Астанада Қазақстан мұсылмандарының V құрылтайы өтті
_____________________________________
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ V ҚҰРЫЛТАЙЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА!
Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары V құрылтайының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінде егеменді еліміз адамзатты имандылық пен ізгілікке үндейтін дәстүрлі діндердің кең қанат жайып, тамырының тереңдеуіне жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның нәтижесінде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда.
Республикамыздағы түрлі дін өкілдерінің өзара татулығы әлемдік қоғамдастыққа үлгі-өнеге ретінде танылуда.
Қазақстан биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып, Астанада жаңа мыңжылдықтың тұңғыш Саммиті жоғары деңгейде өтті.
Алдағы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етеміз. Ол әлемдік деңгейдегі абырой-беделіміздің одан әрі арта түсуіне себеп болары анық. Ел халқының басым бөлігін құрайтын мұсылман қауымы Отанымыздағы бірлік пен ынтымақтың бекем болуына үлес қоса береді деп сенемін.
Алла тағала қайырлы істерімізді қабыл етіп, береке-бірлігімізді баянды етсін!
Құрылтай жұмысына табыс тілеймін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
Астана, Ақорда
______________
Жақында баяғыдағы алыптардай күн санап өсіп келе жатқан елордамыздағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан мұсылмандарының V құрылтайы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, басқа да мұсылман жамағаттарының өкілдері, облыстардың бас имамдары қатысты.
Құрылтайдың күн тәртібіне қойылған мәселелерге келетін болсақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің өткен жылдар мен алдағы күндерге арналған мақсат-міндеттер туралы баяндамасы, діни басқарманың жарғысына өзгертулер мен түзетулер енгізу, сол секілді 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін жетілдіру жөніндегі тұжырымдамасы, онда басты нысанаға қойылған еліміз үшін дәстүрлі болып табылатын сүнниттік бағыттағы исламның ханафи мазһабын дамыту мәселелеріне арналғандығын атап өте кетсек дейміз.
Қазақстан Республикасы Президенті- нің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев басылымда жарияланып отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мұсылмандарының V құрылтайына арнаған жылы лебізін оқып берді. Сол секілді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құрылтайға арнаған сөзімен таныстырып, дін адамзатты ізгілікке, бауырмалдыққа, туыстыққа, татулыққа шақыратынын алға тартты.
Өткен бес жыл ішіндегі атқарған жұмыс пен алда тұрған міндеттер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ә.Дербісәлі құрылтай делегаттары мен қонақтарына жан-жақты баяндап берді. Өзі осы мәртебелі қызметке келген 10 жыл ішінде Бас мүфтидің дінді өркениет жолымен басқаруға бел буғанын көруге болады. Ислам дінін тереңдетіп оқытатын заманауи Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университеті, имамдардың білімін жетілдіруді мақсат ететін Ислам институты, ірі мешіттердің жанынан діни сауат ашу және облыс орталықтарынан орта білім беретін 10 медресе жұмыс істеп келеді екен. Осы кезге дейін Нұр-Мүбәрак мешітінен 200-ден астам жоғары діни маман түлеп ұшыпты. Дін қызметкерлерін, дінтанушыларды даярлау жолындағы жұмыстарға тоқталған шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі исламның қадірін, қасиетін түсінген, жүрегіне иман нұры ұялаған, сөзімен де өнегелі ісімен де халқын ізгілікке бастайтын мамандар әзірлеу мақсатында 2 республикалық, 7 аймақтық медреседе барлығы 502 шәкірт, соның ішінде 109 қыз бала оқып тәлім алуда. Медресе шәкірттері мемлекеттік үлгідегі орта кәсіптік диплом алады. Үстіміздегі жылы Астана маңынан ашылған Қарилар дайындау орталығы мен Тараздағы «Һибатулла Тарази» медресесі іске қосылғанын айта келіп, одан әрі имамдардың жұрттың арасында ибалы да инабатты, сөзі мен ісі үйлесіп, киім үлгісі, жүріс-тұрысы өзгеге үлгі болу жолында алуан түрлі насихат жұмыстарының, ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлар мен дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылатынын алға тартты. Бұған қоса баяндамада діни басқарма өкіл имамдар арқылы еліміздің барлық мешіттеріндегі діни уағыз-насихаттың жақсы жолға қойғаны, ол үнемі қадағаланып отыратыны, жұма намазы мен күнделікті намаздардан кейін халыққа жан тазалығы мен тән тазалығы, Отанымыздың өркендеп өсуі, Елбасымыздың сара саясаты туралы уағыздар айтылатыны назарға салынды.
