15 желтоқсанда Мәскеу Мэриясында Ресейде тіркелген шетел дипломатиялық өкілдері басшылары үшін салтанатты қабылдау болды. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрсыбеков меймандарды Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы хабардар етті, деп хабарлады ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, ол Мәскеу басшылығы мен қазақстандық кәсіпкерлердің көмегімен биылғы жыл аясында өткізілген Мұғалім жылына және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай қазақстандық батырлар – Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлова атындағы мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін және қазіргі заманғы оқу-техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылғанын атап көрсетті. З.Тұрысбеков Мәскеу Мэриясына Ресей астанасында Ржевтағы 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадасындағы қазақстандық жауынгерлерге арналған Мемориалдық кешеннің ашылуына байланысты болған Жеңіс пойызына қатысушылардың кездесуін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
З.Тұрысбеков Мәскеу метросының бір стансасына «Қазақстан», ал Алматы метросының бір стансасына «Мәскеу» атауын беру туралы екіжақты келіссөз барысы жайын хабарлады. Оларды 2011 жылы – Ресей мен Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашу жоспарланып отыр.
Қабылдау шеңберінде Зауытбек Тұрысбеков Мәскеу Мэрі Сергей Собянинмен кездесті. Қалабасы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, қазақстандық инвестицияларды Ресей астанасына қазіргіден де кеңірек тартуға және қазақстандық компаниялардың Мәскеу үкіметінің тендерлеріне қатысуын белсенді етуге ықыласты екенін танытты.