21 Желтоқсан, 2010

Тәуелсіздіктің сәні. Төрағалықтың тәжі

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана Саммиті Алматыда өткен ғылыми-практикалық конференцияда осылай бағаланды Бүгінгі таңда барымыз да, нарымыз да тәуелсіздік деген тұжырымға қалың қауым тоқ­таған. Тәуелсіздік шын мәнінде де еліміздің тұрақты дамуының, бірлігі мен өркендеуінің негізі болып отыр. Жақында өткізілген ғылыми-прак­ти­калық конференция нақ осы тақы­рып­қа арналды. Алқалы форумды Алма­ты­ның әкім­дігі және ел Президенті жа­нын­дағы Стратегиялық зерттеулер инсти­ту­ты ұйымдастырды. Бұл маңызды шараға қала әкімі Ахметжан Есімов, әкімшілік құрылымдар өкілдері, сондай-ақ саясаттану, тарих, экономика және әлеуметтану саласындағы сарапшылар қатысты. Егеменділік жағдайында дербес да­мы­ған 19 жыл ішіндегі біздің жас мем­лекетіміздің жетістіктері талқылаудың негізгі өзегіне айналды. Өзінің даму са­ты­ларының барлық кезеңінде Қазақстан үшін сыртқы сая­сат­тағы байыптылық пен сараб­дал­дық, тату көршілік пен ашық әріптестік, ұлтаралық һәм дін­ара­лық келісім, сондай-ақ қазақ­стан­дық­тар­дың әл-ауқатын жақ­сарту бұлжымас бас­ты құнды­лық­тар әрі бағалы ұстанымдар болып қалуда. Өткен жылдарда рес­пуб­ли­каның тұңғыш Президенті өзіне жүк­телген тарихи мис­сияны абыроймен орын­дап, тәуелсіз мемлекет құрды, на­рықтық экономикаға көшуді жү­зеге асыр­ды, сонымен бірге өзге­лер үлгі тұтардай демокра­тия­лық, азаматтық қо­ғам­ның негізін салды. Алматы қа­ла­сының әкімі Ахметжан Есімов әділ атап өтке­ніндей, Мемлекет басшысы жүр­гізіп отырған салиқалы саясат­тың арқасында Қазақстан халқы осынау жылдарда орасан зор табыстарға жетті. Ең бастысы, еліміз саяси және экономикалық жүйені одан әрі жаңаландыруға бағыт ұстаған, халық өмірінің сапасы мен стандарт­тарын елеулі түрде жақсартып өзгерткен демократиялық-құқықтық мемлекет ретінде бар әлемге танылды. Конференцияға қатысушы­лар­дың пай­ымдауынша, Қазақ­станның халық­ара­лық биік беделі біздің еліміздің ЕҚЫҰ төраға­сы болуына мүмкіндік берді. Қала әкімінің бейнелеп айтуына жүгінсек, 1-2 желтоқсан күнде­рін­де Астанада өткен ЕҚЫҰ мемлекеттері мен үкіметтері бас­шыларының жоғары дең­гейдегі Саммиті осынау төрағалықтың тәжі болуымен бірге тәуел­сіздігіміздің ай­шықты сәніне де айналды. Астана Саммитінің абы­ройлы өткізілуі тікелей Елба­сымыздың қажырлы еңбегінің, елі­міздің әлемдік диплома­тия­дағы жетіс­тіктерінің айғағы. Сонымен бірге, Ахметжан Есімов Тәуелсіздік күнінің барша қазақ­стан­дық­тар үшін ең жар­қын мереке екендігін атап көр­сетті. Алматы жұрттың сана­сын­да тәуелсіздіктің алтын бесігі ретінде қалыпталған. Тәу­ел­сіздіктің тұсауы осы ару қа­лада кесілді. Елдігімізге тия­нақ болған игілікті істердің бәрі осы Алматыдан бастау алды деген сөзге де келіспеу қиын-ақ. Бү­гінгі Алматы білім мен ғылым­ның, өнер мен мәдениеттің, жаңа технологиялар мен туризм ин­дустриясының орталығы ретінде де көз қуантады. Оған қоса Елбасымыздың «Алматы бірте-бірте қарыштай дамуын үдетіп, осы заманғы алып мегаполиске айналып барады. Алматыны аялап, сүйіп, жақсы көріп жұмыс істеңіздер», деген қанатты сөз­дері де Алатау баурайындағы қаланың өсу әлеуеті мен кемел келешегін меңзесе керек. Нақ қазір Алматы қаласы, ондағы жаңаланып көркейтілген Медеу мен Шымбұлақ, Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы және осы замандық шаңғымен секіру тұғыр­ларының кешені VII Қысқы Азия ойын­дарына әзір тұр. Жалпы алғанда, Мемлекет басшы­сының пәрменді қолдауын сезінген барлық қалалықтардың жарқын болашақ пен игі жақсылықтарға деген сенімі нық. Бұл жайдың өзін Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңында қадап айтсақ артық емес. Конференцияда ЕҚЫҰ Саммитін тәуелсіздігіміздің бір жетістігі ретінде басқа сөйлеушілер де тілге тиек етті. Саммиттегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ілкімді бастамаларының маңыздылығын атап өте келе, Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлта­нов Мемлекет басшысының Астанада Қауіпсіздік институтын құру туралы идеясының көп ұзамай іске асатын­дығына сенім білдірді. Өйткені, бұл – өмір­дің өз сұранысы. Ол сондай-ақ Қа­зақстанның 2011 жылы Ислам Конфе­ренциясы Ұйымына төрағалық етуін Батыс пен Шығыс арасындағы үнқаты­судың жалғасы деп білетіндігін атап айт­ты. Одан әрі конференцияға қатысу­шылар әлеуметтік-экономикалық қоры­тын­дылар мен ел дамуының жаңа ке­зеңінің келешегіне баса назар аударды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.