Имандылық үйі мешіттер туралы әңгіме болғанда Бас мүфти бұл істе біраз қиындықтар кездескенін, оны жеңу жолында табанды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын елімізде 1143 мешіт болса, соның небәрі 284-і ғана ҚМДБ-ға қарапты, ал қалған 829 мешіт түрлі рулар мен жекелеген тұлғалардың, діни бірлестіктердің, тіпті керітартпа ағымдардың игілігінде кеткен екен. Мұндай бейберекеттікті бір арнаға салу да оңайға түспепті. 10 жыл ішінде 1775 мешіт филиал болып жергілікті әділет департаменттеріне тіркеліпті. Сөйтіп, тарыдай шашылған Алланың үйі бір орталықтан басқаруға, діни қызметтерді үйлестіріп отыруға мүмкіндік жасалыпты. Мұндай игілікті іс имамдармен жұмыс жасауға, олардың білім деңгейін көтеруге, ортақ мақсатқа жұмылдыруға, біркелкі уағыз айтуды қалыптастыруға жол ашыпты.
Осы арада мына бір нәрсені айта кеткеніміз жөн секілді. Мешіт салу ісі қазақ топырағында ежелгі Тараз шаһарында, нақтылай түссек, 893 жылы басталып, бұрынғы ғибадатхана орнына Алланың үйі тұрғызылыпты. Содан бергі уақыт ішінде халқымыз талай-талай бел-белесті артқа тастап, қазіргі гүлденген дәуіріне қол жеткізді. Бүгінгі таңда Отанымызда 2200 мешіт болса, оның 2191 мешіті діни басқармаға қарайды. 9 мешіттің құжаттары қазір әзірленіп, әділет департаментінен филиал ретінде тіркеуден өтуге әзірлік үстінде. 2009 жылдың елеулі оқиғаларының бірі 29 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында 5000 орындық «Әзірет Сұлтан» мешітінің іргетасы қаланды. 2005-2010 жылдары республика бойынша заман талаптарына сай, жаңа жобадағы 582 мешіт салынып, іске қосылды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Астанада 4 мешіт, Алматыда 32 мешіт мұсылмандарға қызмет етуде. Солардың ішінде 4 ірі мешіт 2005-2010 жыл аралығында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, діни басқарма Түркияның көмегімен бүкіл түркі жұртының рухани ордасы Түркістанда 2 мың орындық, Шымкент шаһарында Біріккен Араб Әмірліктерінің демеушілігімен 3 мың орындық мешіттердің салынуына қол жеткізді. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы «Қызыл Жарты Ай» қайырымдылық мекемесі де еліміздің бірқатар қалалары мен аудандарында күні бүгінге дейін 30 мешіт салды, дегенді алға тартқан Бас мүфти имамдармен жұмыс туралы ойын өрбітіп, барлық мамандардың қайта даярлаудан өтіп отыратыны секілді, имамдарды әзірлеу ісін ілгері бастыру үшін имамдардың білімін жетілдіретін институт ашқанын, онда 763 адам 4 айлық курстан, 50-ден аса имам Түркия, Египет, Пәкстан елдерінде 2 айлық іс- тәжірибеден өткенін, дініміздің айнасы саналатын дін қызметкерлерінің бойындағы мәдениет пен білімдарлық жамағатты жақсы жолға бастайтыны айдан анық екенін айтты. Баяндамада олар туралы жан-жақты әңгіме қозғап, имамдардың шамамен 60 пайызы ақы алмай жұмыс істейтіні, осы мәселені шешу жайы батыл сөз болды. Тіпті 2-3 жылға дейін үйсіз-күйсіз жүретін имамдар да бар екен. Қазір университет, институт, медреселерді бітіріп, ел ішіне барып қызмет етіп жатқан жас мамандар жеткілікті. Бірақ олардың барған жерлерінде ешқандай жағдай жасалмайды. Сосын олар жұмысын тастап кетуге мәжбүр. Бұл жағдайда дін ісі қалай дамиды, ел руханияты қалай оңалады? Ол туралы тиісті мекемелерге айтсақ еститін жауабымыз: «Дін мемлекеттен бөлінген». Ал дін, имандылық жайлы бір мәселе туындай қалса «Неге имамдар көмектеспейді, неге үйтпейді, неге бүйтпейді?» деп жатады. Ендеше, осы мәселені көп болып ойластырсақ екен, деген ҚМДБ төрағасы Ә.Дербісәлі ислам атына кір келтіретін дін қызметкерлерінің де кездесетінін жасырмады.
