Татулығы жарасқан отбасында
Тұманды күні «Түрік туризмінің астанасы» атанған Анталья қаласына табан тірегенімізде, майда жаңбыр бүркіп жауып тұрған еді. Құдды, тұманды Альбион – Англияны еске салады. Алайда, қарашаның желтоқсанға ұласқан күндерінде гүлдеп тұрған ағаштар, жайқалған олиандра, көкке құлашын жайған пальмалар, Жерорта теңізінен соққан дымқыл леп «Түрік Ривьерасына» қақпа саналатын жұмақ жерге жеткенімізді әйгіледі.
АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ, БАУЫРЫМ ДЕП
Қаланың шығыс бөлігінде жатқан әуежайға әлемнің әр шалғайындағы делегаттарды алып ұшқан ұшақтар тәулік бойы кезегімен табан тіреуде. Қазақстандық делегация сияқты олар да Текирова жағажайында өтетін «Отбасы» атты халықаралық конференцияға асығып келеді. Біздің де автобус теңізді жағалап отырып, Белек, Кемер сынды туристердің көзайымы болған мекендерді артқа тастап, тауларды тесіп салған жерасты жолдары арқылы әйгілі «Pixos» қонақүйіне атбасын тіреді. Мұнда елуден астам елдің өкілдері жиналып жатыр. Біздің білуімізше, «Еуразия диалогы» платформасы ұйытқы болған жиынға келген қонақтардың саны 700-ден асып жығылады. Олардың арасында әр елдің бетке ұстар зиялылары, танымал тұлғалар, талантты жазушылар, өнер адамдары да бар. Ал бізді «ДА» платформасының Қазақстандағы үйлестірушісі Салих Акчай мен «ДА Қазақстан» журналының бас редакторы Мәлік Отарбаев бастап барды. Астаналық делегацияға бас-көз болып жүрген Салих бейдің қазақшасында мін жоқ болса, алматылықтарды жетектеген Мәліктің түрікшесі түріктердің өзін жаңылдырады.
Осылайша қазақстандық делегация да бір қауым ел болдық. ТМД елдерінен келген ағайындар сол күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтетіндігінен құлағдар болса керек, шын жүректен құттықтағандар да табылып жатты. «Молодцы, казахи!», дейді украиндықтар. Жасандылығы жоқ ниеттеріне рахмет!
Тіліміз бөлек, түріміз басқа демесеңіз, түрік елінде сан елдің өкілі тоғысса да, өз елімізде жүргендей, өгейсімегеніміз ақиқат. Бұл да болса, тәуелсіздігімізді тұңғыш болып таныған түрік бауырларымыздың жатсынбаған ықыласының, қазақ қонақжайлығының айнасы. Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылға тақау уақытта бірін бірі бауырға тартып, түгел болуға ұмтылған түркі балалары Бәйдібек баба өсиет еткендей, бүгінде «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» емес пе?! Азия мен Еуропаны жалғап жатқан бұл ел ендігі жерде Қазақстанға терезесі тең ел ретінде қарайды, санасады, сыйластығын да татулыққа суарып отыр.
Конференция келер күні басталатындықтан, жарты күнімізді көрмеген жердің ой-шұқырын тамашалауға арнадық...
Келесі күні таңертең «ДА» платформасының алқалы жиыны басталды. Мінберге бірінші болып қазақтың көрнекті ақыны Нұрлан Оразалин көтерілсе, оның да өз жөні бар. Аталмыш ұйымға екі жыл бойы Қазақстан төрағалық етті. Осы аралықта не бітті, ауызбіршілік пен түсіністікке қазақ жұрты не қосты деген сауалға есеп беретін сәт те келіп жеткен.
Н.Оразалин алқалы жиынды аша отырып, баршаны конференцияның ашылу салтанатымен құттықтады.
