21 Желтоқсан, 2010

Оралдың ақиығы

641 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Осы бір өмір атты  соны сапарда адам өз соқпағын өзі сом­дайды. Бұл соқпақтың салиқалы да сын­дарлы болуы адамның бой­ындағы қажыр-қайратына, ер­ік-жігеріне бай­­ланысты. Ел үшін атқарылған ерен еңбек те адамның сол ғұ­мыр­намасының мәнді де маңызды бо­луының берік тұғыры болса керек. Бүкіл саналы ғұмырын туған же­рінің гүлденуі мен төл халқының игілігіне арнаған ардақты азамат, білікті маман белгілі геолог Сухан Мақсұтұлы Камаловтың ғұ­мырна­масы да осындай қарымды қа­си­еттермен ерекшеленеді. Таңдауынан таймайтын тар­лан­дарға пара-пар еңбек жолын сомдаған Суханов Мақсұтұ­лы­ның ғұмырдәйегі де сонау бір өрімдей жас шағында қалаған ма­ман­ды­ғы­мен қанаттаса өріл­ген. Ол Батыс Қазақстан об­лы­сының Қазталов ау­данына қа­рас­ты шалғайдағы Асан-Құдық ауы­лында дүниеге келді. Тағдыр талайымы оған жас­тайынан тек өз күшіне ғана сену міндетін мойнына артты. Сухан Мақсұтұлы мектеп қа­быр­ғасынан шыққан сонау бір өт­кен ғасырдың елуінші жылда­рын­да ел ішінде әрі таңсық, әрі қол жет­пейтіндей беделді маман­дық­тың бірі де бірегейі – жер қой­науларындағы қазынаны зерт­­тейтін геолог мамандығы еді. Бақ қон­ған, құт дарыған туған өлке­сінің қой­науындағы табиғи қа­зына бай­лық­ты  игеруге деген  құштар­лық оған бірден осы ма­мандықты таң­дау­ға итермеледі. Сол арман жетегімен ол Қазақ мемлекеттік  университетін тә­мам­дап, геология­лық партия құрамын­да коллектор ретінде ал­ғаш­қы еңбек жолын бас­тады. Білікті де білімді маман ал­пы­сыншы жылдардың орта­сын­да Қа­зақстан Республикасы Геология ми­нистрлігінің бас геоло­гы қыз­ме­тіне тағайындалды. Бұл болашақ білгір маман, еліміздің белді де беделді геологының са­лиқалы еңбек және өмір жолы­ның маңызды бас­тауы болды. Одан кейінгі жыл­дар­да Сухан Мақсұтұлы Қазақ­стан­ның Геология және қазба бай­лық­тарын қорғау жөніндегі комитеті төр­ағасының бірінші орынбасары қызметін де атқарды. Алайда ту­ған өлкесінің құнарлы топырағы­ның қыртыстарында ел берекесін еселейтін мол байлық тұнып жат­­қанын жүрегімен сезінген Су­ханов Мақсұтұлының бар ар­маны Орал өңірінің жер қой­науын зерттеу еді. 70-ші жыл­дар­дың ортасынан бастап ол осы мақсат жолына бірден бет бұрды. Орал өңірінің төрт құбыласын түгел шарлап, туған топыра­ғы­ның қыртыстарын зерттеді. Өң­ір­дің бас геологы, одан кейін Орал мұнай-газ барлау экс­пе­дициясының бастығы қызметте­рін атқара жүріп, ойға алған бағ­дарларына жету үшін аянбай ізденісті жұмыс жүргізді. «Орал мұ­най-газ геологиясы» өндіріс­тік бір­лестігінің бас директоры қыз­метін атқарған кезінде де өңірдің қазба байлығы кен орын­дарын ашуға мұрындық болды. Сухан Камалов еліміздің эко­номикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан батыс өңірдегі көп­те­ген кен орындарын ортақ игілікке жаратты. Оның ең басты еңбегі, өміріне өшпес із қалдыр­ған елеулі табысы – Қара­шы­ғанақ кен орнын ашуы еді. Ал­ғаш рет Суханов Мақсұтұлының қолымен картаға белгі салынып, осы жерде мол байлық қорда­лан­ғанын жария еткен еді. Ақыры Қарашығанақ кен орнында елі­міздің  тәуелсіздігінің тұғырына айналған көмірқышқыл сутегінің мол қоры ашылды. Сухан Мақсұтұлының бой­ын­дағы табандылық қасиеті сонау бір Кеңес өкіметі ыдырап, өтпелі кезең