Басқарма бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дінімізді қалың қауымға жеткізу бойынша жүргізген игі істерді де тілге тиек етіп, «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналын өз күштерімен шығарып келе жатқандарына нақты мысалдар келтірді. Діни экстремизм және лаңкестікпен күрес бойынша Елбасының алға қойған талаптарын мүлтіксіз орындауда басқарма маңызды жұмыстар атқарыпты. 2006 жылдан бастап әрбір облыстық, қалалық, аудандық мешіттер жанынан уағыз топтары құрылыпты. Оған білікті имамдар, білімді дінтанушы ғалымдар топтастырылып, жамағатқа ислам діні туралы мағлұматтар беріліп келген. Соңғы 4 жыл ішінде Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе облыстарында «Қазақстандағы діни конфессиялардың қазіргі таңдағы ахуалы», «Ислам және қазіргі заман», «Діни экстремизм құбылысы және оның алдын алу шаралары», «Хизбут-тахрир ұйымының зияны», тағы басқа көптеген тақырыптарда ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған. Әсіресе, «Хизбут-тахрир» ұйымының жөнсіз әрекеттері көрініс берген өңірлердегі жастардың алданып қалмауы үшін аталмыш ұйымның бет-пердесін ашатын кітаптар шығарып, таратылыпты.
Атырау облысындағы сәлафилер туралы айтылып жүр. Біз алдағы жылдары осы шаһардан медресе ашсақ деген ойдамыз. Ол әлгіндей жат пиғылдағылардың арбауына түскендер мен сырттан келген жат бағыттармен күресу орталығына да айналар еді. Сондықтан Атыраудан мемлекеттік медресе ашу қажет, деген Бас мүфти мұсылман дінінің татулық үшін қызмет ететінін, кісі ақысын жеуге, қиянат жасауға жол бермейтінін айтып, жыл сайын өткізіліп келе жатқан қажылық туралы да өзінің байлам-пайымдарын алға тартты және ҚМДБ ұйымдастыруымен еліміз бойынша 15894 азамат қажылық парызын өтегенін жеткізді.
«Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Пайғамбарлар ақша, дүние-мүлік емес, ғылымды мұра етіп қалдырады. Ал кім ғылым үйренсе, ең зор олжаға қол жеткізген болады», деп қасиетті Құранда атап айтқандай, діни басқарма ғылым мәселесіне де ден қойып отыр екен.
Дінімізді әлемдік өркениет көшінен қалдырмайтын тура жол халықаралық байланыс десек, бұл жағына да аз көңіл аударылмапты. Ислам дінбасыларымен кездесіп, ортақ мәселелер жайлы ақылдасу әдемі көрініс тауыпты. Соңғы 4 жылдың ішінде ҚМДБ жолдамасымен Малайзия, Үндістан, Египет, Ливия, Сауд Арабиясы, Ресей, Кувейт, Түркияда өткен қасиетті Құранды мәнерлеп оқудан халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған азаматтарымыз баршылық көрінеді. Соңғы үш жылда 75 имам тек Түркияда білімін жетілдіріп қайтты, деді баяндамашы.
Бас мүфти шетелге бала оқыту жөнінде белгілі бір жүйенің қажет екенін, басқарма келісімімен ғана жолдама беру қажеттігін атап өтті. Кейбір азаматтар өз беттерімен барып, сол елдің жол-жобасымен кететінін, бұл кей жағдайда оң нәтижесін бермей, жастардың теріс бағытқа бұрылуына себепкер болып жататынын еске салды. Бір жылда 52 апта бар десек, әр аптаға лайықтап үш тақырып бойынша уағыз айтудың жоспар-жобасы жасалып отыратынын, имамдарды кезекті демалысқа жіберу мәселесі заңды түрде шешімін табатынын, мұны кадр бөлімі реттеп отыратынын тілге тиек етті. Өзінің «Тәуелсіз Қазақстанның мешіттері мен медреселері» деген көлемді кітап шығарып, онда халқымыздың дін жолындағы өсіп-өркендеу кезеңдеріне барлау жасағанын, кезекті томы «Тәуелсіз Қазақстан мешіттері мен медреселері» деп аталатынын жеткізді.
Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі басқарманың алдағы 5 жылға арналған басты бағыттары туралы төмендегі мәселелерді алға тартты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұртымыз алдындағы жауапкершілігін сезініп, бүгінге дейін өзіне тиісті міндеттерді атқарып келді. Бұдан кейінгі кезеңдерде де елімізде асыл дініміздің өркендеуіне, халықтың рухани дүниесін байытуға бағытталған іс-шараларды тоқтаусыз атқара бермек, деген Бас мүфти бірінші – діни істерді дамыту көбіне қаражатқа тірелетіндіктен, тікелей діни басқарманың жанынан республика деңгейінде «Зекет» қорын ашу жоспарлануда, деді. Оған елжанды, дінжанды азаматтар, ірі компаниялар, фирмалар, қорлар тартылып, діни қызметтердің қаржылық түйіндері шешілмек. Бұл қорға жиналған қаржыға негізінен мынадай іс-шаралар атқарылатын болады: өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі имам-молдаларға жалақы беру; діни оқу орындарындағы үлгерімі жоғары студенттерге шәкіртақы тағайындау; діни оқу орындарына ғимараттар салу және оларды техникалық базамен қамтамасыз ету; діни медреселер мен университет шәкірттеріне арналған заманауи студенттер үйін салу; діни әдебиеттер мен аудио, видео уағыздарды мол таралыммен шығарып, халыққа тарату; екінші – Қазақстандағы исламтанушы ғалымдардың басын қосып, дәстүрлі исламды және ханафи мәзһабы бойынша жазылған еңбектерді зерттеп, зерделейтін діни ғылыми-зерттеу орталығын ашу. Білікті мамандар шоғырланатын бұл орталықта қоғамның түйінді мәселелерін шешетін зерттеу жұмыстарын жүргізу, тиісті діни пәтуалар дайындау. Сол арқылы алыс-жақын шетелдерден келген жат пиғылды діни ағымдардың іс-әрекеттеріне де тосқауыл қою. Сондай-ақ, орталық шеңберінде төмендегідей міндеттерді де шешу көзделуде: діни басқармада жұмыс істейтін білікті мамандардың санын арттырып, олардың қатысуымен асыл дініміздің құндылықтарын кеңінен насихаттайтын аудио, видео өнімдер шығару; дәстүрлі дінімізді түсіндіретін діни оқулықтар мен кітаптарды қазақ тіліне аударып, шығару; шариғат ілімін және араб, қазақ, түрік тілдерін жетік меңгерген білікті мамандар бір орталыққа біріктіріліп, қасиетті Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі сапалы аудармасын жасау; қазақ топырағынан шыққан діндар ғұламалар мен зиялы тұлғалардың жұмыстарын жинақтап, зерттеу; үшінші – мерзімді діни басылымдар мен діни кітаптар шығаратын баспахана ашу; төртінші – шетелдік діни оқу орындарында тәлім алып жүрген жастарға мән беру. Сондықтан шет елде оқуға ниет білдірушілерді тек Мәдениет министрлігі жанындағы Дін комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсаты және келісімімен ғана жіберу ісін қолға алу; бесінші – бұқаралық ақпарат құралдарынан ислам құндылықтарын насихаттайтын арнайы діни сағат бөлгізу мәселесін шешу; алтыншы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның облыстардағы өкілдіктерінің арасында интернет желісі арқылы онлайн қатынас орнатып, онда айына бір немесе бірнеше рет жиналыс өткізіліп, діни іс-шараларды жүргізудің тиімділігін арттыру.
Бас мүфтидің баяндамасынан кейін жарыссөзге шығушылар 5 жыл ішіндегі атқарылған істерге жоғары бағаларын берді. Солардың бірі Имамдардың білімін жетілдіру институтының директоры, наиб мүфти Мұхаммед Хусейн қажы Алсабеков: Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген еліміздің күн санап имандылыққа бет бұруы жүрекке қуаныш ұялатады. Аллa тағаланың рахымымен халқымыздың Ислам дініне деген құлшынысы мен бетбұрысының қаншалықты жоғары дәрежеде екені айтпаса да анық.