– Жер планетасы үшін қазір ізгілікке шақырған тың идеялар қажет. Қазақтың ұлы ақыны Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дегенді өткен ғасырда-ақ айтқан жоқ па еді! Абайдың ұлы мұраты мен ізгі идеясы бүгінге дейін өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Жоғалпайды да. Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Қазір әлемде 7 миллиардқа жуық халық өмір сүріп отыр. Олар – Жер дейтін алып отбасының мүшелері. Ал отбасының тағдыры адамзат баласын қай кезде де бей-жай қалдырмаған. Сондықтан мұндай диалог бізге керек. Ал «Еуразия диалогы» ұйымының есігі кез келген елге ашық, – деді қазақ ақыны.
Расында да осыдан 12 жыл бұрын осы Платформа құрылғанда оның құрамындағы мүшелер саны 40-қа да жетпеген екен.
Грузия президенті Михаил Саакашвилидің анасы да осында екен. Гиули Аласания: «Біздің жеңісіміз де, жеңілісіміз де отбасынан басталады», деді. Ол бұл сөзді текке айтпаса керек.
Отбасындағы ең жақындарын бақытты етуге ұмтылмаған, кішігірім өз мемлекетінің шаңырағын маздатпаған жаннан өзгелерге не пайда, өзіне не пайда? Шаңырақтың оты маздап, қазаны қайнап жатпаса, балалары таршылық көріп, тәрбие алмаса – кім кінәлі?
«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БӘРІ ҰҚСАС ТА, АЛ БАҚЫТСЫЗ ОТБАСЫ ӨЗІНШЕ БАҚЫТСЫЗ»
Мұны айтқан Лев Толстой ғой. Барлық адам бақытты болғысы келеді. Азды-көпті ғұмырдағы Адам-пенденің мұраты да көп емес. Айналып келгенде, бақыт деген – жаның мен тәніңнің жартысы болған қалаулыңмен өмір дейтін қас-қағым жолда тату күн кешіп, бала сүю, перзенттеріңе ата-бабалардан қалған тәрбие мен дәстүрді сіңіріп, ұрпақ жалғастыру. Қалған мақсат пен мүдде, мансап та осы қарапайым армандардың іргесінен алшақ үй тіге алмайды.
Айтқандай, конференция барысында терең ойға жетелейтін, қысқа ғана, дыбыссыз сюжет көрсетілген болатын. Шат-шадыман отбасы. Өмір тізгінін қолға алған әке жары мен баласының бақытқа бөленген сәттеріне тамсана қарайды. Кенет ғажайып көрініс кілт бұзылады. Бұл – ойланатын сәт. Бейнекөріністі жасаушылар бұл тұсқа көп мағына берген. Әке күтпеген науқастан, әлде жол апатынан ба, тіпті арақ шеңгелінде ме екен, өмір тізгінінен айырылып қала жаздаған кезде, екі жағынан жары мен баласы демеп, бір талқыдан құтқарады. Бар-жоғы минутқа да толмайтын бейнебаянды әрқилы оқуға болады. Бірақ, бір ғана ақиқат, отбасын өмір талқысынан, тағдыр бұралаңдарынан құтқарып қалудың бір ғана жолы бар – ол ынтымағы жарасқан, тату-тәтті тіршілік құру. Қиналғанда жартыңа демеу, жаңылысқанда жебеу болу.