өкпеден қысқан өлара ке­зеңде ерекше танылды. Сала бас­шы­лығы оның бойындағы осын­дай табиғи қасиеттердің күрделі кезеңде тірек болатынын ескеріп, «Қарашығанақ­газөнеркә­сі­бі» бас­қармасына басшы қыз­мет­ке тағай­ындады. Ол экономи­калық бай­ла­ныстар үзіліп, жағ­дай күрделенген сол бір тұста өндірістің тоқы­рауына жол бермей дамудың жаңа бір ілкімді жолдарын таба білді. Ел эко­но­микасының ертеңгі даму бола­ша­ғының стратегиялық бағ­дар­ларын сол бір күрделі кезеңнің өзінде-ақ таймай таныған Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қара­шы­­ға­наққа келіп бұл кен орны­ның бо­лашақ дамуына жарқын жол ашты. Елбасы ғасырдың аса ауқымды жобасы атанған осы ірі кен орнын игеруге шетел инвес­торларын тарту жөнінде тарихи шешім қа­былдады. Одан кейінгі жылдарда Сухан Мақсұтұлына енді ғана ірге кө­терген «Газжобалау» ғылыми-зерт­­теу институтын қалып­тасты­рып, басқару міндеті жүктелді. «Газ­­жобалау» институтының бас­­­та­­масымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компа­ниясының қаржылай қолдауы­ның нәтижесінде Оралда мұз айдынды спорт сарайы, Қазақ дра­ма театры салынып, өңірде көптеген мек­теп­тердің, ауру­ха­на­лардың және ем­ха­налардың за­манауи нысандары бой көтерді. Сухан Камалов еліміздегі бел­гілі ғалым, танымал ұйым­дас­ты­рушы, ірі шаруашылық жетекшісі ретінде де кеңінен та­ны­мал. Оның білімі мен беделінің арқасында «Газжобалау» инсти­туты өңірдегі ең алғаш рет ИСО-9001 сапа менеджменті серти­фи­катын иеленген мекемелердің бірі де бірегейі бол­ды. Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Сухан Камалов - елі­міздің мұнай және газ саласын өркендетуге ерен қолтаңба қал­ды­румен қа­тар, бүгінде бұл саланы өркен­де­туге өзіндік үлестерін қо­сып жүрген мұнайшылардың  бү­тін бір буы­нын тәрбиелеп өсірген тәлімгер. Иә, еңбегімен еліне елеулі, хал­қына қалаулы атанған ардақ­ты азамат туған өңірінің көркеюі мен гүлденуі жолында тыным­сыз ең­бек етті, ерекше қажыр танытты. Халқы да адал ұлдың еңбегі мен қызметін ерекше жо­ғары бағалап, үнемі құрмет көр­сетеді. Үсті­міз­дегі жылдың кү­зінде Орал қала­сында еліміздің тарихында алғаш рет геологтар мен мұнайшы­лар­дың Даңқ алле­я­сы ашылды. Даңқ аллеясына салтанат беріп тұрған төрт ба­рельефтің бірінде Қа­зақ­стан Рес­публикасы Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент-мү­шесі, Инженерлік академияның академигі, белгілі геолог Сухан Мақсұтұлы Камаловтың бейнесі сомдалған. Ел игілігі үшін атқа­рылған қажырлы еңбек ескерусіз қалмақ емес. Мұнай-газ саласы­ның білгір ғалымы, белгілі геолог Сухан Мақсұтұлының ос­ын­дай еңбегін еліміз ерекше ба­ғалады.  Оның мерейге толы кең кеудесінде жарқыраған Октябрь револю­ция­сы, «Құрмет Белгісі», «Парасат», «ІІ дәрежелі Барыс» ордендері жә­не бірқатар медаль­дары соның айқын айғағы болса керек. «Әке көрген оқ жонар» дегендей өнегелі отбасынан ұлағат ал­ған Сухан Мақсұтұлының екі ұл, бір қызы да әке жолын жалғас­ты­рып, еліміздің ертеңі өрісті мұнай-газ саласында білікті мамандар ретінде еңбек етуде. Із­ің­ді жалғас­тырар ұрпағың болса, өмірде ор­ындалған үлкен арман айғағы болса керек. Мәуелі бәй­теректей Сухан Мақсұт­ұлы­ның өнегесі дары­ған ақар-шақар әу­лет­тің болашағы баянды болғай. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.