Біздер тәуелсіз Қазақстанда 20 жылдан бері өмір сүріп келеміз. Діни басқарманың алғаш құрылуына да өз басым бір кісідей атсалыстым. Алғашқысынан бастап осы V құрылтайға делегат болып қатысуды Алла тағала маған нәсіп етті, деді.
Келесі сөз алған Жамбыл облысы, Шу ауданы Д.Қонаев атындағы мешіт имамы, түрік жамағатының өкілі Вайд Мустафаев: Аллаға мың сан шүкіршілік, еңселі еліміздің тәуелсіздік алғанына да 20 жылға аяқ басты. Осынау қысқа ғана уақыт ішінде еліміздің жеткен жетістіктері өлшеусіз. Өзгесін айтпағанда, Еуропа елдерінің басын қосқан халықаралық беделді ұйымды басқара отырып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған асуларды бағындырдық. Бұл тәуелсіз еліміздің ілгері ұмтылудағы кезекті баспалдағы іспеттес. Жуырда ғана жаһандық деңгейдегі аса ауқымды шара – Астана Саммиті өтті. Ондағы көтерілген келелі мәселелермен баршаңыз да таныссыздар. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайымғы жарқын бастамаларының арқасында жүзеге асып отырғаны баршаға анық деді.
Бүгінгі таңда әлемнің 9 мемлекетінде біздің түрік диаспорасы, яғни ахыска түріктері өмір сүріп келеді. Ал біз Қазақстанда өсіп-өніп, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп келе жатқандығымызға қуаныштымыз. Қазіргі кезде Жамбыл облысында 35 мыңнан аса түрік диаспорасы күн кешуде. Құдайға шүкір, бұлардың барлығы да мұсылмандар. Қазақстан егемендік алғанға дейін қажылыққа бару ойларына келмеген біздің халық ішінде бүгінгі күндері исламның бес парызының бірі болып табылатын ұлық ғибадат – қажылық міндетін атқарып қайтқан 100-ден аса бауырларымыз бар. Сондай-ақ түрік диаспорасы өз күшімен Жамбыл облысында ел игілігі үшін 4 имандылық ордасы – мешіттердің бой көтеруіне себепкер бола білді.
Жарыссөзде Шығыс Қазақстан облысы Семей аймағы бойынша өкіл имам Тыныштық Мырзаев діни басқарманың бес жылғы жұмысына өзінің оң бағасын беріп, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің білім мен білігіне, ұйымдастыру қабілетіне тәнті екенін жеткізді. Алматы облысындағы Қызылағаш апаты мен Шығыс Қазақстан облысындағы ауыр ахуалға дінбасының иманды жандарды ұйыта білгеніне нақты дәлел-дәйектер келтірді. Ал Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайының директоры Аманбек Мұқашов өткен ғасырдың 90-шы жылдардағы ауыр кезеңге жан-жақты тоқтала келіп, қазіргі тәубе дейтін кезімізге шүкіршілік жасап, ислам дінін дамыту туралы бағдарлама түзу, бұрын қабылданған «Дін туралы» Заңға өзгертулер енгізу, тіпті жаңа заң қабылдау керектігін айтып өтті. Ол мұнымен қатар, ислам дінінің жаршысы болып отырған «Ислам және өркениет» газетіне, «Иман» журналына қамқорлықтың жетпей жатқанын, оның бір дәлелі – жыл сайын басылымдар арасында өтетін тендерге қатыстырылмай отырғанын айтып, тиісті орындар осыған жете мән берсе деген тілегін көлденең қойды.
Құрылтайдың соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып Әбсаттар қажы Дербісәлі үшінші мерзімге сайланды. Осы алқалы жиында «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін жетілдіру тұжырымдамасы» жұрт талқысына ұсынылды. Бұл тұжырымдамада Отанымыздағы халықтың 80 пайызын құрайтын мұсылман тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын сан-салалы мәселелер тарау-тармаққа бөлініп, нақты атқарылар жұмыстар тайға таңба басқандай көрсетіліпті.
Сонымен, ислам дінінің өткені мен бүгінін, алдағы жоба-жоспарын талқыға салып, бір бәтуаға келген құрылтай сәтімен аяқталды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
______________________________
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
* * *
Қазақстан мұсылмандарының V құрылтайының Қазақстан мұсылмандарына ҮНДЕУІ
Құрметті отандастар!