«МЕНІҢ ҮЙІМ – МЕНІҢ ҚАМАЛЫМ»
Бұл тәмсілді ағылшындар текке айтпайды. Осы жиында мемлекеттердің отбасына қатысты жүргізген саясатына ғылыми сараптама жасаған ресейлік ғалым, Платформаның тең төрағаларының бірі Ростислав Рыбаковтың баяндамасы көп ойға қалдырды. Ол кісі уақыт тығыздығын ескере отырып, барынша нақты баяндама жасады. Мемлекеттік идеологиялар басымдылыққа ие болған ХХ ғасыр мен пост-идеологиялық кеңістікте өмір сүрген КСРО мысалына сүйене отырып жасаған ғылыми сараптамасы қызықты-ақ. Өткен ғасырдың басында нәсілдік артықшылық туралы идеяға әбден бой алдырған фашистік Германия мен сталиндік жүйеге бағынған КСРО-ның да басты нысанасы отбасы болған. Алайда, бұл жерде мүдделер ғана бөлек. Отбасы мәселесімен рейхсфюрер Г.Гиммлердің өзі тікелей айналысқанын айтсақ та жеткілікті. Екі бірдей аспектіні дара бөліп алып, нәсілдік тазалық пен ер адамдардың – жаһанды келешекте басып алуға септесетін солдаттардың санын көбейту жолында барлық қадамдарға барған ғой. Рейхсфюрер бұйрығымен майданға бара жатқан әрбір эсэсшінің үйінде баласы қалуы керек, болмағанда әйелінің аяғы ауыр болуы тиіс еді. Егер үйде балалары өсіп жатса, онда қаны таза неміс бойжеткеніне де көз қырын салуға болады. Қысқасы, әрбір неміс азаматы жоқ дегенде 4-6 ұлды дүниеге әкелдіруге тиісті!.. Мұның астарында қандай пиғыл жатқанын тарих та, екінші дүниежүзілік соғыстың тақсіретін тартқандар да біледі...
Рыбаков КСРО-ның отбасылық саясатын да жаба-бүркемелеген жоқ. КСРО-ның құлағанына көп бола қоймағандықтан, ажырасу, партия мүшелерінің неке бұзу, түсік жасатқызу, шетелдіктерге үйлену, тағысын тағыларды кеңестік режім маңдайынан сипай қоймағанын ересек буын біледі.
Ал халқы миллиардтан әлдеқайда асып жығылған Қытай, Үндістан сияқты елдер отбасылық істерге тікелей араласып, енді соның кері салдарына ұрына бастағанынан да көзі ашық ел құлағдар.
Қазіргі Ресейде белең алып жатқан жағдайлардың мысалынан да көп сабақ алуға болады. Гомосексуализм мен жезөкшелікті ең болмағанда БАҚ арқылы заңдастырып алған Ресейде жартылай отбасылар жеткілікті, түсінікті тілмен айтқанда балалардың 30 пайызы әкесіз өсіп келеді.
Осындай жағдайда қандай пайымдарға баруымыз қажет? Мемлекеттік саясат, ата-баба дәстүрі, дін мен діл қандай рөл атқара алады? Ал Ресей ғалымы мұны үш бөлікте қарастырды. Оның ойынша, діни идеология дәстүрлерді берік ұстанған жоғары моральді адамды қалыптастыруға ұмтылады. Мемлекеттік идеология мемлекетке қажетті адамды, ал пост-идеологиялық қоғам табысты адамды тәрбиелеуге күш салады.
Рыбаковтың: «Болашақ» туралы 70 жыл айтып келдік. Ал «болашақ» біздің жанымызда жүрді. Болашақ – балалар бақшасына барады, мектепке барады. Ол – бала, ол – студент. Біз осыны ұмыттық. Бұрын балаға ылғи да ересек көзбен қарадық. Ал енді балаға баланың көзімен қарап көрейік», деген сөзінің жаны бар.
Бірнеше күнге созылған толассыз пікірлер айдынында айтылған түрлі ойлар мен пайымдар жеткілікті-ақ болды. Елді елеңдеткен баяндамалардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің жалпы және этностық психология кафедрасының доценті Майра Қабақованыкі болды. Бала тәрбиелеудегі қазақ отбасының ерекшеліктері, бесікке салу, жеті атаға дейін қыз алыспау, ұлттық салт пен сана төңірегіндегі ұстанымдар, әсіресе, Еуропадан келген қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, үзіліс барысында да осы талқыға түсіп жатты.
Мына қызықты қараңыз, біздің білгеніміз Түркияда келін тәрбиелейтін, қандай күйеу бала болу керектігін үйрететін институттар бар болып шықты. Болашақ жар, келешек күйеу бала осы институтты бітіргені туралы куәлік алуы тиіс екен.
