Қостанайға Роза Рымбаева бастаған Қазақстан эстрадасының бір топ әртістері келіп, өңірдегі жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен танысты. Жұлдыздар «Милх», «Қарасу Ет» серіктестіктерінде, «АгромашХолдинг», «Қостанай ұн комбинаты» АҚ-тарда болып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды көрді.
– Біз, әртістер, елімізде өркендеп келе жатқан өндіріс орындарына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімізбен көреміз. Өндіріспен жете танысу үшін станокта, аппараттарда бір сәт жұмысшылардың орнын алмастырамыз. Станоктарда тұрып, жұмысшы киімін киіп жүріп, цехтарда клиптерімізді түсіреміз, әндерімізді жазамыз. Өйткені, жалпы халыққа, көрермен қауымға өркендеген ірі өндірісті, яғни кереметтерді таныстырғымыз, олардың дамып келе жатқан экономика туралы көбірек білуіне қол ұшын бергіміз келеді, – деді Қазақстанның халық әртісі, эстрада жұлдызы Роза Рымбаева.
Эстрада жұлдыздары Қостанайда керемет істерге куә болды. Мысалы, Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол поселкесінде өткен жазда ет ұқсату кешені тапсырылған болатын. Бұл өңірдегі ең ірі ұқсату кәсіпорны болып табылады. Мұнда мал етінен тек шұжық қана емес, тағамның бірнеше түрі өндіріледі. Енді алдағы уақытта ірі, ұсақ етіп туралып және бұзылмайтын етіп оралған жылына 5400 тонна ет өндіру желісін іске қосу жоспарланып отыр. Ал бұрыннан да сүт өнімдерін шығаратын «Милх» кәсіпорны жылдың соңына қарай өндіріске озық жабдықтарды қосқалы отыр. Соның нәтижесінде, сүтті ұқсату, одан түрлі өнімдер алудың жаңа әдістері іске қосылып, азық-түлік молшылығы мен сапасы арта түспек. Өйткені, кәсіпорын алдағы уақытта тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін болады. Бұл игілікке 60 жұмыс орнын қосыңыз.
«Қостанай ұн комбинатының» дабысы еліміздің барлық шалғайына бұрыннан белгілі. Өйткені, оның диірменінен шыққан сапалы ұн тек елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де асып жатыр. Соңғы жылдары мұнда озық технологиямен сапалы макарон да өндіріледі. Жылдың аяғына дейін қысқа кесілген макарон өнімдерін өндіретін тағы бір цехтың құрылысы аяқталмақ. Комбинатта бір сағаттың ішінде 4200 кило макарон өндіріледі. Ал жаңа цех 80 адамға жұмыс орнын ұсынады.
«АгромашХолдинг» АҚ тек өңірдің ғана емес, республикадағы ауылшаруашылық техникалары паркін жаңалауды мақсат тұтып отырған ірі кәсіпорын. Жыл аяғына дейін мұнда сауда-сервистік орталықтарды кеңейту, ауылшаруашылық техникаларына сервистік қызметті жақсарту жобасы жүзеге аспақ. Бұл ірі жобаны Қазақстанның Даму банкі қаржыландырып отыр. Кәсіпорынның тоғыз филиалы жұмыс істейді.
– Өңірімізде келген қонақтарға мақтана айтатын жағымды жаңалықтар бар, – деді эстрада жұлдыздарын қарсы алған облыс әкімі Сергей Кулагин. – Соңғы жылдары «АгромашХолдинг» кәсіпорнында Корея, Жапония және Ресей жеңіл автомобильдері құрастырылады. Таяу уақыттарда бұл тек облыстағы ғана емес, республикадағы ең ірі өндірістік жобалардың біріне айналғалы тұр.
Әкім «орамал тон болмайды, жол болады» дәстүрімен қазақ эстрадасының ең жарқын жұлдызы Роза Рымбаеваға «АгромашХолдингтен» жаңа шыққан Ssangyong Actyon автомәшинесінің кілтін ұстатты. Бұл Роза Қуанышқызының сахнадағы шығармашылығының 35 жылдығына да тамаша тарту болды.
Айтпақшы, 21 желтоқсанда болатын еліміздегі индустриялық-инновациялық жобалар тұсаукесерінде жұлдыздар көріп танысқан қостанайлық керемет істер туралы да айтылатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.