Республика халқының 80%-ынан астамы ұстанатын Ислам дінінің елімізде қанат жаюы жолында қажырлы еңбек етіп отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасының қаланғанына да биыл 20 жыл. Мұсылман жамағатының рухани ұйытқысы ретінде танылған Діни басқарма мемлекетіміздің діндер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен өзара түсіністік, сыйластық пен рухани үндестігіне сүбелі үлесін қосумен келеді.
Абу Ханифа діни-құқықтық жолы – ханафи мазһабының ұстанымы – бабалардың жолы. Ол халқымыздың әдет-ғұрпына, болмысы мен діліне етене жақын. Бір мазһабта болу – ынтымақ пен бірліктің, һәм тұтастықтың кепілі. Ата-бабаларымыздың аманат етіп кеткен ұлан-ғайыр жері мен рухани да материалдық байлығы сол бірліктің арқасында біздің игілігімізге асып отыр. Ендігі міндетіміз – осы ата дәстүрін әрі жалғастырып, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, халқымыздың бірлігі мен ынтымағына қызмет ету.
Бүгінде Қазақстан бағыт-бағдарын анықтап, экономикалық, саяси-қоғамдық өмірде ілгерілеп даму үстінде. Тәуелсіздігімізді алғанымыз кеше десек, әлі алда қаншама белестер мен асулар жатыр. Елбасының қолдауымен үлкен межелер де белгіленді. Алла тағала сол ізгі ниет-тілектерімізді Отанымыздың келешегінен көруге жазсын деп тілейік!
Тұңғыш Президентіміздің қажырлы еңбегінің, сабырлы саясатының арқасында Қазақстанның аты әлемге танылды. Оның басты дәлелі ретінде Қазақстанның биылғы жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық жасауы мен келесі жылы 57 ел мүшесі бар Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуі. Мұның барлығы – ел беделінің өсіп, халықаралық дәрежеде сенімділікке ие болуымыздың айғағы.
Үш мәрте Астана төрінде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері де келешектің қамы. III съезде Елбасы Н.Ә.Назарбаев дінбасыларының қоғамдағы орнын, атқаратын рөлін бағалай келе: «Дәл сіздер, діни көшбасшылар, әлемнің үйлесімді дамуының басты шарты – руханилықты қайта дәуірлетер жолбасшы бола аласыздар. Біз өз съезіміздің биік мұраты осы деп білеміз», – деп үлкен сенім білдірген болатын. Мұны біз өз мағынасында қабылдап, басты міндетіміз деп түсіндік. Сондықтан біздер, дін жолында қызмет атқарып отырғандар, адамдарға Жаратушысы Жалғыз Құдайдың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан аулақ болуды жеткізе біліп, бүгінде қоғамда орын алған зұлымдық пен қатыгездікті, жауыздық пен араздықты адамгершілік қасиеттермен алмастыруға септігімізді тигіземіз деп білеміз.
Дін тек адамдардың жан-дүниесінің рухани азығы ғана емес, ол сол адамның жан-жақты дамуы мен кемелденіп жетілуінің негізі деп те білген жөн. Мұсылмандық адамды имандылық пен ибалыққа тәрбиелей отыра, оны зиялылыққа шақырады, білімге жетелейді. Біз тек білім-ілім, мәдениет арқылы ғана адамдардың санасын улап, алдап-арбап өз мақсаттары жолында үлкен-кішіні тура жолдан адастырып, қайғы мен қасіретке душар ететін ұйымдарға қарсы тұрып, сақтана аламыз.
Қадірменді бауырлар!
Құрылтай республикамыздың Тәуелсіздік күнінде өтіп жатыр. Алланың біздерге нәсіп етіп, өзгелермен терезесі тең етіп көтерген егемендіктің арқасында қолымыз жеткен ұлан-ғайыр жерімізді көздің қарашығындай сақтау жолында халқымыздың ынтымағын, ауызбірлігі мен тұтастығын тілейік!
Әрбір жан бұл айтылғандарды жел сөз емес, салмақты да салиқалы мақсат-мүддеміз деп біліп, өз үлесін қосуы – Отан алдындағы негізгі міндеті де борышы. Сондықтан отандастарымыз бұл үнімізге қолдау көрсетеді деп сенеміз!
Қазақ ұлты ынтымақ пен бірліктің, тұтастықтың ұйытқысы болып, егеменді еліміздің баянды болашағын ұрпақтарға нәсіп етсін!
Осы жолда аянбай еңбек етуге жұмылайық!