«ҚОЗДАҒЫ ШОҚ» НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ АҚЫНЫНЫҢ КІТАБЫ ТҮРКИЯДА ТҰСАУЫН КЕСТІ
Конференцияның екінші күні ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қоздағы шоқ», яғни түрік тіліне тәржімеленген «YANIK YUREK» кітабының тұсаукесерімен қорытындыланды. Қазақ ақынының лирикалық жырларын Мәншүк Басқанбаева мен белгілі аудармашы-қаламгер Мәлік Отарбаев нәшіне келтіріп аударған.
Қазақстаннан барған қауымның мерейін кезекті рет тасытып кеткен тұсаукесерді Әзірбайжанның талантты жазушысы, осы ел Жазушылар одағының төрағасы Анар Рза жүргізіп отырды. Емен-жарқын жағдайда өткен шарада көрнекті ақынның шығармашылығы, азаматтығы жайлы сөзді өзгелердің аузынан естіп, ризашылыққа бөлендік. Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Мехмон Бахти, Молдова Жазушылар одағының төрағасы Борис Мариан, Еуразия Жазушылар одағының жетекшісі Якуб Делиомароғлы, Украинаның танымал ақыны Иван Драч, Қырғыздың белгілі драматургі, Президент кеңесшісі Сұлтан Раев, қазақтың танымал ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева қаламдастары туралы жылы сөздерін, жүрекжарды пікірлерін ортаға салып, шараның салтанаты мен мәнін асырды.
«ӘЛЕМ ҮЛКЕН АУЫЛҒА АЙНАЛДЫ»
Мына қызықты қараңыз, бір бірінің аузына түкіріп қойғандай, Еуразия интеллектуалдарының басқосуында «Әлем кішкентай ауылға айналды» деген сөздің жиі қайталанғанын байқадық. Қазір бала тәрбиесінде орыстың да, түрік пен қазақтың да басын қатыратын мәселелер бөлек еместігі көрінеді.
«Әлемге өз балаларымыздың көзімен қарайықшы, қалағанын беріп, дұрыс жол сілтеп, болашағымызды дұрыс тәрбиелеп жатырмыз ба?» деді сөз алғандар.
Мына дүниенің құлағы «жақсы сөздерден» тұнып бітті, деседі Еуразия зиялылары. Айтқандай, конференцияның қорытынды күнінде Анар Рза мектеп оқулықтарындағы тарихи тұстарды, халықтардың бір-біріне өшпенділігін туғызатын деректерді безбенге тартып, қайта қарау керек деген пікірін ортаға салды.
«Қазір әлем кішірейді», деген сөзді кезекті рет алға тартқан түркиялық профессор Нажи Бостанжының:
– Мен кішкентай ғана ауылда өмір сүрген едім. Ал ауыл таудың ортасында орналасқан болатын. Маған сол сәттерде біздің ауылдың сыртындағы әлем мүлде бөлек көрінетін. Ауылдағы көрініс пен таудың ар жағындағы өмір бір-біріне ұқсамайтын шығар деп ойлайтынмын. Қазір қоғам мүлде өзгерді. Бар дүние араласып кетті. Дүние кішірейген сайын, санамыздағы дүниелер де өзгере бастады. Оны жақсылыққа бұрудың бір ғана жолы бар. Ол үшін адамдар бір-біріне құшақ жаюы қажет. Адамзатқа тән дүниенің бәрі маған да жат емес деген түсінікті қалыптастыру керек. Жалпы, интеллигенцияға, зиялыларға, ұлттың бас көтерер азаматтарына жүктелетін бір аманат бар, ол мүмкін болса, қайшылықты болдырмау. Өйткені, өмірде проблема аз емес. Бұл мәселелердің барлығын бір ниетте, бір пікірде болғанда ғана шеше аламыз. Ісіміз де, қызметіміз де бірге болғанда шеше аламыз, – деген пікірі қонымды естілді.
Тоғызыншы басқосу толымды болғанын жоққа шығармау қажет. Харун Токак айтқандай, ізгілікті мұрат тұтқан мәселелер осы жерде шешіледі.
