен жаңғыртуды жүргізді. Жапонияда, Сингапурда, Малайзияда, Оңтүстік Кореяда, Түркияда және басқа серпінді елдерде осылай болған. Франциядағы, Испаниядағы, Италиядағы, Финляндиядағы және басқаларындағы еуропалық демократияның тәжірибелері де осыны дәлелдейді. ХХІ ғасырда мемлекет пен саяси көшбасшылықтың рөлі бұрынғыдан да салмақты бола түсті. Сондықтан Қазақстанды нығайтудағы ерекше миссия «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына тиесілі. Бүгінде «Нұр Отан» Еуропа мен Азиядағы жетекші елдердің ірі партияларының жолымен дамып келеді. «Нұр Отан» партиясы – бұл шешімдерді іске асыруға қабілетті күшті саяси ерік-жігердің қуатты көзі, елді дамытудың ірілендіруші векторы. * * * Тәуелсіздік уақыты стратегиялық әріптестік пен экономикалық интеграцияның ұзақ мерзімді жүйесін қалыптастыратын идеяларды іске асырудың дәуіріне айналды. 2010 жылы Қазақстанның, Беларусьтің және Ресейдің Кеден одағы жұмыс істей бастады. Үш елдің Біртұтас экономикалық кеңістігін қалыптастыру туралы басты құжаттар қабылданды. Біз Брестен Владивостокқа дейінгі, Мурманскіден Шымкентке дейінгі ұлан-асыр аумақта көлік тасымалдарының бірыңғай тарифтерін пайдаланатын боламыз. Кеден одағы жұмысының бірінші жартыжылдығы ғана біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымын 38 пайызға ұлғайтты. Тауарлардың, капиталдың, жұмыс күшінің қозғалысы үшін кедергілер болмайды. Бұл біз үшін – теңіз көлігінің әлемдік жолдарына шыға алмайтын мемлекет үшін өте маңызды. Осының бәрі туралы мен бұдан 16 жыл бұрын, Еуразия одағын құру идеясын ұсынғанда айтқанмын. Планетаның болашағы – бұл Еуропа Одағы секілді күшті интеграциялық бірлестіктер уақыты. Экономикалық интеграция Қазақстанның Тәуелсіздігін, территориялық тұтастығын, біздің сыртқы саясатымыздың көпвекторлылығын шектемейді. Керісінше, елді нығайтады және индустриялық саясатты жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін береді. Тәуелсіз Қазақстан абыроймен екі мыңжылдық тоғысының төтенше қиын шебін еңсерді. Жиырма бірінші ғасырдың қиын онжылдығы артта қалды! Біз өз жолымызды таптық, бұл жол бізді біртұтас та күшті осы заманғы ұлт жасады. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздің 19 жылының ең басты қорытындысы. Ардақты ағайын! Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны баянды ету де оңай емес. Тәуелсіздікті нығайту үшін өткелі қиын, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Бұған тарлан тарихтан талай мысал табуға болады. Миллиондаған халқы болса да мемлекетсіз, табан тірер отансыз жүрген ұлттар дүниеде аз емес. Баршаңыз білесіздер, екінші жаһандық соғыстан кейін көптеген елдер өз егемендіктерін жария етті. Туған топырақтарында еркін өмір орнату мақсатында болашаққа үмітпен қарап, үлкен жоспарлар жасады. Ал іс жүзінде берілген тарихи мүмкіндікті барлығы бірдей пайдалана білген жоқ. Ендеше, азаттық алумен іс бітпейді екен. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен. Біз тәуелсіздігінен айрылып қалған елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алдық. Ел бірлігін басты байлыққа балап, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктермен ұштастыра білдік. Осылайша Қазақстан шын мәнінде азат елге, айдынды мемлекетке айналды. Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік. Ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армиямызды құрып, келелі Конституцияны басшылыққа алдық. Қарышты экономикалық өрлеу арқылы Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қабырғалы ел болды. Біз ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық. Өркениеттер қақтығысы өршіп тұрған тұста төрінде татулық пен тұрақтылық орныққан Отанымызды ынтымақ ұясына – жерұйық мекенге айналдырдық. Әлемдегі үш елдің бірі болып, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды атамекенге жинадық. Есілдің ен бойына ел қондырып, сайын Сарыарқа төріне сәулетті Астананы салдық. Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің кілтін ұсынды. Осында әлемдік діндер өкілдерінің басын қосқан үш бірдей съезд өткіздік. Ізгілік пен Бейбітшілік шаһарына баланған Еңселі Елордамыз енді «Түркі әлемінің астанасы» атанып отыр. Біз тәуелсіздікпен бірге тілімізді түлеттік, дінімізді өркендеттік, тамырымызды жалғап, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Ұлттық жаңғыруды жүзеге асырып, жаңа құндылықтар қалыптастырдық. Ғасырлар қойнауынан асылдарымызды аршып алдық. Халқымыздың әл-ауқаты артып, саны өсті. Ұлысты ұйыстырушы ұлтымыздың жауапкершілігі артып, бүкіл елді біріктіруші қызметін бекемдей түсті. Өркенді өзгерістерді жүзеге асырған біз осы жылдары дамудың қазақстандық дәстүрін қалыптастырдық. Біз осылай қазығы берік, мемлекеттігі бекем Қазақ елінің айбынын асырдық. Осының барлығы тәу етер Тәуелсіздіктің арқасы! Тәуелсіздіктің 19 жылы – тарихымыздың тағылымды беттерін толықтыра түсетін тұтас бір тарау. Болмысы бөлек қазақстандық үлгіні қалыптастыру үшін біз өз жолымызбен жүрдік. Түрлі «кеңесшілердің» айтқанын емес, халқымызға қанық, бағыты анық даңғыл жолды таңдадық. Болашақта да солай болуы тиіс. Уақыт – бәріне әділ төреші. Бастамаларымызға бастапқыда күдікпен қарағандар болғанымен, біздің дұрыс жол таңдағанымызды уақыттың өзі тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. Қадірлі әлеумет! Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз. Құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз. Атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың бәрі де халықтың игілігі үшін жасалуда. Сондықтан, біз тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, берекелі бірлігімізді бекемдей түскеніміз жөн. Қазақта: «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?!» деген қанатты сөз бар. Ынтымақ кеткен жерден – ырыс, бірлік кеткен жерден – береке кетеді. Ен даланы еркін жайлаған еліміз бостандық жолында басын бәйгеге байлаған. Әйтсе де, олар ешқашан бас еркіндігін баянды елдіктен жоғары қоймаған. Мемлекеттік жоқ жерде бостандықтың болмайтынын жақсы білген. Сондықтан, бәрінен мемлекет мүддесін биік санаған. Соңғы кездері біз отаншылдық сезімі туралы жиі айтамыз. Шын мәнінде отаншылдық – тәуелсіздікті құрметтеу, мемлекетті қастерлеу, өз Отаныңды қалтқысыз сүю деген сөз. Табанды тұлғалар тәрбиелеу арқылы ғана ел тәуелсіздігінің баянды болатынын ұмытпайық, ағайын. Қымбатты қазақстандықтар! Алдымызда айтулы межелер бар. Шешімін табуды күтіп тұрған өзекті мәселелер әлі де аз емес. Күн сайын, ай сайын құбылатын заманға сай амалың болуы керек. Бүгін мереке болған соң жетістіктерімізді айтуымыз дұрыс, бірақ төрт құбыла түгел болған заман болмаған. Жетістіктерімізге сын көзбен қарап, сабыр сақтайтын есті ел болайық. Біз бәрін тындырдық деп мақтану орынсыз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман әлі алда. Оған жеткізер амал – бірлік және еңбек. Бұл мәселелер туралы келесі халыққа Жолдауда айтылады. Алдымыздағы 2011 жыл – тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы. Бұл – ең әуелі біздің жасампаз тарихымыздың бетбұрысты белесі. Біз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өту шараларын ертеңнен бастап еліміздің барлық өңірлерінде бастауымыз керек. Бұл – біз үшін тек мерейтойлық оқиға ғана емес, жетістігімізді де, кемшілігімізді де саралайтын, болашақты бағдарлайтын кез. Осылайша мемлекеттігімізді орнықтыру жолындағы алғашқы асуды бағындырып, жаңа кезеңге қадам басатын жол. Ендеше, тәуелсіз елдігімізді мәңгі ету жолындағы абыройлы белесте баршаңызға толайым табыстар тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын! Мереке құтты болсын, ағайын!