– Екі жыл ішінде Нұрлан Оразалин бастаған Платформаның жер-жерлердегі үйлестірушілері жақсы жұмыс істеді. Осы істе жұмысты жақсы білетін адамдар қалыптасты. Өткен 12 жылдың ішінде енді бір-бірімізге тосырқамай қарайтын болдық. Әуелде бұл бастамамыз қалай болар екен деп күмәнданушы едік. Оның соңы, міне, достыққа ұласуда. Шәй ішкен жерде, бас қосқан орында келелі сұхбаттар өріліп жатыр. Кітапты таныту дейміз бе, көрме ұйымдастыру болсын, мұның бәрі жүзеге асырылып жатты. Шыңғыс Айтматовтың идеясымен жүзеге асқан Платформа шын мәнінде интеллектуалдардың визиттік карточкасына айналды, – деді түрік жазушысы. – Әр адам бір ағаш деп есептейтін болсақ, онда мұнда жиналған 700-ден астам адам үлкен орманға айналды. Орман кір ауаны жұтып, таза ауа шығарады...
МӘСЕЛЕ МЕРЕКЕГЕ ҰЛАСТЫ. ТӨРАҒАЛЫҚ УКРАИНАҒА ӨТТІ
Қалай десек те, замана ахуалы отбасы құндылықтарының құнын төмендеткені ақиқат. Ажырасу, некесіз бала табу күнә болудан қалған. Бірақ, ол әр елде бір түрлі сипатта көрініс тауып отыр. Жезөкшелік пен біржынысты қатынастарды да ақтап алып отырған елдер бар. Мұның соңы жақсылыққа жеткізбейтінін зиялы қауым біледі. Қоғамды жөнге шақыратын да, бұзатын да ұлт интеллектуалдары екені әлмисақтан белгілі.
Сондықтан да Текирова жағажайында өткен алқалы жиында айтылған ой-пікірлер жеткілікті болды. Біздің мұратымыз – мұны тізбектеп шығу емес, ізгілікке ұмтылған халықтарымызды ортаға салынған ортақ проблемалардан хабардар ету.
Конференция барысында қатысушыларға ерекше әсер еткен сәттің бірі Халықаралық «ТҮРКСОЙ» камералық жастар оркестрінің концерті болды. Мәдениет пен әдебиет сынды, музыканың да адамдарды жақындастыра алатын құдіреті бар емес пе? Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің камералық жастар оркестрін құру туралы бастамасына Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Башқұртстан елдерінің ұлттық консерваториялары тікелей ықпал етіп, осылайша түркі әлемінің талантты жастарынан құралған тамаша ұжым туған. Ал біздің Шәміл Әбілтаевтай күйшіге қол соққандар да аз емес еді.
«ДА» Платформасының кеңейтілген мәжілісі аясында мұнан өзге де есте қаларлық сәттер аз болмады. Қазақ пен грузин, украин халқы ұйымдастырған көрмелер конференцияның салмағын арттырып, мәнін байытып тұрды.
Конференцияның соңғы күнінде бұрынғы төрағаға айналып шыға келген Нұрлан Оразалин екі жыл аясындағы атқарылған тірліктерге, толымды шаралар мен ілкімді істерге есеп берді.
Шынында да «ДА» құлашын жайып келеді. Платформаға көпшілік дауыспен Эстония мүшелікке қабылданды. Мәжіліс соңы жаңа төраға сайлауға ұласты. Платформаның Қазақстандағы ұлттық комитетінің төрағасы Ғарифолла Есім Украинаның белгілі қайраткері Владимир Сергейчукті төрағалыққа ұсынатынын мәлімдеген. Қазақтардың ұсынысын академик Р.Рыбаков та қолдай кетті. Ұсыныс ашық дауысқа салынғанда, қырымдықтар ғана қырын тартқаны болмаса, көпшілік Сергейчукті таңдады.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы – Ыстамбұл – Анталья – Ыстамбұл –Алматы.